Бүгінде алты алашқа аты әйгілі болып, барша қазақтың мақтанышына айналып отырған небір дарындардың басым көпшілігі біздің жерлестеріміз екеніне мақтанамыз және олардың салып кеткен сара жолдарын үлгі-өнеге етеміз. Өйткені олар – ел болашағының ертеңі үшін аянбай тер төккен ерекше дарын иелері. Сондай ұмытылмас ерекше дарын иесі, кешегі Жаяу Мұса, Жарылғапберді, бұлбұл әнші Майраларға шәкірт болған, солардың үлгі-өнегесін, батасын алып, өнер жолында өзіндік қолтаңбасын қалдырған атақты жерлесіміз, әнші-композитор Садық Бақытбекұлы Кәрімбаев.
Садық Кәрімбаевтың шығармалары бүгін айтылып ертең ғайып болып кететін ғұмыры келте, арзан әндер емес. Оның әндері – елі сүйсініп айтатын, уақыт өткен сайын биіктей беретін ғұмырлы туындылар қатарынан лайықты орынын алған өміршең шығармалар.
Садық Бақтыбекұлы Кәрімбаев 1918 жылы 28 ақпанда Павлодар облысы, Баянауыл ауданына қарасты Ж.Аймауытов атындағы ауылдың жанындағы Қызылтаудың баурайында туған.
Композитор Кәрімбаев өз шығармашылығында жүзге жуық ән шығарған. Оның әндерінде қамтылмаған тақырып кемде-кем. Ол өз әнімен Республикамыздағы сұлу табиғатымен көз тартатын «Кешкі Алматы», «Алматының алмасы», «Жасыбай көлінде», «Баянтау еркесі» тәрізді жерлерді, өзне тән байлығымен көзге түскен қуатты мекендерді тебірене жырлайды. Олар – «Мақтаарал», «Қаратау маршы», «Жетісу», «Жамбылым қандай тамаша».
Өкінішке қарай, кейде тағдыр үнемі өз пендесін еркелетіп маңдайынан сипай бермейді екен. Олай дейтінім, әйгілі композитор Садық Кәрімбаевтың да өмірі оңай бола қойған жоқ. Бала күнінде шешек ауруына шалдығып, соның салдарынан екі көзінен айрылады. Соған қарамастан, ол қиындыққа мойымайтын өр мінезді, өжет болып өседі. Жасынан ән салып, домбыра мен сырнайды жабырқаулы жанына серік етеді. Бұл жайында ол: «Мен жастайымнан екі көзден айырылып, дүниенің жарығынан мақұрым қалдым. Бұл сияқты ауыр жағдай әкеме де оңай тиген жоқ. Бір күні ауыр күрсініп: «Құлыным, көзімнің қарашығы, сенің сенімді серігің, айнымас досың, шер тарқатар сырласың болсын», – деп әкелік батасын беріп, өзінің кәрі жолдасы – қарағай домбырасын маған ұсынды», – деп есіне алады.
Садық Кәрімбаевтың тырнақалды туындылары Ұлы Отан соғысының тақырыбына арналған болатын. Соның нәтижесінде композитордың «Жорық» атты әні дүниеге келді.
«Атсақ, дәл атқан,
Шапсақ – жайратқан,
Біз – Отанның солдаты,
Намыс бен кек қайнатқан».
Бұл сұрапыл соғыс дүбіріне үн қосқан, халыққа кеңінен тарап кеткен патриоттық сезімдегі әннің бірі еді.
Мәселен, М.Блантердің «Катюшасы», М.Төлебаевтың «Кестелі орамал», «Тос, мен тосы», Садық Кәрімбаевтың «Ақтамақ» әндері түптеп келгенде бір тілек, бір мақсатты көздеді. Бұлардың қай-қайсысында да қыз бен жауынгер жігіттің бір-біріне деген кіршіксіз таза махаббаты мен Отан алдындағы азаматтық борышы айтылады. Жауды жеңгеннен кейін, сүйгенімен қосылатынына шексіз сенеді.
Соғыс уақытында елде қалып, ерлерінің орнында еңбек етіп, ерлік көрсеткен әйелдерінің құрметіне Садық атақты «Ақтамақ» әнін шығарады.
Композитор Кәрімбаев өзінің өнер жолын былай суреттейді: «Мен өзім Арқаның атақты өлкесі Баянауылда туып, балалық шағымды Ертістің жағасында өткіздім. Науқастың салдарынан көзімнен жастай айырылып, ғылым мен өнер мектептерінің де есігін аша алмадым. Тек ән-күйге үйренумен ғана шұғылдана бастадым. Менің алғашқы ұстаздарым Арқаның атақты әншілері Жаяу Мұса, Жарылғапберді, Майра болды. Қалада шырқағанда үйіміз жыр мен нұрға бөленуші еді. Мүмкін, сіздер жырыңыз жыр-ақ, ал нұрыңыз не? – деп сұрақ қоярсыздар. Себебі Майраның әсем әндері маған дүниенің жарық сәулесіндей әсер етіп, жабыққан көңілімді көтеріп тастайтын. Мен, міне, осы жағын нұрға теңеуші едім».
