(Ақын Таңат Ахатовтың «Қасиет» жыр жинағы жайлы сөз)
Соңғы уақыттарда ғылым қатты дамып, сан қилы технологиялар ашылып, адам санасы көжиегі кеңіп, түпсіз тереңді де барлап, бас айналдырар биіктерді бағындырып, жайлаған жұмыр Жер бесігімізді жайлауымыздай танық, жамылған көк аспанымызды алақандағыдай анық еткені мәлім. Десек те осыншама білімді, құдіретті адамның жұмбағын жартылай да шешіп, құпиясына бойлай алмай, меңгере алмай жатқан әлемі – өз жаны, ғарышы, жүрек ғаламы. Ай, алдағы ғасырларда да саналы екі аяқты жануарлар бұл тылсым ғарышты, сұмдық алысты толық танып, игере де алмас. Неге дейсіз бе?! Мұның басты себебі – ең күрделі де ең көрікті бұл әлем – адам жаны, ақыл білегі, рух жүрегі жалғыз жаратушы Тәңірінің, ғаламат құдіретті Құдайдың еншісіндегі дүние. Сондықтан да – мың жерден жасанды интелекті жетілдір, жаңа түгіл нанотехнологияңды жұмса, тереңіне ене алмайсың, жалғыз жол – шын, нағыз, толық Адам болу (Абай), яғни тәңірі тектес, Құдай құдіреттес Адам болу арқылы ғана жұмбағын шешіп, нұрлы да сырлы құпиясын халыққа ұсына аласың.
Ал, осынау жалғыз жолға түсудің өзі оңай еместігі, тіпті өте қиын екендігі айтпаса да түсінікті. Алаштың ақиық ақындарының бірі Қадыр Мырза-Әлі айтқандай:
«Адам боп оңай туғанмен,
Адам боп қалу көп қиын» екендігі өз алдына, шынайы Адам болу тек (тарих), білім, заман тудырған ахуал тәрбие (өзің ұлттық, ұлыстық адамгершілік) керектігіне қоса Талант керек. Мәселен, ғалымдық, қайраткерлік, қаламгерлік. Айтпақшы, осы талантың тек арқылы беріліп, білім, тәрбие, еңбек арқылы жетіліп, қалыптасады. Мұнда отбасыңа, қоғамыңа қоса адамның жеке басының қайтпас мақсат, қайсар мінез, талмас тер төгушілік қасиеттері де шешуші мән-маңыз атқаратын дәлел тілемейді.
Бұл айтылғандардан байқап, бағамдасақ, алдымен аңғарарымыз – тек (талант) адамда бар болса бар, жоқ болса жоқ. Ал ол қашанда туған жерге тамыр тартып, сол жерге тартып қалыптасқан, яғни өзің өніп-өскен елден дің көтеріп, бұтақ желек жарары ақиқат. Осы тұрғыдан келсек, осы мақаламызды жазуға себеп болған ақын Таңат Ахатовтың қазақтың ежелгі де ерекше құтты қоныстарының бірегейі – Баянауыл жерінде туған, Егіндібұлақ ауылындағы мөлдір қайнарға бетін жуған сұлулық пен сырбаздық белінде шалғын кешкені, батырлар мен ақындар елінде өскені, оны адам етіп тәрбиелеп, азамат ақын етіп түлеткені өзінен-өзі белгілі десек, онша асырып айтпаспыз, сірә! Жалпы, жері қасиетті, елі ерен, тауы сұлу, көлі мөлдір Баянауылда туып-өскен, егемен Қазақстанда ғұмыр кешкен пенденің жаман болуы, басқа адамдарға оғаш сөз айтып, қиянат жасауы ақылға сыймастай көрінеді. Олай болса ақын Таңаттың туған тауына, бақша-бауына арналған «Баянауыл» өлеңімен алдымен және толық таныссақ орынды:
Жетуге талайларды асық қылған,
Атағың бар Алашта асып тұрған.
Баянауыл, қасиетті жерім менің,
Әр тасы адамзатты ғашық қылған.
Ақбеттауым бұлтпенен қол ұстасқан
Жасыбайым сұлулықпен сырласқан.
Ай жарықта Сабындыкөл тамаша,
Сурет салған сәулесімен түнгі аспан.
Қалмаққырған Қызылтаудың арасы,
Тарихтайын сыр шертетін бағасы.
