Қазіргі жаһанданған қазақ қоғамында көш ұғымы ескіріп қалғанымен, қуықтай-қуықтай жалдамалы пәтерлерден-пәтерлерге көшіп-қону үйреншікті әдетке айналған… Қазақтың, көшпелі жұрттың негізгі өмір-салты – көш салтанатына куә болғандар неткен бақытты?! Сондай ерекше қызыққа кенелгендердің бірі – журналист, жазушы Тілеуберді Сахаба. Облыстық «Сарырарқа самалы» газетінде жұмыс істейтін әріптесіміздің «Түйелі көш» эссесі келмеске кеткен күндерге, уақыт тасқынында қалған балалығына деген сағынышпен қатар озық мәдениеті, терең тағылымы бар жөн-жоралғыларды таныстыруымен құнды. Эссені оқығанда кең көсілген көшпен бірге дала қазағының дархандығы, еркіндігі, кеңдігі көз алдыңызға келеді.
Түйелі көш
(эссе)
Біздің ауылдың жылдағы жайлауы – Тиектінің Ұзыноғы. Ұзыноқ деп отырғаным басы мен етегі шамамен 10-15 шақырымды құрайтын кең шатқал. Бұл – Қобда бетіндегі ат төбеліндей керей-найманның төл жайлауы, ежелден еншілеп алған меншікті мекені. Расында ұланғайыр кең даланың ішінен бөлектеп құдайдың өзі сыйлаған құтты мекен, талай қазаққа бақ болып бұйырған бағыналы өлке. Мен малшы ауыл үшін дәл осы Тиектідей шөбі майлы, суы нәрлі, құйқалы жер көрген жоқпын десем астамшылық емес. Бұл жердің жазының әдемілігі мен сұлулығын суреттеуге тіл жетпейді, тура жер бетінің жәннаты деп қана түйіндейінші. Тиектінің аспан көрінісі де ғажап-ақ, бұлтсыз күндері тұп-тұнық, мөп-мөлдір шегір көк түсті болады. Тауларының биіктігі сонша көк аспанды төбесімен тіреп тұрғандай көрінеді. Тура бір қылқалам шеберінің қиялымен бедерленген картина десеңіз болды. Ал жусан исі ше?! Жар жағалауынан бастап бітік өскен ақ жусанның исі кенезеңізді ашып, өкпеңізге ұшқындап қонып жатқандай сезіледі. Осы бір жұпар иіс жан сарайыңызды жадыратып, табиғатқа еріксіз ғашық қылады.
Жаз мезгілінде бұл жаққа тіпті жергілікті моңғол халқының өзі жоламайды. Тек қазақтар ғана жайлайды. Енді осы жайлауға көшетін күнді біз – кішкенелер асыға күтеміз. Бұл бір тойға бергісіз ерекше сәт, қызық пен қуанышқа толы оқиға. Қолымыздан түк келмесе де сол дүбірдің ортасында жүргеннің өзі бір ғанибет дүние еді. Бүгінде сол бір өткен кезеңге оймен шегініс жасасам болды барлығы тізбектеліп көз алдыма келеді. Неше түрлі сурет елестейді. Мұндай сәттер қолыңа қалам алғызбай тынбайды…
***
Сонымен көш барысына қайта оралайын. Тиекті жайлауына беттеген ел жүк көлікпен Қиын өткелге дейін жетіп, одан ары түйемен тасынады. Жалпы, Алтай қазақтары үшін түйе ең үлкен жануар. Дене тұрқы жағынан ғана емес, жалпы тіршіліктегі орыны мен қадір-қасиеті жағынан. Себебі, бұл жануар қай заманнан бері қазақпен бірге жасап келеді. Ғасырлар бойы қазақтың шаңырағын ғана емес, бүкіл қуанышы мен қайғысын көтеріп, тағдырын арқалап қайыспай келеді. Қос өркешті, қоңыр мінезді түйенің табиғатының өзі тура қазақтың өзі. «Көшпелі қазақ» сөзінің астарында әлбетте түйе тұр. Өйткені, қазақты көшсіз, көшті түйесіз елестету мүмкін емес.
