Аймақаралық «Көркемтай» прозалық шығармалар байқауы
Еламан ҚАБДІЛӘШІМ,
Павлодар қаласы.
Тұйық
(әңгіме)
«Пай-пай, мына бойжеткеннің сұлуын-ай. Мүсіні қандай?! Қыпша белінен құшақтап, қатты қысып… Жігіті бар ма екен? Болса да, ол маған сөз емес қой. Бұндай сылқымның құлағына сыбырлап, сырғалығынан ыстық леп берсем болды, ериді де кетеді… Шырынын сорып, сөлін сығып, шөлімді бір басар ма едім…»
Біржанның ойын «Не ойлап отырсың?» деген әйелінің дауысы бөліп жіберді.
– Жай, жұмысты ғой сол.
***
– Біржан, бүгін – Қадір түні. Үйге ертерек кел. Дастархан жайып қоямын, – деді Динара телефон соғып. Бұл: «Жұмыстармен жүрмін. Бітпей жатыр әлі», – деп асығыс жауап беріп, тұтқаны тастай салды.
Әйелі таңға дейін күтті. Күйеуі келмеді. Көзі ілініп кетіпті. Есіктің тықыр еткенінен оянды. Теңселе басып, ырғалып-шайқалып келе жатқан Біржанның сұлбасы көрінді. Не болып қалды деп жастықтан басын жұлып алған жары оның мас екенін көрді. Балалар оянып кетпесін деп сақ қимылдап, бір бөлмелі пәтердің төрінде жайылып тұрған диванға жатқызды. Сұрақ та қоймады, үндеген де жоқ. Ішкен адаммен салғыласып, ұрсысып опа таппасын білді.
Таңертең бұны «Басым сынып барады» деп қинала жәрдем тілеген күйеуі оятты.
– Басың ауырмақ түгілі, түсіп қалмай ма? Миы жоқ бас кімге керек?!, – деп бұрқылдады әйелі. – Қадір түнінде арақ ішетін недеген надансың. Есің ауысайын деген бе?
– Су берші.
– Ал, айт, не тойлап келдің?, – деді Динара күйеуінің қолына су ұстатып.
– Үйге келе жатқам…, – суды сіміре жұтқан күйеуі «уфф» деп жан шақырды.
– Содан…
– Содан служактар кездесіп қалып, басымыз қосылып кетті.
– Енді сонша ішу керек пе еді?
– Қойшы, ұйықтаймын, – деп күйеуі теріс қарап, бүк түсіп жатып қалды.
Иә, Біржанның служактармен кездескені рас еді. Бастары қосылған желік қуған желөкпелер түнгі клубқа тартты. Бұл әйелінің сөзін естен шығарып, есірді-ай келіп. Бір-біріне жабысып, аймаласып, үйкеліп-сүйкеніп билейтін топтың ортасына еніп кетті. Қарсы алдына бұраңбел бикеш билеп келе қалды, бұны арбап. Мойнынан, арқасынан, белінен, бұтынан ұстап, өзіне тартты. Бір мезетте бұны «барный столға» жетектеп алып барды. Таныстық үшін деп Martini құйып, тартып жіберді. Тартқызып жіберді. Екеуі құшақ айқастыра кетті. Бір кезде сүйісті. Бір кезде тағы тост айтқан болып тостақ көтерді. Құлақ тұндырар даң-дұңнан ба, қымбат шарапқа мас болғаны ма, бикеш басын айналдырды ма бұл есін жоғалтты. Солай бірінші рет әйелінің көзіне шөп салды.
Содан бастап Біржанның өмірге деген ойы, айналасына деген көзқарасы өзгерді. Енді ол үйде емес, сыртта көп уақыт өткізетін болды. Бірақ қанша қыдырса да, қаңғырса да, қағынса да одан кейін арақ ішкен жоқ. Үйге мас болып келмеді. Тек анда-санда үстінен әйел әтірінің иісі сезіліп қалып жүрді.
Бастықтың басқа қаладан әріптестері келіпті, соларды күтуіміз керек деп кетіп, әлгі бикешпен түнгі клубта тайраңдап жүреді. Жұмыста кезектен тыс кезекшілік болып тұр деп жексенбі тағы кетеді. Жігіттер саунаға шақырды деп, оңаша моншаның буын бұрқыратып сол бикешке арқасын ысқылатып отырады… Осылай жүріп Біржан әлгіден жалықты. Бикеш те жалыққан екен. Екеуі қалай тез тіл табысты, солай тез ат құйрығын кесісті.