Тал бесіктей Баянауыл көрінген,
Тауы жастық, жөргектейін даласы.
Жемісің көп дертке шипа тауыңда,
Табиғатың ырзық берген қауымға.
Жұртың жомарт қонақ келсе, шабылған,
Не жетеді сендегі бар ауылға.
Сылдыраған суы балдай бұлақтар,
Жасыл желек жағасында құрақтар.
Сұлу қыздай ақ қайыңдар билеген,
Қарағайың – қайраттылық сыр ақтар.
Ұлылардың мекенісің – Баяным,
Келбетіңе қалайша мен тоямын.
Анамдайсың, ардақтысың, туған жер
Балаң болып саған құшақ жаямын.
Асылы, тәтті де ащы өмір, жалпақ дүние егіздіктен тұрады, үшпен бітеді, төртпен түгелденеді. Жақсылық пен жамандық. Ақ пен қара. Күн мен түн. Тақ пен жұп. Алайда өмірді адамға біткен көңілді де тек егіздікпен өлшесек қателесеріміз өз алдына, опық жейміз. Олқылықтан көз ашпасымызды айтпағанда, омақасамыз. Табиғаттың да тіршіліктің де негізігі заңы осындай. Міне, сондықтан да жақсы адамдарға қоса жаман адмадар да жеткілікті, ал осылардың ортасында жүрер жақсылығы да жоқ емес, жамандығы да аз емес надандар қаптап жүр ғой. Бір мен екіні қоссақ үш болатынындай, ағарып атып келе жатқан таң, жарық пен қараңғының шекарасы емес пе: күйіп-сүйе алмайтын бейтараптық зұлымдыққа ұштасып жатса, адамды өліп-өшіп сүйдіретін махаббат – сәбиге табалдырық аттататын жаңа өмірдің есігін ғана емес, қам-қаракетті жасатар сегіз қырдың, жан жадыратар сырдың, күллі өлі-тірі дүниені жақтап, сақтап тұрған нұрдың да, ақын-адам жүргінен сәуле боп төгілер жырдың да бесігі.
Бұдан ары пәлсапаға салына бермей, нақтылыққа көшіп, қазіргі елдігімізді сақтап, алға бастырып келе жатқан тек жақсы қасиеттер: адал еңбектің жемісі, махаббаттың жеңісі екеніне бақсақ, Таңаттың мына «Баянауыл» атты өлеңі – осы жолдағы халқымыздың жарқын жетістігіне жазылған кезде де бір үлес қосқан, қазір де «нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрегіне» сұлулық үстер, сәуле қосар туынды деп білеміз.
Мәселен, сіз бұған дейін Баянауылда болған жоқсыз. Алайда Таңаттың осы өлеңін оқығаннан кейін елең етеріңіз, Ақбеттау мен Сабындыкөлді көргіңіз келетіні анық. «Тауы – жастық, даласы – жөргек жер». Қонақжай, қайыңы мен қызы, жігіттері мен алтын күзі сұлу ел. Демек, ақынның жырын жүрегіңізбен қабылдап оқысаңыз, Баянауылға барып-қайтқандай күй кешеріңіз күмәнсіз ғой.
Байқайсыз ба, жер сұлулығы – перзенттрін сұлулыққа баулып, баурап қана қоймай, нешетүрлі күпірлік, көргенсіздік қасиеттерден де арашалар айрықша қасиет. Біздің бірден мұндай жайларды бөліп, баса айтып жатқан себебіміз – ақын Таңат Қуанұлы жыр кітабын «Қасиет» деп атап қана қоймай, күллі затын да туған жерінің, ел ерлерінің сұлу да нұрлы қасиеттерімен қауыштыруға құрыпты. «Ұстаз деген – ұлы есім», «Ақ бата», «Дүние ақ түсімен жаңартады», «Наурыз», «Ана тілім – ардағым», «Туған жер», «Егінді бұлақ ерлерін ел ұмытпас», «Кесене басында туған ой», «Үкі», «Бурыл ат», «Егіз лақ», «Қақпан мен қасқыр», «Әжемнің қара қазаны», «Ақ махаббат», «Сүйгенім – ерке сұлуым», «Анашым», «Жасай бер, елдің жігіттері», «Тау тұлғалы Ахмет», «Әкеге тартып ұл туған», «Академик кабинетінде», «Ерлердей еңбек еткен Ермеке ана», «Бақытты бол, Гүлнұрым», «Қасиетті мекеннің шырақшысы», «Қаныш ғалым ел бағына жаралған», «Даланың данышпаны Мәшһүр Жүсіп» т.с.с. тақырыбына сай қазақы қасиеттерді қозғаған, нысанасы мен кейіпкерлерінің жақсы қырларын ашқан, олардың шарапаты мен шуағын оқырманға шашқан өлеңдер. Түгелге жуық татымды, тартымды туындылар.