1936 жылы Алматыда өткен халық әндерін орындаушылардың Республикалық жарысына қатысқан жас әнші-музыкант Кәрімбаев бас бәйгеге ие болады. Оның жан-жақты өнерін тани білген мамандар қазақ радиосына шақырып, әнші әрі баяншы жұмысына орналастырады. Әкесінің сыйлаған көне қоңыр домбырасы мен сырнайға қосып шырқаған Кәрімбаев әнін енді бүкіл Қазақстан халқы таниды.
Композитор Садық ағай бір сөзінде: «Маған ән шығаруға, жер-жердің бәрі бір. Бір Қазақстанды бөлгіштемей-ақ, талай ән шығардым. «Оңтүстікте ақ алтын», «Жетісу», «Жаңаарқа», «Қапшағай», «Жамбыл» сияқты әндерім кімдерге арналған? Сондықтан адам екеніңді, қазақ екеніңді және сол қазағыңның әнін ұмытпасаң болғаны», – деген екен. Бұдан Садықтың көпшіл де бауырмашыл, қашанда әділдікті жақтайтын парасатты адам екенін байқауға болады.
Кәрімбаевтың ән жазу шығармашылығы 1937 жылы басталады. Сол жылы шығарған бірқатар әні композитор өміріндегі бір белес болып саналады. Оның баян аспабында асқан шеберлікпен ойнайтынына өнеріне тәнті болған артистер кезекке тұрғандай оның қол-аяғын жерге тигізбей сапарға алып кетіп отырған. Композитор өзінің естелік өмірбаянында: «Бұл кезде менің Жаяу Мұса, Естай, Майра сынды басқа да халық композиторларына беріле еліктеген кезім болатын. Олардың жақсы үлгілерін үйрендім. Бірақ оған қанағаттанбай, өз әндеріме жаңа үн, соны нақыш іздедім. Заманымыздың шындығын музыка тілімен айтуға талаптандым. Бұдан былай музыка өнерінен үйренуге бет бұрдым. Ноталарды үйрене бастадым», – деп жазады.
Біз Кәрімбаевтың творчествосын сөз еткенде сол өзі өмір сүрген жаңа дәуір ағымына, заман талабына сай жауап беретін әндер жазғанын көреміз. «Ақ көгершін», «Қаракөз», «Жетісу», «Алматы таңы», «Қой өсірген келіншек», «Біздің ән», «Тракторшы қарындас» және тағы басқа әндері мән-мағынасы жағынан А.Жұбановтың «Ақ көгершінінен», М.Төлебаевтың «Кестелі орамалынан», Е.Брусиловскийдің «Алтайынан», Л.Хамидидің «Жазғы таңынан», Б.Байқадамовтың «Шаттық әнінен», Қ.Мусиннің «Егіншілер жырынан», Ә.Еспаевтың «Маржан қызынан» ешбір кем түспейтін туындылар деп айтуға толық хақымыз бар.
Кәрімбаев – жасынан зағип болса да, қасірет-мұңға мойымай, тағдыр тәлкегіне қарсы тұрып, күресіп өмір сүрген, домбыра, баян, мандолинды жанына серік етіп, әсем әндерімен, орындаушылық шеберлігімен халыққа танымал болған үлкен өнер қайраткері. Оның ірі шығармаларды жазуға мүмкіндігі болмаса да, әншіл жүрегінен туған сазды әуендерін композиторлар өздерінің күрделі шығармаларына пайдаланды. Мысалы, В.Великанов оның әндерін құрастырып, «Садық Кәрімбаев әндері тақырыбына» атты төрт бөлімді сюита жазды. Сондай-ақ ол Кәрімбаевтің кейбір әндерін өзінің «Қамбар батыр» эпосының негізінде жазылған «Қамбар-Назым» балетіне енгізді.
«Әнші Әмина Нұғманова «Жамбыл жастарының вальсін», «Мақтаарал», «Ақеркені» құйқылжытса, бұлбұл әншіміз Бибігүл Төлегенова «Алматы таңы», «Шаттанамын еңбектің ерлеріне», «Мен көрдім» әндерін сызылтқанда өзім шығарған әндерді өзім танымай қала жаздадым», – деп еске алады композитор Кәрімбаев.
