Қамараддин хазірет, яғни дамолла Айжарық Айтілеуұлы Арқа бетке 1852 жылы келіп, келер жылында Ақмола дуанының советнигі Тұрлыбек Көшеновтің елінде тұрақтап, 1863 жылға дейін қазақ шәкірттерін оқытады. Академик Ә.Марғұланның жазуынша, Қамараддин хазіреттен Ақан сері, Мәшһүр Жүсіп, Науан (Наурызбай) хазірет, Шаймерден Қосшығұлов, т.б. белгілі тұлғалар тәлім алады. Ал Абайдың ұстазымен қай жылдары кездесіп дәріс алғаны белгісіз. Әйтсе де, 1849 жылы Құнанбайдың Қарқаралы округіне аға сұлтан болып сайлануы Айжарықтың Арқаға келу уақытымен орайлас келуі, хазіреттің 1853 жылдың көктеміне дейін қолбостау, еркін жүруі біраз үміттендірмей қоймайды. Оның үстіне 1851 жылы Қарқаралыда Құнанбай Өскенбайұлының басшылығымен мешіт салынып біткен. Баспасөз деректеріне қарағанда жас Абай осы мешітте 1849 және 1853 жылдары болған екен. Бірақ осы 7-8 жастағы Абай бөкейліктен шыққан ғұламаның алдынан сабақ алды деуге нақты дерек жоқ. Сөйтсе де, Құнанбайдың мешіттің ашылуына орай ат жетер жердегі оқуы терең ишан-хазіреттерді алдырып, құрбандық шалып, хатым-құран түсіруі де, дінбасылардан ақыл-кеңес алуы да қисынға келеді. Олай болса, салт атпен 2-3 күндік жолдағы Қарқаралыға Қамараддин хазіреттің келуі де, бала Абайдың ұлық ұстазының ғажайып дауысын естіп, батасын алуы да әбден мүмкін.

Ақын өмірбаянын өзгелерден гөрі жақсырақ білетін М.Әуезовтің мәліметіне қарағанда, «Абай он жасқа келгенде әкесі Семей қаласына әкеліп оқуға берген, бұдан бұрын қырда оқыды ма, жоқ па? Ол туралы хабар жоқ. Семейде алғашқы берген молдасы – Ғабдулжаппар деген татар имамы. Артынан бұдан шығарып, Ахмет Риза деген имамға тапсырған. Бұ да – татар имамы. Екеуі де мешітте имамдық қылып, сол мешіттерінің жанында медреселері болған» [1, 115]. Ал Абай өмірі жайында алғаш қалам тербеушілердің бірі, Алаш қайраткері Ә.Бөкейханов болса, «Абай он-он екі жастар аралығында қазақ даласында жүріп хат таныды. Ал он екі жасында Семейдегі Ахмет Риза молданың медресесіне түседі. Абай он төрт жасында сонда жүріп үш ай орыс мектебінен дәріс алады. Осы төрт жылдық медреседегі және үш айлық орыс мектебіндегі дәріспен Абайдың мектептік оқуы аяқталады» [2, 71-72], – деп жазды. Былай қарағанда, жоғарыда келтірілген екі зерттеушінің мәліметтерінде елеулі айырмашылық жоқ сияқты. Дегенмен, Әлиханның дерегіне сүйенсек, Абай мұсылмандық әліппесін ел ішінде – қырдағы оқыған молдалардың бірінен алғандай көрінеді. Себебі, оқуы терең – араб, парсы тілдерінің грамматикасымен қоса, шариғат ілімін қаузайтын 12 пәнді және Шығыс классикалық әдебиетін оқытатын медреседе білім алу үшін талапкер, алдымен, кем дегенде ауыл мектебінен, не болмаса, жеке молдадан сауат ашып, «тіл сындыруы» қажет. Демек, жас Абай аға сұлтан Құнанбай өз жанында ұстаған ноғай-татар молдаларының бірінен «әптиекті» тауысып барып, Семейдегі медресеге аттануы шүбәсіз. Бірақ Абай медреседе 3 жыл оқығаны өз алдына, өз бетінше көп оқып ізденгеннің өзінде мұншама ілім-білім иесі болып шығуы неғайбыл еді. Әдетте, ислам шариғаты, араб-парсы тілдерінің грамматикасы, Құран тәфсірі, әбжат ілімі, тассауыф (сопылық тариқат), т.б. пәндерді игеру үшін Қазан, Ташкент, Бұхара секілді шаһарлардағы медреселерде шәкірттер 9-12 жылдай оқитыны белгілі. Осыған орай, Абайдың мезгіл-мезгілімен медреседен бөлек ел арасындағы оқымысты дамолла, ишан, хазіреттердің бірінен жеке дәріс тыңдап, жеткілікті сабақ алуы бек мүмкін. 14-15 жасында медреседен босаған Абайдай талапкер жастың ел істерімен ғана айналысып, оқусыз қарап жатқаны да иланымға көнбейді. Әлбетте, бұл ретте ойымызға тағы да Арқадағы көптеген ынталы жастың көкірек көзін ашқан, 1863 жылға дейін Ақмола уезінде, 1867 жылдан бастап Баянауыл өңірінде, жиын-теріні – 35 жыл ұстаздық еткен Қамараддин хазірет еріксіз еске түседі. Рас, Айжарық – таза әдебиеттің емес, діни-ағартушылық ағымның өкілі, әйтсе де оның қазақ руханиятының жаңа бағыт өкілдерін тәрбиелеуге қосқан ерен еңбегін айтпай кету әділдікке жатпас еді.

1852-1863 жылдары Сарыарқа жұртының бір талай зерек жастары  Айжарық дамолладан білім алып, ислам медреселерінде тереңдей оқытылатын 12 пән құпиясымен танысады. Шығыстың классикалық әдебиеті, хикая-дастандар, шайырлық поэзия, қазақтың халық әдебиеті, сопылық ілім бағыттары, ислам философиясы, қоғам және құқық, т.б. негізгі және қосымша пәндер қазақ шәкірттерінің ой-өрісін кеңейтіп, жаңа белестерге ұмтылдырды. Айжарық ишанның ағартушылық еңбектері туралы Ішкі Бөкей ордасында туып-өскен Жәңгір хан мектебінің дарынды түлегі М-С.Бабажановтың «Северная пчела» журналында жарияланған «Қазақтың қазақтар туралы жазбалары» атты мақаласында сөз болады.

Салық – қазақтың алғашқы кәсіби журналистерінің бірі, этнограф, суретші әрі ғалым, Ресей география қоғамының Үлкен күміс медалінің иегері. Ол өзінің жас кезінде, одан соң 1849 жылы Орынбордағы Неплюев кадет корпусында оқып жүргенде көріп, жақын танысқанын және Айжарықтың терең білім иесі екендігін өзі тікелей куә болған қызық жайттарды баяндау арқылы дәлелдейді. Автордың сипаттауына қарағанда А.Айтілеуұлы – Ішкі Бөкей Ордасының ханы Жәңгірдің үміт күткен шәкірттерінің бірі болған. 1807 жылы дүние есігін ашқан ол бала кезінде Ордадағы жергілікті татар молдасынан сауат ашса керек. Зерттеуші мақаласында Айжарықтың  бұдан кейін Бұхарада 18 жыл оқып келгендігін мәлімдей отырып, осынша мол білімді пайдаға жарататын мүмкіндіктің жоқтығына өкініш білдіреді. Расында, ол тұста қазақ даласында мектеп-медреселер жоқтың қасы еді. Екінші жағынан, Бұхарада оқыған аса білімді әрі діндар азамат патша шенеуніктеріне ұнай қоймайды. Мұхаммед-Салықтың мақаласы да осыны аңғартады:

«Так как во всей Оренбургской губернии особенно славится хорошим преподавание правил ислама один мулла Стерлитамацкого уезда, называемый «Ишаном», то хан посылал обучаться к нему одного из своих сыновей при нескольких киргизских мальчиках. Но этот сын хана, по имени Искендер, не дожил до возмужалости, – умер. Из числа бывших при нем товарищей один киргиз ногаева рода, по имени Айджарык, оказался с такими способностями, что совершенно исчерпал тамошнего учения до дна и, возвратившись домой в аул, все еще искал возможности продолжать учение. Родственники его женили, но он после первой ночи опять поехал к Ишану учиться. Так как там затруднялись его учить, то он отправился в Бухару, где, довершив свое образование, в 1849 году возвратился в Орду через Оренбург. Там ему не дозволили вьехать в Орду, как получившему образование за границей, впрочем, дозволили один год прожить в Оренбурге и велели вернуться в Бухару.

 … В Оренбурге я видел Айджарыка, бывшего еще кадетом, и он мне сказал, что из Бухары он возвратился после 18-летнего там проживания.  Киргизам очень хорошо известно, что он правилах религии приобрел глубокие познания и очень жалеют, что не могуть воспользоваться ими. Кроме Айджарыка, примеры отправления киргизов в Бухару очень редки». [3, 73]

Қамаррадин хазіреттің өмірбаянын оның тағы бір талантты шәкірті Сәдуахас Шормановтың ұстазы дүниеден өткен жылдары газет бетінде жариялаған қазанама-мүнақибі толықтыра түскендей. Екі мақала деректерінің аздаған айырмашылықтарына қарамастан, Айжарықтың Жәңгір хан Ордасында тәрбиеленіп, одан әрі Істерлітамақта, кейін ұзақ жыл Бұхарада оқығандығы нақты баяндалады:

«Мәзкүр марқұм Кіші жүз тайпасы Алшын бөлімінің генерал-майор Жиһангер хан Шыңғысханов хұзырында Жомарт деген бір дәулетлі адамның ұғлы екен. Марқұм жас күнінен оқуға ықыласлы болып, мал бағуға қанша салса да мойындамайынша, ел арасындағы моллалардан оқып, оларның оқуын бітіріп, 19 жасында Істерлітамақ деген шаһарға 8 жыл оқып, 27 жасында елге қайтып барып, Шыңғысханов қолында бірнеше ай молда болып тұрған соң, мәзкүр Шыңғысханов данышпан адам екен, марқұмның ғылымға ықыласын һәм зеһінлілігін аңлап, қанша ақша беріп, Бұхара-и шәрифке мұсылман ғылымын бітіргенше /хатым қылғанша/ оқуға жібереді. Ол кісі Бұхара-и Шәрифте 12 жыл ғылымны бек жақсы хатым етіп болғаш һәр кімдерге мәшһүр болып, хатта /оның үстіне/ Бұхара-и Шәрифте өзіне шәкіртлер де жиыла башласа да, өз халқына пайда келтірмек үшін өз еліне қайтып келсе, Шыңғысханов опат болған екен. Ол кісі жоқ болған соң онда тұрғысы келмей, және Бұхараға барып бірнеше жыл тұрып, 1852 жылында Сібір тарапына, Ақмола шаһарына қайтып келген» [4]. Бұл арада «Шыңғысханов» деп отырғаны – Жәңгір хан. Бөкей Ордасының ханы бірқатар ресми құжаттарда өзінің тегінің соңына «Шыңғысхан» лақабын тіркеп жазып жүргені мәлім. Ханның Орынбор мұрағатында сақталған «формуляр тізімінде» де солай көрсеткен. «Шыңғысхан» лақабын оның кіші ұлы генерал Ғұбайдолла Жәңгірханов та иеленген. Сірә, бұл орыстар тарапынан хан әулетінің ақсүйектігі мен ерекше қызметін мойындау ретінде берілген  бұрынғы «тархан» дәрежесімен деңгейлес атақ болса керек. Бір қызығы, осы өңірден шыққан белгілі қоғам қайраткері Н. Манайұлы Шәңгерейдің өлеңдер жинағына жазған алғысөзінде Жәңгір ханның немересі жайлаған Борсы маңында Шыңғысхан атты қоныс болғандығын айтады: «Шәңгерейдің ордасы, имениесі – Борсының бойында. Борсы өзенінің үстіне салынған Сәвинке деген орыс қаласы бар. Өзеннің бір беті – Шәңгерейдің жері, екінші беті – орыс жері. Поселкенің Шәңгерей жері жағында салынған жартысын ресми қағаздарда «Шыңғыс хан» деп атақ береді. «Шыңғыс ханда» тұрған орыстардан Шәңгерей аренді алады» [5, 26].