Дастарқанға қонағың бата берер,
Батамен жақсылықтың бәрі келер.
Ырзық пен ел дәулетің судай тасар,
Разы болса, үйіңде қонақ егер.
Ақынның «Ақ бата» деген өлеңінің бір шумағы. Рас па? Рас. Өйткені «Жақсы сөз – жарым ырыс». Жақсы бата жарты іс, ризық пен дәулеттің бастау көзі.
Қар еріп, сай-салаға суы кетіп,
Жыл құсымен көктем де келді жетіп.
Жаңа жыл қазағымның әз Наурызы,
Той қылды ұлыс күнін дүбірлетіп.
«Наурыз» өлеңінен үзінді. Наурыз көжедей дәмді жыр. Мұнда табиғаттың сыры да, сыйы да жатыр. Әз Наурыз – шын Жаңа жыл. Күн мен түннің теңелген, ұлыстың жаңалық пен жақсылыққа кенелген күні. Бұрынғы замандарда нақ осы күні елдер арасындағы соғыс та тоқтаған болса, берекелі мереке – болашағымыз үшін бұдан артық қандай қасиет қажет.
Құбылаға құлап, асыр салады бұлағың,
Жайқалып жатыр кілемдей болып құрағың.
Мөп-мөлдір шәрбат суыңды ішіп, шөл басып,
Тасыңда ойнап қанғанша аңсар, құмарым.
Бұл – жай, көп бұлақтың бірі емес, Егіндібұлақ. Шамасы, бидай өсіп, сарғайып астық пісетін жер. Бала Таңат, бүгінгі дара Таңат туған ауыл осы. Бұл ауылдағы келесі бір құнды қасиет – Таңат балаға әке өсиеті, тәлім-өнегесі, домбырасыз қазақ қалай санатсыз болса, жылқы, атсыз да – сондай қанатсыз. Әке жас ұлын атқа мінгізеді. Үзеңгіге аяғы жетпеген бала көбінесе желдірткен, кейде аттан жығылып қалады.
Әкем сонда күлетін, ұрыспайтын,
Ауып кеткен ерімді дұрыстайтын.
«Тізгініңді тартып ұста!» – дегеннен соң,
Өзінше бір күрсініп, тыныстайтын.
Бұл күнде Бурыл ат жоқ, жолы жатыр,
Әкем жоқ, ал өмір ұланасыр.
Сүріндірем деген көп Бурыл атты,
Құламай ұлың бірақ келе жатыр.
Жігіт болдым сөзіңді енді ұққан,
Дегендей болдың ба, әке: «Заман, мықтан»
Бурыл аттың үстінде өмір – тұман,
Тізгінімді тартып келем жамандықтан.
Есейген ер Таңатты өмір сүруге әке қалай үйретсе, бұрыл ат та солай үйретті десек жаңылыспаймыз. Адам-азамат Таңат түрлі қасіреттен қалай-тізгінін тартып, сүрінбей келе жатса, тіршілік тірегі жақсылықтарға солай шылбыр ұстатып, еліміздің өрге басып өркендеуіне солай ісімен де, жарқын ісі – жырымен де солай жәрдемдесіп келеді.
Ана. Дала. Ана тілі. Дала ділі. Ислам діні. Тарих үні. Баянауыл бедерлері. Егінді бұлақ ерлері. Байқұба. Ащыбұлақ. Дала, Ерейментау жерлері. «Қаныш ғалым ел бағы үшін жаралған». «Қарала ат жал-құйрығы таралған». «Даланың данышпаны Мәшһүр Жүсіп». «Ол әулие болғандай көктен түсіп». Таңаттың жинаққа енген келесі кезекті өлеңдерін оқысаң да, осындай бойларға, сойларға жолығып, автордың жыры мен сыры туындатқан ойлар андыздап, қымбат қазақы қасиеттер мен шайыр Мәшһүр Жүсіп, әйгілі Шоң би айтқан өсиеттер санаңа оралып, жалғаса береді.