Бұлардан басқа әнші-компзитордың махаббат лирикасын жырлайтын «Сүйген сәулем ақ ерке», «Табамын сені», «Ақтотым», «Айлы түнде», «Күтем сені», «Құлақ салсаң назыма», «Қалай жүрем сағынбай» әндері тағы бар.
С.Кәрімбаев әндерін өз кезінде атақты әншілеріміз Ж.Омарова, Р.Абдуллин, Ж.Елебеков, Р.Есімжанова, Ж.Қаңтарбаева, Б.Төлегенова, М.Көшкінбаев, С.Әбусейітов, Г.Разиева, С.Ахметова, З.Қойшыбаева, Н.Қаражігітов, Н.Нүсіпжанов, Б.Іңкәрбекова және басқалар үлкен шабытпен орындағаны белгілі.
Жан-жақты тақырыпты қамтитын Садық аға әндерінің саны да мол. Солардың ішінде техника тілін меңгерген тракторшы қарындас пен дәрігер қыз да назарынан тыс қалмай, тілге тиек болады. «Бізде дәрігер бір қыз бар» әнінде:
…Десе «неге жүдедің?»,
«Ауырып еді жүрегім,
Көрдім-дағы өзіңді
Сауығып кеттім» – дер едім», – деген сияқты өлеңмен әзіл-қалжың қоса араласып келеді, екіншіден, ойнақы, көңілді әуезділігімен әр кез ерекшеленіп отырады.
Мәкен Әлиасқаров С.Кәрімбаев жайында жазған «Әншіл жүрек» кітабының «Тоғысқан тағдырлар» атты бөлімінде қазақтың ақиық ақыны Маұқағали Мақатаев пен Садық Кәрімбаевтың алғашқы кездесулері жайында мынадай қызық дерек келтіреді. Оған бұл әңгімені Қазақтың белгілі дикторы, Қазақ ССР халық әртісі Әнуарбек Байжанбаев айтып берген екен.
«…Шілде айы. Шыжыған ыстық. Күн жексенбі. Радиодан кезекті концертімізді өткізген соң, шөлдеп, қымыз сіміруге Сәкең екеуміз колхоздардың орталық көк базарын аралап келеміз. Нән қапқа сүйеніп, бет-аузы ағал-жағал, ұн сатып тұрған ажарлы, маңдайы кере қарыс, қапсағай денелі қылшылдаған жас жігітке бұрылдық та, мен оны әдейі сынамаққа болып:
– Мырза, ұныңның кебегі көп екен, арзандатсаң алайын, – дедім тап бір ұн алуға келген адамдай-ақ. Ол да маған кекті адамдай қарыстай қарап тұрды да, тамағын бір кенеп:
– Саудаңды жасамасаң кім зорлайды,
Нарық бұзған базарда құл оңбайды.
Үйіңде нан көп болса, алмай-ақ қой,
Ағатай, кебегі жоқ ұн болмайды.
Ұн көтерме, киімің ұн болады,
Жігіттік жігеріңіз құм болады.
Жеңгейді жіберсеңіз тегін берем,
Аға деймін, атыңыз кім болады? – деп шұбыртпады ма өлеңді! Өлең айтқан жігітім Сәкеңді Нарынқол ауданына концерт қойып жүргеннен таниды екен. Менімен сол базарда танысты. Біздің Сәкең сол заматта-ақ бұл жігіттің дауысы гүрілдеп, өлеңді де салмақтап оқығаны ұнаса керек. Мені бүйірден түртіп:
– Мына балаға біздің пәтердің адресін бер, – деді де: – Ал сен батыр, шаруаңды тыңдырып, қонаға біздің үйге келіп аяғыңды суытарсың. Қазан-ауызы жоғары қазақпыз ғой, жақындығымыз болмағанымен, жаттығымыз жоқ. Өзім ешкімді де жатырқамаймын. «Тауда өскен баланың екі көзі таста» демекші, қаладағы бізден тосырқап үрікпе, күтеміз, – деп жас жігітпен қол алысып, менің қолтығымнан еппен ұстады. Былай ұзағанымызда:
– Әлгіні баулыса нағыз диктордың өзі ғой. Анау Ермек Серкебаевтан кем соқпас. Саған да керегі осындай кең тынысты еркек емес пе?! Нарынқолда Қақпақ, Байынқол, Шалкөде деген аңғарлы таулар бар, отын-суы мол, салқын ауалы жайлаулары бар, сол қалың тау арасында туған, тұнық ауа жұтқан жігіттін үнінде бір ұлаң-ғайыр күш сыртқа тепсініп тұрған сияқты өзі, байқадың ба? Сақпанның тасындай сарт-сұрт етеді,- деп менің ойымдағыны айтқызбай білген Сәкеңе әлі күнге дейін қайранмын», – деп Әнуарбек Байжанбаев Садық Кәрімбаевтың адам танитын қасиетін жиі еске алып тамсанып отырады екен.