Ал С.Бабажановтың жазуынша, Айжарықтың Ордадан кетуін Орынбор әкімдері қалаған. Сәдуахастың дерегі де сенімді. Өйткені, қалай дегенмен, болашақ ағартушы Бұхарадан оралғанда Жәңгір ханның бақилық болғаны айдан анық. Сол тұста ағылшын, түрік елдерімен қарым-қатынас жасай бастаған Бұхара елінде көп жылын өткізген оқымысты қазақтың Ордаға оралуы орыс шенеуніктеріне тіптен ұнамайды. Жәңгір ханның көзі тірі болса, өзі балапандай баулыған шәкіртін елден аластатып қоймас та еді. Біздің ойымызша Арқаға – Ақмола өңіріне келгенде Айжарық «Мен Орынбор ұлықтарынан қуғын көріп, жер ауып келдім» деп айтпай, Сәдуахас секілді жақын шәкірттерінің өзіне «Ордадан Жәңгір хан өлімінен соң кеттім» деуі әбден мүмкін. Жәңгір ханның жұмбақ өлімі де Айжарықтың қауіпті аймақтан бас сауғалап, алыс Арқаны біржола мекен етуіне себепкер болған шығар. Оның үстіне орыс билігімен қойын-қолтық қызмет істейтін кеңсе шенеунігі,  полковник Тұрлыбек Көшеновке сыр білдіруге де сақтық жасаған сияқты. Сәдуахас Мұсаұлының қазанамасында ұстаз өмірінің бұл кезеңі нақпа-нақ көрсетілген:

«Анда бір жыл тұрып, андан полковник Тұрлыбек Көшеновтің аулында тұрып 11 жыл балалар оқытып, көп адамларны пайдаландырып (ағартып. – С.Қ.) тұрғаны жоғарғы ұлықтарға жетіп, Омскідегі Кадетский корпуста оқитұрған қазақ балаларын оқытуға шақыруы бойынша Омскіге барып, анда 63 жылында муфти хазіретлеріне барып емтихан ұстап, имаматлық уә мудәррислікке рұхсат алып, келер жылы 3 жыл Кадетский корпустағы балаларны оқытып тұрған. Андан* соң Омскиде оқитұрған мұсылман балалары аз болған соң 1867 жылында Баянауылға көшіп келіп, мәсжидке имам болып неше жылдай қазақ балаларын оқытып, ақыр ғұмырына шақлы Баянда тұрып, көп адамдарды пайдалануына (ағаруына) себеп болды» [4].

Айжарық тіпті, аты-жөнін де жасырып, Арқаға «Қамараддин Бижомартұлы» деген лақап атпен барған болуы керек. Осы себептен болар, ресми құжаттар мен шежіре деректерінде оның әкесі мен атасының аты түрліше аталған. Мәселен, М.Тәжмұраттың жазуынша, ноғай-қазақ шежірелерінде Қамараддин есімі аталмайды. «Сондай-ақ хазіреттің бүгінгі әулеттік төр шежіресіне түскен әкесі Байдүйсеннің, атасы Жұманың аты (тор шежіреде шыққан руы жағалбайлы деп қате көрсетілген), Сәдуақас мырзаның мұнақыбында аталатын Бижомарттың есімі де мәлімсіз» [6,19].

Бір кісі есімінің үш түрлі аталуы ойландырмай қоймайды. Ресми орындар ғана емес, ұрпақтары мен жақын шәкірттерінің шатасуына қарап, біздің «лақап есім» жөніндегі болжамымыз дұрыстыққа келеді. Мүмкін, оның Айжарық Айтілеуұлы екенін сүйікті шәкірті Мәшһүр Жүсіптен өзге ешкім білмеген шығар. М.Ж.Көпейұлы өзінің ұстазын жоқтаған «Қамараддин хазіретті жоқтау» деп аталатын көлемді мәрсие-толғауының соңында «Айжарық Айтілеуұлы. Кіші жүз, Бөкейлік қазағы. Мәшһүрдің 30 жасында сөйлеген сөзі» деген анықтама берілген. Несі бар, бір жағынан қазақтың «ат қою» дәстүрі бойынша әкесі Айтілеу болғанда, баласының Айжарық атануы шындықтан алшақ емес.

Орта Азия дінбасылары Айжарыққа хазірет, дамолла дәрежелерінен басқа «Қамараддин», яғни қазақша «Діннің айы» деген құрметті атақ бергені де шындық. Бөкейліктен түлеген болашақ ғұламаның тұңғиық білімі мен ел арасындағы кісілік беделі сол уақыттың өзінде өте танымал болғандығы жайында М-С.Бабажановтың еңбектерінде қызықты айғақтармен баяндалған:

«Мулла Айджарык мне особенно памятен по одному случаю. В Оренбурге один татарин спорил со мной, что я, приписывая гром и молнию силе какогото электричества, делаюсь противным правилам веры, ибо по существующему поверью, облаками заведывает один ангел по имени Рягад, который повелевает и кричит на облака, чтобы они лили дождь, и при этом от его кнута сыплются искры. На это я требовал доказательств словами Корана. Он ссылался на тамошных мулл из татар, но ими я не довольствовался, а выбрал Айджарыка, прозванного в Бухаре Камареддином, Луною веры. На это и татарин согласился. Когда мы вместе спрашивали Камареддина о причинах грома и молнии, то он сказал нам самым кротким и убедительным голосом: «Господа! В Бухаре и вообще я обучился правилам веры, которые направляли меня к истинному служению Богу. Обьяснять вам физические явления я не могу, это дело астрономов. Дело мулл наставлять к правильному почитанию и служению Богу. Но я слыхал, что астрономы обьясняют и приписывают это явление взаимному трению и разрыванию облаков» [3, 74]. Татарин был принужден сконфузиться за нелепость своего спора». Бұл арада Айжарық ишанның астрономия ғылымын терең біле тұрса да, өзіне тән ұлылық-кішілігімен сыпайыгершілік танытып, ғұлама жан ретінде сырын ішке бүгіп, бой жасырғаны байқалады. Соның өзінде де, бөкейлік дін иесінің сенімді әрі жанға жағымды дауысы бірер жылдың ішінде Орынбордың «мен» деген талай татары мен қазағын тамсандырғаны, аз уақытта аты аңызға айналғаны анық. Әйтпесе, Айжарық дамолланы Омбыдағы атақты Кадет корпусының ұлықтары жайдан-жай шақырып, таңдаулы талапкерлеріне дәріс оқыттырар ма еді?!

Қамараддин хазіреттің Баянауылдағы ең алғашқы шәкірті, белгілі қоғам қайраткері Сәдуахас Мұсаұлының жазуынша, ол алдымен Ақмола өңіріне келіп, 1852 жылы сондағы ықпалды қазақтардың бірі полковник Тұрлыбек Көшеновтің аулына қоныстанып, осы төңіректегі елдің билігін ұстаған Қоңырқұлжа Құдаймендеұлы мен Ыбырай Жайнақұлы секілді аға сұлтандардың иелігіндегі қазақтардың балаларын оқытады. Қамараддин хазіреттің ең сүйікті әрі талантты шәкірті Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жазуына қарағанда білімдар ұстаз Арқадағы керей, қыпшақ, атығай, қарауыл, қанжығалы, қуандық, сүйіндік сияқты жеті дуанды жайлаған ел балаларының көкірек көзін ашып, саналарына иман мен ілім сәулесін түсіреді.

Кейбір қазақ ғалымдарының жазуынша, ұстаздығының Ақмола кезеңінде Қамараддин хазірет Семей өңірінде болып,  ақын Абайға да дін мен ғылым сабақтарын үйретуі мүмкін. Бұл туралы абайтанушы профессор Тұрсын Жұртбай («Айқын» газеті, №121, 2008)  мен журналист-ғалым Мақсат Тәж-Мұраттың («Астана» журналы, №2, 2010) мақалаларында біршама мәнді мәліметтер ұшырайды. Өкінішке орай, алғашқы мақалада Қамараддин лақабы Камалатдин түрінде қате берілген және оның «Шаһабуддин Маржанидің медресесін бітірген алғашқы шәкірт» болуы да – жалған ақпар. Аталған мақаладағы мәліметке сілтеме жасаған М.Тәжмұраттың да пікірлеріне келісу қиын. Себебі, Қамараддин молла Маржаниден 11 жас үлкендігі бар, татар ғұламасынан бұрын Бұхара шейхтарының алдын көріп, Пірге қол берген  әрі жоғарыдағыдай құрметті атаққа ие болған бірден бір қазақ. Расында жаңағыдай пікір жазушы ғалымдар  Айжарық Айтілеуұлының 1807 жылы, ал Шиһабуддин Маржанидің 1818 жылы дүниеге келгендігін есепке алмаған сияқты. Татар тарихшысы Ғабделбари Батталдың мына деректері де соның дәлелі: «Ш. Мәржани Бохарага 1838 елның 12 декабренде барган. 1849 елда исә, шактый мөһим кульязма китаплар һәм букча-букча ғыйльми язмалар белән төянеп, Казанга кайткан» [7, 107]. Бұл мәліметті белгілі дін қайраткері Р. Фахреддин де растайды [8,125]. Ал, Айжарық Айтілеуұлы,  яки, Қамараддин дамолла-хазірет Бұхараға оқу үшін 1834 жылы аттанған болатын. Айырмашылығы, қазандық шәкірт «Көкелташта» 12 жылдай оқыса, Айжарық Бұхарға екі мәрте барып, бас аяғы – 15, кей деректе – 18 жыл шарғи ғылым көзінің көзесін түп-түгелінен сарқып қайтқан. Осы арада мына жайт есіме түсіп отыр. Қамараддин дамолланың Баянауыл аймағы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлымен байланысты тұстары туралы Мақсат Тәжімұрат алғашында осы жолдардың авторынан естіген-ді. Әділін айтуым керек, зерттеуші бұл тақырыпта ұқыпты ізденіп, ғұлама өмірбаянын толықтыратын біраз тың деректер тауып жариялады.

Асылы, біздің ғалымдарымыз «жәдитшілдік» бастауларын – жаңаша оқу тарихын Ш.Маржанидан немесе И.Ғаспыралыдан бастағанда тамыры Жәңгір хан Бөкейханұлынан басталып, Қамараддин, Мұхаммед-Салық, Абай, Мәшһүр-Жүсіп, Құрбанғали, Шәңгерей, Ғұмарларға жалғасатын қазақ зиялыларының ерен еңбегін ұмытпағаны жөн. Оның үстіне Ш.Маржани хазірет Бұхара медресесінде енді ғана ілім үйреніп жүрген  жылдары Жәңгір хан түрік, татар, шағатай және бірнеше Еуропа тілдерін меңгерген, 1841 жылы Ішкі Бөкей Ордасында жаңа тұрпаттағы мектеп ашқан, 1844 жылы Қазан университетінің құрметті профессоры атанған белгілі мәдениет пен ғылым қайраткері еді. Ресей мұсылмандары арасында бірінші болып «Мұхтасар» кітабын тәржімелетіп, М.Қазымбектің редакторлығымен баспадан шығарып үлгергені тағы бар.