Енді Біржанға басқа роман, жаңа романтика керек.
***
Бір күні Біржан «Үйге құрметті қонақтар келеді. Жақсылап дайындал» деп әмір берді. Қонақ күтуден қысылмайтын, қолы ашық, көңілі кең Динара зыр жүгірді. Неше кісі келетінін біліп алып, соған жететін ас мәзірі үшін тізім жасады, салаттардың рецептін жазды. Сосын екеуі супермаркетке сауда жасауға шықты. Әйелі әр жеміске, әр көкөніске, әр конфет-шоколадқа, әр сусынға асқан талғампаздықпен қарап, таңдап жүр. Күйеуімнің қонақтарынан ұят болмасын деп тырысып жүргені, оған сөз келмесін деп алаңдап тұрғаны көзінен оқылып, әр қимылынан көрініп тұр. Ал, Біржан болса, ары өткен бір қызға екі қарап, бері келе жатқанға үш қарап, өзімен-өзі жүр. Динара дастархан жаюға керектінің барлығын түгендеп болды. Кассаға жақындады. Сатушы есептеп жатыр. «Сізден – бәленше теңге» деп жалпы сомасын айтты. Шабыттанып әрі қызыға кірісіп кеткені сонша, Динара осыншама көп тауар алғанын аңғармай қалыпты. Екеуі бір-біріне қарады. Ақшаларының жетпейтінін біліп тұрған әйелі тыпыршып кетті. Біржан ештеңені де алаң қылып тұрған жоқ. Динараның құлағына сыбырлап: «Kaspi Red бар екен» деді. Әйелі қарызға кіргізіп, тығырықтан шығарған «Red-ке» рахмет жаудырып, «пиқ» еткізіп көрсетілген соманы төледі.
Біржанның ойы басқа жақта – өзі сауда жасап тұрған кассада емес, оның арғы жағындағы кассада еді. Екінші сатушы қызды көзбен ішіп-жеп барады. Есі-дерті сол жақта. «Жалғыз болғанда, танысып алар едім. Нөмірін алып, кездесіп, оңаша қалып…»
…Сонша әуреленген, сонша тырысқан, сонша әбігерленіп, дайындалған қонақтар да келіп-кетті. Көңілді отырыс болды. Жақсы тілектер айтылды. «Келінге алғыс! Дастарханды жайнатып, қазаныңды қайнатып отыр. Бақытты болыңдар!», – деді төрде отырған қадірлі қонақ. Дастархан басында бұны ерекше қуантқаны – Біржанның арақ ішпегені. Меймандар біздің мәртебеміз үшін алып қой деп қанша қолқаласа да, бұл бас тартты. Динара бұған іштей разы болды. Өткендегі қылығы үшін ұялып, қысылып жүр деп ұқты…
Ертеңінде Біржан кеше көңілі құлаған сатушы қызды іздеп барды. Бүгін де ол жұмыста екен. Супермаркетті бір айналып шығып, кассаға келді. Сөреде тұрған Toffifee деген дәмді шоколадты алды да сатушыға ұстатты. Сатушы: «Сізден осынша теңге» деп Kaspi-аппаратқа QR-код шығарды.
– Kaspi gold-та ақшам бітіп қалыпты. «Халық банктың» қосымшасынан аударайын.
– Бізде «Халық» аппараты істемей тұрғаны…
– «Перводпен» төлесем болмай ма?
– «Перевод» та жоқ еді, аға
– Өзіңіздің нөміріңізді айтыңыз, сізге аударайын. Сіз Kaspi-ден мен үшін төлей салыңыз, – деді жігіт.
Қыз жылы жымиды. Жігіттің тапқырлығына тәнті болып тұрғандай. Бір сәттік үнсіздіктен кейін ол нөмірін айтты. Жігіт қажетті соманы төледі де, «Қарындас, бұл – сіздің сұлулығыңызға комплимент» деп қолындағы тәттісін ұстатты. – Жұмысыңызға кедергі болмайын, сосын хабарласамын!, – деп қоштасып, шығып кетті.
Сол күннен бастап сатушы қыз Біржанның әсерлі әңгімелеріне, қызықты оқиғаларына тамсанып, таңдай қағумен болды. Жұмыстан үйіне дейін шығарып салады. Демалыс күндері бірге серуендейді. Киноға барады. Сатушы қыз бірде «Сүйікті әншімнің концертіне барайықшы» деп өтінді. Бұл қарсы болған жоқ. Тура алдыңғы қатардан билет алып берді. Екеуі, әсіресе қыз мәз болды. Жігітке алғыс ретінде, бетінен сүйіп алды. Жігіт қарымтасын қайтаруға ұзақ ойланған жоқ. Оның ернінен сүйді. Қыз енді жігітті өзі іздейтін болды. Хабарсыз кетсе, елеңдеп отыратын. Ренжіп, бұртия қалатын. Біржан хабарласса, жүрегі дүрсілдеп кететін… Ақыры аңдыған жау қамалды алып тынды.