Дана Мәшһүр Жүсіп, шандоз Шоң би демекші, жыр кітабын ақынның «Қасиет» атты дастаны аяқтаған. Тағы да қасиет. Көптік жалғауы тіркеспесе де, кешегі сері халқымыздың мағыналы ғұмыр кеше білген, шадыман көңіл көтере білген ас-той өткізуге қатысты керемет салт-дәстүрін, әрбір қызын аруға, қайсыбір жігітін де қыранға айналдырған әдет-ғұрпын паш еткен поэма. Шамасы, ақын Таңат Мәшһүр Жүсіптің Шоң биге қатысты жазба дерегімен танысып шабыттанып қолға қалам ұстаған.
Әрине, нысана Арқа жері, Баянауыл елі. Арғын қуандықтар үш жүзге сауын айтып, ұланасыр ас-той өткізеді. Дау жоқ, мұндай ұлы жиын-тойға нөпір халық жиналады. Ұлы даланың әр қырынан қонақтар ағылып, өнерпаздар мен сайыпқырандар келеді. Өйткені мұндай халықтық бас қосуы, саба-саба қымыз ішіп, табақ-табақ ет, қазы-қарта жеу ғана, неше түрлі жарысты, сайысты қызықтап, әсем ән естіп, жақсы жыр тыңдау. Бұған қоса ең бастысы жігіттік күш-қайратты сын асып, жауынгерлік жаттығу өткізу. Яғни жер дауына қоса, қапыда тап берер жауға да дайын тұру. Қазақ «жау жоқ деме, жар астында» деп неге айтқан дейсіз.
Сонымен, Қуандық елінің жиын-тойы жақсы өтті. Баяғы замандағыдай «отыз күн ойын, қырық күн тойын» болмағанмен, бәйге шабылды. Балуандар күресті. Ақындар айтысты. Өзге де сауық-сайран түрлері қаншама. Сонда кім озды, қай жұрт жеңді. Тас-түйін дайындықпен Шоң би бастап барған Сүйіндік елі жігіттері жеңді, озды. Ат жарысынан Қарала ат бірінші келсе, күресте Жаман балуан дес бермеді. Ал, сөз сайысында сүйіндік Сақау ақын төске өрледі. Бұл жағдайда өздері ас өткізіп, барын да, нарын да салған Қуандық елі қалай намыстанбасын. «Қарала ат жолдан қосылды» деп дау шығарғанмен, Қарала ат екінші реткі жарыста да топ жарды. Бәрібір мұндай кездерде өкпе де, өкініш те айтылады. Қонақ Шоң бидің қасында жүрген Қуандықтардың атақты байы Сапаққа ағайындары наз айтады. Алайда елдік жол-жораға берік Сапақ бай әділдіктен аспайды, тура сөзден қашпайды.
Сапақ бай күрсінді де орнында,
Мен қалдым деді Шоңның түсіп соңында.
Қайда барсам адасатын түрім бар,
Шамдай жарық берді Шоң би жолына.
Алды – жарық, соңы болған қараңғы,
Тәңір жаратқан Шоң сондай бағалы,
Аса бақытын зор қылып жаратқан,
Біз Құдайға болмайықшы назалы.
Амалсыздан Шоңның түстім жолына,
Бас иемін қасиетінің зорына.
Ұзын сөздің қысқасы, «Қасиет» дастаны атына заты сай деуге болады. Шоң бидің шалымдылығы, Сақау ақынның сұңқарлығы, Жаман балуанның атына кері затының алымдылығы, Қарала аттың тұлпарлығы – қасиет десең қасиет емес пе! Өсер жас ұрпаққа – келешек оқырмандарға өсиет.
Түйіп айтқанда, мен Таңат Ахатовтың жаңа жыр жинағымен толық танысқанда сезінгенім – сұлу Баянауыл жеріне, еліне барып қайтқандай болдым. Бұрын болғандағы көргендерім жаңғырып, Жаңа әсерлер алдым. Рухани бір байып қалдым.
Жастарға ұғындырған сөздің парқын,
Ақындықпен халқына болған жақын,
Домбырасын қолға ұстап күмбірлетіп,
Елге жырын арнайды Таңат ақын.
Жаңа жырлар жаза түс, Таңат ақын. Лайым жүздесуге жазсын, Тәңірім.
Бақыт САРБАЛАЕВ,
жазушы, әдебиет сыншысы,
Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері.