Ақын ағам Дәурен Берікқажыұлының шығармашылығымен «Гүл мен қылыш жырлары» кітабы арқылы танысқан едім. Алматыдағы Абай көшесінің (Байтұрсынұлы көшесінен өткеннен кейін) бойында кітап дүкені болатын (қазір бар-жоғын білмеймін). Кітап сатып алуға ақшамыз болмаса да, бірер сағат отырып, кітап парақтауға уақытымыз жететін. Өзім жиі баратын Жамбыл атындағы кітапханадан кем түспейтін кітап қоры бар еді онда. Сол дүкеннің сөресінен алып, оқығам алғаш Дәурен ақынды. Қызығы мен қиқуы көп күндердің бірінде мен Балқашқа Бағдат Мүбәрак ағамның шығармашылық кешіне бардым. Сол кезде Дәурен ағаны алғаш көріп, таныстым. «Музасын» қолтаңбасымен алдым, ерекше ықыласпен оқыдым. Кітаптың беттелуі де, безендірілуі де менің санамда сілкініс жасады. Өлеңнің әсері тіптен ерек. Кейін Астанаға алматылық ақындармен шығармашылық сапарға шықтық. Ақын Бауыржан Қарағызұлы бәрімізді, шаңырағында қонақ қылды. Ортамызда Дәурен ағам да болды. Сол дастархан басында жастар кезек-кезек өлең оқыдық. Мен де қатардан қалмай өзімнен бір қайырдым да:

«Көзі нұрлы,

Сөзі – жақұт,

Сізді ойлаудың

Өзі – бақыт», – деген Дәурен ағаның өлеңін оқып бердім. Жұп-жұмыр, жып-жылы, жап-жарық өлеңді елжіреп оқығаныма, ағам өзіне ғана тән жылы жымиысымен алғыс білдіргендей болды.

Одан кейін де бірнеше әдеби жиында, футбол турнирлерінде жүздесіп жүрдік. Жол түсіп, ағам Баянауылға да келіп-кетті. Сол сапарында «Ең жылы сөз кешіккен» кітабын сыйлады. Әр жыр жинағын тебіреніп, тамсанып оқимын, оқыған сайын ағаның мінезін, болмысын, ұстанымын, талғамын тани түсемін. Еңсесі қандай биік болса, өлеңдері де сондай асқақ. Сезім иірімдері күшті, адами-азаматтық ұстанымы мығым.

***

Кездескен сайын кітап сыйлайтын әдетімен, былтыр Қарағандыда өткен поэзия фестивалінде «Мақаншы мен Манхэттеннің арасы» кітабын ұстатты. Қолыма тигелі жарты жылдан асса да бұл кітапты оқу мәртебесі Жаңа жылдық демалыста ғана бұйырды (Кітап оқуды өзіме мәртебе, мақтаныш санаймын). Мақалалар, сұхбаттар, ой өрімдері, күнделік қаламгердің мінезін ашады. Жырлары арқылы білетін ақынды жақыннан тани түсуге дәнекер болады. Сол себепті бұндай кітаптардың маңызы жоғары деп ойлаймын.

Осы жасыма дейін шет елге шықпаған мен Дәурен ағамның Шотландияға, Мажарстанға барған сапарында жазған мақалаларын оқып, «армандай алыс, қиялдай тәтті» (өз сөзі) сол бір мекендерге ойша саяхат жасадым. Түбі менің де табаным бір тиер сол топыраққа. Шет елге, ішкен-жегенін әлеуметтік желіге жарқыратып жариялау үшін  жаңа телефон сатып алған әлгі бір танысым секілді, турист болып бару бір бөлек те, Шотландиядағы кітап фестивалінде Қуандық Шаңғытбаевтың аударуымен шыққан Роберт Бернстің кітабын табыстауға арнайы әзірленген Дәурен ағам сияқты, ақын болып бару тіпті бөлек екенін ұққандаймын.

Күнделікті өмірде де, әдеби басқосуларда да ойын бүкпесіз ашық айтатын Дәурен ағаның сұхбаттары да шымыр, өткір, өзекті. Оларда аударма мәселесі көп айтылады:

«…Аудармашы мәртебесінің жоқтығы һәм аударма мектебінің қалыптаспағандығының зардабын тағы да бір өзіме тартуға тура келді… (51-бет);

«…Шет ел әдебиетін танып, зерделеуде біз әлі күнге дейін шабандық танытып келеміз. Әйтпесе таным талғамайтын, сана жатсынбайтын жауһар өлеңдер ағылшын әдебиетінде де жетерлік…» (84-бет);

«…Орыстардың бір ғана әдеби аударма тарихы 300 жылды қамтиды. Оларда бір ақынды он шақты адам аударса, соның бәрін жариялайды да, оқырман өзіне ұнаған нұсқасын оқиды. Оларда біздегідей «Дикинсоны Дәурен аударып еді, мен аудармаймын» деген жоқ. Бізде осы аударма мәдениеті жетіспей жатады…» (117-бет);

«…Өсемін деген ақын оқу-тоқудан бөлек, ел-жер аралап, қоғам өміріне белсене араласуы керек деп ойлаймын. Өз деңгейін шамалап, басқаларды танып-білемін деген қаламгерге тіл үйреніп, аудармамен айналысқан да артықтық етпейді. Біздегі қаламгерлердің кемшілігі – үйден шықпай тұтас әлемді жырлағысы келетіндігі…» (90-бет)

«…Қазақ болмысын, оның ойлау жүйесі мен танымын әлемге жеткізудің, паш ете көрсетудің бірден-бір жолы қазақ әдебиетін ағылшын тіліне аударуда..» (83-бет)

Осы орайда менің ойымда «Біз орыстың ықпалынан қалай құтыламыз?» деген сауал туды. Мүмкін, жұрт айтып жүргендей Ресей бізді «басқарып» отырмаған болар?! Алда-жалда, Кремль Қазақстанда орыс тілін қолдануға тиым салса не болады? Сол кезде біз орыс тілінсіз күніміз қараң екенін мойындар едік. Өйткені Америка, Еуропа, Қытаймен орысша-ағылшынша аудармашы арқылы, ТМД ішінде орыс тілінде іс жүргіземіз, қарым-қатынас, сауда-саттық жасаймыз. Демек, ресми тілсіз ішкі-сыртқы саясатымызды жүргізе алмай отырмыз. Егер біз, Дәурен ағам, керек кезінде шыңғырып, қажет жерінде қылғынып айтып жүрген «Ағылшын тілін меңгеру» мәселесіне мән берер болсақ, солтүстікке жаутаңдамас едік, жәутеңдемес те едік.

Кезінде, «Үш тұғырлы тіл» саясаты жүргізілгенде, біз – әсере ұлтшыл қауым «Балаға ана тілін сіңірмей жатып, тілін шұбарлатуға жол бермей» қойдық. Үлкен саясаттың мәнін дұрыс түсінбеген екенбіз. Егер, ағылшын тілін дұрыс оқытқан болсақ, орыс тілі бізге керек те болмай қалар еді. Солайша, алыс-жақын шет елмен ағылшын тілінде емін-еркін, емен-жарқын араласар едік. Жақында Эстонияға барып-келген досым: «Ол жақта жастар түгел ағылшынша сөйлейді, орысшаны қажетсінбейді» дейді. Егер, Абай ата бүгінгі дәуірде өмір сүрсе, 25-қара сөзінде: «…Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр. Зарарынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Оның себебі олар дүниенің тілін білді, мұндай болды. Сен оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады. Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды…» дегенінде, орыс тілінің орнына ағылшын тілін айтар еді. Өйткені, кеше көргеніміз орыстың даналық мектебі болса, қазір көргеніміз «хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да» ағылшын тілі арқылы келетіні.

