Парткомның пікірі

Қазақстан Жазушылар одағының басшылығына қос Ғабең – Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафин екі-екі реттен келгені баршаға аян (Екі жолы да Ғабитті Ғабиден ауыстырып отырған). Бірінші хатшылыққа екінші жолы сайланғанда Ғабит Мүсіреповті қаламгерлермен «таныстыруға» сол кездегі Орталық Комитеттің хатшысы Н.Жанділдин ертіп келіпті. «Осылай да осылай, сіздерге бірінші хатшылыққа біз Ғабит Мүсіреповті ұсынып отырмыз, соған қалай қарайсыздар» дейді ғой, ежелгі дәстүр бойынша, хатшы топ ортаға ұсыныс тастап. Жиналған қаламгерлер бірінен соң бірі шығып, Ғабеңді жер-көкке сыйғызбай мақтай бастайды. Сырбай Мәуленов ол кезде одақтың партия ұйымының хатшысы екен, бір бұрышта үнсіз отырып қалыпты, соны байқаған Жанділдин:

– Бұл жөніндегі парткомның пікірін білсек деп едік, олардың пікірі қандай екен? – дейді Сырбайға шүйіліп.

Сонда Сырағаң иығын бір қиқаң еткізіп, ырғатылып орнынан тұрыпты да:
– Бәрі де жөн ғой… Одаққа бастық болу осы Ғабеңнен қалған шаруа емес пе еді… Бұл кісінің мінезі Памирдің ауа райы секілді: тым ыстық та болмайды, тым суық та болмайды. Үнемі жанға жайлы қоңыр салқын боп тұрады. Парткомның пікірі осы! – деп орнына қайта жайғасыпты.

Мәртебелі баға

Академик Ахмет Жұбанов пен Хамит Ерғалиев көрші тұрыпты деседі. Жолы бір болған соң, Ахаң Хамаңды күнде машинасымен ала кетеді екен. Бірде жолда келе жатып Ахаң:

– Хамит, осы сен қандай ақынсың? –  деп сұрапты Хамаңнан.

– Оны енді өзіңіз білесіз ғой, –  депті Хамаң тікелей жауаптан жалтарып.

– Мен білсем, сен осал ақын емессің, –  депті Ахаң.

– Мұндай баға беруіңізге не себеп?

–   Себебі сол, жүргізушісі академик ақын осал болмаса керек, –  деген екен Ахаң.

 

Жалғыз шапқан ат жүйрік

Бірде Әбділдә Тәжібаевпен әңгімелесіп отырған жас ақындардың бірі:
– Әбеке, сіз бізге мынаны айтыңызшы, осы әлгі бәленше деген белгілі ақынымыз өзінен басқа жазушылардың бәрін жан демейді. Тіпті, классиктердің өзіне шек келтіре қарайды. Неге бұлай? – деп сұрайды.
Әбділдә жымиып күліпті де:

– «Жалғыз шапқан ат жүйрік» демей ме қазақ? Ол ақын өз өлеңдерінен басқа ешкімнің шығармасын өмірі оқымайды. Сондықтан да ол өзінен асқан жүйрік бар деп білмейді, –  деген екен.

 

Өзім естігенім жоқ

Әйгілі сықақшы, сөз шебері Оспанхан Әубәкіровтен бір жас ақын:

–  Ос-аға, сіз ішімдік атаулыны қойып кеткен дейді… Сол рас па? – деп сұрайды. Сонда Оспанхан ойланбастан:

–  Бұл жаңалықты өзім естігем жоқ! – деп жауап беріпті.

 

«Құны өтелген» шумақ

Тумысынан тентек, тура мінезді Шәкір Әбенов 1938-1939 жылдары Жамбылдың әдеби хатшысы болады. Екі ақын да ара-арасында сөзбен қағысып қалады екен. Шәкірдің мұнысын шам көрген кейбіреулер оны Жамбыл ақсақалға жамандай беріпті. Ақыры олар Шәкірге қол тигізіп, соңына «үндеместі» салады. Мұны білген Шәкір қашып кетеді. Пішпек жақта жүргенін біреу көріп қойып, Алматыға алдырады. Мұнда да тыныштық болмағасын, ауылға кетеді. Ақыры сол қуғыннан құтылмай, түрмеге қамалады. Соғыс басталғанда түрмеден «айып батальонына» сұранып, майданға барып, жараланып қайтады. Онда да колхоздың бастықтарын сынап, оларға жақпай жүреді. Сол кезде Жамбыл қайтыс болды дегенді естіп, біреулер өлең шығар деп қолқа салады. Ішінде қыжылы бар Шәкір: «Әй, мені қинамаңдар. Қыжылым бар. Сендерге жақпайды, ал өтірік көлгірси алмаймын», –  десе қоймапты. Сонда Шәкір:

Өлеңді мен айтпаймын кекесіннен,

Айтамын бірер сөздің есесінен.

Отыз жыл Сталин деп бақылдаған,

Айрылды Қазақстан текесінен, –  деген екен.

Мұндай сөз жата ма, араға біраз уақыт өткен соң соңына қудалау түседі. Содан тағы да он жылға сотталып кете барады. Біздіңше, бұл Жамбылды мұқату емес, оның өзімен қақтығысып үйренген қарсылас ақынның сөзі деп түсінген жөн. Екінші, сол сөзі үшін жазасын алған, «құны өтелген» шумақ болса керек.

