Аймақаралық «Көркемтай» прозалық шығармалар байқауы

Жантас ЕРКІНҰЛЫ,

Павлодар облысы, Ақсу қаласы, Қызылжар ауылы.

 Егін алқабының жиегімен серуендеу

 (әңгіме)

Мен мұнда «Maius» айында келгем. Римдікттер жылды «Mārtius-та» бастайды екен. Бірақ маған «Junius» айы ғана ұнайды. Қалай айтсам екен, орта көктем болғаны үшін емес, лавр жапырағы гүлдейді – сол үшін. Мұнда бір топ лавр жапырағы өсетін талдар бар. Оны кім, қашан әкеліп отырғызғаны беймәлім, әйтеу арпа ішінде бір бидай ‒ қарақошқылданып, алыстан баяу мұнартады. Мен түс ауа ұйқымнан тұрып сол талдарға дейін жаяу барамын. Кейде жетпей орта жолдан қайтамын, кейде жетіп жығылып, саясында сүт пісірім уақыттай жапырақтардың сыбдырын тыңдап отырамын.

Қазір қоңыр күз. Сар сабандар мен кепкен қурайдың сықырынан басқа далада үн жоқ. Әр жерде шөкім-шөкім бұлттардай шөптер үйіліп тұр. Жер жалаңаш қалғанда аспан да анық көрінетін сияқты. Қара суық етекке түсіп, ойпаттарды жағалап жүр. Кейде алқызыл таңда темекі шегіп тұрам, кейде күлгін кешке ойсыз көз тастаймын. Осындайда Ертіске қарап қармақ салған масаң орыстың жанында отырсам ғой деймін. Бірақ ол жақтан тек қайтқан құстардың дауысы ғана талып жетеді.

«Энейданы» жазғанда Вергилий ақынның ана өмірді ойлап бас қатырмағаны мені таң қалдырады. «Бірақ шынымен ана өмірде не бар екені кімге керек? Элладалықтар да күйреді ғой!» дейді бір ойым. Әйтсе де мына өмірдің сұлу әрі тәккаппар екендігі маған әлі ой салады. Әр таң сайын алқызыл бұлттарға қарап сол ойды шегемін.

«Augustus-те» бәрі жақсы еді, «…айналып күзге барам ба?» деген күмән жанымды жегідей жейді. Дүние астаң-кестең боп, су сарқылған соң адырларға қарау да ақымақтық.

Маяларды өртегім келеді. Әр кеш сайын лавр жапырағы талдарына бара жатқанда сол жайлы ойлаймын. Сүйретпе арбасын толтырып, дырылдақ трактор келе жатады. Қалтамдағы оттықты сырт-сырт басып, жанымнан жанаса өткен арбаға от қойғым келеді. Отқа оранған Трояны есіме алып…

‒ Егіннің ортасымен жүрме, шетімен жүр! ‒ деді кәрі тракторист терезден басын шығарып, ‒ Шөпті өртейсің!

Бұл ауылда өмір сүру аса қуанышты жаңалық емес. Ауыл ортасындағы су мұнарасы, қираған құс фабрикасы, тың игеру жылдарынан қалған бірлі-жарым темір соқа ‒ күнде көзіме түсетіндері. Дәл бір осы ауылда осылардан басқа танысым жоқ сияқты. Төртеуміз де ойдым-ойдым егін алқабында қалған іздерге қарап, тарих жайлы ойланамыз. «Неге сонша бақытсыз болуға құштар болдық?!» дейміз сосын күбірлеп. Әлі шөп баспаған жолдар туралы ғана жазуға болатын шығар. Жазу демекші, өмірге келген соң, адам боп күн кешкен соң бірдеңе жазу керектігі мені жиі мазалайды. Неге жай ғана ауыл мешітінің көк күмбезіне қарап өмір сүруге болмайды деймін. Неге лавр талдарына дейін жалғыз аяқ жолмен барып, трактор жолымен қайтпасқа? Ештеңе істемеу де таңдау, дей тұрғанмен менің миым үнемі бірдеңе «жазу» қажеттігі жайлы ойланады. Вергилий де тыныш өмірді аңсаған болар, бірақ «патша» оны жайына қалдырсын ба.

Түске дейін оянсам, алты жасар Ажарды киіндіріп бала-бақшаға апарамын немесе жалғыз өзім қалаға трамвайды көруге барамын.

