Айқайға салайын десе, дауысы шығар емес. Кезінде дүние есігін ашқанда демеу болған қолдар, бүгін бәрін қайтарып алмақшы. Анасының көзіндегі алау мен бетіне қонған күлкі мұздай суық қорқынышқа толы. Дүниенің бір жұтым ауасымен тыныстау қанша алысса да, күші жетер емес. «Мені арашалап қалатын Айдосым қайда, қыздарым қайда?» деген оймен жан-жағына қараса, олар тамашаға қанық болып «Өзіңе де керегі осы» дегендей тұр.
Таңға жақын қорқыныштан шыққан үн бүкіл үйді әтештей айқайға салатын оятқыштан бұрын, үрей жамылып оянуға итермеледі. Соңғы кездері Ұлжанның ұйқы пленкасына осы түс жазылып, оны көруі жиіленіп кетті. Үсті-басы Алматының жаңбырының астында қалған жандай, малмаңдай су. Қыздары бөлмесіне жүгіріп кірді. Күйеуі ноутбугынан басын көтеріп:
– Тыныштық па?
– Тағы да жаман түс көрдім.
– Қыздар, жата беріңдер. Біраздан кейін, мектепке тұрамыз. Сен әлі жатқан жоқсың ба?
– Жұмыс қой сол.
Қараша айының суық таңында, Ұлжан терезеден сыртқа қарап отырды. Оның көзінше бұдан басқалардың бәрі бақытты көрінеді. Себебі, өзгелердің бәрінде ұл перзент бар секілді. Ал оның жатырынан қазірге қыз кіндіктен басқа шығар емес. Күйеуі Айдос ләм-мим деп ауыз ашпаса да, соңғы кездері жұмыста ұзақ кідіретін болып жүр. Келген бойда қыздарымен ойнап, оларды ұйықтатқан бойда ноутбугын ашып түймешелерін басып ұзақ отырады. Ұлжан қараңғы бөлмені көк түске бояп тұратын экран жарығымен ұйықтап үйренді. Араларында мәміле жоғалды. Оны екеуі де сезіп жүрсе де төрт баланы қимай, шыдап өмір сүруді бастағандай. Бәріне өзін айыптап іштей жеген кездерде, құрбысы ұлынының шілдеханасына шақырды.
Елдің бәрінде қуаныш болса, Ұлжанның іші іріп жүр. Себебі көтерген төрт құрсағының ішінде «әпшу беретін» перзенттің болмауында. Мереке соңына қарай, құрбыларымен дастархан басына жиналып:
– Ұлжан, баламды ұстай тұршы, – деп, құрбысы ұлын қолына ұстаты. – Абайла, ұл бала бостау болады, – деп, жымиды. – Мен қазір бәріне шәй құйып берейін. Өзіміз отырып шәй ішейік.
– Асықпай шәйіңді ішіп ала бер, мен ұстай тұрам.
– Ұлжан, етегіңе сидіріп ал, жұғысты болсын, – деді, сары томпақ әйел.
– Ой, қойшы! Қайдағы ырым-жырым. Қазір трендте болу керек. Аффирмация жасаса жетіп-ақ жатыр.
– Негізі, еркектердің жаны қиналып тумаған соң ұл тапағанша туасың, қыз тапағанша туасың деп бөсе береді, ә! Бірақ, өздері «запасной вариант» іздеп жүреді. Ұл таппасаң болды, басқа етектің артынан кетеді.
– Оны жібермей ұстай алсаң ғой. Баяғы жас фигура жоқ! – деді, тағы да сары томпақ.
– Қойыңдаршы, қыздар! Аффирмация для чего?! Күнде махаббат тілеңдер, бәрі орындалады.
– Аффирмация демекші, мен төрт ұлдан кейін қызды солай тудым ғой! Күйеуім қыз тапағанша туа бересің деген соң, жақсы тренер таптым. Баланы жоспарлап көтеріп, күнде тренермен онлайн жұмыс істеп жүріп, шүкір алтыншы бала тумайтын болдым, – деді, шетте отырған арық әйел.
– Сонда Құдайдан тілеген сияқты ма?! – деді сары томпақ.
– Жоқ. Ол жерде тілейсің. Ал мұнда, менде бәрі болады деп өзіңді сендіресің!
– Айтпақшы, Ұлжан саған нөмерін берейін, бәлкім… – деді шетте отырған әйел.
– Сәл көңілге қарайық! Бүгін басқа мәселемен жиналдық қой, – деді құрбысы кеседегі шәйға қол жалғатып.
Қолында ұл перзент ұстап жүрек қағысы өзгеріп, әйелдердің бір сөзін естісе, екіншісін естімей өз әлемінде отырған Ұлжан:
– Жоға-а-а, бәрі жақсы… Көрейік. Уақыт көрсетер.
– Просто, ауызыңды ашып жүргенде біреу іліп кетпесің. Тем более қазір ол бастық болды!
– А, иә…
– Ой, соны да сұрап отырасың ба?! Нөмерін чатқа жібер. Бәрімізге де аффирмациялану керек, – деді тағы сары томпақ. Бәрі оның сөзіне күліп, дастархан басында әйелдердің әңгімелері жалғасты.