Бұндай жортуылдар кезінде Біржан бәрін ұмытады. Үйін де, жұмысын да. Динараның қоңырауына, дәлірек айтқанда қоңырауларына жауап бермейді. Бейнеқоңырауларды тіпті көтермейді. Кейін телефонды өшіріп тастауды әдетке айналдырды. «Жиналыс болып, дыбыссыз режимге қойғам, естімей қалыппын»; «Батерикасы отырып қалыпты. Зарядкасын алмаппын ғой өзіммен»; «Бір кеңседе байланыс нашар ұстайды, сол жақта болдық»; «Бүгін тексерушілер келіп, телефондарымызды тапсырып тастадық»… Осындай сан түрлі, сан қилы сылтаулары таусылмайды.
Динара сенгендей кейіп танытады. Бұл болса, оны алдап соққанына, сендіргеніне масаттанады. Бірақ, ақылды жар, сезімтал жар күйеуінің бұл жүрісінде бір гәптің барынан күмәнданатын.
***
Біржан ваннаға кіріп кетті. Ол ұзақ жуынады. Жылы суда сағаттап отыруға бар. Оның бұл әдетін Динара жақсы біледі. Бірақ суда жатқан күйеуі жай жатпайтынын, телефон шұқылап, шұқылағанда да жай шұқыламайтынын білмейтін. Біржан Instagram-дағы небір нәзік бел, қыпша бел, аш бел, құмыра бел, құмырысқа бел, шыбық белдердің барлығын түгендеп шығатын. Ауызының суы құрып, нәпсінің құрты көкейін тесіп, көкірегін жайлап алатын.
Сондай бір кез еді. Ваннада жағажайда жатқандай шалқайып жатқан. «Интересныйдан» бір сурет жарқ ете қалды. Өзі жиі баратын атақты көлдің жағасында керіліп тұрған «қара купальникті» бойжеткеннің суреті. Бірден таныды. Өткенде өздерінің жұмыс орындарына тәжірибе алмасуға келген көрші кәсіпорындағы хатшы қыз. Бірден парақшасын ашып, парақтап, суреттерін лүпілдетіп, «дос болайық» деп «қолын созды». Әлгі қыз да байланыста отыр екен. Бірден қабылдады. Бұған да сол керек, «Сәлем!» деп жазып жіберді!
– Сәлем!
– Қалың қалай? Таныдың ба?
– Иә
– Мені қалай тауып алдың?
– Сендей сұлулар өздері жұлдыз секілді жарқырап көрініп тұрады ғой.
Қыз майысып тұрған smile жіберді. Артынан риза болғаны келді.
– Не істеп жатсың?
– Ештеңе. Іш пысып…, – деп қыз сөзінің аяғын үш нүктемен бітіріпті.
– Менің де ішім пысып жатыр. Бірге іш пыспайтын жерге бару керек онда бізге, – деді жігіт, іздегенге сұрағаны табылып. Шындығында, үйінде оның іші пысуға мүлдем уақыты жоқ еді. Қаншама жұмыс бар. Үй шаруасын, бала қарауға көмектесуді айтпағанда. Оларға бұл мүлдем араласпайды да. «Мен ақша тауып жатырмын. Бала мен үй сенің мойныңда» деп әйеліне артып тастағын. Ваннаның кранигін ауысыру керек; ас үйдегі үстелдың аяғы босап қалыпты, соны бұрап, қалпына келтіру керек; бұл пәтерге көшіп келгелі телевизор жерде тұр, оны іргеге ілу керек… Тағы-тағы көп жұмыс бұның қолы босағанын күтіп жүр еді. Ал бұл болса, оның біріне де бас бұрмай, қол тигізбей, Instagram-да отыр.
– Қайда?
– Сен таңда?
