Бүгін – ақын, жазушы, аудармашы, журналист Сүлеймен Баязитовтің туғанына 80 жыл толды. Марқұмның соңына қалдырған шығармашылық мұрасы ұшан-теңіз. Соның бір парасы – балаларға арналған шығармалары.

Ақынның осыған дейін балалар әдебиеті саласында жазылған «Жасыбай батыр», «Малайсары батырдың соңғы әзілі», «Бала Мәшһүр», «Шоң би» атты жинақтары, «Бәлду-бәлду – бәрі өтірік» деп аталатын ертегілер кітабы жергілікті жас оқырмандардың сүйіп оқитын туындыларына айналып үлгерді. Сондай кітаптардың бірі  «Біздің таулы өлкеде» деп аталады. Оған ақын өмірінің соңғы жылдары жазылған балаларға арнаған өлеңдері,  жаңылтпаштары, мысал өлеңдері, жұмбақтары, ертегі-аңыздары, көлемді поэмалары және ән мәтініне лайықталған өлеңдері  енгізілген.

Абай хәкім айтқандай, «Туғанда дүние есігін өлеңмен ашатын» Алаш баласы үшін білім алудың алғашқы көзі – тұрмыс-салт жырларында, өлең сөздерде жатыр. Ертеден ертеңге дейін жалғаса беретін ертегі, өтірік өлең, ат тергеу, аңыз әңгімелер, санамақ, жаңылтпаш, жыл қайыру, мысал өлеңдер, жұмбақ өлеңдер – соның айғағы. Осы дәстүрді дарынды жазушы түрлендіре құлпыртып, қисынын келтіріп, сәтті жалғастырған.

«Тілтаным» топтамасында ана тіліміздегі сөздердің этимологиясы өлең формасында беріледі. Араб, парсы, иран тілдерінен сөздік қорымызға енген сөздер мен ұғымдардың мағынасына танымдық тақпақтар арқылы түсіндірме жүргізіледі. Мұндағы кез келген өлеңді қазақ тіл білімі саласын оқыту барасында қосымша хрестоматия ретінде қолдануға болады деп батыл айта аламыз. Ақынның өзі жырлағандай, «танығанға тіл дегенің – білім ғой».

Тіл – тірі организм. Ол жетіліп, дамып, өзгеріп, жаңарып отырады. Ал жазушы – сөз тудырушы адам. Сүлеймен Баязитовтің қолымыздағы жинағында жаңа сөздердің жасалу тәсілдері жыр жолдарымен шебер өрнектелген. Жаңа сөз тудырудың бірнеше тәсілі бар: жұрнақ арқылы, екі сөзді біріктіру арқылы, екі сөзді қосарлау арқылы, екі сөзді тіркестіру арқылы жасалады.

Өмірде бейнетқорлық, жазуда еңбекқорлық кешкен қаламгер  «Сөзжасам» сынды күрделі тіл саласын «Тың сөз жасап көрейік» өлеңі арқылы бала санасына сай етіп сіңіре білген.

«Енді «На-ға» келейік,

Тың сөз жасап көрейік.

«Н-ны» жазсаң, «Нан» деген.

Алмастырсақ «Қ-менен»,

Сөз шығады «Қан» деген.

Осы шығар, сірә да,

«Әр сөзде бар мән», – деген».

Мектеп бағдарламасына қосымша ретінде жүретін пәндік үйірмелер мен өнер үйірмелері сабақтарында, «Ақындық мектептерде», баланы мектепке дейінгі дамыту орталықтарында Сүлеймен Баязитовтің  «Дұрыстап оқы», «Ұйқасын тап», «Әліппеден таныс әріптер», «Тілашар», «Әріптерді орнына жаз», «Септік. Одағай. Жұрнақ», «Жұмбақтар» және т.б. өлеңдері пайдаланылса, оқушы да оқытушы да опық жемейді.

Жұмбақ өлеңдері жұп-жұмыр, баланың тілі мен ұғымына жатық. Мысалы:

«Шөлің  қанбас ішпесең,

Кірің  кетпес  түспесең» (Су).

 

«Темір  қолды   бір  алып,

Берді   бізге  үй   салып» (Кран).

 

«Қос еріні темірден

Қорықпайды оттан, көмірден»  (Шүмшеуір).

 

«Қыс-жазы мұз құрсанады,

Көп жүріп аз дем алад,

Ол барында үйдегі

Бүлінбейді еш тамақ» (Мұздатқыш).

Ұлттық танымға сай жазылған математикалық мысал есептер қазіргі оқулықтарда  сирек кездеседі. Оның озық үлгісін ХХ ғасыр басында-ақ Алаш арысы, қазақ халқының қайраткер ұлы Міржақып Дулатұлы «Есеп құралы» оқулығында шебер берген. Ал оны өлеңмен өрнектеу – Сүлеймен ағаның тамаша шығармашылық табысы.

«Есепке қалайсың?

Неше мүйіз танада,

Неше табан шанада.

Айта қойшы сана да» (Екі мүйіз танада, екі табан шанада).

 

«Қарақаттың литрі

25 теңге тұрады,

75 литр сатсаң сен

Қанша ақша шығады» (1875 теңге).

Аталмыш кітаптың «Атамекен» бөлімінде жердің киесі жырланса, «Тұлғалар» бөлімінде елдің иесі деп санауға лайық Мәшһүр Жүсіп, Бүркітбай, Сәбит Дөнентаев, Олжабай батыр сынды қайраткерлер сан қырынан суреттеледі.

Жинаққа енген аңыз-әңгіме өлеңдер, көлемді поэмалар, өлеңмен жазылған ертегілер өз оқырманын табары сөзсіз.

Бұл кітапты болашақта қолына алатын бала оқырмандардың Сүлеймен аталары жазған «Айдарбектің қасиетті Бала қыранынан» үлгі алып, кекті қыран емес, текті қыран болып өсіп жетілетініне сенемін.

Айбек ОРАЛХАН.

Добавить комментарий