Біз қазақ әдебиетін, қазақ мәдениетін, қазақ тарихын өзімізге оқытып, тоқытып, үйретеміз. Ал кімге танытамыз? Тағы да өз-өзімізге ме, әлемге ме? Жауһарларамызды жаһанға жария қылу үшін орыс тілі бізге кең өріс ашпайды. Аяғымызға тұсау, қолымызға кісен. Сол себепті ағылшын тілін мектеп бағдарламасында күшейту керек. Ағылшын тіліне орыс тіліне үрке қарағандай қарамау қажет. Әттең, біз оқушы кезде ағылшын тілі пәні негізгі сабақ саналғанымен, аса маңыздылыққа ие болмады. Өзіміз де, мұғалімдер де құлықсыз болдық. «…Әлемге орыстың көзімен қарауды тоқтататын кез келді…» (141-бет) деген Дәурен ағамның сөзінің қаншалықты маңызды екенін енді-енді ұғып жатырмын. Енді ағылшын тілін меңгеруге күш салуым керек.

Аударма мәселелерімен қоса, автор аудармашыға да салмақ сала сөйлейді. «…Аудармашыда қандай да бір авторды қолға алмас бұрын, ақынның обалына қалмаймын ба деген ой болуы керек. …Бірақ бізде ақынды толық зерттемей жатып, өлеңі әдемі екен деп атүсті аудара салатын қаламгерлер жоқ емес, бар…» (117-бет) дейді. Мен де осыған дейін 2-3 ақынды аударып көргенмін. Қалай жұмыс істегенімді білгендіктен, осы уәжбен келіспеске шарам жоқ.

Сұхбаттарында, ақынның өлеңдерінде танылған болмыс-бітімі одан ары ашылып, айқындала түседі:

«…Жан ауыртқан, жүрек сыздатқан жайттар жаныма сол өлеңнен өзге аяулы жоқ екенін тағы бір мойындатты. Айналып келіп, кітап оқимын, айналып келіп өлең оқимын сосын…» (53-бет);

«…Менің өмірлік ұстанымым – қандай істі қолға алсам да, аяғына дейін жеткізу…» (64-бет);

«…Тәуелсіздік алған алғашқы күннен-ақ экономиканы бірінші орынға шығарған билік әдебиетті кеңестер кезіндегі кеңсе жиһазымен бірге қоқысқа шығарып тастағандай әсер қалдырды…» (103-бет);

«…Отыз жыл бойы жалтақтық пен жағымпаздықты өмір сүру салтына айналдырған ел енді оңайлықпен Толстойды оқып тебіренбес…» (107-бет);

«…өлеңнің артында таза адам тұруы керек. Өлеңіміз – біздің айнамыз…», «…ақындық интуиция мықты болмаса – бекер…» (128-бет);

«…ақынға мынаны істеуге болмайды деген ереже болмаса керек…» (130-бет);

«…Кедергілердің өзі пісіреді адамды…» (135-бет);

«…саналы түрде оған моральдық құқым жоқ деп ойлаймын. Қызметіңді пайдаланып өз кітабыңды шығарып алу – мен үшін ақылға сыйымсыз нәрсе…» (138-бет);

«…Өз басым әдебиетсіз өскен қоғамнан ешқандай жақсылық жақсылық күтпеймін…» (146-бет).

«Біздің қоғам – дадаистік сарында салынған полотно сияқты…» деп тақырып қойылған сұхбатты 2020 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінен оқығам. Көп тұсын сызып қойып, көшіріп алған едім:

«…біз әлі де еркін сөйлей алмай жүргендейміз…»;

«…қиянатқа үндемей қалу – кешірілмейтін қылмыс...»;

«…Сыртынан күңкілдеу, сыртынан келемеждеуге келгенде бәріміз мықтымыз...»;

«…Жақсы өлең жазу мен азамат болып қалу – екі бөлек дүние. Өтежанды шыншылдығы үшін, Есенқұлды жасандылығы жоқ тазалығы үшін жақсы көрем. Біздің халықтың деңгейі, ең болмаса, солардың деңгейіне жетсе екен деп ойлаймын. Өтірік айтпауды, өз-өзін алдамауды үйренсе екен деймін…»;

«…Ұлты жалаңаш, ұлы жасқаншақ, тілі мүкіс, ділі дүбәра бір қаймана екеніміз өтірік пе әлде? Маған салса, қазір әрбір ақын ғана емес, әрбір қазақ​ –​ Махамбет болуы керек. Біз мемлекет болудың ең қиын кезеңінде өмір сүріп жатқан ұрпақпыз…»;

