Қазақ әдебиетінің поэзиясы мен прозасы, аудармасы мен балалар тақырыбына танымдық-тағылымдық дүниелерін жүзжылдықтарға еншілеп кеткен жерлесіміз Сәбит Дөнентаевтың 130 жылдық мерейтойына орай, Дихан Әбілевтің қаламгер жайлы естелігін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

І

1920-21 жылдың қысы. Мен Баян қаласында, орыс мектебінде үшінші класта оқимын. Қасапшы Мысықбайдың Қасымының пәтершісімін. Өткен қыста біздің үйдің бір сиырын осы Қасым сатып алған-ды. Соның қалған берешегі үшін мені үш айға үйіне жатқызған.

Бір күні кешке немере ағамыз Солтандікіне келдім. Бұл үй қаланың шығыс кіре берісінде, дөң үстінде. Ақ сырмен сырланған қобди жәшік сияқты екі бөлмелі ғана ағаш үй болатын. Нұрыш жеңгей ақ самауырының қазандық пеш алдына бұрқылдатып әндеттіріп, енді ғана көтеріп әкеткелі тұр екен. Тықырымды естіп, жалт қарап, мені көріп:

– Жақсы келдің. Үйде жақсы қонақ отыр. Жүр. Етігіңді шеш те, менімен бірге кір! – деді.

Менің именіңкіреп тұрғанымды сезіп, жеңгем шырайлана сөйледі:

– Әлгі өзің маған өлеңін тақпақтап айтып беріп жүретін ақын бар емес пе…

Талай кәрі жорға жүр.

Ақаулы боп зорға жүр! – деуші ме ең. Сол! Келіп отырған – соны шығарған кісінің тап өзі. Ағаң ертіп келіпті. Жақсы адам көрінеді. Жүр. Именбе! Жаман кісі жаңағыдай өлең шығара ала ма. Жүр!

Ол өлеңді шығарған – Сәбит Дөнентаев деген ақын. «Уақ-түйек» деген өлең кітабын көптен бері білем. Оқып, жаттап айтатынмын. Осы кісі біздің Баянауылға сот боп келіпті деп естігем. Көруге құмар болып, бірақ реті келмей жүрген еді. Қуанып кеттім. Нұрыш жеңгем самауырды көтерсе, мен аққұманды көтеріп «жақсы қонақ» отырған бөлмеге кірдік! Сәлем бердім.

Бала бірінші көрген адамын байқағыш келеді. Сөйтіп өзін «жат» адамның жай-күйіне қарай ұстайды. Менің бар зейін-зердем төрде, дөңгелек үстел басында отырған «жат» адамда болды. Түсі жылы, үні майда қоңыр. Шымши сөйлегенде, миығында мысқыл күлкі ойнайды екен. Жатағандау біткен ірі сүйекті аппақ тістеріне дейін аңдап қалғым келеді. Ағамыз (Солтан) маған ілтипат жасаған жоқ. Оған мен де қашаннан үйренгенмін. Ауырламаймын. Нұрыш жеңгем самауырдың сол жағынан өзі отырар-отырмастан, оң жағын маған ымдады.

– Бала, сен, нетіп, нет, – деді Солтан аға маған. Түсінем. «Жеңгеңе шай құюға жәрдемдес, шыны аяқ әперісіп отыр» – дегені.

Қонақ жымиып қана күлді де:

– Солтеке, не деген сөзіңіз? Бұдан біз не түсіндік? Бала не түсінді? – деді. Тәрізі, Солтан ағаның не айтқысы келгенін түсініп отырса да, «нетіп, нетіппен» ғана сөйлейтінін қызық көріп, сөйлете түскісі келуде.

Солтан аға – қала кедейі, балуан денелі адам. Оқымаған адам, сөзге тіпті орашолақ. Сәбиттің жаңағы сұрауына тағы да өзінің «шешен» тілімен «нетіп, неткенсін, нетіп отырсын бала дегенім», – деді. Сәбит бұл жолы әуелі мырс-мырс күлді.

– Сізге қазақпен сөйлесуге тілмаш керек-ау деймін бұл қалпыңызда? Жеңгеймен де осылай сөйлесесіз бе?

Солтан аға: «Е, несі бар… нетіп нетіп…» – деп келе жатыр еді, Нұрыш жеңгей отырып:

– Қайным, – деді қонаққа, – бұл ағаңмен екеуміз тілмашсыз-ақ тіл табысқандармыз ғой… Бізді қайтесің, өзің түсінсең болды, «шешен ағаңның» тіліне, – деп, мырс етіп күлді, қонақтың жүзіне есті шыраймен күлімсірей қарады. Сол шай үстінде, Сәбиттің көзі Солтан ағаның шыны аяқ ұстаған оң қолына түсті. Бұл кісінің бас бармағы мен сұқ саусағынан басқа үш саусағы бірдей алақанына иіп бүгіліп, сәждеден бас көтермеген араб құдайшылдары тәрізді тоңқайып жататын. Сәбит соны байқап отырған болу керек. Әзілі жарасып алған мінезбен жайдарман отырып, «Кемпірбай ақын Шөжеге айтқан екен», – деп бастады да:

Аман-есен жүрсің бе, ақын Шөже,

Жақсыларға жасыңнан жақын, Шөже!