Жоғарыда сөз болғандай, Абайдың шәкірт кезеңінде Қамараддин есімді молда не хазіреттің есімі ұшыраспайды. Тек ХХ басында Семейдегі Камали атты кісінің медресесінде жас Мұхтардың оқығаны туралы деректі жазушының өз өмірбаянынан оқуға болады. Оның есесіне,  Абайдың 20 жастағы кезінде Айжарық Омбыда имам әрі кадет оқытушысы қызметінде тұрған мезгілде кездесуі қисынға келеді.

Абайдың 1866 жылы Омбы кадет корпусында оқып жүрген інісі Халиолла Құнанбайұлына жазған үшбу хатындағы сөздері екі зиялының бір-бірін білетіндігін және ерекше қадір тұтатындығын аңғартса керек. Осындағы: «Сізден бізге хат жазған Қамараддин моллаға көптен-көп сәлем дегейсіз. Һәр бір сізге дінқарындасы тұрғысынан қылған жақсылықтары Аллатағаладан қайтсын, өзіне хат жазуға уақыт тар болды» [9,171], – деп келетін Абай лебізінен біраз жайттың басы ашылады. Хат мазмұнына қарағанда, хазіреттің жас Абай мен ақынның Омбыда оқып жатқан інісі Халиоллаға ұстаздық жол көрсетіп, жағдайға қарай жанашырлық танытқандығы, тіпті, өзара хат-хабар алысып тұрғандығы да байқалады. Бұл кезде Абайдың жасы 21-ге, Халиолланың 17-ге жаңа толған жасөспірім екендігін ескерсек, ағайынды шәкірттердің Қамараддин дамолладан үйренер үлгі-өнегесі де, алар тағлым-тәрбиесі де аз болмасқа керек. Кадет корпусында үш жылдан аса уақыт ислам діні мен тарихынан және Н.Ф. Костылецкиймен бірлесіп шағатай тілінен дәріс оқыған хазірет Құнанбайдың дарынды ұлдарын қажетті кітаптармен де қамтамасыз етіп отырған десек, қателеспейміз. Ондай дүниелердің арасында Еуропа мен Шығыстың классикалық әдебиеті де, ислам-шариғат қағидалары мен жаратылыс заңдарын түптен қозғайтын талай құнды кітаптар болған да шығар. Кейінірек  Абай толғаған ислами-имани пәлсапалық ой орамдары мен ғақлият сөздері де «аспаннан салбырап түспеген», осындай оқымысты һәм турашыл хазірет көкірек көзін ашқан, оқыр кітабын, жүрер жолын меңзеген ұстаз мектебінің нәтижесі деу ләзім.

Өткен ғасырдың 30-жылдарында Санкт-Петербург қаласындағы Шығыстану институтының Березин қорында сақталған бұл хатты тапқан академик Ә. Марғұлан болатын. Әйтсе де хаттағы мәліметтер әлі күнге жөндеп тексеріліп, зерттелген емес. Біз 2012 жылы өз тарапымыздан ізденістер жүргізу барысында аталған қордағы материалдарды қайта сүзіп шығып, онда сақталған Қамараддин хазіретке қатысты өзге екі хатты тауып, көшірмесін алдық. Көлемі 4 бетті қамтитын алғашқы хатты 1865 жылдың 21-сәуірінде Мәскеу қаласындағы Кремльге жақын Болотной алаңында Айт намазын оқу үшін арнайы өкілеттікпен, біраз жамағатпен барған Петропавль губерниясының имам-ахуны Ғабдоллабай бин дамолла Ғаббас әл-махсым деген кісі жолдаған. Жазу дағдысына қарағанда жергілікті қазақ не татар дінбасыларының бірі деп шамалаймыз.

Автор хатты:  «Ғиззатлу шерикжанымыз дамолла Қамараддин хазіретіне ихласлу дұға уә сәламлар көндүрдүм. Ошандақ ініміз Шаһмардан мырзаға көп дұғалар көндүрдүм. … Дұғагөйіміз  Башмаков мырзаға көп дұға, сәламлар көндүрдүм.

Әл-хамдуллаһ, өзіміз сахат уә саламатлармыз. Хайыр-фатихаларыңыз уә барша жамағатларымыз иле 10-апрелде йазған мүбәрак-намеңізе апрелдің 19-нда йолығып, шад уә сарам болдық. Сауал айтыпсыз. «Айт уақиғасыны» жәнабыңызе ғарзу етәлік. Собрание әмірі билән Арбаткә имаматшылық қылурға бардық. Маһи мүбәракның 16-шы күні Арбатке дахил болдық. Барғашта тоқсан теңгеге бір пәтер Болатной алдым. Төрт  комнатлы еді: бір комнатынде өзім тұрдым, үшеуінде жамағат илә беш уақыт намаз оқыдым. Бек зор болат еді. Екі жүз жамағат сиғар еді. Һәр күн уағыз болып, жамағатқа бек уағыз айттым. Қай ықылымнан келген адамлар йығылып, уағыз ештимекке келдиләр» [10, 60-63], – деп бастап, одан әрі «Айт намазы» кезіндегі бастарынан кешірген қызықты сәттерін баяндайды. Арбаттағы «Айт намазы» шынында да зор салтанатпен өткені байқалады. Пар ат жеккен әдемі фургон-күймелі шананың алды-артында 12 қазақ-орыс, екі жанында 4 жандарм қошеметпен алып жүргені, 15 мың орыс қызықтап, 10 мың жамағат намазға сапқа тұрғандығы, намаздан соң халыққа уағыз айтылып, пітір-садақа жиылғаны, орыстардың қатты таңырқап, ахунға риза болғаны да мақтанышпен баяндалады. Мәскеуде – Кремль түбіндегі Арбатта «Айт намазын» өткізген мәртебелі дінбасының өзі хат арқылы есеп беруіне қарағанда Қамараддин хазірет бүтін Еуразия түркілерінің белгілі қайраткерлері санасатындай үлкен беделге ие болған-ау деген ойға еріксіз келеміз.