Ажар өзі бір қызық. Әпкемнің тұңғышы. Бес жаста. Киіміне дақ жұқса немесе мультфильмі тоқтап қалса жүгіріп келеді:

‒ Ауыстыр! ‒ дейді бұртиып. Мен оған жаңа көйлек кигізіп, теледидарды басқа арнаға ауыстырамын. Сосын киімге дақ жұға береді, каналдың тоқтап қалуы интернетке байланысты, онда тұрған ештеңе жоқ екендігін айтамын. Тіпті кейбір киімдерге дақ жарасатынын да қоса отырып, ең бастысы салдыр-салақ жүрмеу керектігін байыппен түсіндіремін. Ол көздері жәудіреп, сөзімді мұқият тыңдайды. Дәл бес минуттан кейін ұмытып қалардай… Тыңдап болған соң жаңағы дақ жұққан көйлегін сөреге ұқыптап, бүктеп қояды. Бірақ анасы келген соң қайта неге көйлегіне дақ жұқтырғаны жайлы «әңгіме» болады. Менің көз алдыма бала күнімізде анамның Мәкеге (сол әпкем) батпаққа құлап қалғаны үшін ұрысқан бейнесі келеді. Бәрі қайталанып жатқан сияқты.

Толысып ай туады. Кейде толыспай туады. Біреуді сағынғандай күй кешемін. Бірақ нақты сағынбаймын. Бір-бірінен аумайтын үйдегі үш мысық сияқты қираған тамдардың шатырында, ырғалған талдардың бұтағында отырамын. Кейде көзімді жұмамын, кейде ашамын. Бірақ бәрібір мына әлемді не көзіме, не қиялыма сыйдыра алмаймын. Менің де, менен кейінгі адамзаттың да өмірден осылай өтері қандай әділетсіз!

Егін алқыбының жиегімен жүру сондай іш пыстырарлық нәрсе. Кеберсіген итмұрын мен қарақаттан басқа ештеңе жолыма кездеспейді. Кейде кәрі тракторист жоқ па деп, жан-жағыма қарап алам да, бұрынғы сүрлеуіме қайта түсем, ал кейде шынымен шылым шоғы абайсызда шөпке түсіп кетпесін деп сақтанамын. Бір жақсы жері шет жағымен жүрсең, тоқтап қалған тоғандардан өз балалық шағыңды көруге болады. Жазда бұл тоғандарда бақаның құрылынан құлақ тұнатын. Қазір тып-тыныш – уақыты жоқ ғарыш сияқты. Лавр жапырағына баруды доғару керек шығар!

Ежелгі Грекияда лавр жапырағынан гүлтәж жасап, үздік драматург мен спортшыға кигізген екен. Қаншама бәсекелестер арасынан тек бір жеңімпаз ғана «Олимп Құдайларының сүйіктісіне» айналған. Бүгінде біз лавр жапырағын сорпаға қосуды ғана білеміз және үшінші орынды да жеңімпаз санаймыз. Қызық! Түр-түсін айтпаймын, бірақ меніңше лавр жапырағы пішіні жағынан кофе дәндеріне ұқсайтын сияқты. Бұл тек ғана менің пайымым. Гомер мен Вергилий қалай ойлағанын кім білсін. Олар тіпті егін жиегімен жүріп көрмеген де де шығар.

Оқырманнан кешірім сұраймын, әңгіменің әлқисасы «егін жиегі» жайлы болғандықтан «жиектеу» деген сөзге де жиі орала береміз!

Балалық шағымда, Баян-Өлке қазақтары қой қырқып, жүн сабап жататын. Орта шілденің сол күндері әуре-сарсаңға, ойын-сауыққа толы. Әжелеріміз біз жонып, сырмақ жиектейді. Әмбеге аян «қошқар мүйізден» бөлек, «қасқыр», «бұғы», «жебе» сияқты тотемдік таңбаларды сырмақ шетіне асқан ұқыптылықпен кестелеп кететін. Бірде Ұлан-батырдағы Ұлттық мұражайдан сол таңбалардың көне ғұн дәуірінен келе жатқанын көріп, бойымды өткенге деген сағыныш биледі. Сосын Торнайды есіме алдым…

Торнай деген – бұрымын гүлдеп өріп, екі жағына лақтырып тастап жүретін, томпыш, ұранқай қызы еді. Есіргу кезінде керей қазақтары жаппай «маңғолдан қыз алмаймыз!» деп Шегіртайдың арғанатындағы жерлес халыққа байкот жариялайтын тұста ауып келген. Әжем дөрбет болған соң, не қазақтарға, не маңғолдарға қан-жынын қоспай, оңаша отырамыз. Қыз ұзақ уақыт бізді паналап жүрді. Қозы-лақ жаямыз, тас табысып ойнаймыз, одан қалды Шегіртайдың иіріміне шомыламыз.

