Павел Васильев 1909 жылы 23 желтоқсанда Шығыс Қазақстанның Зайсан өңірінде туып, Павлодар қаласында, ені кең, екпіні қатты Ертіс өзенінің жағасында ержеткен жерлес ақынымыз. Ол орыс әдебиеті көгіндегі  Есенин, Рубцов сияқты жұлдызы жарық қаламгерлердің қатарынан ойып тұрып орын алады. Тағдыр оған 27-ақ жас ғұмыр сыйлады. Талантты ақынның өмірі 1937 жылы шілде айында Мәскеу түрмелерінің бірінде көктен жалт ете қалған жасындай болып күрт үзілді. «Жан-тәніммен берілдім саған, Бір тамшым да қалмастан,» – деп еліне адалдығын жырлаған ақынды Сталинге қастандық ойластыруға қатысы бар деген желеумен, 58-баптың терроризм тарауы бойынша айыптаған еді. Бірақ артында ғұмырлы поэзиясы қалды.

П.Васильев поэзиясы бізге қазақ даласы, оның тағдырымен тереңнен байланысып жатқан тарпаң мінезімен, тақырыптық тұтастығымен бағалы. Өзі де қазақ тілін, қазақтың тұрмыс-тіршілігін жақсы білген ақын шығармашылығында қазақи ой-өрім, қазақ даласының бай табиғат көріністері, қазақ сөздері молынан кездеседі. Бірде кезекті демалысын Қара теңіз жағалауында өткізу туралы зайыбы Е.А.Вялова-Васильева ақынға ұсыныс жасаған екен.

– Қара теңіз дейсің бе? Иә, ол жақсы жер. Ал мен үшін қазақ даласы одан да артық. Қазақ ауылын сағындым. Әсіресе, Зайсан мен Баянауылды айтсаңшы, – депті Павел. Ол өзінің сол сағынышын:

«Қазақ халқы қашан да

Жүрекке жақын, бауырым.

Сүйемін қазақ даласын,

Сүйемін қазақ ауылын», – деп білдіреді.

Тіпті, ақынның қазақ жігіті Мұқан Башметовтың атынан жазған өлеңдері де бар. Ілияс Жансүгіровтің өлеңін алғаш орыс тіліне аударғандардың бірі – Павел Васильев. «Тұз бүлігі» поэмасында орыс отаршылдарының қазақ ауылдарына жасаған қиянат-қысастығын ашына жырлаған ақынның мол мұрасы ойлы оқырманды бейтарап қалдырмайды.

 Хат

Үшкіл қанат шағалаша ай аунап,

Қалқып ұшып, құм көмкерген су түбі.

Қарайды да бірте-бірте баяулап,

Көне күміс секілденді жылтылы.

 

Қайық кірді жайлап құйған суға әні,

Тыңдап үнсіз шілік сөйлеп біткенін.

Бітік қамыс биік өскен мұндағы

Аулайды кеп ай өрмегі жіптерін.

 

Сәуле өрмегі кірпігіңе қонады,

Жүзің сенің ай нұрына шомылды.

Сен күлесің, көтеріп ап жоғары

Жылтыр, жеңіл ескегі бар қолыңды.

 

Еске алғанда неге өртенді қайта ішім,

Не жоғалттым, өткенде не қалдырдым?..

Өзгерді ме ымырттағы ән айтысың,

Қаракөзді алыстағы жан құрбым.

 

Жақсы сөзбен құйшы менің жаныма

(Сүйем таныс, өте баяу сол үнді).

Кешке таман кімге бердің тағы да

Ойлы түрің және нәзік қолыңды?

 

Бірге өткізген сағаттарды мына ермен

Тез ұмытқан, ол жөнінен қалыспа,

Білем сені, ай астында біреумен

Түнде қайық кіргізеді қамысқа.

 

Шашыңа оның мейрімін тым тәтті

Қосып өріп, өсіресің мерейін…

Қажет болса мен өзіңе, қымбаттым,

Бүгін өзім туралы айтып берейін.

