«Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең…», – деген Ұлы Абай. Ал, Мұқағали: «…Қазақтың қара өлеңі – құдіретім, онда бір сұмдық сыр бас естілмеген…» демеп пе еді?! Бүгінгі сөз қара өлең жайлы…
Қара өлең – әнге салып айтуға ыңғайлы қазақтың ежелгі өлең түрі. Ол 11 буынды, 4 тармақты болып, «а-а-б-а» ұйқасы түрінде келеді. Қара өлеңнің әр шумағында жеке ой жатады. Мұндай ой жеңіл әзіл-оспақтан бастап, өмірдің мәні мен сәнін, ел қамы мен халық тағдырын қамтиды. Өлеңнің алғашқы екі жолындағы ой соңғы жолдардағы негізгі ойға қызмет етеді.
Қара өлең көне заманнан бастау алып, тереңге тамыр байлаған. Қара өлеңнің үлгілері «Оғызнамада» (ІХ ғасыр), Ж.Баласағұнидің «Құтты білік» (ХІ ғасыр), М.Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік» (ХІ ғасыр), А.Иүгінекидің «Ақиқат сыйы» (ХІІ ғасыр) кітаптарында кездеседі.
Мен қара өлеңді алғаш 13-14 жасымда, нағашы атамның кітап сөресіндегі көп кітаптардың бірінен оқыдым. Кірпіштей қалың, жасыл мұқабалы кітаптың сыртында «Қара өлең» деп жазулы тұрды. Жоғарыдағы Мұқағали жырынан таныс сөз болғандықтан қызыққан болармын, бірден бас қойғаным есімде. Ол кезде қара өлеңнің не жайлы екеніне, айтар ойы қандай екеніне аса мән бермеген едім. Тіпті кімнің кітабы екенін де есте сақтамаппын. Тек ұйқасы тастай екен, балталасаң бұзылмайды. Сонысы ерекше қызықтырғанын білемін.
Кейін Айдын Байыс досымның ықпалымен «Қара өлеңді» қайта қолға алдым. Марқұм ақын ағам Аманхан Әлім жеке кітапханасынан алып, тарту еткен кітаптан алған бұл жолғы әсер басқа. Көркемдік құндылығы биік, мазмұн-мәні терең, айтар ойы асқақ өлеңдерден қазақтың болмыс-бітімі, ой-өрісі, салт-санасы, мінез-құлқы, ықылас-пейілі – бәрі-бәрі анық аңғарылып тұрды. Осындай жауһар жырларды жинақтаған Оразақын Асқар атамыз екенін білгенде, тек газет-журнал, кітап-теледидардан ғана көріп-біліп жүрген қаламгерге немерелік ниетпен мың алғыс жаудырғаным да жадымда.
«Қара өлең ауыз әдебиетіне жатады. Оның иесі, авторы – халық. Табиғатқа таңдануын, әділетті аңсауын, қиянатқа қынжылуын, сұлулыққа сүйсінуін бір шумақ қара өлеңмен сипаттай салу, өлеңмен сәлем жолдап, өлеңмен жауап қайтару, сүйгеніне алғашқы жүрек сөзін өлеңмен өрнектеу – халықтың қанына сіңген қасиет…», – дейді кітап құрастырушысы.
Белгілі журналист, айтыскер ақын Манас Қайыртайұлы «Ар биігіндегі ақын» мақаласында Оразақын Асқарды «Қара өлеңнің жоқтаушысы» деп бағалайды. «Халық арасынан, ел аузынан, шаң басқан мұрағаттардан 4000 шумаққа жуық қара өлеңді жинақтау оңай еңбек емес. Бұл – «Егемендікке қол жеткен тұстағы кірістім, бітірдім» нәрсе емес, ұзақ жылдар бойындағы үздіксіз ізденістің жемісі», – дейді автор.