Суға сүңгіп шыққан Торнайдың жұп-жұмыр бөксесі мен жыландай керілген сүлік бұрымына қарап, жарқабақтан құлап кетердей толқып отырмын.

‒ Құлайсың! ‒ деді Торнай сықылықтап.

‒ А? ‒ Әдейі естімеген болам.

‒ Құлайсың! ‒ деді ол қайталап.

‒ Ал сен батасың! ‒ дедім гүрілмен жарысып.

‒ А-а-а? ‒ Ол да әдейі естімеген болады.

‒ Батасың деймін.

‒ Жақсы емес пе! Ешқайдан іздеп жүрмейсің. Осында келесің.

Торнай менен он жасар үлкен ағамды жақсы көрді, мен – Торнайды. Бұл сезімнің қайшы келмеген күні бар ма?!

Бірде Торнайды қару асынған екі сақшы сүлік қараға отырғызып алып кетті. Сүлік қара қос бұрымы да аттың сауырын жиектеп алды. «Жиектеу» жайлы айтқанда үнемі сол көріністер жайлы ойлаймын… Мәңгі…

***

Міне тағы егін жиегімен келе жатырмын. Аспан ашық, жер жазық. Тапсырыс берген кітаптарым почтаға келіпті. Қалаға барып соны алып қайту керек.

Өткен ай толық Достоевский мен Кафка шығармашылғын аяқтадым. Осы жолы келетіндер – көбіне Нобель сыйлығының лауреаттары: Э.Элинек, Дж.Кутзе, Г.Грасс, Т.Мориссон т.б. Нобель иегерлерін оқу да аса қызықты дүние емес. Көп жағдайда мезі етеді. Бірақ Маңғолияның шағын қыстағында өмірге келген әрі өмірінің көп бөлігін көшіп-қонумен, күйсіздікпен өткізген адам ретінде маған жаһандық жетістікті қуып жету аса оңайға соқпасы анық. Осы тұрғыдан өзімді кейде Мартин Иден сезінемін, кейде Антуан Роконтенмін бе деп ойлаймын. Қалаға барар жолда бір топ зираттар бар. Сол арқылы өзімнің ажалды екенімді есіме саламын. Бірақ ол әлем әзірге маған қолжетімсіз.

Алысқа кеткен ақ кемелердей жайылымдық жерден кірпіш зауытының мұржалары қол бұлғайды. Одан өндірген кірпішке түрме саламыз ба, әлде кітапхана ма, кім біледі?!

«Казпочтаның» ішектей шұбырған кезегінен кітаптарымды алып, басым мең-зең, трамвайға отырып, қаланың батысын бетке алам. Ол жақта бәріне таныс «Сталин» сыраханасы бар. Сырасы бал татиды!

‒ Кофені жек көрем! ‒ деді ұзын сары махоркасын орап жатып. ‒ Тиынның нәжісінен жасайды!

‒ Араб жазирасынан әкелмей ме?! ‒ Серігі шодыр қара мұртын шиырып қойды.

‒ Өтірік! ‒ деді сары шорт кесіп, ‒ Біреудің таңсығы – біреудің қаңсығы!

Коммунистер масаймай тұрып төрт саптыаяқты босатамын да, 4-ші трамвайға отырып, қайта вокзалға келем. Осылайша «күн өлтірудің!» жаңа деңгейіне көтерілем. Вокзалда өліп, мың жылдан кейін қайта тірілсе де мына уақыттың өзгермесіне бәс тігіп екі шал отыр; біреуінің аты – Өлім, екіншісі – Өмір. Алдарында шахмат тақтасы, бірақ тастары жоқ.

Кейде түсімде шымылдық артынан толыспаған ай көремін.

Қайтар жолдағы әлгі зираттардың орнын селдір жусан басқан екен деймін. Жусан басында кілең ақ пластик пакеттер ілулі тұр. Сол көріністермен қатар балалық шағым да, жүн сабаған апаларым да, Торнай жайлы естеліктер де біртіндеп сағымданып барады.

«Мен мұнда қашан келіп едім?!»

Добавить комментарий