 

Мен кездейсоқ көрсеткем жоқ төбемді

Мына жаққа – жаңа өмірім бағалы…

Күрсінбеймін іштей ойлап мен енді

Жастай туыс сонау жасыл жағаны.

 

Қайтпастай қып мені бұл жақ тұсады,

Қоштасудың айтқан әнін өртене –

Жадымдағы естеліктер ұшады,

Көктемдегі қаздай алыс өлкеге.

 

Түссе-дағы жүрекке ауыр жүк кілең,

Табылса да налытатын жау-дағы.

Көрмеймін де өкінбеймін, тіпті мен,

Тозған үй мен тұнжыраған ауланы.

 

Тар аулада жүрмекпін бе әлде мен

Тар клетте көрінбейтін қиырдан?

Жаңа әлемде толастамас әнменен

Сыңғырлап бір өту маған бұйырған…

 

Өтірік сөз дейсің бе тек дау ғана,

Соңғы соққы, көр осыдан жығылмай.

Тым көп екен өмірді де саудаға

Айналдырсам дейтұғындар бірыңғай.

 

Одан-дағы қалғаным жөн тірі өліп,

Мен нұсқаумен жазу үшін тумағам.

Қаламаймын қайдағы бір Родов

Не жазуды көрсеткенін бұл маған.

 

Әпенділер. Қандай ақын көнеді?

Ақын болса, жаралмаған жан боп тек.

Тезистер мен анкеттер боп өлеңі,

Кім тезистер, анкеттермен әндетпек?!

 

Әпенділер. Ақынға ақыл бере ме?

Қаламы еркін жүгірсін дер көргенді ер.

Ішің пысқан жоқ па, жаным? Немене?

Біттім енді. Кеттім міне. Болды енді.

 

Дала – кеште көкшіл тартар өңір бір,

Көк бүлдірген секілді су бедері.

Шығыс қыздай көйлек киген көгілдір,

Уыс-уыс алтын теңге төгеді.

 

Сүйіктім де, көріп тұрмын оны анық,

(Оған деген ықыласым бар әлі).

Батқан күннің шапағына оранып,

Құмдауыт жар жаққа кетіп барады.

 

Қандай ғажап болар еді мұнан да,

Тұрып қалсаң қолыңды бір бұлғап ап:

Құм үстінде орнаған сұр тұманға,

Асау Ертіс ағысына бір қарап.

Азиат

Өргек ұстап жаныңды елден,

Қас түйіп те қарардайсың.

Ешқашан да қалың малмен

Мына әйелді ала алмайсың.

 

Сары болсын қатқыл шашым,

Біз ұқпаспыз көп орайда.

Қоя беріп аттың басын,

Теңге іле алам көкорайда.

 

Сүйем сендік қызық елді,

Мен де аспазбын, білмейсің бе?

Бояулы оның қызыл ерні

Бізге гүлдеп тұр дейсің бе?

 

Біреу келер назы жетік,

Білер қала мәнерлерін.

Күлер олар әжуә етіп,

Томырықтау дала ерлерін.

 

Біздер емес сыры мәлім,

Кешке, мүмкін, сол ер бүгін

Қатты өрілген бұрымдарын

Иығына төгер мұның.

 

Ат артынан кім салмады,

Жауда көп деп қыз дегенің.

Беліндегі қыл шалманы

Бекер қармап іздемегін.

 

Бақты бұл ел заңыменен,

Таппас күшпен сері де ең бір.

Жетер жел, құм жалыменен

Солтүстікке керуен-қыр.

 

Арай дабыл көтергенде

Дала – сырмақ қой қаптаған.

Жел тигенде шетендерге,

Атқа қонсақ ойнақтаған.

 

Мұндай елді кезу – арман,

Сарайды ашар дала аптабы.

Жусан иісін сезіп алдан,

Жазар аттар қанаттарын.

 

Алтай таудың бауырында,

Жоқ ешқандай қарауылы.

Қаракөзді ауылынан

Шығар алдан дала аруы.

 

Көкте қалып бедерлі құз,

Самұрық бұлт төмендерде,

Дәу сабадан дөнен қымыз

Ішерміз біз зерендермен.