Сондай-ақ осы хаттан Қамараддин хазіреттің Кадет корпусында дәріс берумен шектелмей, Омбы маңындағы қазақтардың әлеуметтік-құқықтық мәселелерін шешуге тікелей атсалысқанын көруге болады. Сірә, хазірет Петропавл аймақтық ахунынан Омбы төңірегінде «санда бар, санатта жоқ» әрі «указной молдаға» зәру қазақтардың некелік рәсімін заңдастыру үшін өзіне жергілікті үкіметтен рұхсат қағаз алу үшін кеңес беруін сұраған.

Қызылжарлық ахунның хатындағы: «Зинһар, ғайыб итә көрмеңізлар. Жәнабыңыздан бір мәслихат сұрапсыз. «Омский атырафындағы қазақлардың некаһы» тұғрасында. Жәнабыңызге мәслихат шул ке: Қазақлар отуз, қырық кіші қол қойып, Собрания мекемесіне қағаз берсүнлар. Шул рәуішде Омский атырапында болған һәр тарафтан келген йатақлар/да/ неке қағазы бола-дүр. «Молламыз жоқ, бізләр қалаймыз,  Омский қалғасында тұрған мүдәррис-молла Қамараддин «фәлан» ұғлыны тілейміз. Шул кіші некаһ оқып берсе екен» деп, прощение берсүнлар. Мұндан біз хат йазамызлар андағы ашыналарға. Қазір де Мәулей муфти ухра қази-дүр. Ескендіріф қазақлар сұраса, әмір болмай қалмас» [10], – дейтін үзінді осы жайтты меңзейді. Бұл аз ғана деректің өзі де Мәшһүр мен Сәдуахас мақалаларында сипаттайтын Айжарықтың жұрт қамы үшін жаны күйген нағыз тақуа мұсылман – тура жол иесі екендігін толықтай құптайды.

Осы хаттың соңында Шаһмардан атты жас жігіттің есімі екінші рет ілтипатпен аталады:  «Шерікжан, Шаһмардан мырзаны мұнда қызлар бек күтүп тұрадүр-лар. Ертерек, бірісіні некаһлап алсун. Айта көріңіз, келе көрсүн, бек сағындық!» Бұл кім? Бәлкім, кейін Алаш қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі болған Шәймерден Қосшығұлов емес пе екен? Дегенмен, бірқатар дереккөздерде оның 1877 жылдары дүниеге келгендігі жазылған. Шәймерден мен Абайдың хат алысып тұрғаны тарихи деректерден мәлім. Мәшһүр Жүсіп пен Абай арасында да байланыс бар. «Дала уәлаяты» газетінде екеуара хаттары жарияланып тұрғандығы айтылып жүр. Қамараддин хазіреттің тәрбиесінде өскен Сәдуахас Шорманов 1897 жылы, бәлкім одан бұрын, хакім Абайдың көзі тірісінде барып, атақты қазақ шайырының өлеңдерін жазып алғаны, оларды алғаш рет Петербордағы орыс ғұламаларына тәржімелетіп, жариялауға талпынғаны ше? 1903 жылы ақынның үйіне тінту жасалуына кім себеп болғаны естеріңізде ме? Айтайын дегенім, Қамараддин хазірет «Орда көрген», «Орынбор көрген» аңғарлы азамат екендігі белгілі. Алыс Арқаға жер ауып баруының негізгі себебі не?  Мұндайда алаш зиялыларының ұйқыдан оянуына Айжарық ишанның ықпалы жоқ па екен деген қисынды ойлар қылаң береді. Мәшһүрдің ғасыр басында орыс отаршылдығына қарсы «Сарыарқа кімдікі?» сарынында жазылған бірнеше кітабы, Шәймерденнің Думаға депутат сайлануы, Сәдуахастың Алаш қозғалысына дем беруі, Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Сұлтанмахмұт сынды Алаш зиялыларының Абай рухына бас иіп, өлеңдерін әспеттеп, қазақтың «бас ақыны» ретінде дәріптеуінің астарында не сыр бар? Бұл бағытта кешенді зерттеу, нақты ізденістер сұранып тұрған тәрізді…

Хаттардың бірі 1868 жылдың 20 қаңтарында хазіреттің атынан Омбы кадет корпусының профессоры Н.Ф. Костылецкийге жазылған болып шықты. Аталған кісінің аса көрнекті қазақ ғалымы Шоқан Уәлихановтың ұстазы екені мәлім. Шоқанға әдебиеттен дәріс беріп, ерекше жанашырлықпен тәрбиелеген Николай Феодоровичті Қамараддин хазіреттің «ашына-и достым» дегеніне қарап олардың  жақын араласқан сыйлас, пікірлес жандар болғандығын аңғару қиын емес. Хаттың шағатай тілінде жазылуы – Н.Ф. Костылецкийдің түркі тілдерінде сөйлеп, жаза білетіндігіне куәлік етсе, керісінше Айжарықтың орыс тілін әжептәуір білуі ғажап емес.

Бұл уақытта Айжарық ишанның Баянауылдағы Мұса Шорманұлы ашқан мешіт-медреседе шәкірт тәрбиелеп жатқаны мәлім. Хазірет Николай Феодоровичтің әйел, бала-шағаларының хал-жағдайларын сұрап, оларға бақытты ғұмыр тілейді. Арасында: «Ашналықлар қолдан кетуб, көңіллер фәрамуш қылмасын дейу қалам тербәтамыз. Хат жазар десек те, ойға түшіріп, бір де жазбайсыз. Шұғылыңыз көплігі ме, иә қолыңыз босамай, иә йалқаулық қыларсыз ма?» – деп, өзінің екі-үш мәрте жазған хаттарына жауап алмағанына базынасын айтады. Хаттың соңын: Ғабдулғани ағаға уә Ағлан-ад-динге уә ғайри сұрағушы ағайынға дұға-и сәлем дейсіз. Һәрнешік хатуңизни йәна күтеміз – муштамал ахуалатларың илән. Қамараддин дамулла» [11,41], – деп аяқтайды.