Мақалада Оразақын Асқардың өз естелігі де келтіріледі:
«Қазақстан Жазушылар одағында әдебиетті насихаттау бюросында қызмет атқарғанымда ақын-жазушылармен бірге еліміздің түкпір-түкпірін араладым. Сонда ауыл-ауылды аралап, кездесулер өткіземіз. Мейманқос ел қонақ етеді. Мен шылым шекпеймін, ішімдіктен аулақпын. Мұндай сәттерді құр жібермей, ауыл ақсақалдарымен әңгімелесемін. Қара өлеңнен бір шумақ келтірсем, әрмен қарай жалғап кетуші еді, жарықтықтар. Бірден қағазға түсіріп алып отырдым. Академияда жұмыста болғанымда мұрағаттарды ақтаруға мүмкіндік туды. Ізденіспен қатар қызығушылық артты. Мысалы, «дүние» деген сөзден басталатын өлеңдерді бір топтадым. 15-20 шумаққа дейін табылды. «Базар барып», «Қолымды бір қамшым бар» деп басталатын өлеңдер тобы жиналды. Оларды «Базар өлең», «Қамшы өлең» деп жүйелей бердім. Қара өлеңнің түрі көп. Ара-арасында газеттерге шығатын. Оқырмандар хат жазып, өздері білетін үлгілерді жолдайтын. Кейде қара өлеңдердің үшінші немесе төртінші тармақтары болмай қалады. Әзірлеу кезінде ондай олқылықтардың орнын, ақын болғандықтан, өзім толтырамын…
Осылай жинақтауға алғаш ұсыныс берген белгілі тарихшы Кеңес Нұрпейісов еді. Ал жарық көруіне біртуар жазушы Мұхтар Мағауиннің септігі тиді. Ол жыраулар поэзиясын зерттеді. Менің жинақтап жүрген өлеңдерімді естіп, шығаруға ұсыныс берді. Менің жинағандарымды көріп, өзіммен көрші тұрған Ақселеу Сейдімбек таң қалды. Ол да айналысыпты. Диссертация да қорғады…», – депті жанкешті ақын.
Журнал оқырмандарына «Қара өлең» кітабынан алынған «Ғашықтық-сүйіспеншілік һақындағы қара өлеңдерді» ұсынамыз. Кітаптың бұл бөлімі қара өлеңдер алғаш жинала бастаған кезде Ғылым академиясы мен Мәдениет министрлігі жариялаған ауыз әдебиетін жинаушылардың байқауында бірінші орынды жеңіп алған екен.
Көрмесем, таптырмайтын дамылымды,
Бармасам, алатұғын сабырымды…
Сен де он бесте, ей, қалқа, мен де он бесте,
Екі он бесте қосылса, тең келмес пе?!
Ойнап-күлсе, әркім өз теңіменен,
Талай жүрек дертінен емделмес пе?!
***
Су ағар ескі арықтан ылайланып,
Оңаша сырласайық, былай барып.
Болғанда сіз қызыл гүл, мен – көбелек,
Маңыңда ұшып жүрген шыр айналып.
***
Сен де сері, ей, қалқа, мен де сері,
Шын сүймесем, көңілімді бермес едім.
Құс аңдыған мергендей көл жағалап,
Сен болмасаң бұл жерге келмес едім.
***
Ағашы Керекудің селдіреген,
Үстіңде жібек көйлек желбіреген.
Тұндырғын тостағанға қара шайдай,
Көзіңнен айналайын мөлдіреген.
***
Қараша күз қайтады қатқақ болып,
Қалады көл суалса, батпақ болып.
Ақ кербез отыр ма екен, жатыр ма екен?
Аққудай көлге қонған аппақ болып.
***
Жеңеше, мені жанға балағаның,
Маржандап бұрымымды тарағаның.
Құрбыма сәулесінен сәлемдеме,
Сағыныш жасы тамған орамалым.
***
Қарасам, жамалыңа көзім талмас,
Жолыңа пида болсын, бұл ғәріп бас.
Көпке ортақ аспандағы Ай нұрындай,
Көрген жан дидарыңды әсте ұмытпас.
***
Болсашы кездесетін бір күні той,
Сағыныш жүрегімді үңгіді ғой.
Естісем бұлақ үнін елең етем,
деп ойлап сырғаңның ол сыңғыры ғой.
***
Ақ жүзіңе қарасам айдан аппақ,
Жігіт сенен артық жар қайдан таппақ.
Көрген адам қасыңнан кете алмайды.
Мұз үстінде жүргендей тайғанақтап.
***
Бұл жерге сен болмасаң келмес едім,
Ешкімге сенен басқа ермес едім.
Қайрылып ақша беттен бір сүйгізсең,
Ажалым жетсе де әзір өлмес едім.
***
Сарыбеткей, ендеше, Сарыбеткей,
Теріскейдің жатады қары кетпей.
Айтар болсаң сөзіңді бір-ақ қайыр,
Екі сөйлеп көңілді жарым етпей.
***
Жатыр едім далада пішен шауып,
Ақ көйлегім су болды жаңбыр жауып.
Алыс аулың кеткенде, қимас қалқа,
Ақбоз аттан жығылдым есім ауып.
***
Көрмесем, таптырмайтын дамылымды,
Бармасам, алатұғын сабырымды.
Тағдырдан күні-түні мен тілеймін,
Қалқамен бірге қыл деп қабірімді.
***
Ұшады көк ала үйрек көл дегенде,
Бал татыр сілекейің шөлдегенде.
