Тайшань таулы аймағында саяхаттап жүрген Конфуций сол жерден чэн алқаптарын кезіп жүрген Жун Цициді жолықтырды. Ол үстіне бұғы терісін жамыла салып, белін жіппен буынып, цин аспабында ойнап, көңілді әндерді айтумен болды.
– Сізді сонша қуандырған не? – деп сұрады одан Конфуций.
– Мен көп нәрсеге қуанамын, – деді Жун. – Аспан сан жетпес мақлұқатты жаратты, соның ішіндегі ең ардақтысы – адам. Маған адам болып жаралу бақыты бұйырды. Бірінші қуанышым – осы. Ер мен әйелдің арасында айырмашылық бар: еркекті – құрметтейді, әйелді – кем санайды, сондықтан ер адамның дәрежесі жоғары. Маған еркек болып туу бақыты бұйырды. Екінші қуанышым – осы. Адам кейде жөргегінен шықпай-ақ, бір күн, я бір ай өмір сүрместен, өлім құшып жатады. Мен тоқсанға тірі жеттім. Бұл – үшінші қуанышым. Кедейлік – ердің кәдімгі тағдыр-талайы, өлім – адамның соңғы межесі. Тағдырымның талайын татып болып, соңғы межемді табамын, сонда несіне мұңаюым керек?
– Жалғаннан жұбаныш таба біледі екенсіз! – деді Конфуций.
***
Бір жолы Конфуций Тайшань тауының тұсынан өтіп бар жатыр еді, әлдебір әйел зират басында дауыс салып отыр екен. Құрмет белгісі ретінде арбаның алдыңғы қасына қарай иілген Ұстаз жылаулы жанға құлақ түрді. Сәлден соң әлгі әйелге Цзылуды жұмсады. Ол:
– Қан жылап, қайғы жұтқаныңызға қарағанда, бұл алғашқы азаңыз емес-ау? – деп сұрады.
– Дәл солай, – деді әйел. – Бір кезде қайын атамды жолбарыс жарып кетіп еді. Содан кейін күйеуім тарғыл шерінің тырнағынан шейіт болды. Енді, міне, ұлымды да талап өлтірді.
– Бұл мекеннен неге көшіп кетпейсіздер? – деп сұрады Ұстаз.
– Мұнда қатігез билеушілер жоқ, – деп тіл қатты әйел.
– Есіңде сақта, шәкіртім, – деді Ұстаз. – Қатігез билік – жолбарыстан да кәрлі.
***
Конфуций шығысқа қарай саяхаттап барғанында екі жасөспірімді кездестіреді. Олар бір нәрсеге келісе алмай, қызу талас үстінде еді. Ұстаз даудың неден шыққанын сұрады:
– Мен күн таңертең, көкжиектен енді-енді көтеріле бергенде бізге жақынырақ, ал шаңқай түсте шалғай болады деймін, – деді біреуі. – Ал мынау, керісінше, таңғы рауанда күн бізден алыс, ал тал түсте жақын дейді. Сөзін жалғап:
– Күн шығарында өте үлкен – күйменің үстіндегі қолшатыр секілді. Ал тал түсте – табақша тәрізді. Бұл оның алыстаған сайын кішірейіп, жақындаған сайын үлкейіп көрінгені емес пе?!
– Күн шыққан кезде, – деді екіншісі, – жүзінен салқындық лебі еседі. Ал ұлы сәскеде қайнаған судай күйдіреді. Бұл оның салқын болған сайын алыстығын, ыстық болған сайын жақындығын білдірмей ме?!
Конфуций кімдікі жөн екенін шеше алмапты. Жасөспірімдер болса миығынан күліпті:
– Сізді де көп біледі деп айтып жүрген кім екен?..
***
Сун патшалығында лақап есімі Мешіндер патшасы деген адам өмір сүрді. Ол маймылдарды жақсы көретін, әлгілерді үйір-үйірімен асырап, қалауларын қапысыз түсінетін дәрежеге жеткен еді, маймылдар да мұның сөз ләмін ұғынатын. Асыранды айуандарын азықтандыру үшін үйелменінің аузындағы асын жырып беруге әзір еді.
Маймылдарды тойындыру тірлігі әбден титықтатқан соң, беретін азығын азайтуға мәжбүр болды. Бірақ, бұлар маған бағынбай кетеді деп қауіптеніп, қулық ойлап, әуелі оларға былай деді:
– Мен сендерге таңертең үш, кешке төрт талшын түйнегінен үлестірсем, жемдеріңе жете ме? – деп сұрады.
Бүкіл үйір наразы болып, маңайды ызғын-шу қылды. Сонда ол керісінше сұрады:
– Ал, таңертең төрт, кешке үш талшын түйнегінен берсем, жеткілікті ме?
Бүкіл үйір сап басылып, риза болды.
Осылайша айлакерлік ақымақтыққа үстемдік құрады. Дана адам ақыл-парасатына сүйеніп, Мешіндер патшасы маймылдар үйірін алдағаны секілді ақылсыз тобырдан айласын асыра алды. Не мәннен, не мәміледен ұтылмай, маймылдарды біресе ашуландырды, біресе қуандырды!
Аударған: Айбек ОРАЛХАН.
(Суреттер ЖИ көмегімен салынды)