«…Бізде поэзияны кезең-кезеңімен, бағыт-бағытымен талдап, зерттемек түгілі, антология құрастыру мәдениеті де қалыптасып үлгерген жоқ әлі...»;

«…Жершілдік, рушылдықпен ауырғандар қазақ әдебиетін тұншықтырып бітті…»;

«…Шынайылық деген – өзіңді алдамау…»;

«…Шынайылық өлген соң ғана сүйкімді...»;

«…Сөздің де сұрауы бар, сөзге обал жасай беруге болмайды, меніңше. Жазушыны білмеймін, ақын адамға жақсы бір том кітап қалдырса әбден жеткілікті...»;

«…Уақытында айтылмаған жылы сөз де уақытында айтылмаған шындық сияқты аса бір сүйкімсіз дүние…»;

«…Елеусіз қалған тұлғалар… ескерусіз қалған шындықтар қоғамның азуына, азаматтың тозуына алып келді...»;

«…Өтақам бізден гөрі бақытты ма деймін. Өйткені олардың заманында штучный болса да, барды бар, жоқты жоқ деп айтатын Адам болды…».

Осы жолы тағы бір оқыдым. «Төрт жылдан кейінгі көзқарасым қандай екен?» деген қызығушылық болды өзімде. Бұрын елемей кеткен екенмін: «Бізде маман болудың түкке қажеті жоқ, біреудің сенімді адамы болсаң жетеді» дейді ақын. «Обал-сауапты біледі дейтін әдебиетшілердің өзі көңілшектік дертімен ауырған…» дейді тағы. «Біздің елде футболшы дайындауға да, экономист дайындауға да табылатын ақша қаламгерлерге келгенде қансып қалады», – дейді сосын. Бәрі рас!

Осы сұхбатта: «Есіңде болсын, пайғамбардай көріп алған адамдардың пенделігін көру жас адам үшін өте ауыр болады», – дейді ағам сұхбат алып отырған інісі, менің досым Батырхан Сәрсенханға. Маған да айтып тұр. Бізге айтып тұр. Есімнен шығармаймын бұл сөзін ағамның (91-102-беттер).

Дәурен Берікқажыұлымен «Қандай да бір ұқсастығымыз бар ма екен?» деп те ойланып қоямын кітаптың әр парағын аударған сайын. Әрине, бұл кісі секілді үнемі ойымды ашық айтып, батыл пікірлер білдіре бермеймін. «Ашынғанда ащы сөздің ауызға түсетіні» бар. Бірақ іштей күңкілдеймін де, күбірлеймін де қоямын.

«…Қиналған сәттерде, пендешілігім ұстағанда өз-өзімді жарнамалауға жоқ екеніме ызаланамын. Біз оқыған кітаптарымыздан өз орныңды біл деген позициямен өскен буынбыз ғой. Негізі, әр нәрсе өз уақытында болғаны жөн ғой. Еңбегіңнің де уақытылы бағаланғаны дұрыс…» (122-бет), – дейді ағам. Осы мінез менде де бар секілді. Мысалы, бір байқауға қатыстым делік, жан-жаққа хабарласайын десем, лайықтымын ба, жоқ па деп уайымдап тұрам. Кейін, сол байқауда жеңімпаз атанғандардың шығармалары өте нашар екенін көргенде өз-өзіме жыным келеді. Тек байқауға қатысты емес, жалпы алғанда солай. Пысықай болмағаныма қуанғаныммен, пысық болмағаныма қынжылып қалам кейде. Және, екеуіміздің де «…Жақсы көретін қасиетіміз – адамдарға сене білетініміз…» екен.