«Жақсыда жаттық жоқ» дегендей, Омбыда тұрған бірнеше жыл қадарында Айжарық ишан көптеген зиялы жандармен, дін ағартушыларымен емін-жарқын араласқаны байқалады. Хат мазмұнынан хазірет Омбы Кадет корпусының оқытушысы, Шоқанның ұстазы Н.Ф. Костылецкиймен де жақын әрі шынайы достық қатынаста болғандығын көреміз. 1863 жылы хазірет Кадет шәкірттеріне дәріс бере бастаған кезде Шоқанның әлі тірі екендігін ескерсек, ол екеуінің кездесу мүмкіндігін жоққа шығара алмаймыз. Тіпті, Николай Феодорович кейбір ауыз әдебиеті материалдарын Қамараддин хазіреттен алып, Н. Березин арқылы Питерге не Қазан университетіне жіберіп отыруы мүмкін. Өйткені, Мәшһүр Жүсіп деректеріне жүгінсек, оның өзі де халық әдебиеті үлгілерін алғаш 8-9 жасында ұстазының айтуынан үйренгенін жазады. Бір жағынан, Айжарық Айтілеуұлы кейінгі Батыс және Шығыс Алашорданың арасын жалғастырған алтын көпір сияқты. Бөкейлікте Жәңгір мектебінен тәлім көріп, Орынбор кадет училищесінде білім алған М-С. Бабажанов пен Омбыдағы Шоқанның өзара таныс болуы, Айжарық дамолланың Халиолла мен оның Жидебайдағы ағасы Абайға ұстаздық етуі, Науан, Шәймерден, Мәшһүр, Сәдуахас, Ақан сері, т.б. көптеген қазақтың белгілі тұлғаларының шығармашылық ғұмырбаяны осындай ойға еріксіз жетелейді.

Бір өкініштісі, Омбы облыстық мемлекеттік мұрағатында Кадет корпусының оқытушылары мен шәкірттерінің қызметтік өміріне қатысты деректер сақталмаған. Сірә, ондағы қызметтік жазбалар мен Кадет оқытушылары Қазақстан, Орталық Азия мен Сібір өлкесінен жинақтаған бай тарихи-этнографиялық және фольклор материалдары кезінде Ресейдің орталық қалаларына жіберілген сияқты. Қамараддин хазіреттің, Шоқанның, Абайдың қолжазбалары мен хаттарының Санкт-Петербург мұрағаттары мен ғылыми кітапханаларында сақталуы, Н.Г.Потаниннің мұралары Томск қаласындағы мұрағат қорларында жинақталуы – осының айғағы.

Айжарық Айтілеуұлы дүниеден өткенде Сәдуахас Мұсаұлы жазған қазанама-мақалада ұлық ұстаздың аса көркем мінезі мен ел үшін сіңірген игі істері жайында тебірене жазған. «Өткен 1888 жылында сентябрь айында молла Қамараддин хазіреті 81 жасында Баянаула атырабында опат болып, Баянаула қаласының күншығыс жағында бір шақырымдай жерде мұсылман қабірлері ішінде дәфін болынды. Бұ күнгеше қазақ халқы ішінде мұндай адам аз болса керек», – деп басталған қазанама соңындағы мына пікірлер Қамараддин хазіреттің нағыз тақуа, жұрт жоқшысы, терең білім мен кісілік иесі екендігін айғақтайды:

«Бұ марқұмның мінезі сондай еді: нашар, дәулеті жоқ адамдардан хақы алмақ түгілі, оқығаны үшін бәлкім, өзінен тамақ беріп оқытатұғын еді. Және халық ішінде аразлық болса, насихат айтып татуластырар еді. Және екі-үш күнлік жерде өзінің білетұғын адамларында ауру яки қайғылы кісілер болса, сонша қарт болса да ерінбей барып, көңілін аулар еді. Билер бітіре алмайтұғын үлкен іслер ол кісінің насихат қылуы илан татушылық /жөнімен/ бітіп қалатұғын еді. Көп адамларға зары өтсе керек. Қазақ халқы бір артық адамынан айрылды» [4].

Қамараддин хазіреттің ел алдындағы ерекше қызметі туралы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы да құнды мәліметтер жариялаған. Сопы-ақын ұстаз есімін әрқашан құрметпен атай отырып, оның ізгі істерін ризашылық сезіммен еске алады. Мысалы, «Дала уәлаяты» газетінде басылған «Даладағы оқу жайынан» атты мақаласында:

«…Кеше көзіміз көрді: Баянаулада – Қамараддин хазірет, Ертіс бойында – Нұрғали хазірет, оның алдында Жақай ахун, һәр жерде сондай қазақтың өзінен жақсы молдалар шығып, дін шашып, көп адамға ғылым үйретіп, бірсыпыра тауфиқлы жанларны оқытып, молда болуына себеп болды. Бүгінде Көкшетауда – молла Наурыз, Қызылжарда – Қожахмет молла Тухфат хажы баласы, Орымборға қараған арғыннан Ханиф деген молла шығып, солар ғылым шашып, халқыны жақсылыққа үйретіп жатыр», – дей келе ұстаз есімін ең алдымен атайды.

Газетте ұстазы туралы Сәдуахастың қазанамасы шыққан жылы жазда М.-Жүсіптің өз әкесі Көпей сопы да сырқаттанып, хал үстінде жатқан болатын. Соған қарамастан әкесі қайтыс болғаннан соң тура бір айдан соң жариялаған екі мақаласында да ақын ұстаз есімін ұмытпайды. Ілгергі мақаланың соңындағы мына лебізінен де ардақты ұстазына деген шәкірт сүйіспеншілігін сезіну қиын емес: «Бес жасымда моллаға беріп, сегіз жасымда Қамараддин хазіреттің қолына тапсырып, осынша ғылымға, өнерге қосқан марқұм әкем 73 жасында 11 августта, 1889 жылдың жұмға салауаты уақытында төсегінің үстінде сәждеде жатып ахирет сапарына кетті. «Анна Аллаһу уә илла фиһу рәджиғуна» дін қарындас мұсылманнан бір фатиха үміттімін» [11].