 

Қорқыныштың түрлері

Белгілі архитектор Шота Уәлиханов ұлы Шоқанның ағайындас ұрпағы ғой. Сол кісіге бірде бір танысы:

– Осы сенің фамилияңнан қорқамын! – депті.

Сонда Шота:

– Фамилияма бір көлеңке түсіріп алмасам екен деп, сенен бұрын өзім қорқамын! – деген екен.

 

«Күлмегенде қайтеміз»

Бір күні сатирик Садықбек Адамбеков Жазушылар одағының секция мәжілісінде өзінің жаңа комедиясын оқыпты. Комедия ұзақ екен. Мәжіліске қатысып отырған ақын Сырбай жалығып, жиі-жиі күле берсе керек.

– Ей, сен неге күлесің? – депті Садықбек Сырбайдың күлгенін жақтырмай. Сонда Сырбай күлкісін тыймай:

–   Комедия болған соң күлмегенде қайтеміз! – депті.

 

Сол жақтан шәугім табылар

Халық ақыны Қонысбай Әбілевтің жолдас-жоралары өзара әңгімелескенде әйелдері түсініп қоймасын деп, келіншектерін «самаурын» деп атайды екен. Бірде Қонекеңнің бір досы кезекті еңбек демалысында Сарыағашқа барып демалып қайтпақ болады. Жол жүрер алдында дос-жарандарын шақырып, дәм береді. Отырыстың соңына қарай сәл қызыңқырап қалған бір жолдасы қайта-қайта «Сарыағашқа самаурыныңды апарасың ба?» деп қоймаса керек. Сонда Қонысбай: «Сонау Сарыағашқа самаурын сүйретіп жүреді ме, сол жақтан бір тоқ шәугім табылар» деген екен.

 

Жарайды, «төрт» болсын…

Барлық журналистердің бас бапкері, тәрбиеші-тәлімгері болған аяулы ұстаз, профессор Хайыржан Бекхожин емтихан алғанда жұрттың бәріне бірдеңе білсең, «бес» қоятын да, біліңкіремей қалсаң «төрт» қоятын. Ол кісінің қоржынында «үш», «екі» деген бағалар атымен болмайтын.

Сол ағамыз бір жолы өзі жетекшілік еткен диплом жұмысына мақтап-мақтап «бес» қойса керек. Ал оппоненті белгілі сыншы фельетонист Сейділдә Төлешов әлгі жұмыстың сау-тамтығын қалдырмай сынай келіп, «бұған «үш» қоюға да болмайды», – депті. Сонда Хайрекең тұрып:

– Әй, Сейділдә, сен кешір, мен артығырақ кеткен екенмін, жарайды, «төрт» болсын, – деген екен.

 

Көрсетті жүздерінің кішілігін…

Оңтүстік Қазақстанның Сарыағаш өңірінен шыққан айтыс ақыны Жарқынбек Наушабековтің бетінде қараторы жүзіне сәл сәйкеспейтін бірнеше қызыл қал бар. Еліміздің батыс өңірінен шыққан ақындар оралдық Бауыржан Қалиолла мен маңғыстаулық Нұрлан Мұсаев замандас ретінде Жарқынбекке тиісіп әзілдеп жүреді. Бір отырыста екеуі қайта-қайта Жарқынбектің жүзіне тиісіп қоймайды. Көпшіліктің көзінше мінін бетіне басқан інілерінің сөзіне намыстанған Жарқынбек домбырасын қолына алып:

Байқасам жоқтау екен кісілігің,

Бар ма еді тағдыр жайлы түсінігің?

Жүзіме тиісем деп екі бала,

Көрсетті жүздерінің кішілігін, –деген екен.

МАИ-ге жауап

Кезінде Керекудің намысын қорғап «солақай ақын» атанған қазіргі өскемендік айтыс ақыны Серік Құсанбаев жеке автокөлігімен жолда келе жатса, бір МАИ қызметкері тоқтатады. Жол жүру ережесі бұзылмаған соң Секең еш қысылмай, барлық құжаттарын құқық қорғаушының қолына ұстата салады. Оңтайлы сәтті пайдаланған жол полициясының өкілі әртүрлі сылтаулар айтып, құжаттарды қайтармауға тырысады. Ақыры болмаған соң Секең өзінің айтыс ақыны екендігін айтып, құжатты қайтаруын талап етеді. Алдында таныса да танымағансып тұрған «жағалы мырза» одан сайын ақынның қитығына тиіп, тіпті «ақын болсаң қайтейін» дегенге дейін барады. Қазақтың атамұра өнерін қорлаған бассызға әбден ашуланған Секең сонда:

Тіредім деп тар жолдың тұйығына,

Күлкі үйіріп тұрмысың миығыңа.

Сендейлердің талайын көріп жүрміз,

Екі ұлтарақ байлаған иығына, – депті. Қапелімде айтылған сөзден сасып қалған полиция қызметкері барлық құжаттарды қайтарып бере салған екен.

Әзірлеген: Айбек ОРАЛХАН.

Добавить комментарий