Аударған: Жұматай ЖАҚЫПБАЕВ.

 

Анастасия

«Бар сақина, сырғаңды тағып алып,

Настя, менің түсіме неге енесің?…»

Ертеректе жазылған жырдан.

                             I

Аспаныма Ай-сырғадай жарасып,

Шұғылаңды шаш атқан таңмен таласып –

Кие шыққын бәтеңкеңді біз тұмсық,

Жарасымды шәліңді де ала шық!

 

Кашемирлік шәлің сенің шашақты

Еске түсіп жан-жүйемді босатты:

Жиектеген қара тіні жібектің

Жас жүректің тағдырына тас атты.

 

Тарс жауып махаббаттың есігін,

Тағдыр бізге айтты ақырғы кесімін –

Болған іске бекінгеннің несі айып,

Өткен жайға өкінгеннің несі мін?!

 

Бола алмадық, рас, талыс бағы асқан,

Таққа мініп, тәж кимедік, таласпан.

Бірақ, орнын басты емес пе бәрінің

Жалын атқан жастығымыз жарасқан!

 

Артымызда аңдыған сан көз қалды,

Жала, нала, өтірік, өсек сөз қалды.

Кернейлетіп, қоңырауын соқтырып

Кедей тірлік керуені қозғалды.

 

Зор байлыққа, иен дәулетке мастанып,

Бар дүниені оңға, солға шашпадық.

Нәмәрт күнім әбеқоңыр күй кешті

Жомарт болмыс бұрымыңды жастанып.

 

Жаратылыс-жазмышымнан қашпадым,

Бас ұрмадым бұйрығына басқаның.

Тірі икондай кулактардың гөйіне

Тіл қатпадым, тегі құлақ аспадым.

 

Тарс жауып махаббаттың есігін,

Тағдыр бізге айтты ақырғы кесімін –

Болған іске бекінгеннің несі айып,

Өткен жайға өкінгеннің несі мін?!

 

Жанымыз жаз, жайлаудайын жағамыз,

Жайнай түссек артатындай бағамыз.

Арқа еті арша, бордай еті борша боп

Бейнет кешіп өткен екен бабамыз –

Тіршіліктің көн тулағын қатырып,

Біздер де әлі-ақ тоңып дірдек қағамыз.

 

Одан басқа алдан бізді күтер не,

Жалған дүние тауқыметі бітер ме?

Таң азаннан басын жазған дінбасы

Бар дұғасын бағыштайды дүкенге…

 

Бәлки, ғұмыр шырағданы білтелі,

Бұйрық-нәсіп – нәпақасын іркеді?

Әлде тосын жарылқай ма, кім білсін.

Күтеді ме көз жасы мен күлкі елі?

Тосады ма темір, торлы шілтері!..

II

Аспаныма Ай-сырғадай жарасып,

Шұғылаңды шаш атқан таңмен таласып –

Ки тозбайтын бәтеңкеңді біз тұмсық,

Сырғаңды тақ, шәліңді де ала шық?

 

Көз қариды қасың менен қабағың,

Бойың – бұла, қардай аппақ тамағың.

Мойыныма асылғанда білегің

Өзіңменен бірге естен танамын.

 

Естен тансақ күн шықпастай, таң атпай,

Баз кештірер соққан сағат санатпай.

Құр сүлдемді әкетесің сүйретіп,

Өзге төмен етектіге қаратпай.

 

Қарай алмай көп жүремін саған да,

Себеп-салдар таба алмай мін тағарға.

Соқыр, мылқау қараңғылық баспасын.

Жарқырай түс! Жарық күнім, жоғалма!

Жүрегімдесің, жанымдасың – санамда!

 

Менсіз қайғы-қасіретің арта ма,

Сырғақ суық, шәлің ауыр тарта ма?

Сенсіз жылы алақаны көктемнің

Аяздайын бататындай арқама!

 

Кешегі өңім бүгін бейне түсімдей,

Жатырқайсың жаңа көрген кісіңдей –

Жабырқайсың, қарайсың сен шошына

Өзіме де, сөзіме де түсінбей.

