Аймақаралық «Көркемтай» прозалық шығармалар байқауы

Жанасыл СЕРІКБОЛ,

Павлодар қаласы.

 Қараша

(әңгіме)

Қараша суыт келді. Қара суық есіп, қар аралас жаңбыр жауып, кеше ғана басылды. Бүгін таңертең ауа сыз тартып, дала тұманданып тұрды. Түс ауған соң ғана мизамшуақтың бой жазуындай болмашы жылылық сезілді. Сыз қайтып, тұман да сейілді. Ауыл халқы аз малын өріске қайта айдады.

Ауылдан шығарда Таңсұлу кемпір көнетоз көліктің артқы орындығына жайғасқан. Өзімен бірге бейтаныс екі қыз отырды. Олар қалаға жеткенше ауыздарын бір жаппады. Сықылықтап күліп, өзара сырларын, әрнені сөз етумен болды. Шамасы ауылға қонаққа келген. Әйтпесе таныр еді. Оларды сөзге тартудың реті келе қоймаған соң үнсіз ғана ойға шомып, жасынан бері өзіне таныс далаға, анда-санды көзге шалынып қалған Ертістің сұрғылт түсті айдынына көз салып отыра берді. Көлік ұзын жолға түскен соң тынысы ашылып, бірқалыпты сырғып отырды.  Ақсудың өкпе тұсына жетіп, қаланың кіреберіс жолына бұрылған кезде күн де күреңітіп батып бара жатты.  Рульде – Қауметбай. Оның Ақсу мен Баскөл арасына адам тасып күнелтіп жүргеніне шамасы жиырма жыл.

– Ұлыңдікіне барасың ба? – деді ол артына бұрылып. Таңсұлу басын изеді. Әлдеқандай көшемен жүріп келе жатып, кілт бұрылып аулаға кірді. Бұнда кешкі қарбалас басталыпты, сабылған адамдар көп. Өрістен қайтқан сиырдай баяу ілбіп тиянақ іздеген көліктер де көп көрінді.

– Ұлыңа айт, ертең қайтатын болсаң,маған хабарлассын! – деді Қауметбай.

– Жарайды, рахмет!

– Ештеңе ұмытпадың ба?

– Нем бар дейсің ұмытатын?

Күн салқын болса да аулада балалар көп жүр. Арасынан немерем көрініп қалар ма деп көз салып, шолып шықты.

Түнде көзі іле алмады. Өткен жетпіс жылдық ғұмырының елестері көз алдына келе бергендей болды. Қала тым-тырыс. Қасында жатқан немересінің жеңіл тынысына дейін анық естіліп тұр. Күллі кереуетті бір өзі алып, керіліп жатыр. Таңсұлу өткенін оймен қаза берді. Өкінетіндей, көкірегін қарс айыратындай ештеңе жоқ сияқты. Тек, Есімбай өмірден ерте кетті. «Елуге жетпей мына дүниеге қолын бір-ақ сілкіді ғой. Өзімшіл еді. Ол жолы да бізді ойламады» деп шартарапқа сабылған ойын бір қайырды да: «тәйт!» деді өзіне. «Әруаққа шет болма!». «Оны да елмен бірге көрдің. Екі ұлың  елдің алды болып өсті».

Үлкені Астанада тұрады. Келіннің туған күні деген соң осы жазда барып қайтты. Жағдайы тәуір көрінді. Ең бастысы өз бақытын тапқан. Соған көңілі толып, марқайып қалды. Кенжесінің үйленгеніне де он жылдай болып қалған шығар. Міне, ерке немересі қасында жатыр. Ұйқысы қандай жеңіл еді. Мана алакөлеңкеде байқап қалды. Әлпеті Есімбайға келетін сияқты.

Өткен түнде де ұйықтай алмап еді. Ауылдың түн уағындағы түпсіз тыныштығы одан сайын мазасын алып, далаға үш қайтара кіріп шықты. Есіктің алдында тұрып тың тыңдап еді көрші үйдің сиырының күйісінен өзге ештеңе естімеді. «Бұл күнде ит те үрмейтін болды ғой» деп ойлады. Сосын жеңіл күрсінді. Үйге кіріп шай қайнатып ішті. Жанға ермек боларлық өзге ештеңенің жөнін таппады. Таң сыз бере жастығына басын қойып, ұйықтап кетті. Онда да бірнеше сағат қана мызғыпты. Тұрған соң тағы да әлденеге мазасы қаша берге соң, Ақсудағы ұлына барып-келмекке бекіді.

Кенжесінен бөлініп, ауылға келіп алғанда жұрт біраз сөз қылыпты. Бірі «Келіні сыйғызбаған ғой» десе, бірі «Қырсық кемпірдің өз әлегі ғой, әйтпесе келінінің ондай теріс мінезі жоқ көріген» депті. Ол сөздердің кейбірі өзінің құлағына жетіп жатқанымен елең еткен жоқ. Өзінің ескілеу үйіне орналасып қалды. Оған да бірнеше жыл өтті. Ұлының «тТым болмаса қыста келіп бірге  тұрсаңызшы» дегеніне де құлақ асқан жоқ.