Тағы бір әсер еткені – Британ Империясының орденінен бас тартқан Бенджамин Зефанайаның өлеңін Британ Кеңесінің мерекелік открыткаға басқаны туралы әңгіме. Оны айта келе ақын: «…осы ситуацияның біздің елде қалай өрбитінін көз алдыңызға келтіріп көріңізші», – дейді (149-бет). Бізде марапаттан, атақтан бас тартқанды мәпелемейтіні де, жалпы ешкім марапаттан бас тартпайтыны да, «Мен аларымды алдым, жасарымды жасадым, жастар, талантты жастар алсын, қызығын солар көрсін» дейтін үлкендердің жоқ екені де беп-белгілі. Жыл соңындағы марапат, мадақ жауған жиындарға куәміз. Менің айналамда да, «Қазаққа Нобель алып беретін, тым құрығанда, өзім Мемлекеттік сыйлық алатын шығарма жазуым керек» деген деңгейде ойлаудың орынына, облыс әкімінің, өздерінің зейнетақысының көлеміндегі азын-аулақ сыйақысын қанағат қылғандар жетіп артылады…

Дәурен Берікқажыұлының шет ел ақындарынан алған сұхбаттарында да біздің әдеби процесске ықпал ететін ойлар молынан кездеседі. Оны оқу керек.

Сол Паскаль Пети айтады: «Орыстардан бостандық алған қазақтардың өздерін қалай сезінетіндерін, қазақ үшін бостандық мағынасының не екенін білгім келеді» (74-бет) деп. Бұл сауалдың жауабын біздің өзіміз білгіміз келе ме екен? «Ішімізбен» білгіміз келсе де, «сыртымызбен» жауаптан қашып келеміз емес пе?!

***

Ақынның мөлтек әңгімелері де тартымды. «Көкедегі» мына бір эпизод маған жылы әсер етті. «…Мектептің дәлізінде оң-солыма қарап үлгергенімше Рымбике апай жолыға кетті. Ол кісі уағында бізге «Тарих» пәнінен сабақ берген, алдында аз-маз абыройымыз бар, ардагер мұғалім еді. Ең бастысы ол да емес, бастысы, ол кісі мен «алғашқы махаббат» деп айдар тағып, қанша жылдар бойы хатсыз-хабарсыз кеткен Анардың анасы болатын. Қауқылдасып, хал-жай сұрасып жатқан кезде мен «Анарлар қалай?» деп жорта сұрақ қойдым…». Мен де мектепті тауысқан соң, ҰБТ тапсырып шыққан сәтте өзім «алғашқы махаббатым» деп мойындайтын Мадинаның анасы алдымнан шығып еді. Мен де анасынан қызының қайда екенін сұрап, ғашығымның өзімен емес, анасымен ойда жоқта кездесіп қалғаныма мәз болып өз жөнеммен кеткем.

«Құралай» әңгімесі маған қатты ұнады. Ағаның рұқсатын алып, «Aiqara.kz» порталына жарияласам деймін. Жалпақ жұрт оқысын.

Дәрен Берікқажыұлының «Күнделік беттерінен» де көп сырды аңғардым. Біздің дәуірдің ақындарының барлығы Маралтаймен (жүздескенде ғана «аға-ны» қоспасақ, қағаз бетінде атымен атағанымыз жарасады оған) алғаш қалай кездесті, оның өз тарихы, өз әсері бар. Дәурен мен Танакөздің 1996 жылдың 8 наурызында, Алматының көшесінде Маралтайды көріп қалуының өзі жеке бір әдеби портрет іспетті. Мен де тарпаң ақынмен алғаш қалай кездесіп, танысқанымды кітапхана туралы мақаламда жазған едім. Ол сәтті ешқашан ұмытпаймын.

«1996 жылдың 10 наурызы, Алматы. Анада (04.03.96) «Жас толқынның» тұсаукесеріне келген қонақтың бірі – Қырғыз Республикасының Қазақстандағы елшісі, Қырғызстан Республикалық Жастар сыйлығының лауреаты, ақын Әкбар Рысқұлов өзінің «Жалғыз» деген өлеңін оқып беріп еді. Сол өлеңнің кереметтілігі сондай, құлағымда (қырғыз тілінде оқыған) әлі күнге дейін жаңғырып тұр». Бұл өлең менің де құлағымда жаңғырып тұр. 2018 жылы «Ақ ордалы Астанам» поэзия фестивалінде Есенғали Раушанов аға бастап, әлем ақындары Баянауылға келген еді. Сол жиында Әкбар ақын «Жалғызды» оқыды:

«…Аалыке жалгыз, Темике жалгыз, мен жалгыз,

Алыкул жалгыз, Чыңгыз да жалгыз, сен жалгыз.