 

Жанығасың, қамығасың қыстанып.

Тозағыма, тамұғыма ысталып.

Анастасия, Настя, көңіл-көгіңнен

Тамшы жас боп Россия түсті ағып!..

III

Құлай сүю келмейтұғын қолынан,

Сақта, тәңір, адамзаттың қорынан!–

Одан-дағы кеткен дұрыс айдалып

Ақ тұтқыны қызыл әскер соңынан!–

Ұлы Арман мен Ұлы Жеңіс елі үшін

Күрескенде өле кетсем – налыман!..

 

Әлі талай қызынармыз, мұздармыз,

Бірде – өртпіз, бірде – дертпіз, ызғармыз.

Боздап іздер бағзы бота-күндерін

Сауулы інген желініндей сыздармыз.

 

Үн шығармай, тіспенен тіл кесерміз,

Түсініспей, түңілісіп, өшерміз.

Долданармыз, дүлей желдей есерміз,

Домалармыз, қаңбаққа ұқсап көшерміз.

 

Көктем өткен,

Жаз келгенде қыс көшкен,

Шолжайыпсың атауыңды ішпестен.

Шаңқай түсте шаққыламай пістеңді,

Кәні, шапшаң түс төменге, түс пештен!

 

Қанша заман соңғы сауық құрғалы?

Таңдай кеуіп, тамағым да құрғады..

.. .Енді сенің қажетің жоқ деймісің.

Сайқал неме – сақиналы, сырғалы!..

Аударған: Иранбек ОРАЗБАЕВ

 Елге сапар

Зымырайды болат жолдар жарысып,

Жатыр сұр құм оранып ап тұманға.

Күлді көктем кең өлкемен табысып,

Көк күмбезді Түркістаным тұр алды.

 

Қалып қойды ауыл оты қапталда,

Біздің состав кетті де асып белеңнен.

Болат жолдар тап осынау шақтарда,

Көктем нәрін қана жұтты дер ем мен.

 

Мұз бүркенген ақ бакс таулар күйінді,

Қасарып барып-барып жол берді.

Байтақ ел бір түйді мықты түйінді,

Кімдер қайтып шеше алады оны енді.

 

Көк тер болып өткен біздің күн үшін,

Обасы көп, көні кепкен жер үшін.

Тоқтатпасын енді бұлар жүрісін,

Тойлай берсін ертелі кеш жеңісін.

 

Терістіктің шұғыла нұры құйылған,

Обьта жүзсе алып-алып сең егер.

Тянь-Шань тауы бөктеріне қиыннан,

Жол сап пойыз жарыса ағып жөнелер.

 

Ақ айдынды жойқын Балқаш қамысын,

Мекен етсе ертеде тек жолбарыс.

Естіді әлем Түріксібтің дабысын,

Шыңдарды асып аттанғаннын жолға алыс.

 

Түйе жүріп өткен жердің соқпағы

Кетті жайнап, жемісті ағаш гүл атты.

Жарқырайды вокзалдардың оттары,

Туған елге салют берген сияқты.

 

Алтын таулар асқақтады қырманда,

Аппақ мақта үлбіреді бұлтқа ұқсап…

Осынау бір көп жасаған қырларда,

Күлді солай жаңа заман от құшақ.

Аударған: Сапарғали СЫРЫМБЕТОВ.

 Мұқан Башметовтің өлеңі

Орыс қызы! Кеткенің бе шынымен!

Кеткенің бе қарамастан арқаңа!?

Сүйіктіңе… оны қайдан біліп ем,

Әлде үйіңе… қайдан білем бұны мен,

Әлде бәлкім… беймәлім жақ тарта ма?!

 

Өткенде анау толқын жуған көбік кіл

Бәрін шешіп жол екіге айырылды, –

Кете бардың абыройды төгіп бір,

Қарғыс атқыр – қайтарғым-ақ келіп тұр, –

Қарғыс атқыр, ер едім ғой айбынды.

 

Арғымағым реніштен мынадай

Шұрқырар ед, жібермеді ауыздық.