Санасында сумаңдай берген ойымен әлек болып жатқанда таң да ата бастапты. Немересі іргегеге қарай аунап түсті. Бұл аяғын жазып, жастығын оңтайлады да көзін жұмды. Оянған кезде үйде ешкім жоқ еді. Балалар сабаққа, ұл мен келін жұмысқа кеткен. Уақыт түске әлетіне жақындап қалғанын сезді. Орнынан тұрып, шай қайнатып ішті. Түннен қалған борыщты балалары таңертең жылытып ішсе керек, әлі суымапты. Тәбеті болмай бір кесені әрең орталатты. Таңсұлу кемпірге үй ішінің бейберекет шашылып жатқаны ұнамады. Әсіресе балалардың киімі әр жерде жатыр. Өзі екі ұлының киімін ең таза жерге қойып, бір түнеген тамақты ауыздарына салмай өсірген еді. «Заманның қиын болғаны рас. Бүгінгідей жағдай қайда? Бірақ, шөп қайнатып берсем де, адалынан беруші едім» деп ойлады. Ыдыс-аяқ та жуылмаған. Дайын дүниенің ортасында отырып осыншама салақтық болып кеткен келінін іштей сөкті. Баяғы қайраты болса ұлына да ұрсып, бәрін жөнге келтірер еді. Амал не? Бәрі ұлымның босаң мінезінен деп түйді. «Есімбай марқұм қазір ғана бүлкілдетіп пісірген еттің дәмі келіспей қалса, қабағымен ғана ымдап қайтадан қазан көтертетін. Өзімші еді ғой».

Көп баспалдақты әрең тауысып сыртқа шыққан кезде талтүс еді. Қар еріп жатыр. Кешкі уақыттай емес арлы-берлі шұбырған жұрт аз. Десе де, қаланың шуылы мазасын алатындай көрінді. Еріген қар табанға желімше жабысып, одан сайын аяқ аурылатып барады. Сондықтан, көп жүрмей балалар ойнайтын алаңның шет жағына келіп отырды. Кеше кештегі сабылған аяқтар сап тиылған. Қала шуылы алыстан естіліп құлақ талдырып тұр. Таңсұлу кемпір аяғы ауыр тартарын білсе де көшені бойылап жүріп қайтуға бекіді. Қаланың тіршілігі ауладан шыққан соң ғана білінді. Адамдар да осы жақта жүр екен. Қаз қатар тізілген есіктерге бірі кіріп, бірі шығып, екіден, үштен топтасқандар көзіне жиі шалынды. Таңсұлу кемпір жасы жетпіске келсе де еңкіш тартқан жоқ. Өзімен бірге өскен замандастарымен салыстырғанда бұл атқа шапқандай десе де болады. Жүздесе қалғанда да, сырттай да көпшілік Таңсұлу кемпірдің осы қасиетін айтып, қызығатындықтарын жасырмайтын.

Біршама жүрген соң айқара ашық тұрған есіктен ішке еніп еді айналасы ат шаптыратындай үлкен дүкен екен. Не керектің бәрі осында шығар деп баяу аралай жөнелді. Бір бұрышта азық-түлік, бір бұрышта ойыншықтар, бір бұрышта ыдыс-аяқ не керек, расымен де іздегені табылатын дүкенге ұқсайды. Немересіне ойыншық алды. Ауылдан асығыс шығып, тым құрыса қалтасына кәмпит те сала алмапты. Қауметбай осы жер деп қалдырып кеткен соң аңырып аулада тұрғанда немересі жетіп келіп, етегіне орала кеткен кезде қолына ештеңе ұстата алмай қысылып қалып еді. Үйден бекер шықпапты. Ол олқылықтың орыны толатын болды. Енесі марқұм «Баланың көңілін қалдырма» деп көп айтатын. Ойыншықты алып болған соң енесін есіне алып, үлкен фойэдегі скамейкаға келіп отырды.

Есік алдына шыққан кезде аспан түнеріп, қайтадан қар ұшқындай қалыпты. «Соған қарағанда бір ойыншық алу үшін соншама көп уақыт жүргенмін-ау» деп ойлады. Осылай ойлап аспанға бір, айналасына бір қарап аз тұрғанда жақын тұрған жас шамасы да өзі шамалас екі кемпірдің әңгімесін құлағы шалды. Олар да ауа райын сөз етіп, қарашада болатын тосын құбылыстар туралы айтып  тұр екен.

– Биыл қыс жылы болатын сияқты, – деді біреуі.

– Әй, қайдам? – деді екіншісі. – Қыстың аты қыс емес пе? Аз үнсіздіктен соң: –  Желтоқсан мен қаңтардың әлегі әлі алда ғой, – деді. Олар да айқара ашық тұрған есікке кездейсоқ кіріп-шыққан секілді.

