Бүгін Алматыда «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының жеңімпаздары марапатталды. Биыл «Айбоз» сыйлығына 7 номинация бойынша 176 өтінім түскен. Олардың арасында, қазылар алқасының шешімімен «Махамбеттің өлім жазасы» романының авторы Бекет Қарашин «Үздік проза» номинациясының жеңімпазы атанды, «Үздік поэзия» номинациясында – «Айкөркем» балладасының авторы Маралтай Райымбекұлы жеңімпаз болды. «Үздік драматургия» номинациясында ең көп дауыс Думан Рамазанның «Әзірет Сұлтан» пьесасына берілді. «Үздік балалар әдебиеті» номинациясында Төкен Әлжантегінің «Қызықтың бәрі ауылда» шығармасы үздік деп танылды. «Үздік әдеби сын» номинациясында Жүсіпбек Қорғасбектің «Сайтанның ойыны» еңбегі марапатқа лайық деп табылды. Жаксылык Сабитовтың «Жошы хан» жұмысы «Үздік комикс» аталымында үздік болды.

Ал, «Үздік әдеби аударма» номинациясы бойынша халықаралық деңгейдегі аудармашы, қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ұстаз Рауза Мұсабаева неміс жазушысы Э.Хуммельдің «Таң жұлдызы» романын қазақ тіліне тәржімалап, жеңімпаз атанды.

Рауза Мұсабаева – Алматы педагогикалық шет тілдері институты (бүгінгі Абылайхан атындағы Әлем тілдері және халықаралық қатынастар университеті) неміс тілі факультетінің түлегі. Ол бұған дейін неміс жазушысы Э.Хуммельдің «Берлин балықтары» романын, Швейцариялық жазушы Франц Холердің «Елең ғұмыр» романын, Германия, Австрия, Швейцария, Франция жазушыларының және ресейлік неміс авторларының көркем шығармаларын, новеллаларын, әзіл әңгімелерін, 20 детектив, «Таңғажайып глобус» ертегілер топтамасын, балаларға арналған 43 суретті ертегі кітапшасын, көптеген танымдық дүниелерді, қанатты сөздерді аударған.

«Gold Cinema» компаниясының тапсырысымен 4 деректі фильмді қазақшалады. А.Рембестің «Шарасыз бала күтуші» әзіл әңгімесінің аудармасы «Аудармалар топтамасы» жинағына енген. «Самұрық» антологиясына («World&Steppe» баспасы, Алматы, 2022ж.) енген өлеңдердің аудармашыларының бірі.

Берлиндегі (Германия) көркем шығарма аудармашыларының Жазғы әдеби коллоквиумының стипендиаты (2009 жыл), Цюрихтегі (Швейцария) «Аударма баспалдақтары» грантының үш мәрте (2011, 2015 және 2018 жылдары) иегері. Германия, Ресей және Қазақстан арасында өткізілген «Із қалдыру» онлайн-байқауындағы (2021 жыл) «Көркемсөз оқу шебері» номинациясының жеңімпазы.

Қаламгердің аудармалары, мақалалары республикалық басылымдарда жарық көріп, оқырмандардың үлкен сұранысына ие болды.

Добавить комментарий