Қалқажан, сен қандайсың мен дегенде,
Менде жоқ ұшар қанат сен дегенде
***
Емес пе біздің ауыл бәрі манап,
Есебіне жете алмас малын санап.
Біреу-міреу сұраса сылтау аз ба,
Жүрмін дей сал жоғалған қозы қарап.
***
Көрдің бе көкте жүрген күшігенді,
Қалқатай бүгін түнде түсіме енді.
Қос қанат құсқа біткен маған бітсе,
Қалқама бармас па едім ұшып енді.
***
Алдында есігімнің бәйтерегім,
Жығылса, бәйтерегім қайтер едім?!
Ауада ұшқан құстың тілі болса,
Бір сәлем татулыма айтар едім.
***
Қолында жылқышының ақтан құрық,
Ат міндім күрең төбел баптандырып.
Қайырылып ақ тамақтан бір сүйейін,
Орынындай түйменің дақ қалдырып.
***
Қолыңа ұстағаның асыл құман,
Көзіңнен айналайын ашып-жұмған.
Дүниеде еш арманым болмас еді,
Баланы әлпештесем сенен туған
***
Бұраң бел, қоян жонды, бөкен санды,
Ақ тамақ, сүйір иек, беті қанды,
Қара қас, бадам қабақ, жазық маңдай,
Таба алмай іздеп жүрмін сондай жанды.
***
Мінбеймін басқа аттарға құла ат тұрып,
Ішпеймін құдық судан бұлақ тұрып.
Аққыздың айтқан сөзі кетпейді естен,
Сүйеніп үзеңгіме, жылап тұрып.
***
Сенімді болу үшін серттеселік,
Серттесіп қос күреңді ерттеселік.
Көңілің шыныменен болса менде,
Тасындай диірменнің беттеселік.
***
Ажарың ақ жамбыдай түрленеді,
Көз тартар ақ көйлектің бүрмелері.
Алыстан нұр бейнеңді көзім шалса,
Ұйқасып өздігінен жыр келеді.
***
Қалқадан қайттым үйге Кербалақпен,
Асынып садағымды қорамсақпен.
Көрсем де құралайды атқаным жоқ,
Ұқсатып, қалқам, саған шын жүректен.
***
Қаракөз қарай бердім дүркін-дүркін,
Көзімді қарықтырды сенің күлкің.
Шашыңды бір-бір талдап сүйер едім,
Қайтейін, жетпейді ғой өмір шіркін.
***
Әндетіп аспан деген теңізбенен,
Аққулар барады ұшып көл іздеген.
Самғаған аққу емес илан, жаным,
Жүрегім ол да менің сені іздеген.
***
Мен күтсем де сезіммен аласұрған,
Сен өтпедің қара орман, қара судан.
Сен өтпесең қара орман, қара судан,
Мен өтейін кірпігің арасынан.
***
Еркім жоқ жылқы құрлы баққан кеңге,
Сен жақтан жаным сергір соққан желге.
Түскенде сен есіме, сенер болсаң,
Көзімнен аққу жүзер аққан селге.
***
Отырмын бөрік таудың төбесінде,
Жан сәулем, сағындырмай келесің бе?
Көзіме бір ақ қөйлек шалынады,
Ол сен бе, әлде, сенің елесің бе?
***
Жарлаудың жатыр қоян қабағында,
Белгісі көк бояудың сабағында.
Басында өткен айдың берген құртың,
Татиды әлі мейіз тамағымда.
***
Баянауыл басынан бұлт кетпес,
Қиядағы түлкіге құсым жетпес.
Ақбоз үйдің тұсынан аттандырып,
Қош, қалқатай!,- дегенің естен кетпес.
***
Баянауыл басынан түсер сағым,
Сағынғанда қайда едің сен, қарағым.
Кәмшат бөрік басыңа құп жарасып,
Сенің сұлу болғаның – менің бағым.
***
Жіңішке қасың қалам сиясындай,
Тоғайдың мойның ұзын миясындай.
Өзіңе созған қолым жетер ме екен?
Қыранның орның биік ұясындай.
***
Ақ үйден шыға келдің айдай болып,
Енесін қысыр емген тайдай болып.
Кетесің қолым тисе былқ-сылқ етіп,
Қарынға салған сары майдай болып.
***
Айналдым ажарыңнан, мінезіңнен,
Садаға мал мен басым бір өзіңнен.
Сөзіңнен, ісіңнен де мін таппаймын,
Сүймесең сенен емес, кінә өзімнен.
***
Әуеде қалқып ұшқан қара инелік,
Ұшады қара инелік зар иленіп.
Түскенде сен есіме, қимас қалқа,
Қатады қабырғама қан иленіп.
Әзірлеген: Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.