Кенесары, Наурызбай соғысында,

Сонда соқыр болдың ба, батыр Шөже? – деген екен деп, Солтан ағаның жаңағы мәңгі бүгіліп қалған саусақтарына қарап, мәнін білмекке ишарат жасаған еді. «Шешен» Солтекең бұл жолы да «ағылып» сөйлеп кетті.

– Неткенде нетіп… қайрақ нетіп … шалғы нетіп… неткен… – деді.

Сәбит аға тілмашсыз-ақ түсінді. «Жас күнімде шөп шауып жүргенімде шалғы жанып… сонда қайрақ тайып кетіп, шалғы жүзі саусақтарымды отап жіберген. Сонда содан үш саусағым осылай бауыры жазылмай бүгіліп, түйіліп қалған» деп отырсыз ғой, Солтан аға, – деді Сәбит. Солтан аға бас изеді.

Менің көңілімде Сәбит ақынның жаңағы Шөже туралы Кемпірбайдың айтқан өлеңіне Шөженің берген жауабы сайрап тұр. Бірақ оны қазір қайдан айта алайын? Солтан ағаның аузына «Шөженің жауабы» түспегеніне намыстанып та отыр едім, Нұрыш жеңгем тамағын майда кенеп:

– Қайным! – деді Сәбит ағаға: – Шөже де ақысын жібермегені емес пе. «Былай депті», – дейді ғой ол кісі:

Соқыр болса көзімді құдай қылған,

Кім бар екен дүниеде бүтін туған…

Қылған ісін құдайдың келемеж қып,

Кінәлі боп қалды ғой мына «отырған».

(«мына антұрған» дегенін, «мына отырған» деп Нұрыш жеңгем әдейі әдеппен айтып отырғанына сүйсіндім).

Сәбит кәдімгідей қызараңдап барып:

– Жеңгесі, өзі ақынсыз ғой. Солтан аға бар шешендігін де, шежірелі тапқырлығын да сіздің көкірегіңізге сақтатып қойған-ау?! – деді. Сүйсінген әзіл үнімен риза боп айтты.

– Біріміздің жоғымыз бірімізден табылып, екі жарты бір бүтін болсақ, жетті емес пе, қайным! – деп Нұрыш жеңгей жүзін төменшік салып, ұялыңқырап қалды.

Ақын аға бұл жолы мүлде үлкен сезімге кетті, білем.

– Жеңгесі, – деді Нұрышқа қоңыр үнмен, – мен – Кемпірбай, сіз – Шөже бола қалғасын, тайқытпай қалтқысыз айтуыңыз керек еді, Шөже жауабын. Бұлтаруды кешпейтін ақындар ғой олар, – деп аз кідіріп қалды да, Шөже ақын, «мына отырған» демеген еді ғой. Мына «антұрған» деген. Ал сіз менің көңіліме қарап, «мына отырған» дедіңіз. Оныңызға да түсінемін. Бірақ олар ащы шындықты аяспай айтысқандар ғой. Сіз де мені аямауыңыз керек еді. Өзім тілеп алдым емес пе? Өз обалым өзіме. Маған сол керек еді. Солай емес пе, Солтеке? – деп, Солтан ағаға мойын бұра сылқ-сылқ күлді, бірақ ештеңе айтпады.

– Қайным-ау, – деді Нұрыш жеңгем, – Қайным-ау, қалай алдайын сізге?

Сәбит аға Нұрыш жеңгенің жауабына дән риза боп қалған сияқты көрінді маған. Сол сәт кенет бір ойға кеткендей, көкірегінде көптен жүрген бір сырымен өзімен-өзі сырласқандай болып, сөйлеп кетті.

– Шіркін, қазақ әйелдері-ай, сендердің осынша әдепті тағылымдарына, тәтті мінез, ақылды тапқырлық парасаттылығыңа не жетер бұл ғаламда! Біздің халықтың кең көңілдігі, көнбіс төзімділігі сендерден туғандықтан шығар! – деді.

Қыз Құртқа мен Қарашаш жайын сөз етті. Кешегі Тоғжан мен ақын Сараны, Айғаным мен Мүсіреп бәйбішені көз алдымызға келтірді. Бұлардан кейін Қамар сұлу мен Еңліктің махаббат трагедиясын тебірентті. Әңгімесінің аяғында бүгінгі қазақтың европаша оқыған әр есті, ақылды әрі совет жолында қызмет етіп жүрген қыздарына сүйіне айтқан сөздерін біз де рақаттана тыңдадық. Жалғыз-ақ Мәликені айтқанында, Сәбит ағаның өзі де, Нұрыш жеңгем де күрсініп қойды. Менің тамағым құрғап, түкірігім жұтылмай қалды. Көзіме жас келген бе?!