Ол күтеді жарқырар деп шырадай

Жалына өзің таққан лента-тамыздық.

 

Не істеу керек? Қалай өтсем? Білмеймін.

Кең даланы меңіреу мұң тұр басып.

Шоқ-шоқ дей ме, намыссыз деп тілдей ме,

Жерге түскен кез-құйрық құс сұлбасы.

 

Жалғыз көршім сол ғана ма… сенбеймін.

Өлтірсем бе? Кінәлі ме ол бірақ, –

Одан гөрі өзім неге өлмеймін,

Екі қолым бұрымыңда қалтырап.

 

Өзімді-өзім өлтірсем бе, күдіктің

Бірақ шешіп сауалы мен жауабын?

Тыныштықты табарымды шын ұқтым,

Бірақ сені қайдан, қалай табармын.

 

Қайраттымын, – қарғыс атсын қуатты!

Ерде тікпін – қарғыс атсын ерді де!

Кеттің алып жаныма сеп шуақты,

Үміт оты шынымен-ақ сөнді ме?!

 

Сезем бірақ кетуіңнің себебін,

Сол үшін де өртенемін ұяттан.

Қамшыдайсың арқаға уын себетін,

Ру ара араздықты оятқан.

 

Сондықтан да бет түзедің батысқа,

Басқа желге омырауың төседің…

Қатысың не бірақ ондай шатысқа

Қайта оралсаң, жаным, бәрін кешемін.

 

Өр едім мен, ездік ермен ойнар ма,

Көп ішінде ерекпін деп ойлайтын!

Мың сан құрым жұрт жиналған тойларда

Бұқаларды жығып салып тойлайтын.

 

Қызғаныштан айналғанда жауға дос,

Өрекпитін жайым бар-ды он есе.

Көншімейтін көкпар тартсам делебем.

Ақсақалдар ер екенсің демесе.

 

Даңғой басым, қане, қашан шаршап ең

Жігіт едім сезімі ұшқыр, тілі өткір.

Сүю жайлы шығарсам да қанша өлең,

Құшағында қалай қалам, білмеппін.

 

Айғырлардың кісінеген үніне

Байталдардың құмығыңқы үн жауабын,

Екі ортада сезім оты жанарын,

Естіп, көріп жүрсем-дағы күніге,

Сезінбеппін тырналардың тырауы

Екендігін қоштасар сәт жылауы.

 

Арамызға үшкіл тырна тізбегі

Тұр қадалып, тағдырымыз бұл енді…

Мұқан! Мұқан! Заң қатал ғой біздегі,

Қалай елге көрсетесің төбеңді.

 

Иә, иә, ән боп желпіп өттің сен,

Сұңғақ, әсем һәм аяулы қалпыңда.

Қызарушы ең ұялып не көп күлсең,

Мазақтаушы ең ойға батып жөткірсем,

Одан бір сәт кеміген жоқ даңқың да.

 

Құюы алтын жүзігіңнің көзінде,

Жатушы еді-ау күллі ғалам өртеніп.

Сол жүзікте бір сыр барын сезінсе,

Жаным қоя беретұғын дерт еміп.

 

Бәрі есімде! Еске алуға жоқ күшім!

Күн өтуде естелікпен ғана тек!

Жаным, рас енді маған жоқпысың,

Көзіңе ұқсас еді-ау, шіркін, ана көк.

 

Көңілде мұз… Туған ауыл шетіне

Келіп тұрмын. Қан жылайды жүрегім.

Қалай қарайым туған-туыс бетіне,

Қайран ауыл, саған қалай кіремін?

 

Міне, бір қыз бара жатыр су алып,

– Амансыз ба, – дейді. Шындық мұнысы.

Жылы сөзге жан сезімім туралып,

Кетті атқақтап жүрегімнің ұрысы.

 

… Тағдыр тезі тағы қанша созылар,

Қаракөз-ай, жағдайымды сездің бе?

Жан-жүректі жылататын кезі бар,

Кейде осылай тілегі ізгі сөздің де…

Аударған: Әмірхан БАЛҚЫБЕК.

Добавить комментарий