Ауыл үлкендері елең-алаңмен тұрып, жерге жарық түсе түйе қомдауға кіріседі. Онсыз да жаздың қысқа таңын одан сайын ерте атырып, киіз үйдің түндігін түріп, белдеу арқанын шеше бастайды. Алдымен барлық түйелерді қомдап алады да, одан кейін буылған-түйілген жүктерді теңдей бастайды. Қос өркеші баладай сары атандарды өрістен күн бұрын әкеп үйдің жанына матап қойған. Көш көлігі дайын. Осылай артынып-тартынып, бір аяқ жолмен қаздай тізіліп, іркес-тіркес өрлеп бара жатады. Бұл түйелі көштің де өзінің бұзылмаған заңдылығы, бұлжымаған дәстүрі бар. Киіз үйдің уық-керегесі теңделіп, қара шаңырағы үстіне басылған бірінші түйенің бұйдасын ауылбасы болған ақсақалдары ұстап, жол бастайды. Ал ол кісінің соңынан бір немересін артына мінгестірген ақ кимешекті әжей ереді. Бұл кісілер қазан-ошақ, ыдыс-аяқ салынған сандық, кебеже артқан түйелерді жетегіне алады. Ал атқа үйрене қоймаған, мінсе де көшпен ере алмайтын кішкентай балаларды жүк артқан түйенің үстіне жайғастырады. Одан гөрі кішірек, екі-үш жастағы бүлдіршіндердің орыны тіпті әдемі әрі жайлы. Яғни, жуас түйелердің екі жағына бос теңделген үсті ашық ағаш кебеженің ішіне жайғасады олар. Ағаш кебеженің астына және жан-жағына жұп-жұмсақ киіз бен киім-кешек төселгенде ұядай орын пайда болады. Міне, бұл нағыз ұйқыны ұратын жұмсақ көлік. Түйенің майпаңдаған жүрісінің жұп-жұмсақ ырғағы отырған бетте мажауратып ұйқыға жібереді. Ертең жайлауға көшеміз дегенді естіп алған бізден де ұйқы қашады, елегізіп ерте тұрып аламыз. Міне, таңмен үзілген түнгі ұйқының қалғанын осылай түйе үстінде жалғастырамыз. Кішкентай кезімізде көшкенде осындай кебежеге отыруға таласатын едік бәріміз. Көшкенде түйеге міну ол бір ғажайып сезім, ешкімнің қолы жетпейтін зәу көкке көтеріліп, бүкіл дүниенің төбесінен қарап тұрғандай асқақ сезімге бөленесің. Ал бір жаманы жазғы қонысқа жеткенше жерге оңай түсіре қоймайды. Сондықтан, жердегі шаруаларымызды жақсылап тындырып, әжеміздің орамалға түйіп берген құрт-ірімшік, нан-бауырсағын қойнымызға тығып, түбегейлі жайғасатын едік. Себебі, көш жүріп бара жатқанда балалардың әлденені сылтауратып, керуенді тоқтатқанын үлкендер әсте жақтырмайтын.
Қаздай тізіліп жолға шыққан түйелі көштің сылдырмағына әжелердің ыңылдап салған әсем әні араласады.
Бұл өлке – біздің ауыл жайлаған жер,
Желіге асау құлын байлаған жер.
Көзіме от-жалындай көрінеді,
Айқасып құлын-тайдай ойнаған жер…
Жан дүниеңді тербеген осы бір мұңлық әуен біздің көштің ғана емес, бүкіл Алтай ауылдарының бойтұмары болған ән. Әрбір көштің бояуын қанықтырып, фонына айналған өмір әуені.
Түйелі көште көзге үйір болған тағы бір ерекше көріністі жапырық өркеш кәрі інгендердің баурынан шықпайтын сүт тайлақтар береді. Енесіне жүк артылған соң не жақындарын, не жақындамасын білмей бірде көштен ілгері өтіп, бірде соңына түсіп айналсоқтап жүреді. Анау қазақтың қара өлеңіне айналған «Қара таудың басынан көш келеді, Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» деп басталатын әннің «тірі» бейнесін көргендей боласыз.
