Әдебиетші ғалым Төлеутай Ақшолақовтың «Көркем шығарманың эстетикалық табиғаты» деп аталатын әдістемелік еңбегі – жаңа ғасырдың басында жазылып, жарық көрген оқулықтардың сүйектісі әрі сүбелісі. Уақыт алға жылжыған сайын оқу бағдарламасы, білім білім талаптары жаңарып, дамып, түрлі әдістемелер, тәсілдер қолданылып келеді. Көркемәдебиетті оқыту, оқушы санасына сіңіру әрі ойлы оқырман қалыптастыруда әдіс-тәсілдердің ескі-жаңасы болмаса керек. Бүгінгі білім беру жүйесіндегі жаңашылдықтармен салыстыра отырып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстаздары пайдаланар деген ниетпен, 2001 жылы Алматыдағы «Ғылым» ғылыми баспасынан жарық көрген, жоғарыда аталған еңбектен үзінді жариялауды жөн санадық. Автордың өзі айтқандай, біздің де мақсатымыз: зейнеті мен бейнеті мол мұғалім еңбегіне хал-қадерімізше қол ұшын беру.
Әрбір зейінді, зерделі оқушы – әдебиетіміздің болашақ мәдени оқырманы
(«Көркем шығарманың эстетикалық табиғаты» әдістемелік еңбегіне кіріспе)
Әлқисса, көркем әдебиетте адамзаттың ілгері жарық сәулеге, жақсы өмірге ұмтылған ұшқыр қиялы, сол жолдағы күрес-тартысы, ел басынан кешірген қилы-қилы оқиғалар, халықтың өткені мен бүгіні және келешегі бейнеленіп, адамдар тағдыры бар тіршілік болмысымен көрінеді. Оқырман алдында талай адамдар, әрқайсысы өзіндік тіршілігімен, қайталанбас мінезімен, өкініш-опығымен, қуаныш-кызығымен, арпалыс-тартысымен тұрмақ. Жазушы талант қуатына қарай әр кейіпкерің жұмыр жер пендесіне тән пендешілігімен, адамға тән сыр-сипаттарымен, ерлік-өрлігімен, ойы-қыры, биігі мен құлдырауы, жақсылығы мен осалдығы, жауыздық-сұмдығымен, қулық-түлкілігімен, әзіл-қалжыңымен өрнектейді. Соның бәрі суреткердің ішкі жан толғанысымен, жүрек лүпілімен, сезім шынайылығымен іске аспақ. Сондықтан өнер туындысында адамды баурап әкетер, ләззатқа бөлер, жүрек шымырлатар, қуат берер, әсемдікке ынталандырар ерен күш бар. Міне, өнер туындысының танымдық, тәрбиелік мәнін терең бағалайтынымыз да содан. Мектепте өтілетін пәндердің ішінде әдебиет сабағы осынысымен ерекшеленеді.
Көркем әдебиеттегі шеберлік пен үйлесімді оқушыларға терең таныту шығарманың көркемдік ерекшеліктеріне талдау жасауға негізделмек. Онсыз оқушыларға әдебиеттен терең де сапалы білім беру қиын. Оқушылардың әдеби білімі олардың көркем шығарманы оқи және оған талдау жасай білуіне байланысты. Әрбір зейінді, зерделі оқушы – әдебиетіміздің болашақ мәдени оқырманы. Ондай қабілет пен пайымдылығы қалыптасқан оқушы әдеби шығармаларға ой жүгіртіп, өзінің талғамын, түйсік-сезімін жеткізе алады, шығарманы жан жүрегімен, зердесімен қабылдайды. Міне, сондықтан да мәтінді оқу, оның көркемдік әлеміне талдау жасау – басты мәселе. Бұл – көркем әдебиетті мектепте, жоғары оқу орындарында оқытудың кілті, өзегі. Әдеби білімнің екі жағы – оқу және талдау өзектес, бірінсіз-бірін жүзеге асыру мүмкін емес.
Көркем шығармаға талдау жасаудың әлі де болса құпия жайлары көп. Әсіресе қазақ әдебиеттану ғылымы мен әдістемесінде бұл мәселе әлі талай зерттеулерді керек етеді. Рас, соңғы кездерде әдебиеттану саласындағы біраз еңбектерде шығарманың эстетикалық табиғатын, көркемдік ажар-бояуларын танытуға ұмтылыс бар. Мұғалімдерге жәрдемі тиер, колғабыс болар ғылыми-зерттеулер, сол сияқты көркем шығармаға талдау жасауға арналған әдістемелік еңбектер жарық көре бастады. Мұның бәрі мектепте әдебиетті оқыту сапасын арттыруға септігін тигізері сөзсіз.
