(Ақын Айдын Байыстың «Алтын қазық» кітабы туралы аз сөз)
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағының «Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы аясында Павлодар облысына сапар жасап, Ертіс-Баян өңірінің әдеби-мәдени өмірімен танысып, ел аузындағы әңгімелерге қанығып, бүгінгі күндегі әдеби ахуалға, өмір көрінісіне куә болған ақын Айдын Байыстың «Алтын қазық» кітабы жарық көрді.
Кітап «Баянауыл» өлеңімен басталады.
«…Сағындырып Баянның сеңгір тауы,
Тамылжиды тамыздың мөлдір таңы.
Өсиетті өлкеден өлең іздеп,
Қасиетті мекенге келдім тағы…», – дейді ақын.
Бұл жырды, және «Кереку», «Екібастұз», «Май елді», «Баянауыл, көне мүсін, көк сеңгір!», «Өлеңтінің өлеңі…», «Бұйырып бақ-талайыма…», «Тамылжып таңғы шықтай тамызда өлең…» қатарлы өлеңдерді үлкен шығармашылық миссия арқалаған ақынның сәлемі, тағзым-құрметі әрі ақын ретінде өзінің жауапкершілігін сезінуден туған «жыр-дұғасы» деп қабылдауға болады.
Кітапты оқып, аңғарғанымыз – ақынның жаңа жинағы көзбен көріп, көңілмен құшып, сезінген әсерден бөлек, тарихтан тамыр тарта отырып, аңыз, әпсаналар негізінде өрілген этнографиялық бағыттағы өлең-жырлармен ерекшеленеді.
Бұл сарындағы шығармаларға «Әке сөзі», «Үкібай би», «Лекер қажы құдығы», «Тоғыз қыздың зираты», «Бір кесе шай» және өзге де өлеңдерін, сондай-ақ «Мәлике», «Кие» микропоэмаларын жатқызуға болады. Бұл оқиғалы өлеңдерде ақынның шеберлігі таныла түседі. Өзі баяндап отырған көріністі көз алдыңызға қалпын бұзбай алып келеді. Сөзбен сурет салу, бейне сомдау, сөзге жан бітіру секілді қасиеттер бас бармақпен бағалауға тұрарлық.
Бұлар ақынның ізденгенін, көнекөз қариялармен, ел-жер тарихын түгел танитын азаматтармен, тіпті шежіреші, өлкетанушылармен кездесіп, олармен сұхбат құрып, жан-жақты жұмыс істегенін айғақтай түседі. Өз бойыңнан өткізбей, жан-тәніңмен сезінбей, ойыңа сіңірмей тұрып, кітап оқып, интернет ақтарып қана жақсы дүние, жылы дүние жазу әсте мүмкін емес. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастырған бұл жобаның шығармашылық иесіне мүмкіндік жасап, шалғайдағы ауылдарды аралауына жол салуы құптарлық іс. Сол мүмкіндікті пайдаланып, көңіл көкжиегін кеңейтуге талпынған ақынның талабы тау суындай арынды. Сол талап талантпен ұштасып, «Алтын қазыққа» көркем де, кестелі, әсерлі шығармалар енген.
Ақынның «Қанды қарағаш», «Ертістің көз жасы», «Күнбағыс. Этюд» өлеңдері – бір сәттік әсердің жемісі. Бірақ сол сәттік әсер ғұмырлық мәнге ие болып кетіпті. Мысалы, «Қанды қарағаш» деген өлеңде ақын аты жаман ағаштан өңге ешкім көре білмейтін өзгешелікті байқайды. «Көлеңкеңді Сұлтанмахмұт саялап, Қабығыңа жазған шығар өлеңін?» деп бір түйіп алып, ағаштың атауына үңіледі:
«…Жарықтығым, жын адасар жынысы,
Сенде ашылды шабытымның тынысы.
Өскен жерін өліп-өшіп сүйген соң,
Қанды демей,
Қаншыл дейік, дұрысы!
Әулиебұлақ,
Ар тулайтын секілді!
Әуелеген ән тулайтын секілді!
Сенің-дағы тамырыңда су емес,
Қазақ деген қан тулайтын секілді!…», – дейді сосын. Қанды қарағаш туған жерін сүйетін, сүйе беретін перзент екен. Парасатты перзент екен. Кейде адам баласы есінен, жадынан өшіріп ала жаздаған қасиеттер мен құндылықтарды бір-бірінен емес табиғаттан үйренетін секілді. Себебі уақыт зуылдап, заман ауысып, жылдар жылжыса да табиғат түрленгенімен баяғы қалпынан еш айнымайды. Тамырында қазақ деген қан тулаған Айдын ақынның адам мен табиғат-ана арасындағы ең нәзік әрі ең берік байланысты көрмей, сезбей қалуы мүмкін емес.
Кітаптағы сүйекті де сүбелі туындылардың бірегейі – «Шахан» поэмасы. Автор халық әртісі атанған «халық жауының» қилы өмірі, тартысты тағдыры арқылы қазақ халқының басынан өткен зұлмат кезеңді, ауыр уақытты шебер суреттей алған. Қиындықтың барлығын жеңіп, қасқайып тұрған Шахан – «Тағдырдың тезінен, азаптың өзінен» аман-сау қалған қазақтың өзі.
«…Тостағаның меймілдеп толса мұңға,
Сол мінез ғой дем берер дер шағында.
Адам адам болғалы,
Ең қиыны,
Адам болып қалу ғой ең соңында!», – деп басталады поэма. Осы шумақпен-ақ Шаханның тағдырының қаншалықты тауқыметті екенін аңғартып тұр автор. Адам болу ұғымын бас кейіпкердің өмірімен ұштастыра отырып, әркімге ой салады.
«…Жыр боп қана жылжып ақты жан мұңы,
Шыңыраудан шығады ертең барлығы.
Он сегіз жыл – бір адамның ғұмыры!
Он сегіз жыл – бүтін ұлттың тағдыры!» дейді сосын ақын. Бір өлең үшін өмірінің ең шуақты, ең қуатты шағын түрмеде өткізген арыстың бейнесі арқылы қуғын көрген, репрессияға ұшыраған, айдалған, атылған, асылған, қырылған, ашыққан, көшкен, ауған, жоғалған, қан кешкен, оқ құшқан, азапталған, мазақталған… қазақтың келбеті көз алдыңызға келеді.
Бір ауыз пікірде кітаптың барлығын талдап, таразылап шығу әсте мүмкін емес. Біз көрген, бір сезінген басты дүние – кітап үлкен дайындықпен, асқан жауапкершілікпен әрі талғаммен жазылған. Ақынның шеберлігі мүлдем бөлек дүние. Бұл екеуі жымдасып келіп, оқырманға қажетті, өзін тану үшін, өткенін тану үшін керекті кітап туды деп сенемін.
Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.