– Мәлике көп арманы көкірегінде кеткен Сұлтанмахмұттың махаббаты еді ғой. Қаралы жар ауыр қасіретін қайратына жеңдіріп, Сұлтанмахмұттың арманы жолында қызмет етіп жүр екен. Алдыңғы күні барып қайттым. Күндіз мектепте бала оқытып, кеште Сұлтанмахмұттың өлеңдерін кітап етіп шығартуға әзірлеп жатыр Мәлике. Міне, асыл жар,–деді Сәбит аға. Мәлике адамшылығына қатты риза боп айтты.

Әлі есімде, Баянауылға Сәбит сот боп қызметке келуі түкпірдегі шағын халқына үлкен бір уақиға болған еді. Ауданға алғашқы келген совет соты туралы Баян қаласында гу-гу әңгіме бола бастағалы жиырма шақты-ақ күн болған. Осы әңгімелерді үлкендердің аузынан мен де естігем. Үлкендер «Совет соты қандай болады екен?» деп ынтықса, мен ақын Сәбитті көруге құмартқанмын. Соның сәті осы кеште Солтан ағаның үйінде түскенін қараңыз!

Енді бірде балаң ойым бір нәрсеге жетпей дал бола қалуда. Мына екі ауыз сөздің басын қосып айтуға тілі жетпейтін біздің Солтан аға мен ағып тұрған шешен Сәбит аға қалай табысып, үйлесіп, достасып қалған? Мен бір жұмбақ ойға кете бергенде, Солтан ағай отырып:

– Сен нетіп, шайынды нетіп, дастарқаныңды нетіп, нет. Пышақты нетіп әкел! Мына Сәбитке нетіп, байпақ нетеміз. Сен ине жібіңді нет, – деді әйеліне.

Нұрыш жеңгемізде қабақ шыту болмайды. Бәрін Солтан ағаның айтқанынша істеді. Шай дастарқаны тез жиылды. Ас үйден өткір пышақ әкелінді. Ине-жіп те әзірленіп жатыр.

Уақиға былай болған екен. Солтан аға бұл күндерде өзін өте бейғам ұстайтын-ды. Ақтардан қалған қара шолақ атқа мініп алып, кешке таман көше-көшеде жүріп қайтады. Терістік көрсе шыдамайды, ара түседі. Бұзықтық еткен біреулерді төмпештеп те тастайды. Алып дене, әділетшіл, асау мінез, аңғал адалдық оның бала жастан бойына біткен сүт мінезі болатын. Сөз дегенге жоқ-ақ. Сөйте тұра әзіл-оспаққа түсінгіштік-ақ. Ал егер әзілі әзіл емес, келеке-келемеж ету болса, ондай адамның кеңірдегін сығып тастайды.

Осы кісі кешке жақын күндегі әдетінше қара шолақ атына мініп, үлкен көшемен жүріп бара жатса, жайдақ шанаға екі кесек киіз, бір тайдың бітеу етін жалаңаш арттырып, милиция кеңсесінде беттеп бара жатқан осы Сәбит сотты көреді. Көреді де соңынан ере отырып, милиция кеңсесі алдына келеді. Аттан түсіп, Сәбиттің артынан үнсіз еріп, бірге кіреді. Сәбит аға милиция бастығына:

– Мына бір тайдың етін, екі кесек киізді, күндіз, өзім кеңседе қызметте отырғанда, біреу пәтеріме әкеп тастап кетіпті. «Сотқа сыйлығымыз» депті. Кім екенін де, аты-жөнін де айтпапты. «Жұмбақ» адамның маған сыйлаған осы «сыйлықтарын» мен сендерге сыйлаймын, жолдас начальник және кім екенін тез зерттеп табуларыңды жөн көремін. «Батпан құйрық, мені тегінен-тегін қалай құйрық», – дейді. Начальник аз ойланады:

– Сізді Қарамола облысына сот құра шығады деп естіп едім. Ендеше, тай мен кесек киіздер сол болыстың бір көкжалынікі болар…

– Солай да болуы мүмкін. Тез іздестіріңдер иесін! Тез тапсаңдар маған жұтқызбақ уын сол көкжалдың мен өзіне тез жұтқызайын. Солай ма? Ал мен жүріске әзірленейін. Етік тауып алдым. Бірақ байпағы мен ұлтарағы жоқ! – дейді Сәбит.

