2005 жылы ақын, композитор, әнші Жаяу Мұса Байжанұлының 170 жылдық мерейтойына орай өткен республикалық айтыста керекулік ақын Асығат Тұрғанбеков пен астаналық ақын Айбек Қалиев сөз сайыстарған еді. «Айтыстың алтын қорынан» алынған сөз барымтасын оқырман назарына ұсынамыз.
Айбек:
Ей, Алла, басымыздан бақ ұшырмай,
Қылғайсың жақсылармен таныс ұдай.
Ассалаумағалейкум, Баянауыл,
Қазақтың басындағы бағы сынды-ай.
Бұл елге тұңғыш қадам бассамдағы,
Ұлы өлке ежелден-ақ танысымдай.
Алаштың аспанында асқақтап тұр,
Бұл елдің алсаңдағы арысын қай.
Олжабай мен Жасыбай баҺадүрлер
Бермеген жат қолына намысымды-ай.
Қарт Бұхар, Шоң, Торайғыр, Мәшһүр Жүсіп
Ақиқат ақ сөйлеген арысымдай.
Арқада ән төресі Жаяу Мұса
Қала ма әнін айтсаң, қаның қызбай.
Сұлтанмахмұт, Жүсіпбек, Жұматтарды,
Түлеткен өлке жырды тағы ұшырды-ай.
Қазақты алты алашқа таныс қылған
Ғалымдар Әлкей менен Қанышымдай.
Қай халықтың басына тар келеді,
Аймановтың фильмі табысымдай.
Әйтеуір, мен білетін бұл Баянның
Иті де өзге жердің барысындай.
Арқада Баянауыл жер әулие,
Торайғыр, Жасыбаймен көл әулие.
Баянтау Ақбеттаумен қасиеттім
Көкке шыңы шаншылған өр әулие.
Мұндай жұмақ мекенге ие болып,
Баян жерді жайлаған ел әулие.
Арайын бұл жұмақтың ашып тұрған
Ағайын, бәрінен де сен әулие.
Киелі құтты мекен Жаңатілек,
Еліңе аруақты баба тірек.
Атақты Жаяу Мұса сенде туып,
Алашқа асқақ әнін таратып ед.
Өзіңе келіп тұрмын, Жаңа Тілек,
Алладан Мұса сынды бала тілеп.
Әлі талай ұлыны толғатасың,
Жатқанда Қазақстан жаңа түлеп.
Жеріңе бақ-берекең қайта оралсын,
Еліңе орнамасын қара түнек.
Армысың, Асығат аға, қасымдағы,
Халықтың көзайымы осындағы.
Жаныңа медет берсін деп тілеймін,
Әйгілі Баянауыл асылдары.
Алдымда ағам болып алшаңдасаң,
Отырмын мен бағаңды асырғалы.
Бұра тартсаң, тілімді сұға тартам,
Оны да шашыңдай көр басыңдағы.
Тебендеп қалып қойсаң өзіңіз біл,
Әйтеуір, мен отырмын ашылғалы.
Бойына Баянауыл кеп отырмын
Тойыңа шашу болып шашылғалы.
Асығат:
Төсінде Сарарқаның сағым атқан,
Мұса бабам әндерін аңыратқан.
Ақшоқыға шашылып күн сәулесі,
Таң тарап, нұр сәулесін жамыратқан.
Ассалаумағалейкум, Жаяу елі,
Сөндірмей бабам отын жағып жатқан.
Бұл Мұса болған анық аяулы адам,
Өнерде күні жоқ қой жаяулаған.
Кесірі тисе-дағы бай-манаптың,
Арыны емес оның баяулаған.
Ақшоқы қалды мәңгі мекені боп,
Басына шырақ жағып ай орнаған.
Ініммен тойда бірге самғағасын
Иілер ұятпенен арға басым.
Інішек, өзіңе бір сыр айтайын,
Сен оған аузыңды ашып таңданасың.
Иттері барысындай дедің-дағы,
Сәкеңнің сөз тіркесін қолданасың.