Біреу үшін көңілді жиналыс болса, біреу үшін жарасына тұз сепкенмен пара-пар. Әкесі алтыншы қыздан кейін шыдамы таусылып, оралмастай кеткенін ойлап, анасының көрген қиындықтары есіне түсіп, «Не болса да көрейін» деп «Бақытты болуға жаралғандар» деген чатты ашып, жарнамаланған кісінің нөмерін сақтап алды. Енді ол әрекеті жанына тыныштық берер емес, қанша қоңырау соғам деп батылдығын жинап оқталса да, «гудокка» жеткізбей басып тастайды.
Үйіне келсе, тірі жан жоқ, бос бөлмелер арасында сандалып жүр. Бір кезде телефоны шыр ете қалды. Қараса «Тренер» деген нөмер. Иә, өзі сақтап алған нөмер.
– Тыдап тұрмын.
– Қайырлы күн. Қоңырау соғыпсың!
– Иә, сіз жайлы танысымнан есітіп едім.
– Иә, айта бер!
– Негізі бәрі жақсы, бірақ…
– Жақсы болса неге нөмерімді тересің?
– Сіздің көмегіңіз керек болып тұр. Ұл туғым келеді. Бірақ…
– Осыдан бастау керек! Сіз керек адамға қоңырау соғыпсыз, себебі мен нумеролог, таролог, чакролог және аффирмологпын! Осы нөмер арқылы счетіме елу мың теңге саласың, кейін ватсабыма өзің мен күйеуінің туған күндерін жазып жібер, түсінікті ме?!
– Жақсы. Қазір жіберем!
– Ватсап бойынша бәрін айтып отырамын, сол тапсырмалардың біріне де күмән келтірмей орындайтын болсаң, ұл табасың. Еңбегімді текке кетіруші болма! Сау бол!, – деп, телефонын баса салды.
– Мен сізді түсіндім, – деген сөзін байланыс үзілген соң айтты.
Телефонның арғы жағындағы дауыс дөрекілеу болса да, өміріне жарық сәулесін сыйлағандай болды. Ойын алаңынан келген қыздарын емес, бар әлемді құшағына алғандай қуаныш сезімде болды. Телефонға хабарлама келді. Ол хатта ұлды болу үшін қай күні не істеу керек, кіммен кездесу керек, не жеу керек, күйеуімен қашан төсегін біріктіру керектігі жайлы нұсқаулық жазып жіберіпті.
Айдос жұмыстан келген соң ішіндегі қуанышымен бөліспек болды да, бірақ жақсы жаңалықты өз қолына ұстағанда көреді деп шешті.
Сағат түнгі бір. Үйдегі көтерілген айқайдан Ұлжан оянды. Көзін ашса, есік сыртында әкесінің дауысы:
– Бәрінде ұл бар! Менде ғана алты қыз! Басқа біреу түгіл, тағы алтауын тапсаң да сен тек қыз туасың! Ұлдан басталатын есім қалған жоқ!
– Тыныш, балалар ұйықтап жатыр!
– Олар сенің балаларың! Сен тапқан балалар! Маған не?
– Қойсаңызшы… Құдай бермесе…
– Бәрін Құдайға жаппа! Бұл жерде сен кінәлісің! Бәленің бәрі сенде! Сол үшін де… сол үшін де… мен бұл үйде бір минут та тұрмаймын! Кеттім, мұндай базарыңнан, мазар артық! – деп, темекісін ауызына қыстырған бойда әкесі артына бұрылмай шығып кетті. Бала Ұлжан анасын жұбатуға шыққанда:
– Неге келдің? Жоғал! – деп анасы қуып жіберіп жатқанда, көзінің жасы дария болып басын жастықтан көтерді. Қараса, өзінің үйінде, Айдос түк білмей ұйықтап жатыр. Балалық шақтағы көрініс түсіне енгеніне сәл таңданып: «Бәрі жақсы болады, мен ұл табамын» деп өзін жұбатып жатып, ұйқыға кетті.
Ұлжан өз өміріндегі ең шешуші кезеңге аяқ басты. Тренерінің айтқандарын орындап, күнделікті аффирмацияларын қайталап, әр күні жанына үміт сыйлап жүрді. Қолы сәл тисе болды, өзін ұл туатынына сендіруге арнады. Тренерінің нұсқаулығының арқасында жүкті болды. Аффирмологтың нөмерін терді:
– Алло, рахмет сізге! Бәрі сіз айтқандай болып жатыр!
– Жақсы. Енді қиын кезең, біз енді көбірек жұмыс жасаймыз! Айына счетыма сексен мың жіберіп отырасың! Әр ай сайын не істеу керек саған жазып отырамын! Түсінікті ме?
– Иә, Узиге барайын ба?
– Сен не менің жұмысыма күмәнің бар ма?
– Жоқ. Жай, сұрағаным ғой
– Ондай глупый сұрақтармен менің басымды қатырма! Мен саған өзім айтамын дедім ғой. Болды. Сау бол!