Сәбит Дөнентаев мұнда Баянға Керекуден келген. Келгеніне аз-ақ күн. Аяғында қала тұрғындары киетін пима. Баянауыл тәрізді жалпақ дала, жапан түзді, таулы-тасты өлкеде ылғи шанамен жүре алмайсың. Көбінесе салт мінуге тура келеді. Ал пима болса үзеңгіге симайды. Сәбит осыны ойлап, жатақ жағынан қонышты етік сатып алған екен, байпақ таба алмапты. Қайту керек? Бір түгіл он бес байпақ шығатын кесек киізді милицияға әкеліп тапсырып тұр.

Солтан аға ішінен «Бұл неткен адам өзі. Нетіп, ең болмаса өзіне бір байпақтық кесіп алып, тапсырмас па». Қарлы өкшесімен сықырлата басып жақындап барады да:

– Жолдас Сәбит, нетіп… мен нетейін саған байпақты … Жүр нетіп үйіме жайы сол екен.

Шай ішіліп болысымен, дастарқанды тез жиғызған Сәбит аға дереу іске кірісті. Төсеніш киіздің төр жақ шетінен пышақпен сырылдата тіліп алып байпақ піштірді. Тебен ине шуда жіппен Нұрыш жеңге байпақты тігіп жатқанда, жаңағы оқиғаны Сәбит аға өзі айтқан еді.

Міне, нағыз адал сот! Ақын адам осылай болады екен ғой … Әйтпесе құран сөзіндей құйылып түскен өлең жаза алар ме еді?..» деп ойлап мен отырмын. Өзіне білдіртпей жүзіне ұрлана қарай беруге тоймаймын. Тұрпат-тұлғасы, кесін-келбеті басқаларға ұқсамайтын ерекше бір жан боп көрінеді маған. Ішімнен:

– Совет соты, – деп қоям, – осындай ғажап адам болады екен ғой. Бәсе!

Сәбит аға көкірегі кең ақын екен. Өзімшілдігі жоқ, өзгенің өнерін бағалағыш көрінді. Біздің Солтан ағаға Сәбит ағаның «Әр жан, әр түрдесі» қатты ұнаған болу керек. Маған:

– Әлгі, нетіп, сен мына «талай жорға нетіп жүріп» нетші, – деді. Сәбит аға түсіне қойды. Бетін Солтекеңе бұрып, өзіне тән орнықты кескінмін:

– Жоқ, Солтеке! – деді көзі сәл күлімсіреп, – мені дәріптей беріп қайтесіздер. Бір-екі өлең кітаптарым шыққаны рас. Бірақ… онан да ана жалын ақын, өмірден қыршын кеткен өздеріңіздің Сұлтанмахмұт Торайғыровты айтсаңыздаршы!

Жойылсын бұл сенікі, менікілік,

Осы ғой адамзатты қырған індет.

Махмұт осыны бұдан қанша жыл бұрын айтты емес пе! Әулиелік пе! Білгірлік пе, бәрі осында! Сәбит аға осыны айтып, аз ойланып отырып қалды да, қайыра сөйлеп кетті. Айтқан сөзінің пернесін енді ғана басқан тәрізді. Лұғатты ой сала сөйледі. «Сенікі-менікілік жойылатынын» сөз етті. Осы Баян қаласының миллионер көпестері Томашов, Гуляев, Сорокиндердің атаман Зоновтың қазына мүліктері, мал-дәулеттері реквизицияланғаны (үкіметке алынғаны) тегін еместігін айтты. Бүгін олардың байлығына осылай етілсе, айталық, мыңжылдарда, дала дәулеттілерінің бәрінің, айталық, мыңды айдап отырған Шорман, Боштай, Биеке, Дүйсекей, Мүсәлімдердің байлығы сыпырылатынын сендіре сөйледі.

– Сөйтіп, – деді Сәбит аға біздің Солтекеңе, – ақтардан қалған жалғыз қара шолақ атқа аяқ артып шаң жұтып, жұлығы жыртылған көне етік киіп жүрмейтін боласың, Солтеке. Бақыт енді кедей-кемтіктерге ауысады. Совет үкіметінің жолы сол. Ал Сұлтанмахмұттың жаңағы «Жойылсын бұл сенікі-менікілік» дегені бар дәулет баршаға ортақ болмағы.

– Е, олай болса… нетіп… түсінбейтін не бар?!

– Сол хақында Сұлтанмахмұт өлең де жазған. Естіп пе едіңіз?

Солтан аға үндемей қалды. Тегі естімеген болу керек. Сезімтал Нұрыш жеңгей байпақ тіккен инесін сәл тоқтатып маған қарады. Мен ол өлеңдерді біреуден жазып алып, жаттап жүретінмін. Нұрыш жеңгемнің көңілі кеңдігін, сезгендігін көңіліме тұтып осында келгенде, Солтан аға жоқ оңашада тақпақтап айтып беретінмін. Енді қазір сол жеңгем қабағымен білдіріп «айтып жібер» деп отырғасын іркілмедім. Сәбит аға зор ықыласпен тыңдады. Менің қысылып, жаңылып қалған жерлерімді өзі айтып жіберіп отырды.