Көштің соңында ауылдың қыз-келіндері әдемі бір сән беріп, сәуле шашып, жадыратып бара жатады. Келіндердің алдарына өңгерген бір-бір бесігі бар. Бесікке бөлеген бөпелері де көш керуеннің зықысын алмайын дегендей жылжый бастағанда-ақ тыныштала қалады. Шыр етіп жарық дүниеге келе салып, шаранасы кеппей ұлы керуенге ілескен жас тумалар аттың аяңымен ырғалған бесіктің ішінде дыбыстарын шығармай, пысылдап ұйықтап жатады.
Түйелі көш ұзын шатқалдың ортасындағы қамшының таспасындай ирелеңдеген бір аяқ жолмен ырғатылып, «салдыр-сұлдыр» дыбыс беріп өрлеп барады. Көш басындағы қария ара-тұра бір аялдап, жүгі ауған түйелерге бұрау тартып, екі жағын теңестіріп, қайта атына қонады. Мұндай жағдайлар көш алғаш қозғала қалған кезде болмаса керуен үлкен жолға шыққан соң көп қайталанбайды. Артылған жүк, тартылған арқан өз қалыбын тапқанда ауғанын да тоқтатады. «Көш жүре түзеледі» деген сөзді бұрынғылар осындайда айтқан болар деп ойлаймын. Маңғаз атандар да алдынан қандай өр, қандай қия шықса да іркілмей тартып, бір сарынмен жылжып отырады. Бұл тастақ жол талай ауылдың көшін діттеген жеріне жеткізген киелі жол, талай ел осы сүрлеумен төр жайлауға жетіп керегесін керген, шаңырағын көтерген, бұл атам заманнан бері аттың жалында, түйенің қомында күнелткен қазақтың маңдайына жазылған көшпенділер жолы, кең даланың төсін керген кемеңгер қазақтың ізі қалған өмір жолы.
Көз ұшында әппақ қармен көмкеріліп, көкпен таласқан мұзды шоқының төбесі көрінеді. Мұны жұрт «Тиектінің ақ шоқысы» деп атап кеткен. Шатқалдың ішіндегі суағар жылғамен бірде күркіреп, бірде бұрқырап аққан Тиектінің долы өзені тастан тасқа секіріп төмен қарай жөңкіліп жатыр. Кей жылдары жаңбыр көбейіп сай-саланың бәрінен селдің суы құйылғанда мына өзен өткел бермей кетеді. Бекерде ақ көбігін шашыратып, арқырап жататын асау өзен тасығанда маңайына жан жуытпай кетеді-ай.
Ақ шоқының төбесіне қарай үйірілген ақ шарбы бұлттар қас-қағымда қара түнекке айнадып, соңы жаңбырға ұласады.
Мұндайда әжелеріміз:
– Е, жарықтық-ай, жайлауымызға жетіп, үйдің шаңырағын бір көтеріп алғанша жаумай тұра тұрса екен, – деп күбірлеп, жаратқанына жалбарынып қояды.
Қиын өткелден өтіп, жарты көш жер жүрген соң таудың етегіне жағалай қонған ақбоз үйлердің төбесі көріне бастайды. Бұлар Тиектінің жайлауына алдымен шығып, жайлы жұрттарға жайғасып алған Баянбұлақ ауылының малшылары. Алты қанатты ақордалардың жанында бір-бір басын буған шобақалар тұрады. Бұл күн қатты суытып кетсе жас төлдерді кіргізу үшін және басқа да артық-ауыс ер-тұрмандарын жинау үшін тігілген қосалқы үйлер. Себебі, мұндай таулы жердің ауарайы құбылмалы болады, жаз ортасы шілде-тамыз айларының өзінде бұршақ жауып, қарлы бұрқасын жүруі таңсық жайт емес. Тіпті, кейбір малшылар әлгіндей қараша үйлерді түнде қасқырға айбар болсын деп қораның арғы шетіне де құрып қояды.