Дегенмен, көркем шығарманы талдау мәселелеріне арналған еңбектер әдебиеттану ғылымында, әсіресе әдістемеде әлі де азшылық. Мәнісі – мұның толып жатқан қыр-сыры, қиындығы бар. Шығарманың қат-қабат ішкі құрылымы, астарлы, бейнелі көркем ойы, образдар жүйесі, жазушының таланты осының әрқайсысы бір-бірімен байланысты, бірінен-бірі туындайтын үлкен жүйе. Ал бейнелер бітіміне тереңдеп енбейінше, шығарманың тұтас дүние екенін, оның көркемдік ерекшеліктерін, жазушы шеберлігін, шығарманың мағына-мазмұнын толық ашу мүмкін емес. Бұл тақырыпты зерттеудің күрделілігі де, міне, осында.
Бұл еңбекте поэзиялық, прозалық шығармалардың үлкенді-кішілі түрлеріне талдау жасау үлгілерін, әдіс-тәсілдерін ұсындық. Әрине, біздің бұл талдауымыздың бәрін тап осы калыпта, талғамсыз, таңдаусыз пайдалану міндетті емес. Мұғалім өзі көркем шығарманы талдауға қандай әдіс-тәсілді қолданады оған ерікті. Бірақ қайткен күнде де шығарманың бойындағы тұтастықты бұзбай, образдар жүйесіне сүйене отырып, оның мән-мағына, көркемдік мазмұнын танытып аша алса, сол әдістің бәрі ұтымды болмақ. Шығармадағы мазмұн мен түрді бірлікте алып талдау мәселесі – кітаптың негізгі өзегі.
Шығарманы тұтас, жүйелі қабылдау талдау әдісіне байланысты. Академик М.Б.Храпченко өз еңбектерінде жүйелілік-құрылымдық талдаудың тиімділігін ғылыми жағынан дәлелдейді. Сол сияқты белгілі дидакт Ю.М.Лотман: «Өнердің құрылым диалектикасы мен қызметіне іштей енбейінше, олардың өзара қатынасын түсіне алмаймыз», – деген ғылыми байлам айтады.
Жүйелілік-құрылымдық талдау әдісі әдеби шығарманы жан-жақты қарастыруды көздейді, оның тек түрін ғана емес, сол түр арқылы бейнеленген мағыналық-көркемдік мазмұнын да ашуды мақсат етеді. Өйткені түрді біз белгілі бір мазмұнды, жазушының эстетикалық мұратын білдіретін көркемдік айшықтары деп қараймыз.
Көркем әдебиет бейнелер жүйесінен құралатыны мәлім. Көркем шығарма – бір бүтін дүние. Ал сол бүтін жеке бөлшектерден, штрих-детальдардан құралады. Ендеше, бүтінді тану үшін оны құрап тұрған жекелерді танып-білу керек, солар арқылы үлкен оқиғалар өрбіген, ой түйілген, кесек тұлғалар сомдалған. Демек, көркем мәтін образдар жиынтығы, ал образдың өзі жеке элементтерден жасалған. Олай болса, бүтін мен бөлшек арасында ажыраспас диалектикалық байланыс бар, олардың бірінсіз-бірін түсіну, тану мүмкін емес.
Мектепте әдебиетті оқыту сапасын жақсарту, оқытудың педагогтік және көркемдік мәдениетін арттыру әдебиетті зерттеу ғылымының заңдылықтарын, теориясын, әдіс-тәсілдерін көркем шығарманы талдауда білгірлікпен қолданумен сабақтас, соған тікелей байланысты жургізіледі.
Бұл еңбегімізде біз әдебиеттанымдық әдіс-тәсілдерді шығармаға талдау жасағанда орайына қарай пайдаланып отырдық. Кітап, негізінен, көркем шығарманың эстетикалық табиғатын ашуға, оның бейнелі құрылымына талдау жасау әдістемесіне арналған.
Бул туынды бұрын да жеке монография боп жарық көрген еді. Сонан бері еліміздегі ірі оқиғаларға байланысты ғылымда да, өмірде де жаңа бетбұрыстар, ізденіс-қадамдар жасалып жатқаны белгілі. Автор ғылымдағы, тәжірибедегі сол өзгеріс, талпыныс, бетбұрыстарды ескере отырып, бұл басылымына көптеген өзгертулер, толықтырулар енгізді, ақын-жазушылардың бірталай жаңа шығармаларын талдау объектісі етіп алды, ғылыми-әдістік тың топшылаулар, түйіндер, шығарманың көркемдік табиғатын танытудың амал-әдістері жайлы өз ой-пікірін, танымын әрі қарай тереңдете түсті. Мақсатымыз зейнеті мен бейнеті мол мұғалім еңбегіне хал-қадерімізше қол ұшын беру.
Төлеутай АҚШОЛАҚОВ.