Құйсыншы адал сөзің жаныңа арай,
Болғайсың ұят пенен арыңа бай.
Кітабын оқып едім мен парақтап,
Осылай жазған екен Сабыр Адай.
Білсеңіз бұл ағаңыз сынады ұғып,
Әр ақын айтыс сайын шығады іліп.
Баянның мақтап бердің дарындарын,
Таныттың ақындық көз қырағылық.
Алғаш рет кеп отырмын дедің жаңа,
Баяғыдан келмедің бе дұға қылып?
Дұрыс па ақыныңның тақымдауы,
Көрермен ақыныңның жақындары.
Шықсыншы айтысымыз айбарлы боп,
Әрбір сөз тұрғандайын атылғалы.
Қадамы шалыс болса ә дегеннен,
Не болар Астананың ақындары?
Айбек:
Тістеп алар жігітсің жанап қалсам,
Жарасар ағамыздан сән ап қалсам.
Әйтеуір, бірдеңені бүлдіресің,
Осындай ағаларға жолап қалсаң.
Сабыр Адайдың сөзін айттың дейсің,
Не болар бұл сөзіңе қарап қалсам.
Сабырдан бұрын мұны қазақ айтқан,
Мақал-мәтел кітабын парақтасаң.
Тойына кеп отырмыз ұлы алыптың,
Жатқан жоқ бұл заманда сыналып кім?
«Баяғыдан келмедің» деп айтасың,
Отырсың осыңмен, сірә да, ұттым.
Адам басы Алланың добы емес пе,
Қол тимесе айтады жұбаныш кім?
Кеш келсем де бұл елге, айып емес,
Ерте-кеші жоқ болар қуаныштың.
Жақсыны жағадан ап лап қойыпсың,
Мұсаға «Жаяу» деген ат қойыпсың.
Суретке сахынаңның төріңдегі
Мұсаны скрипкамен сап қойыпсың.
Мұсаның атын алу аз болғандай,
Қолынан домбырасын ап қойыпсың.
Мазақтың түсінгенге көкесі осы,
Қазақтың жүрегіне дақ қойыпсың.
Асығат:
Аузымды аңдып әлі сақ отырсың,
Байқасам, қара өлеңге тоқ отырсың.
Қазақтың мақалы деп айтпап едің,
Сол сөздің авторы өзің боп отырсың.
Шыдайтын жан едім ғой күресуге,
Сын қылып әрбір сөзді ілесің де,
Жаяуды барлық қазақ жаттап қалған,
Әр қазақ таныс шығар бұл есімге.
Әр ұлттың музыкасын ойнай білген
Жаяуды шебер бабам білесің бе?
Келген соң қасиетті өлкемізге,
Шақ сөйлеп көсіліңіз көрпеңізге.
Өзіңнен зор шықпайды деп отсың ба,
Жыр қонған Баянтаудан ерте бізге?
Сипаттасаң суретін әдемі айт,
Тіл тигізбе Жаяудай серкемізге.
Байқап сөйле, інішек, дара бүгін,
Көрінбесін еліңе шалалығың.
Айбек деген атыңды естуші едім,
Жол салып кетпейсің бе сара бүгін?
Скрипка ұстап тұрса Жаяу Мұса,
Ол дағы көрсетеді даналығын.
Сен бүгін қыран болып ұша алмассың,
Ізіме соқпақ салған түсе алмассың.
Қанша жерден Айбек ақын болсаңдағы,
Скрипка ұстап өзің түсе алмассың.
Айбек:
Домбыра бұл қазаққа ар домбыра,
Қазақтың рухына нәр домбыра.
Ежелден қазақпенен біте қайнап,
Халықпен бірге жүрген сән домбыра.
Скрипка әлемдік болсадағы,
Қазақтың көкейінде ән домбыра.
Мұса бабам тартса егер тартқан шығар,
Домбырадай болмайды бар домбыра.
Домбыраны онымен шатастырма,
Домбыра қазақ үшін жан домбыра.
Рухын скрипкаға айырбастаған
Ұлыңды кешіре гөр, сал домбыра.