Одан кейін олар әрқайсысы дүкеннен не алғандары туралы айтып, бір-бірлеріне әлденелерді көрсете бастады. Бақса, кеш батып қалған екен. «Қалада күнді бақылау қиын» деп ойлады. Сосын, әлгі екеуін жанасалай өтіп, келген ізімен кері қарай кетіп бара жатты. Осы уақытта қайтадан адам аяғы көбейе бастады. Ымырт жабылмаса да көшелер мен аулаларда жарық жана бастады. Есіктің алдына шығып, топ-топ болып әр жерде әңгіме құрып тұрған жастар да, жасамыстар да көбейіпті. Таңсұлу кемпір болса әлгінде үйден шыққанда біраз отырған ойын алаңының шетіндегі скамейкаға келіп тағы отырды. Белі талып, аяғы сыр берсе де үйге кіргісі келген жоқ. Тымырсық пәтер іші бұрын да жақпайтын. Қазір тіптен.

– Бұнда не істеп отырсыз? – деген дауыс жаққа қарап еді келіні екен.

-Келдің бе? Жай қаланы тамашалап отырмын, –деді орнынан баяу тұрып жатып.

– Қалай? Ұнап жатыр ма?

– Ұнайды ғой, ұнайды. Жұмысың қалай? Шаршадың ба? –деді сосын. – Асантай қайда?

– Асанды қазір папасы әкеледі, –деді келіні. Мектепте кешке дейін жүреді. Түске дейін сабақ. Түстен кейін үйірмелер.

– Байғұс бала әбден ішқұса болған шығар? Екеуі күбірлей сөйлесіп подъезге енді.

Кешке немересінің жанына отырып әңгімелескісі келді. Компьтерге үңіліп, үй тапсырмасын орындап отырған жанына келіп сөзге тартты. Күндіз аяғы талып жүріп іздеп алған ойыншығы әрмен қарай жатыр екен. Әр түрлі сұрақтар қойды. Немересі бәріне мүдірмей жауап беріп отыр. Тіпті, асыра жауап беріп, Таңсұлу кемпірдің өзіне қайыра сұрақ қояды. Бұндайда Таңсұлу кемпір тосылып қалады. Асан болса, таңдайын қағып, басын бір шайқайды да мониторға үңіліп бірдеңелерді істей жөнеледі. Онысын Таңұслу кемпір түсінбейді. Келіні шай ішуге шақырды. – Жатар алдында осылай шай ішетініміз бар, – деді күліп. – Дәл ауылдағыдай. Таңсұлу кемпір езу тартқан болды. Ақыры келген соң ұлы мен келінін сөзге тартып, кең отырып әңгімелескісі келген еді. Реті келер емес. Бұл жолы да олар бір кесе шайды асығыс ішіп, ертең ерте тұратындықтарын айтты да жатып қалды. Таңсұлу кемпір өзі жалғыз отырып, тағы бірнеше кесесін ішті. – Төсегіңізді салып қоямын, – деп дауыстаған келініне жауап берген жоқ. Бұл түні де ұйықтай алмады. Немересі тағы да жеңіл тыныс алып, керіліп жатыр. Таңсұлу кемпір ақырын ғана маңдайынан иіскеп қояды. Қараңғыда анық көрібесе де үңіліп жүзіне қарады. «Есімбай марқұмның өзі» деп ойлайды. Санадағы сумаңдаған ойлар ұйықтатар емес. Қала тым-тырыс. Үнсіз жауған қардың дыбысы естілердей тыныш. Тағы да таң қылаң бергенше көзі ілінген жоқ. Бұл жолы соңына дейін ұйықтамай шыдады да таңертең тұрып, асығыс шайын ішіп жұмысына шығып бара жатқан ұлына:

– Қауметбайға айтшы! Мен бүгін қайтам, –деді.

Қауметбай түске қарай келді. Алдыңғы орын бос деп сонда отырғызды. Артында өзіне бейтаныс бірнеше жас қыз отыр екен. Олар өзара күбірлесіп, телефонға үңілумен болды. Қауметбай бұл жолы аузы жабылмай отырды. «Сен жоқта» деп бастайды әңгімені. «Мен не? Бір жылға кетіп пе едім? Кеше ғана келдім емес пе?!» дейді Таңсұлу кемпір. Үндемей қалады да даурығып, сөзін қайта бастайды. Қар қапалақтап жауа бастады. Қауметбай газды күшейте басып, ұзын жолмен сырғып келеді. Таңсұлу кемпір алыс далаға көз салып отырды. Қай жылы екені есінде жоқ, қарашаның дәл осы кезі болатын Есімбай марқұмға жылқы айдасып сонау Қалмаққырылғанның шоқыларына дейін барғанын есіне алды.

Добавить комментарий