Балапан өмірімдегі ең қызықты, ең бақытты кешім осы кеш шығар-ау деймін. Өлеңімді тындап болып Сәбит аға:

– Міне, осылай жаңарады біздің ел. Солтан аға, ол – ақиқат, сене бер! – деп орнынан тұрды да сөзінің артын әзілге бұрып, саусағын жазып, қолың бер, – деп қоштасты. Солтан аға екеуміз Сәбитті пәтер үйіне дейін шығарып салдық. Байпақты мен көтеріп барамын. Әйелі Қорлығайын жеңгей әлі жатпай отырған болу керек. Сырттан есік қағысымен іштен есікке келіп, кім екенін сұрап есік ашты да:

– Мұныңыз не, Сәбит? – деді. Бұл шақта менің қолымдағы байпақты Сәбит өз қолына алған еді.

– Байпақ! Иә, қорықпа, ал! Үйге кіргіз! – деді Сәбит аға әйеліне.

– Сен бала атым Дихан дедің бе? Маған келіп жүрші! – деді.

II

1926 жыл. Февраль.

Семейдің ауыл шаруашылық техникумында оқитын кезім. Мұнда Әшім Мақашев, Жағыпар Бұратаев, Сейітқазы Әбілғазин, Әлихан Айманов, Мұсайып Сағин тәрізді ертеден орысша оқыған ересек те ел білетін, кейбіреуі (Әшім тәрізді) 1916 жыл майданда болған, ірікті дүние көрген, өмірді парасаттай білетін жігіттер де оқитын. Мақашев Әшім – от ауызды, орақ тілдінің өзі, «Қазақта қара сөзге дес бермедісі» осы шығар, – деп ойларлықтай адам еді ол. Осы Әшімнің ұйымдастыруымен бізде техникумда әдебиет, өнер үйірмелері жұмыс істейтін. «Шаруа гүлі» көріктендіріп тұратын. Мақалалар да, әңгіме, фельетондар да, өлең-жыр өрнектері де осы газет бетінде орамды сөзбен тіл қататын. Редакторы Әшім Мақашев болатын. Редакция алқасына жаңа жылдан бастап мені де кіргізді. Февраль нөміріне мен өлең жазып әкелдім. Әшім екі рет оқып шықты да, өткір көзі сәл күлімсіреп:

– Әй, сен, Дихан бала… қарай гөр, қара жаяу емес екенсің ғой өзі… Мынауың нағыз өлең, – деді. Өлеңімді қабырға газетіне қолма-қол жаздыртты. Қуанышымда шек жоқ.

– Сен мұны, – деді келесі күні сабақ үзілісінде тоқтатып, шақырып алып Әшім аға, – сен бұл өлеңінді «Қазақ тілі» газетіне апарып бер. Сәбит Дөнентаевты білетін бе едің? Ірі ақын. Ана жылы біздің Баянда сот болып істеді емес пе? Ия, сол. Сенің мына өлеңің – нағыз газетке басуға лайық өлең. Апар, ұялма, – деп арқамнан қақты. Бетім от боп, ду ете қалды. Үн-түнсіз, не дерімді білмей жүріп кетіп, класқа кірдім. Адалымды айтсам, Әшімнің бағасына да, өлеңіме де сенбедім.

Арада табандатқан екі ай өткенде, бір күні таңертең ертемен редакцияға тарттым. Жүрегім дүрс-дүрс соғады. Егер сол сәтте алдымда айна боп жүзімді көрсем, өзім емес әлдекім шығармын. Сұп-сұр болармын.

…Міне, «Қазақ тілі» редакциясы. Бұл – маған таныс үй. Кейде демалыс күндері базарға бара жатқанымызда, жолда, терезесі алдынан өтіп жүретінбіз. Сонда терезеге жақын столда өзім білетін Сәбит ағаның отыратынын да көріп өтетінмін. Бірақ кірмейтінмін.

Қазір ше?! Пиманың табаның сықырлатпай кірмекпін. Тым ерте келуімде де түрлі ойым бар-ды. Ең біріншісі – оқудан кешікпеуім. Екіншісі – редакцияның басқа адамдары мұнша ерте келмейтін шығар. Өлеңімді Сәбит ағаға оңаша берсем…

Үй тазалап, еден жуатын әйел үйдің екінші жағына – шығыс жақ бөлмелеріне қарай кеткенін терезеден көзім шалып қалды. Есікті ептеп ашып, тышқан аулаған мысықша жымың басып бардым да, Сәбит ағаның отыратын столының үстіне өлең қағазымды тастай беріп, тайып тұрдым. Сонымен бүгін техникумға да ала бөтен ерте келдім. Редакцияға барғанымды ешкімге айтпадым, «мазақтар», – деп тайсалдым.