Бұл айтыс ақындықтың ол да сыны,
Сөзіңнің байқап тұрсам мол жасығы.
Сөйлеген шонжарлардан тілін тартпай
Қазақтың Жаяу Мұса ол да асылы.
Кеңестен «Аз и Я-ны» ықпай жазған
Әйгілі жерлесіңіз Олжас ірі.
Байқасам әр нәрсені сөз етесің,
Сөзіңнің қайда кеткен қорғасыны.
Одан да елдің жайын толғасаңшы,
Боталы түйе қылмай болмашыны.
Шаңырағы – көк аспан, түңлігі – күн
Түркілердің болған ғой бірлігі жыр.
Сол түркінің ұрпағы бүгінгі күн,
Айтшы, аға, не нәрсені тындырып жүр?
Еліме қанғып келген келімсектер,
Ақ таң атып, көгінен күн күліп жүр.
Опа таппай жалғанның базарынан,
Оңбай қойды-ау қазақтың тірлігі бір.
Батыс жақтың қаңсығы таңсық болып,
Қатықтай ұйыған елді бүлдіріп жүр.
Көп жастарың наркоман шұбырынды,
Алкагөл сұлама боп жын ұрып жүр.
Тас құдайға бас ұрған шоқындылар
Рухын намысыңның сындырып жүр.
Темір, мұнай пайдалы қазбалардың
Қайда кетіп жатқанын кім біліп жүр.
Жеріңнің үстін сатып, астын сатып
Үкімет жігерімді құм қылып жүр.
Шетелде талай небір Бейбарыстар
«Көкелеп!» елін аңсап шыңғырып жүр.
Аты бар да, заты жоқ ана тілің
Орыс тілдің қолына су құйып жүр.
Сайқал заман сорпасын сорға төккен
Қазақтың қасіретпен кіндігі бір.
Ұлықтар думан құрып есіріп жүр,
Көрпені кеңге салып көсіліп жүр.
Жер сатқан, жетім сатқан шенеуніктер
Қазақтың қай мерейін өсіріп жүр?
Кешегі бюрократ ағаларың
Демократ атанып лепіріп жүр.
Бас басына құрып ап бір партия,
Ұшпаққа шығарам деп көпіріп жүр.
Біздің кейбір ағалар көкек құсап,
Партиядан партияға секіріп жүр.
Кей депутат байқасаң елді ойламай,
Құлқынның қамын ойлап бекініп жүр.
Елді ойлау түгілі ана тілдің
Жаназасын шығарып өшігіп жүр.
Тар маңдай, таланы жоқ бұл қазақтың
Тағдыры сауналарда шешініп жүр.
Келіссе жырларымның от қармауы,
Ақтардым, Асығат, саған басты арнаны.
Осындай сөздеріме ілеспесең,
Шайнауда қалды ініңнің бас бармағы.
Осылай осып-осып айтпайсың ба,
Көк серкеге ұқсамай көкпардағы.
Асығат:
Қылмайын, Айбек інім, парқыңа егес,
Барады айтқан сайын шарпып елес.
Атақты Жаяу Мұса бабамызға
Бар аспапты қосып қойсаң артық емес.
Айбек ақын арыстанша атылыпты,
Бойына шалқар шабыт шақырыпты.
Ағаңа тек несіне қозғап отсың,
Айта-айта жауыр болған тақырыпты.
Кетпесін өзіңізді осып ойым,
Көрсеңіз адал ниет, осы бойым.
Осындай қалың қауым жиналғанда,
Несіне ағайын жұрт жасырайын.
Дегенмен Астананың ақыны ғой,
Айбектің пікіріне қосылайын.
Шерімді шемен болған шерттің әрі,
Жер дауын айтсаң іште өрт тұрады.
Жер шұрайын бай-болыс тең бөлісіп,
«Ұрпақтан-ұрпаққа» – деп серт қылады.
Теңсіздікке тегеурін бермеймін деген
Мәрт ұлың Махамбетті мерт қылады.
Жүдеу топқа ара түскен Абайды ұрып,
Кесір байлар келіспей кек қылады.