Мәшһүрдің Құлмұхаммед ұста опатына байланысты мүнақиб-қазанамасында ұстаз есімі тағы да үлкен ілтипатпен еске алынады:

«Біздің қазақ жұртында, оның ішінде Сүйіндік ортасында ексе бітпейтін, қуса жетпейтін екі-үш кісі бар еді. Бірі – Шорманұғлы Мұса марқұм еді, бірі – Қамараддин хазірет кәзитке жазылған, бірі – Құлмұхаммед ұста Жанғозы ішінде көпшіл, дархан еді. Дін ісін ізлеген, шариғатқа мұхтаж болған хазіреттен барып, көңілі дауаланып қайтушы еді. Болыстан зорлық көрген, орыстан қорлық көрген ғақыл сұрай Мұса мырзаға барып көңілі дауалап, жанға сая тауып қайтушы еді. Бір нәрсесі сынған, бір нәрсесі бүлінген қайдан болса да ізлеп Құлекеңе барып, ісін бітіріп, көңілін тындырып қайтушы еді. Жұрт йақшысы кетті, ғақыл сұрар ер қалмады, бас паналар жер қалмады. Бөлтірік болыс, бөдене билердің тұсында сауысқанша ағаш басына қонғандай заман болды…» [12].

Ақын мақаласының мазмұнынан сол тұстағы отаршылық қамытын киіп, Ресей үкіметінің түрлі заң-шарғыларынан, шенеуніктер мен жергілікті болыс, би, ауылнайлардың озбыр қылықтарынан зәбір көрген қазақ елінің тығырыққа тірелген қиын тағдырын қапысыз танимыз. Өкініштісі, бір заманда тылсым білімі мен  терең ақылы, шариғатқа шеберлігі мен адамдық табиғаты Мұхаммед-Салық, Мәшһүр Жүсіп, Сәдуахас мырза сияқты талай оқыған қазаққа ой салған Қамараддин хазірет туралы ешбір оқулықта не ғылыми еңбектерде жазылмаған.

Шынында да, Айжарық Айтілеуұлы (Қамараддин хазірет) өткен ХІХ ғасырдағы қазақ даласында ілім мен білімнің шамшырағы болып қана қоймай, туған жұртының топырағына ізгілік пен кісіліктің асыл ұрығын сепкен алғашқы ағартушылардың бірі болды. Қамараддин хазіреттің мектебі алғаш 1852 жылы Ақмолада – бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласында ашылып, сол арада сандаған қазақ балалары 11 жыл бойы ескі мен жаңаның парқын айырарлық сапалы білім нәрімен сусындады. Омбыдағы Кадеттер корпусын айтпағанда Баянауылда ширек ғасырға жуық медреседе шәкірт тәрбиелеп, қазақ рухының оянуына өлшеусіз үлес қосты. Сол бір ғана Баянауыл ауданының төңірегінен «25 академик шыққанын» мақтан етушілердің барлығы бірдей Айжарық дамолланың есімін естіді ме екен? Тек қана Арқадағы Тұрлыбек, Ыбырай, Қоңырқұлжа, Мұса, Құнанбай сынды аса беделді әулеттердің айналасында көптеген дарынды жастың ағарып, келешек жұрт пайдасына қызмет етуіне себепкер болғанын білеміз бе?

Қысқасы, хакім Абайдай ұлт көсеміне тура жол көрсетіп, Мәшһүр Жүсіп, Сәдуахас, Ақан сері, Науан, Шаймерден сынды Алаш ұлдары бастаған ондаған сахара саңлақтарының көкірек көзін ашқан Қамараддин хазіреттей пассионар тұлғаның қазақ тарихы төрінен ойып орын алатын мезгілі жеткен секілді.

 Әдебиеттер:

 

  1. Әуезов М. Абайдың туысы мен өмірі. // Абайды білмек парыз ойлы жасқа (Ибраһим Құнанбайұлының ғұмырнамасы). Оқу құралы. – А., «Санат», 1997.
  2. Бөкейханов Ә. Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. // «Қазақ» газеті. – А., «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998.
  3. Қазақтың қазақ туралы жазбалары. // Бабажанов С. Этнографиялық мақалалар. – А., Қазақстан, 1993.
  4. Шорманов С. Мулла Камаруддин Бий Жумартов. // Дала уәлаятының газеті, 1889, № 9.
  5. Манаев Н. Өмірбаяны. Кітапта: Шәңгерей. Өлеңдері. – Алматы: ҚКӘБ, 1933.
  6. Тәжмұрат М. Көрінбестің көлеңкесі. // «Астана» журналы, 2012, №4.
  7. Фәхреддинев Р.С. Болгар вә Казан төрекләре. – Казан:Татар.кит.нәшр., 1993.
  8. Абайдың інісі Халиуллаға жазған хаты. // Абай. Шығармалары. 2-том. – А., Жазушы, 1986.
  9. С.-Петербург. РҒА Шығыс қолжазбалары институты. Н. Березин қоры. 5-қор, 1-тізім, 39-іс, 60-63 бб.
  10. С.-Петербург. РҒА Шығыс қолжазбалары институты. Н. Березин қоры. 5-қор, 1-тізім, 39-іс, 41-бет.
  11. Йусуф бин Көпей. Даладағы оқу жайынан. // Дала уәлаятының газеті, 1889, № 38.
  12. Йусуфбек Көпейұғлы. Мүнақиб Құлмұхаммед ұста. // Дала уәлаятының газеті, 1889, № 28.

Серікбай ҚОСАН,

ақын, түркітанушы.

Добавить комментарий