Оқу жылы аяқталды, өлеңімнен әлі хабар-ошар жоқ. Жаз елге демалысқа келдім. Өлеңімді ұмыта бастадым. «Төлеу жамбасы» деген жайлауда еді біздің ауыл. Біздің үй – ең кедей үй. Қараша үй. Бар құдіретіміз – әкемнің өр көңілі, уайымсыздығы.

Бір күні үй сыртындағы көгалда етпетімнен жатып, тағы да өлең жазған боп жатыр едім. Ауылдың бар итін абалата, тасыр да тұсыр шапқылап, Қасым поштабай келді. Иттерді аттың омырауына ала бастырмалатып қотанға келді де:

– Дихан деген кім? Әбілдікі қайсы? – деп кеңірдегінен сөйлеп қопаңдап тұр ат үстінде. Үй көлеңкесінде отырған әкем:

– Ей, сен әлгі, жынды Қасымбысың? Өртке шапқандай, танаулап неғып жүрсің? – деді.

Біздің әкейдің турашыл мінезін бұл елдің кәрі-жасы түгел біледі. Поштабай:

– Әбеке, Ассалаумағалейкум! – дей беріп еді, әкем:

– «Салауыңды» қоя тұр! Сен жаңа менің баламды атадың ғой. Соныңның жөнін айт! – деді.

Сөйтсе, Қасым Поштабайды волисполкомның орынбасары Риза Чокин жұмсаған екен. «Қазақ тілі» газетін беріп жіберіпті. Неге?

Атып тұрып Поштабай әкелген газетті қолыма алып оқып қарасам, екінші бетте «Қызыл әскерге» деген өлеңім басылып шығыпты. Қуанғаннан қайтерімді, не дерімді білмедім, тек қана:

– Аға! Өлеңім. Мынау – менің өлеңім! – деп, әкемнің көз алдына тоса бердім.

– Оқы, оқып бер маған! – деді әкем.

«Диханның өлеңі газетке шығыпты. Риза беріп жіберіпті газетті волисполкомнан», – деген дақпырт сол сәттен бастап үйден-үйге тарап кетіп жатты. Үлкендер кеп әкеме құтты болсын айтып жатыр. Газет қолдан қолға көшті. Есті де сауатты Абылғазы деген немере ағамыз бар-ды. Сол кісі бұл уақиғаға үлкен мән берді. Мені шақырып алып, оң жағына отырғызып, маңдайымнан қайта-қайта сүйді.

– Нағашыларыңның арғы атасы Бұқар жырау еді. Сөз асылы сөнбейді, қайта тұтанушы еді. Тек солай болғай, – деді.

Сол кеште осы немере ағам қой сойдырып, менің тырнақ алды өлеңімнің тойын жасап жіберді. Менің топ алдында балаңдық істеп, ұялып, өз өлеңімді оқып берді. Мақтаныш ете оқыды.

Өлеңімді газетке шығарып, мені ауылымда мұнша құрметке бөлеткен Сәбит аға көз алдымнан кетпеді…

«Сәбит аға, Сәбит аға. Нұр жаусын сізге!» – деймін ішімнен. Сөйтіп, Сәбит Дөнентаев тәрізді үлкен ақынның алдынан бірінші өлеңім сыннан өтіп, газетке басылып, сыйпат тауып шыққан соң, көкірегімде «өлеңшілдік бұлты» күркірей бастады білем. Октябрьдің онжылдық мерекесіне арнап «Қазақ тіліне» тағы да Сәбит ағаға жібердім. Өлеңімді баспағанымен, мереке нөмерінен кейінгі газетке жариялаған Сәбит ағаның мақаласын оқыдым. «Октябрьдің 10 жылдығына арналған өлеңдер» деп атапты мақаласын. Сәбит ақын жастар туындысына жанашырлықпен қарап, жетектеп, жәрдемдесіп отыратын үлкен жүрек иесі, ақын аға еді.

1928 жылы Қазақстанда ірі байлар конфискеленді. Өзіміз конфискелестік. Сонда «Өрбі енді» деген төрт шумақ өлең жаздым да, тағы да Семейдегі «Қазақ тілі» газетіне, тағы да Сәбит ағаға жібердім. Бірақ өлеңімнің «Қошақайым, лақайым, өрбі енді, айсыз түнде күзеткен мен сендерді», деп басталатын соңғы шумағының соңғы екі жолын Сәбит аға:

Сұрапылда шұрқыраған тұлпарым,

Таңғы бүгін, ығып бірге өргенді! – деп, мүлде құрыштандырып жіберіпті.