Ауылдардың тұсына келе бергенде дәл осы көшті күтіп отырғандай қолына шұңқыр табаға құйылған айран шалабын, дастарханға түйген құрты мен бауырсағын ұстаған әжелер шығады. Оның соңынан қара барқыт шапанын желбегей жамылған қариясы ере жүреді. Себебі, үлкені болсын, болмасын өтіп бара жатқан көшке сәлем беріп, «Көш көлікті болсын» айту ежелден қалыптасқан дәстүр. Осы мезетте топ алдындағы үлкен кісілер де аттарының басын әлгі ауылға қарай бұрып, бір дамылдап алуды ұйғарады. Аман-саулықтан кейін түйелерді шөгеріп, бір мезет белін суытып, солығын басуға мүмкіндік береді. Онсыз да діттеген жеріне ерте жетуге асығып келе жатқан елдің уақытын алмас үшін далаға шағын дастархан жайып, дәм ұсынады. Мұндайда әсіресе, жонның қара желі кенезесін кептіріп, тілдері ауыздарына сыймай келе жатқан балалар бір жырғап қалады. Жел өтіне кепкен жарма құрт пен тоң майға піскен қызыл бауырсақты қаужаңдай жеп, күбіден жаңа ғана құйылған салқын іркітті құшырлана жұтып жатады. Осылай бір-бір ауқаттанып алады да түйедегі орындарына қайта жайғасады, үлкендер тез жиналып атқа қонады. Кейбір ауыл үйлердің тұсына жеткенде жолаушыларды әлгі үйдің адамдарынан бұрын арпылдаған төбет иттері қарсы алады. Бұл – үйде үлкендер жоқ, тек бала-шаға ғана бар деген бір белгі. Керуеннің алдынан арсалаңдап шыққан ауыл иттеріне ауыр жүкпен талығып келе жатқан түйе жануары көзінің қырын да салмайды. Өз сарынынан жаңылмай жүрісін жалғастыра береді. Қазақтан сөз қалған ба?! Әлгі «Ит үреді, керуен көшеді» дегенді бұрынғылар тура біздің осы көшке қарап отырып айта салған-ау деген ой келеді кейде.
Бұл жайлауда бие байлап, қымыз ашытпайтын ауыл аз. Қай ауылдың сыртынан өтсеңіз де айғыры кіжініп, биесі кісінеген биеубаудың жанынан өтесіз. Үш тағандап керілген желіде бестен-оннан байланған құлындар жайлаудың сәні еді. Бие сауымды күткен мама биелер желіге тұқырта байлаған құлындарының үстіне төніп тұрады. Тіпті, кейбір сақа биелер келесі бір биесауымға дейін жанасып, құлынын емізіп қояды деп отырады сауыншылар.
Міне, жайлау жұртқа да жеттік. Айнала көк майса. Жүк түсті. Кереге жайылып, шаңырақ көтерілді. Жақын жердегі үйлердің кемпір-кешек, қыз-келіншектері ерудік шайын әкеп құяды. Бұған ұзақ жүрістен жолсоқта болып, қалжырап келген үлкендер риза болып, батасын беріп жатады.
Ұзын оқтың жоғарғы тұйығынан етегіне дейін ауыл қонады. Жазда бұл сайдың ішінде ине шаншар орын болмайтын. Кейде бірін-бірі етектей қонған екі үй арасында ұрыс-жаңжал да шығып жатады. Айтатындары – кешкі малдың өрісі тарылады, қозы-лаққа жайылым қалмайды. Әсіресе, кешке мал сауатын мезгілден қораға иіретін ымырт уақытына дейін қойшы балалардың жанында тыныштық болмаушы еді. Себебі, кешке қораға қарай беттеген екі ауылдың отары үй маңына сыйыспайды. Бытырап жатқан малдың шеті ілінеді бір біріне. Содан кейін қотан ішіндегі қошқар-теке жүгіріседі. Я болмаса енесінен адасқан қозы-лақ қашады. Бірақ, осы бір қас-қағым сәттегі абыр-сабырды ауылдың жас бозбалалары оңтайлы пайдаланып кетер еді. Көрші отырған үйлердің бұзау байлаған, қозы-лақ қайырған бой жеткен қыздарына “селтекізер” жасап, апақ сапақтағы аз уақытта сырласып та үлгеретін.