Ел қадірлеген ерекше талант иесі, әнші әрі композитор Садық Кәрімбаев нағыз шығармашылық өрлеу шыңында, 1975 жылы 6 ақпанда дүниеден озып, сол кездегі еліміздің астанасы Алматыда жерленді. Әнші-композитордың тұлғасын мәңгілікке есте қалдыру мақсатында Алматы қаласында көшеге және зағиптар қоғамының қалалық Мәдениет үйіне есімі берілді.
Ал, туған жерінде композитордың есімін ұрпақ жадынан өшірмеу мақсатында біз қандай шаралар жасап отырмыз? Өкініштісі сол – халқының мәдениеті мен өнерінің дамуына бар күш-жігерін арнаған осындай аяулы азаматымыздың туған жерінде кішігірім еске алу кештерінен әрі аса алмай отырмыз!
Біле білсек, Садық Бақтыбекұлы анау-мынау қарабайыр композиторлардың қатарынан емес. Кезінде әндерін мен деген талай әншілер таласып жүріп алып, тамсанып жүріп шырқаған талантты құдай берген музыкант. Оған кез-келген әнін тындай қалсаңыз көзіңіз анық жетеді. Ол кісінің әндері – теңіз түбінен терген маржандай сұлу, құлаққа жағымды, жүрекке қонымды, кез-келген тындаушысын еліктіріп әкететін ерекше шығармалар. Кәрімбаев әндерінің 50-ге жуығы Қазақ радиосының алтын қорында сақтаулы, сондай-ақ белгілі әншілердің орындауында әндері жазылған 13 күйтабағы шығарылды. ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, өзіндей зағип әнші-композитор Мәкен Әлиасқаров Садық Кәрімбаевтің өнері мен өмірі жайлы «Әншіл жүрек» атты кітап жазды.
Туған елінде ол кісінің әндерін орындап, елге насихаттап жүрген «Нар тұлға» ардагерлер ансамблінің ұжымына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Осы ансамбльдің өнерпаздары композитордың әндерін үнемі айтып, репертуарынан түсірмей келе жатыр. Мысалы, Дүйсенбаева Күлғамила апай «Сауыншы Майра жеңгей» әнін, «Нар тұлға» ансамблінің хормен орындауында «Қаратау маршы», қазақ әндерін өте шебер шырқай білген марқұм Василий Ильющенко «Ақтамақ» әнін қандай тамаша орындап еді. «Жамбыл жастарының вальсін» Бірлән Шыбынаева апайымыз, Павлодардың күміс көмей әншісі Әсел Ботаева «Тракторшы қарындас», «Көгершінді», өнерімен де, өнегесімен де жастарға үлгі болып жүрген біздің әнші жерлесіміз Тоқкожина Шапиға апай «Ақерке» және «Бізде дәрігер бір қыз бар» әндерін орындағанда С.Кәрімбаевтың әндерінің қаншалықты өміршен екеніне көзіңіз жетеді.
Өкінішке қарай, осы ат төбеліндей азғантай ғана өнер жанашырлары жерлесіміздің әндерін насихаттап жүреген. Қазіргі жұлдыз атанып, әншімін деп жүргендер өз репертуарларына С.Кәрімбаевтың әндерін еңгізбек түгілі өзін де танымайды. Танымайтын себебі – насихаты жоқ! Насихаттайтын адамдардың өзі Садық Кәрімбаевты терең танымайды.
Артына қыруар музыкалық мұра қалдырған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері, әнші әрі композитор Садық Бақтыбекұлы Кәрімбаев – өмірі мен өнер жолы өнерді бағалайтын ұрпақтың есінде мәңгі сақталып қалатын ұлы тұлға.
«Жетісу», «Сауыншы қыз», «Жылқышы» әнім,
«Ақ алтындай» ән бар ма, айтшы, жаным?!
Байлығын Отанымның мақтан етіп,
Алматының әнге қостым алтын таңын.
«Шаттық ән», «Паровозды», «Мақтааралды»
Поезда жолаушы да жаттып алды.
Менен басқа бар болса, айтшы, қане,
«Қой өсірген келіншекті» мақтағаның?!
Садық Кәрімбаев туған халқының жүрегіне жол табатын әдемі әндер туғызған халықтық композитор биігіне көтерілді. Мәдениет атты алып бәйтерегіміздің аса бағалы бір бұтағына айналды.
Ерлан РАХИМОВ,
М.Шамсутдинова атындағы ән-өнер шығармашылығы мұражайының басшысы.