Тренердің дөрекі сөйлеуіне де еті үйренді. Енді, ұл бала тапса, қай бөлме ұлының бөлмесі болады, қандай киім, қандай жиһаз алу керек сыңды ойлармен ұлының дүниеге келуін тағатсыздана күтіп жүрді.
Жүктілік кезеңі оңай болмады. Кей күндері Ұлжанның мазасы қашып, түсінде бірде анасының жастықпен тұншықтырып жатқанын көрсе, бірде әкесін соңғы рет көрген сәтін көреді. Тек, бұл жолы әкесінің орынында Айдосты көреді. Бірақ сонда да әр таң сайын айнаның алдына тұрып, тренері берген сөздерді қайталап, өзіне: «Бұл жолы бәрі өзгереді. Мен ұлымды құшағыма аламын» деп айтудан жалықпады.
Толғақ күні жақындағанда, Ұлжан өзіне ерекше сенімді болды. Күйеуі мен қыздарына барлығын жақсы жағына өзгертетініне уәде бергендей, жүзі жайнап жүрді. Кешкі ас кезінде ол:
– Айдос, бұл жолы бәрі басқаша болады. Көресің, – деді сенімді үнмен.
– Ұлжан… Қыз болса да…
– Ештеңе де естігім келмейді! Ұлдан басталатын бос есім жоқ, бәрі менің сіңлілерімде! Сол үшін… бастама! Мен ұл тууға лайықтымын түсікті ме?
– Қыз да перзент қой!
– Болды. Тәбетімді бұздыңдар! Әлі көресің! Мен анам сияқты емеспін! Ұйықтауға кеттім! – деп, жатын бөлмеге бет алды. Айдос ештеңе айтпаса да, ол әйелін аяп жүргенін байқау қиын емес еді. Ол әйелінің өз-өзін тығырыққа тіреп жүргенін түсінсе де, бірақ айтатын сөзі де, жұбататын күші де жетіспей тұрғандай. Кейде, Ұлжанды отырғызып: «Маған он қыз туып берсең де мен бақыттымын. Құдайдың бергенін аламыз» – деп айтқысы келсе де, жүрек серігі осы сипаттағы сөздерді тыңдағысы келмейтінін іштей сезіп, ауыз ашпай жүрді.
Тамыз айының таңғы сәулесі терезеге шағылысуын бастағанда Ұлжанның толғағы қысып, жедел жәрдеммен перзентханаға жеткізілді. Оның жүрегі толқыныс пен үмітке толы еді. Ол ұл табатынына сеніп, көздерін жұмып, іштей аффирмацияларды қайталай берді: «Менің ұлым болады. Бұл жолы ұл…»
Сол сәтте жарық дүниеге шақалақ келді. Баланың алғашқы шырылы Ұлжанның жүрегін тесіп өткендей болды. Іштей «Құтықтаймыз, сіз ұлды болдыңыз» – деп айтуын күтіп жатты. Бірақ, аффирмация Құдай беретінді бере алмасын білсе ғой. Оның санасынан «Менің кінәм, менің қарғысым» деген ойлар ағып өтті. Ол бәрін жоспарлады, бәріне сенді, ал нәтиже мынау… Қай жерде шалыс кеткенін ойлап жатты.
Қызының бетін алғаш көргенде жүрегінің түкпірінде ана мейірімі оянғандай болды. Бірақ ішіндегі дауыстар бұл сезімді бірден жаныштап тастады: «Сен тағы да үмітті ақтамадың. Жіберген тапсырмаларды орындап, күмәнсіз сенуің керек еді. Бұл тек сенің кінәң!»
Ұлжан тренерінің нөмерін терді. Бірақ ол күткен жұбату сөздердің орнына:
– Аффирмация жәрдем бермеді – дегені сол еді.
– Олай айтуға қалай дәтің барады? Кінә аффирмацияда емес, сенде! Мен саған қанша уақытымды бөліп, ұл туып алсын деп жүрсем. Сен оған сенбей, енді қызды болғаның үшін мені кінәлайын дедің бе?! Бәрі, менің еңбегіме сенбегенің үшін болды! Сенің өміріңе ұл келмейді, себебі сен ішіңдегі күдікті жеңе алмайсың. Маған ондай клиенттер керек емес! Енді маған қоңырау соғушы болма! Сендей адамдарға уақытымды обал қылғым келмейді – деп, байланысты үзе салды.
Ұлжанның қолы дірілдеп, телефонын еденге тастай салды. Бөлмеде тек жаңа туған нәрестенің жылағаны естіліп тұрды. Ұлжанның санасын ашу мен өзін кінәлау сезімі тұмшалады. Ол нәрестеге жақындап, оның нәзік бетіне қарады. «Неге? Неге мен бақытсыз болуым керек? Бұл да менің жазам ба? Е, Құдай мені кешіре көр» – деп, төсек үстіндегі жастықты алып, көзіндегі алау мен бетіне қонған күлкі мұздай суық қорқынышқа толып, күнәсіз шақалаққа жақындай түсті…
Жақсыбек ЕШІМҚҰЛОВ,
Павлодар қаласы.