Биыл – қоғам және мемлекет қайраткері, журналист Мұстафа Шоқайдың туғаны на 135 жыл

Бұл жолда

(Мұстафа Шоқайдың рухына бағыштаймын!)

«Бiз құл болып тұра алмаймыз.

Бiз ұлт азаттығымызды аламыз…»

Мұстафа Шоқай

«Дауыл»,

«Боран»,

«Бұрқасын»,

«Борасынға»,

төзе білген тағдырдың таласында,

Соқпақсыз жолы жатыр рухымның –

Наршоқы мен Берлиннің арасында.

 

Бұл жол – ары, жаны ер Мұстафаның,

Мұстафа – жалғасы, ізі күшті атаның.

Сол тектілік сүйеді сын сапарда,

сездірмей, «жаз» жаңбырлы, «қыс» қаталын!

 

Күңірентіп, сайын дала, тасты, құмды,

Қорқаулар қақпандамақ қасқыр ұлды,

Бұл жолда басын бәске тікті азамат,

Бұл жолда сол бас үшін бәс тігілді!

 

Бұл жолда жалғыздықтың наласы бар,

Бұл жолда сатқындықтың жаласы бар.

(«Жалмап, арбап алам!», – деп, бұл жолда әлі,

бұғып жатыр зұлымдық қара-шұбар!)

 

Жүректі осқылаған жасындар мың,

жұмбағын кім шеше алар ғасырлардың?

Бұл жолда сағынышы бар Ананың,

Бұл жолда көз жасы бар Асыл жардың.

 

Азаттық – қастерлі һәм киелі ұғым,

Оны Шоқайұлындай сүйеді кім?

Бұл жолда – зар, өксігі ата жұрттың,

Бұл жолда – шер-шемені Шиелінің.

 

Құл болмауға жетелеп, ғажап тілек,

өткерген бастан сойқан, азапты көп,

дүрс-дүрс қағып тұр әлі рух-жолында,

азаттықты аңсаған азат жүрек!

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Добавить комментарий