III

Ауыруыма байланысты 1927 жылы техникумнан біржылдық демалысқа кеткен едім. Кәрі әке-шешемді, жас іні-қарындастарымды асырап сақтау тәрізді күн көріс күйімен елде қызмет етіп қалып қойдым. Ол жылдарда ауылда комсомол жұмысы тіпті қызу. Сол қызумен де, одан кейін интернатта мектепте директорлығым, аудандық газетте секретарьлығым – бәрі-бәрі мені өлең өнерінен қашқақтатып жіберіпті. Үміт еткен жас қаламдарының бірі менің үнсіз кеткеніме Сәбит аға ренжіпті. 1929 жылы Баянауылға командировкамен келгенінде мені көп адамдармен сұрастырыпты. Мен онда «Қызыл ту» болысындағы мәдени кіндікте интернат директоры едім.

Сәбит аға жас қаламгерге жәрдемдесуге құмар еді. Жас таланттар туындап, халқымыздың қазыналы өмірін жырлайтын жандар тәрбиелеуге құштар болатын. «Келешек жастардікі», – деп үлкен жүрегімен танитын еді. Ол жылдарда өзім өлең жазбағанмен, газет-журналдарда жарияланған көркем шығармаларды босатқан емеспін, көбірек іздейтінім Сәбит ағаның өлеңдері болатын. «Қазақ тілі» газетінде Сәбит ағаның өлеңдері жиі басылып тұрды. Қадала оқимын, өз жүрегімнен туған, өз қаламым өрнектеген өлең-жырлар тәрізді ала бөтен ыстық сеземін.

Тау бұзып, тастарды қашап,

Трактор, машина, жасап,

Электр, телеграмма сымсыз

Құлаштап қай-қайдан асады.

Жүздеген совхоздар арнап,

Мыңдаған колхоздар қоздап,

Әлі де талай етерміз көп,

Жыл өткен сайын жетерміз көп! – деген өлең жолдарын жаттап алып жиындарда, сауық кештерде тақпақтап айтып жүрдім. Ал «Шошқа мен саудагер» деген Сәбит ағаның сатиралық өлеңі, басқа енді білмеймін, біздің Баянауылда керемет қызмет етті. Саудагерлер жерден-жерге қашып, көрден-көрге тығылғандай састы.

Әлі есімде, Сәбит ағаның осы өлеңін Баяндағы бір сауық кеште тақпақтап бергенімде, саудагерлер жалаңаш етіне от тигендей ыршыды. Өздері түгіл балалары да, келіндері де өртене қашты.

Сәбит ағаның осындай өткір сатиралары жаңа құрылысымызға жат қылықтарды жанды жерінен түйреп түсетін еді. Соның бірі «Бөшкенің зары» деген өлеңі болатын. Қазақ байларының бұлтарыс айла-тәсіл жасап совет заңынан құтылмақ болған сыйқын аяусыз әшкерелеп ащы әжуалайтын. Мен Сәбиттің бұл өлеңін де ауыл арасында, ел ішінде жатқа соғатынмын.

1932 жылы мен Баянауыл аудандық «Ленин туы» газеті қызметінен демалыс алып, Алматы тартқан сапарымда Семейге тоқтадым. «Дом крестьянина» деген қонақжайға түскенмін. «Қазақ тілі», «Жаңа ауыл» атанып шығатын болған тұс. Соның сол күнгі номерін сатып алып едім. Сәбит ағаның «Біздің колхоз бәйге алды» деген өлеңі басылған екен. Ертеңіне таңертең Сәбит ағаны көруге, сәлемдесуге асығып редакцияға бардым. Редакция баяғы үлкен шынылы, көп әйнекті үйінде емес, соның қарсысындағы қоңыр үйде екен. Бөлмелері көп тәрізді. Кіре берісте-ақ есігінде «Хатшы» деген жазуы бар бөлмеге маңдай тіредім.

Бетінде аздаған қорасан дағы бар ма, киіктің асығындай шағын денелі, қызыл шырайлы, ұяң көзі көкшілдеу жас жігіт үлкен орындықта әкесінің еріне мінген жас бала тәрізді отыр екен. Мені көріп:

– Келіңіз! – деді. Таныстық:

– Диханмын!

– О, оһо! Дихан сенбісің? Мен Сәдумін … Машақовпын!

Сәду Машақовтың өлеңдері де осы газет бетінде менің өлеңдеріммен қатар басылып жүретін. Оның «Комсомол», «Етікші» деген өлеңдері маған қатты ұнайтын. Және Сәбит аға «Октябрьдің 10 жылдығына арналған өлеңдер» мақаласында Сәду өлеңдерін де жақсы атап кеткен. Бәрі есіме түсіме қалды. О да, мен де жылы ұшырай қалыстық. Бірақ екеуіміз де сөзге сараң екенбіз.

– Сәбит аға сендерде істей ме? Сәлемдесейін деп келіп едім сол кісіге.

– Істейді.