Сабақтас сұмдық істі көріп тұрып,
Жаяудың жүрегіне дерт тұнады.
Ол кезде бай-болыстан кім асатын,
Жер дауы мұра болды ұласатын.
Жер дауы бұл күнде де желпініп тұр,
Шенеунік көп бірінен бірі асатын.
Демеймін, Айбек інім тек ұтылдың,
Алдыма өзің келіп көп ұтылдың.
Баяғыдан қозғаушы ең осы ойларды,
Астанада жүрсің ғой, не бітірдің?
Айбек:
Ақынға толып жатыр айтар қайғы,
Демеңіз, бұл Айбекті жай талғайды.
Жауыр болған тақырыпты айтасың деп,
Қарсы кеп Асығат ағам қайқаңдайды.
Мен айтсам елдің мұңын айтып жүрмін,
Ал сенен ондай сәуле байқалмайды.
Осындай елдің мұңын, Асығат аға,
Жауыр болған жабы ғана айта алмайды.
Тағдыры өзгелерге ұқсамаған,
Мұсадан мен де бүгін күш ала алам,
Адаммен допша ойнаған асау тағдыр
Кімдерге шідер салып тұсамаған?
Маңдайыңа жазылған жалқы тағдыр,
Үш қайтара тусаң да үш анадан.
Ғазиз басын тауға да, тасқа да ұрған
Мұсаның тағдырына құса болам.
Ресей, Латвия, Польша барып,
Окоп қазып қан төккен үш-ақ адам.
Қытайлар Ақ сисасын әуелетіп,
Әніне ғашық болған мына ғалам.
«Жаяудың шаңы шықпас» деген сөзді
Қате қылған жалғыз-ақ Мұса бабам.
Алқасын қазылардың ашына ғып,
Несіне бәйге үшін ашыналық.
Күн кеше талай ақын құлап кетті,
Сөзінің дәмі келмей қапы қалып.
Қойлыбай кеше сенен жеңілмеп ед,
Ер болсаң мойындарсың осыны анық.
Құдайым өзі көріп тұрған жоқ па,
Адамнан несін оны жасыралық.
Жаяудың атын алған Мұстафаның
Жүз елу жыл сақталды аты қалып.
Баяғы әдеттерің қалмаған ба,
Ақынның қалатұғын атын алып.
Асеке, бұл жолы да сен жеңесің,
Несіне ашуланам жатып алып.
Жүлде үшін киелі елдің сүйегіне
Жүрмеңдер қара таңба басып алып.
Құлбай байдың түйесі,
Шешілсін сөздің шиесі.
Ақылды сөздер айтсаңшы
Ақынға ғана тиесі.
Жүлдегер сені қылам деп,
Еліңе жұқпасын күйесі.
Келіспей жатқан секілді
Істеріңнің жүйесі.
Жүйесіз істі қылам деп
Ұрмасын Мұса киесі.
Құлбай байдың сиыры,
Сөзімнің осы түйіні.
Екі көзің жәутеңдеп
Отырсың ғой бұйығы.
Кез болды ма финалда
Ақындардың қиыны?
Үрпе- түрпе болыпты
Мұртыңның, аға, қиығы.
Көтеріп кетіп жүрмесін
Жырларымның құйыны.
Құлбай байдың ешкісі –
Ешкілердің ескісі.
Осы айтысқа келіп ек
Астанадан бес кісі.
Осымен тоқтат сөзіңді,
Айбектің болмай пешкісі.
Осы сөзбен қойылсын
Айтысымыздың төшкісі.
Асығат:
Айбек ау, мәлім болды жайың маған,
Жүлдені мен емеспін уайымдаған.
Қалқам-ау, нық-нық қылып айттың өзің,
Айналдым «заготовкаңнан» дайындаған.
Асығат сөйлемей бос тұрмасыншы,
Алдында бұл інімнің жырласыншы.
Мұртымды жырға қосып кеттің өзің,
Әзілге мұны інім бұрмасыншы.
Көрдің бе Жаяу бабам мұртты болған,
Аруағы Жаяу бабам ұрмасыншы.
