Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов шығармашыл зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, «Шеберлік шыңы-2024» байқауының жеңімпаздарын марапаттады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Ұлт тағдыры сынға түскен сәтте көзі ашық азаматтар әрдайым көш бастаған. Басты міндет – жалпы адамзатқа ортақ қастерлі құндылықтарды жастардың бойына сіңіру. Отаншылдық, білімге құштарлық пен еңбекқорлық, бірлік пен жауапкершілік сияқты қасиеттер дәріптелуі керек», – деп зиялы қауымның ел болашағына әсер ететін әрбір мәселеде ерекше рөлге ие екенін атап өткен болатын.

 

Жиында «Сөз өнерінің өркендеуіне қосқан үлесі үшін» аталымында  Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облысы бойынша өкілдігінің жетекшісі Серік Елікбай, қаламгерлер Сайлау Байбосын, Ғалымбек Жұматов, Жұмағали Қоғабай, Юрий Поминов, Ербол Қайыров, Шолпан Байғалы, аудармашы Рауза Мұсабаева, күрескер журналист Ғалия Балтабай марапатталды.

«Айтыс өнерінің өркендеуіне қосқан үлесі үшін» аталымында Халықаралық «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер» одағы Павлодар облыстық филиалының төрағасы Аспанбек Шұғатаев, ақын, сазгер Асығат Тұрғанбек, айтыскер ақын Рауан  Қайдаров марапатталды.

«Театр өнерінің өркендеуіне қосқан үлесі үшін» аталымында А.Чехов атындағы облыстық драма театрының директоры-көркемдік жетекшісі Виктор Аввакумов, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының актерлері Руслан Нығман мен Дәурен Әділ марапатталды.

«Сурет өнерінің өркендеуіне қосқан үлесі үшін» аталымында суретшілер Елена Дубовая мен Андрей Оразбаев марапатталды.

«Саз өнерінің өркендеуіне қосқан үлесі үшін» аталымында И.Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармония солисті Әлижан Қазбеков, И.Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының «Камералық хоры», дәстүрлі әнші Дәуренбек Сләмғали, «Беу, жігіттер!» халықтық ансаблі марапатталды.

«Өлкетану» саласына қосқан үлесі үшін өлкетанушылар Бейбіт Бөжен мен Александр Вервекин марапатталды.

***

Қаламнан құйылған сия – жанардан төгілген жас.

Таңдайдан ағылған жыр – маңдайдан тамшылаған тер.

Әнші сазынан адам жанының қатпарларындағы әуездер мен әуендер естіліп тұрады.

Қылқаламдағы бояудан да заман бет-бейнесінің болмысы көрініп тұрады. Арай төгіліп тұрады.

Ал, сахнада өмірдің өзі ғұмыр кешеді. Сезім сыңғырлайды, көңіл күмбірлейді сахнада.

Мұның барлығын – Тәңір шебер талант дейтін құдірет қондырған, дарын дейтін қасиет дарытқан өнерпаз жасайды. Дүниеге әкеледі. Ой бесікте тербетеді. Әрине бұл – еңбек. Ал, өнер иесі үшін еңбектің еленгенінен артық құрмет жоқ.

Добавить комментарий