Жалгыздап чапкын, жалгыз жол тапкын, жаш акын,

калбасын десең Эл жалгыз».

«1996 жылдың 4 тамызы, Келдімұрат. Бүгін Оралханның «Мынау аппақ дүние» повесін оқыдым. Өзімнің де бірдеме жазғым келді…». Жақсы шығарма оқып, әсерленген сәт – қандай ғажап күй.

«1996 жылдың 25 тамызы, Алматы. Жырлап-жырлап Жамбылдың тойына да барып-қайттық. Өзім туғалы дәл осындай үлкен дүбірді көрген емеспін (Былтыр Абайдың тойына бара алмадым)… Үлкен тойлардан кейін басыңа үлкен ойлар да оралады екен». Кейде бізде өтіп жатқан жиын-тойлар, бос әурешілік пе деп қаламын. Былтыр Қаныш атамыздың мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде атап өттік. Зерделей алған адамға терер тағылым мол. Бірақ, біз қанша ұлт мақтанышымен марқайғанымызбен, еліміздегі орыс мектептері, орыс тілді орта бұл идеологиядан тыс қалып жатыр. Жақында, Павлодарда Сүлеймен Баязитов атындағы облыстық көркемсөз оқулары өтті. Екібастұздағы орыс тілді мектептің бір оқушысы қатысты. Жергілікті ақын Ольга Григорьева орыс тіліне аударған ақын өлеңін оқыды. Тамаша оқыды. Өлеңде Қаныш Сәтбаевтың, Мәшһүр Жүсіптің аттары аталады. Біз қазы болдық. Қосымша сұрақ қою керек екен ереже бойынша. Баланы көп қинамайық деп, Қаныш Сәтбаев туралы не білетінін сұрадық. 8-сыныпта оқитын әлгі оқушы үнсіз. Басын қиқаң еткізді, екі иығын көтеріп. Білмейді. Сонда біз былдыр Мәжіліс төрағасы өзі келіп қатысқан Қаныш тойын не үшін, кім үшін өткіздік. Бұл мерейтойға бастамашы болып, ұлтқа қызмет етемін деп қажыр-қайратын, күш-жігерін сарп еткен Алтынбек Нухұлы секілді ағаларымыздың еңбегін еш қылуға болмайды ғой. Орыс тілді мектептермен, орыс тілді ортамен ұлттық идеология бағытында жұмыс жүйелі һәм жауапты жүргізілуі керек.

«1996 жылдың 7 қазаны, Алматы. Бүгін ең қуанышты күн: менің тұңғыш кітабым шыққан күн!.. Бүгін ең мұңды күн: жалғыздығымды мойындатқан күн!!!». Ақын «Оттегім менің, от демім менің – жырларым» кітабы шыққанда осындай күй кешкен екен. Ал, мен «Өмірқос» жинағым шыққанда қандай күй кешіп едім. Есте жоқ. Бір қуантатыны: сол кітапшамды Дәурен ағама сыйлап едім, ағам оқып шығып пікірі мен тілегін жазып жіберген. Кітаптағы «Бүлдіршін қыз» деген өлеңімді ерекше бағалап, мәртебелегені де есімде.

«2003 жылдың 17 ақпаны, Алматы. …Осындайда өзіңнің сүйікті ісіңмен айналыса алатын бекзада болмағаныңа күйінесің. Дәулеттің, байлықтың қажеті осындайда ғой». Өткенде жазушы досым Досхан Жылқыбаймен тілдескенде шығармашылыққа тұсау болатын тұрмыстық жайттар туралы сөз қозғағанбыз. Әрине, бәрі де сай, бәрі де жайлы болса, тағы жөн емес. Қайшылық та керек. Мен мынаны айттым: «Жазу үстеліне отырған сәтіңде «Үйде ұн бітті» деп әйелің, «Кредитті төле» деп ұялы телефоның, «Коммуналдық төлемді кешіктірдің» деп КСК мазаламаса жақсы».