Жайлауда ел көп болған жылдары өрісті жаздың соңына жетпей ерте мүжіп тастайды. Әсіресе жауын-шашын аз жылдары жайылым ерте қуаң тартып, ұсақ малдың дәл тойынатын уақытында тықырлайды да қалады. Мұндай кезде көп малшы төрт түлігін жазда ел көп бара бермейтін биік жонға қарай отарлатып әкетеді.
Біз де жаз ортасы ауа Делун кезеңін асырып, жусанына төрт түліктің тісі тимеген нағыз құйқалы жерге қос тігетінбіз. Ауыл етекте қалады. Бір-екі адам түйеге басын буып тігетін шағын қара қосты, қазан-ошақты, киім-кешекті артып алып, бар малды айдап, төр жайлауға қарай ырғаламыз. Жылына бір рет төр жайлауға бару – мен үшін жұмақтың қақ төріне шығумен бірдей. Көбінде ол жаққа атам екеуіміз барамыз.
Бірде мініс атымызды бекітіп, малымызды қораға иіріп, үйге кіргенде қою қараңғылықпен бірге төбемізге қара қожыр бұлт төніп келе жатты. Содан кейін қара қостың сыртын сытырлатып, жаңбыр тамшылай бастады. Қос болғанда немене жөні дұрыс үй ғой дейсіз, белдеуге байлаған атымыз сүйкеніп қалса қиқаң ете түседі. Тіпті қаттырақ жел соғып, құйын ұйтқыса жел өтіне шыдамай бірден төңкеріліп қалуы да ғажап емес. Қосты түйеге жылда теңдей бергендіктен уықтары майысып, керегелері тез қақырап кетеді. Түн қараңғылығы түскенде әне жер міне жерінен ай сығалап, жұлдыздар жымыңдап тұратын саңылаулары болады. Не керек, басымызды жастыққа қойғанда себезгілеп, жаңбыр жауа бастады…
Таңға жақын уақыт болса керек, күннің қатты күркірегенінен ояндым. Жаңбыр нөсерлеп құйып тұр. Қостың саңылауларынан қара бұлтты қақ жарып түскен найзағай жарқылы көзіңнің отын шығара жаздайды. Ал атам болса менің айналамда бүкшеңдеп бірдеңе істеп жүр. Күн күркіреген сайын «суханалла, суханалла» деп күбірлейді. Сөйтсем, мен әдемі ұйқыда жатқан кезде қостың ішіне су кірген екен. Атам маған су тимес үшін ыдыстың қақпағы, қамшы, оқтау сынды үйде бар заттың бəрін уықтың қарынына қыстырып, суды басқа жаққа қарай ағызып қойыпты. Мен жатқан жер ғана жұмыртқаның ұясындай құрғақ. Төбеден сорғалаған су сылдырлап іргеден сыртқа қарай ағып жатыр. Атамның үсті-басы да малмандай. Оған қарап жүрген ол жоқ. Бар амал-айласы маған су тигізбеу. Тура балапанын қанатымен қорғаштаған қарлығаштың әрекеті дерсің…
Кейін біз де етек-жеңімізді жинап, сол ұядан ұштық, жан-жаққа кеттік. Бірақ, қанша қалықтасақта атамның сол бір қамқор қанаты төбемде әлі жайылып тұрғандай сезіледі. Ол – атамның біздер үшін жасаған дұғасы мен тілегі деп топшылаймын…
Бүгінде сол жұмыр жердің жұмағындай болған Делун жайлауына қысы-жазы мал тұяғы тимейді. Баяғыдай Ұзыноқтың тұйығына жарыса көшіп, жайлы жұртқа жайғасатын ел де азайған естимін. Алаңсыз балалығымның таңдары атып, кештері батқан қара жұрттың бос қалғанын ойласам біртүрлі құлзып кетемін.
Тілеуберді САХАБА.