Сәду маған газеттерінің сол күнгі нөмерін ұсынды. Қолымда газет. Көзім әйнекте. Бір кезде кеудесі төстек, маңдайы жарты қарыс, миығында әзіл-күлкісі әзір, қара торы төртпақ кісі кіріп келді. Сәбит аға екенін бірден таныдым. Газетті тастай беріп, атып тұрып, қол беріп сәлемдестім.

– Диханмын.

– Жоғалып кетіп ең… – деп, жүзіме сәл ғана көз тоқтатып, әлденеге асыққандай, – менде де бір бөлмесымақ бар, мына жаққа жүр! Әңгімелесейік! – деп, қызмет бөлмесіне ертіп барды. Барысымен, отырысымен Сәбит үлкен аға жүрегінің сезім күйіне басты.

– Өлеңді неге қойып кеттің? Жоғалтып алдық қой сені? – деді.

Қысылып қалдым. Терлеп кеттім. «Бетті бастым, қатты састым» сияқты халдемін. Сәбит аға ақылды, жанарлы көзімен жүзімді бағады. Маған тыныс, еркіндік беріп отырған кез. Орындық сықырлатпай ғана бір қозғалып қойып, өзім-өзім билеңкіреп алдым:

– Кешіріңіз, Сәбит аға! Мен өзі… Әкем өте кедей шаруа еді. Техникумнан денсаулығым жарамай, бір жылға демалыс алып елге барған едім. Елге барғасын білесіз… қызмет істеп…

– Оның өлеңге не бөгеті бар? Қайта қалың өмірдің ортасында емес пе өлең деген. Өлең көзі – өмір ғой. Неге тоқталып қалдың? Мен соныңа риза емеспін. Келешегіңнен жақсы үміт күткен жас қаламгердің бірі едің, – деген сөздерін көзімнен жас парлатардай сезіндім. Сыршыл ақын менімен нақ бір теңдесіндей-ақ сырласа кеңесіп отырда да, Сәдуді шақырып алып, екеуімізді қайта таныстырды.

– Екеуіңнен де үміт күтем. Қалам – шебердің пышағы тәрізді. Күнделікті ұстап тұтынғаннан кейін қайрауды керек етеді. Қалам қайрағы – әдебиеттің өзі. Түсінсеңдер, әдебиетті көп оқыңдар. Өлеңдердің сонда ғана көркем өрнектеле түседі, – деп, бір тоқтады да, және бір тың ой айтты. – «Өлең – сөздің патшасы» дегенді Абай текке айтқан жоқ. Соны әрқашан естеріңнен шығармаңдар, терең түсініңдер. Солай ма? Ендеше, ана Сәкенді, Бейімбетті, әсіресе, Сұлтанмахмұтты көп оқып үйреніңдер. Ал сайып келгенде ұлы өнеге орыс әдебиетінде, орыс поэзиясында. Демьянды оқыңдар. Мысалдары қандай. Өткір шаққан. Жалынды өлең Маяковскийде.

Әңгімеміз бұдан кейін де бірсыпыраға созылды. Сәбит аға енді қазақ совет әдебиетінің жайын, өзінің творчестволық ойларын айтты.

Бір сөздің ретінде мен анау жылы, бұл кісі Баянда сот боп істегенде Солтан ағаның үйінде көргенімді айтып қалып едім.

– Е… Сондағы әлгі менің өлеңімді, Сұлтанмахмұт өлеңдерін тақпақтап айтқан … е сол бала мен едім де … жөн, жөн! Соны айтып Сәбит аға және сөйлеп кетті.

– Солтекең аман ба? Бар ма? Нұрыш жеңгей де бір жақсы адам еді. Құдайдың әмірі сол екеуі тәрізді мінезі де, сезімдері де бір-біріне қарама-қарсы адамдардың жаны сырласып, махаббаттары мәңгі жарасқан ләззатты болуы қандай ғажап!

Сонымен Сәбит ағаның бұл жөніндегі әңгімесі тынған шығар десем:

– Байпақ есіңде ме, Дихан сондағы? – дейді жымия күліп. Содан кейін киіз байпақ хикаясын Сәдуге әңгімелеп берді. Ақырыңда, мен Алматыға бара жатқанымды, реті келсе, басқа бір ауданға ауысқым келетінін айтып едім.

– Сен ана Қарағанды, Жезқазған, Риддер тәрізді өндіріс ошақтарының біріне талаптан, ендеше, – деді Сәбит аға. Риддер жайын кең сөз етті.

Келер жылы май айында Сәбит ағаның дүние салғанын естігенде:

Жаның таза, ақылың бай,

Жас өлеңге жақсы әкедей балажан,

Қамқор едің, қайталанбас қаламгер,

Сені де алды-ау,қайырмайтынқара жер? – деп бір шумақ өлең жазып, жүрегімнен жас мөлтілдеткенім әлі есімде…

Добавить комментарий