«2004 жылдың 10 наурызы, Алматы. …Томановтың мүшәйрасынан түскен қаржыға біршама кітап сатып алдым. Әзірге ұнағандары – А.Вознесенский мен Б.Соқпақбаев…». Тағы бір үндестік: Мен өткенде «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» байқауынан түскен қаржыға бірнеше кітап сатып алып едім. Ішінде Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» кітабы бар. Кітапханадан алып оқып едім алдында. Жеке кітап сөремде де тұрсын деп алдым.

«2020 жылдың 15 мамыры, Астана. …Өнердің бар мақсаты – адамның ішкі жан дүниесін ақтарып татау, меніңше…». Тағы да аға сөзімен келісетінімді мойындаймын.

***

Ақынды уақытында бағалау, лайықты мойындау – қашанда маңызды дүние. Бұл тұрғыдан келгенде Дәурен ағам өз бағасын алған ақын деп айтсам болады. Әрине, берген марапатын бұлдайтын, жасаған жақсылығын малданатын көкелер мен мансапқорлардың алқалауына да, қолқалауына да мұқтаж емес ол. Ең бастысы, оны парасаты биік, ары асқақ тұлғалар мойындады. Есенғали Раушанов, Әмірхан Балқыбек, Исрайыл Сапарбай, Роза Мұқанова, Серік Ақсұңқарұлы, Ұлықбек Есдәулет, Есенқұл Жақыпбек, Талғат Ешенұлы, Нағыз Қапшықбайұлы, Бауыржан Бабажанұлы, Қазыбек Құттымұратұлы, Жанат Жаңқашұлы және өзге де қаламдастары, замандастары ақындығын, азаматтығын, аудармашылығын, білімділігін, ізденгіштігін, еңбекқорлығын, ініге жанашырлығын, ағаға ізеттілігін, арлылығын – ағаның бойында бар барлық қасиетті көзбен көріп, көңілмен сеніп бағалапты.

Ағам жайлы барлық пікірдің жаны бар. Ол туралы барлық сөздің өтірігі жоқ.

Екі пікірге ғана тоқталайын. «Алтынкөпірліктер» туралы таланттарды таныған мақала жазған Темірхан Медетбек: «Әсілі, өлеңнің өлеңдігі, ең алдымен, өзегіне рух құйылған сөзде ғой. Майы таусылған шамдай білтесі бықсып өлеусіреген өлеңнен, тіпті образы бар, теңеуі орнында, ұйқасы мінсіз бола тұра, бірақ рухы жоқ болса, яғни кайратсыз болса, не үміт, не қайыр. Өлеңнің жан бітіретін тамыры – рух...» Рухты іздесек, Дәурен Берікқажыұлын оқиық.

Ал, жазушы Дәурен Қуат аға: «…Әр сөзі қорғасындай салмақты романның қазақшасында – менің ана тілімде, аудармашының көз майын тауысқан ерен еңбегі, шеберлігі жатыр. …Осы күні ештеңеге елең етпейтін болыппыз. Қуану жоқ, торығу ғана бар. Торығу – депрессия. Ендеше депрессияға екпеттей құлаған бүгінгі қазақ коғамы «Норвег орманын» оқуы керек. Өйткені қазақ қоғамына сыналай енген торығу халін жапондар 1960 жылдары басынан өткерген көрінеді…», – дейді. Берікқажыұлының Муракамиді қазақша сөйлеткенінен хабардар болсам да, оқиыншы деген қызығушылық болмапты бұған дейін менде. Дәурен Қуат ағамның екі жыл бұрынғы осы пікірін оқығаннан кейін, ештен кеш жақсы екенін ұғынып, бүгін тапсырыс беріп қойдым. Кітапты қолға алған бетте оқуға кірісемін, бұйыртса. Шығарма туралы пікірдің қуаты деген осы болар?!

***

Бұл жазбам – Дәурен ақынды мақтау, мадақтау емес, ақын жазған кітаптан алған әсерім. Жақсы туынды менің жанымды жадыратты. Санама ойтамызық, қайратыма қайрақ болды. 50 жыл Дәурен ағамның жанында жүріп, Мақаншы мен Манхэттеннің арасында сайран салып келгендеймін.

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Добавить комментарий