Табылар саған деген қиял әнім,
Халқымның құшағына сия аламын.
Атақты Баянтауға келіп тұрып,
«Мен ақын едім» деуге ұяламын.
Ен жайлаған Айбек ең Астананы,
Астана қаламыз ғой асқаралы.
Қазақстан кең жерін біз білеміз,
Астана деген қала басқарады.
Астана жайын, інім, сөз етсеңші,
Барған адам дейді ғой аш қалады.
Қайтемін бұл інімді тұсап қалып,
Жайып ем бүгін, міне, құшақты анық,
Бай азығын байғұс қана қызғанады,
Бара ма, қалқам, ішің пышақталып?
Жап-жақсы бастап едің бұл айтысты,
Неге кетіп барасың ұсақталып?
Сен ғана емес едің өлең өрген,
Шабытым айтқан сайын келе берген.
Жүлдені ап кетем деп келгенсің ғой,
Білдірдің ойың барын дәмеленген.
Айбек деп құрметтеген абзал басын,
Қолпаштап отыр, міне, бар алашым.
Тұлпарға жету бірақ қиын болар,
Десем де бәйгелерге жарағансың.
Ініме бір ақылды айтам енді,
Ешқашан ұсақтыққа қарамасын.
Өмірдің алда талай белестері,
Інімнің дұрыс еді тең өскені.
Осындай Баянтауға келгеніңіз
Қалқам-ау, саған бәйге емес пе еді?
Қарасам мәні жоқ бұл өлеңіңе,
Жатпайды өнегелі, өреліге.
Қасиетті Баянтауда отырсың ғой,
Бұдан артық бәйгенің керегі не?
Айбек:
Дәл бүгін Айбек сенен бұға қоймас,
Асеке, бұдан басқа сұрақ ойлас.
Асеке, сенің бес тал мұртың үшін
Жаяу Мұса Айбекті ұра қоймас.
Қазақтың, біле білсең, жаны Мұса,
Алаштың, біле білсең, ары Мұса.
Түсінбесең, Асеке, мен айтайын,
Мұрттылардың болмайды бәрі Мұса.
Ағамыз інісіне сенсін деймін,
Қалайша бүгін саған «кемсің» деймін.
Мен сенен бәйге сұрап отырмын ба,
Сөзіңді түсінбесін ел шын деймін.
Бас десе құлақ деген қайран ағам,
Құлағыңның бір емі келсін деймін.
Бәйгеге таласпаймын, Асығат аға,
Тек қана әділетті ақын жеңсін деймін.
Асығат:
Мұрттының болмайд дедің бәрі Мұса,
Інішек, мен қарадым ағысыңа.
Мұртқа келіп несіне тірелдің сен,
Тидің-ау мұсылманның намысына.
Ұйқасың ұқсап барад, інішегім,
Тобан аяқ торының шабысына.
Бола біл қара өлеңнің қаршығасы,
Қадалтқан қанатыңның қағысына.
Осымен, Айбек інім, шектеліп пе ек,
Басынан талай айтыс өткеріп бе ең?
Астана ақынымын деп ойлап сен,
Қалпақпен ұрып алам деп келіп пе ең?
Болады бұл сөзіңе араша кім,
Тағайын тағы саған жаңаша мін.
Қамшылап сен отырсаң, Айбек інім,
Жуантөбе басынан әрі асамын.
Шыныменен әділдік алып жатса,
Қалайша мен бәйгеңе таласамын?
Сен Мұсадай болмайсың деп айттың-ау,
Жаппа інім қазақтың болашағын.
Бұл сөзімнің кім куә ұтпасына,
Жолықтым деп ұғамын мықты асылға.
Дарындарды Баяным туған мекен,
Кім кепіл әлі дарын шықпасына?
Демеймін Айбек інім құртты бәрін,
Айтады ау Асығатқа ұтқыр әнін.
Ағайын намыстарың қайда кеткен,
Қол соғып қоймайсың ба, мұрттыларым.
2005 жыл, 17-18 қыркүйек, Баянауыл.