– Білмеймін…
– Онда адресіңді жібер, мен қазір келем, сосын бірге таңдаймыз, – деді де бұл тұрып, асығып сүртіне бастады…
***
Күйеуінің соңғы айлардағы қылықтарына қайран қалып жүрген Динара, оған күмәнмен қарай бастады. Бір түні ұйықтап жатқан Біржанның ұялы телефонын алып, «галереясын» қопарды, WhatsApp-ын ақтарды, «заметкілерін» тексерді. Көңілге күдік ұялататын ештеңе аңғара қойған жоқ. Менікі қорыққанға қос көрінедінің кері емес пе екен деп тағы сабасына түсті. Instagram-ын ашып қарап отыр еді. «Архивке» жасырылған бір парақшадан хат келді. Селт ете түсті. Жүрегі ауызына тығылды. Күдігі расталғанына көзі жетті. Экранды бас бармағымен жоғарыдан төмен серпіп қалып еді, ортақ «чат» анау мен мынаның бір-біріне деген сүйспеншілігін жеткізген жыпырлаған әріптерге толып кетті.
«Саған гүл бергенде ғана бұлар қайраттанып, қуаттанып кетеді», – деп жазып, қолдарының суретін жіберіпті жігіт. «Саған бара жатқанда ғана мыналар тез қимылдайды, асығып жүреді», – деп жазып аяғын суретке түсіріп жіберіпті тағы. «Сенің иісіңді сезіне алмайтын мұрын бітеліп қалса жақсы емес пе?», – деп жазып мұрынын суретке түсіріпті сосын. Бұдан басқа да бас айналдырар бақытқа бөлейтін әдемі сөздер кө-ө-өп жазылыпты. Қыз да өзінше жауап қайтарып, бұдан кетәрі емес екенін байқатыпты. «Сені әлі сүймеген мына ерін де кеуіп қалуы керек қой!». Қып-қызыл далап жағылған, торсықтай ісінген бір еріннің суреті өзіне қарай именіп тұр екен. Масқара деп шошып кетті Динара!
Күйеуінің жүріс жасайтынынан секемденіп жүрсе де, бұлай қабылдармын деп ойламаған әйелі не істерін білмей дал болды. Онсыз да кішкентай бөлме, одан сайын төмендеп еңсені езіп, тынысты тарылтып жіберді. Әлгі еріннің иесі, құмырадан шыққан жындай болып, телефонның ішінен атып шығып, мұның алқымынан алып, қос қолдап қысқандай.
Шалқасынан түсіп, қорылға басып алаңсыз ұйқыны сойып жатқан Біржанды жұлқылап оятып, жұдырықтап тастағысы келді. Өз-өзін әрең ұстады.
Бірақ үндемеді. Іштен тынды.
Өмірдің мәні қалмағандай. Қуаныш та, жұбаныш та жоқ секілді. «Мүмкін кінә өзімнен болар? Көңілін таба алмай, бабын келтіре алмай жүрген шығармын?!» деп боздап қоя берді. Балалар оянып кетеді деп қыстығып жылады.
«Біржан, мен сені шын сүйдім ғой. Сендім ғой! Неге маған осындай қиянат жасадың? Ешкіммен сөйлеспей, ешкімнің қолынан ұстамай, қырындаған бірде-бір жігітке көз салмай адал жарымды ғана күтіп жүріп, соны таптым-ау деп саған өмірімнің еркін берген маған неге сатқындық жасадың? Сен мені тірідей өлтірдің ғой!» деп тағы жас төкті.
Үйлену тойынан кейін күйеуінен гүл алғаны да есінде жоқ. Демек суып кетті. Көшеде қыздарға қылмыңдайтынын ойлады. Қарсы келе жатқан қыз өтіп кеткен соң да артқа бұрылып, мойыны қарысып қалғанша қарайтын еді. Сонда да аса мән бермейтін.
«Сенен болашақ жарымды көріп тұрмын» деп кесіп айтқаны, жүрекжарды сөздерін арнағаны құлағында әлі жаңғырып тұр.
«Сонда кезінде маған да ашкөздікпен қараған ба? «Үйленгенше саусағымның ұшын да тигізбеймін» деген. Сөзінде тұрды. Бірақ, менен аларын алып, қалауына қол жеткізген соң неге суыды? Екі ұл туып бердім. «Егер әйелге қорған керек болса, ұл туады» деген сөз рас екен ғой. Ұлдарым әкесі секілді көрсеқызар, қатынқұмар болмаса екен»…
Осындай ойылармен арпалысып жатып, ұйықтап кетіпті. Түске таман бір-ақ тұрды. Үй тым-тырыс. Қос құлыншақ пысылдап жатыр. Содан күні бойы жылаумен болды. Есті әйел ғой. Бойын жинап, бордай езіле бермеуге бекінді. Балаларын ойлады. Күндегі шаруасына кірісіп кетті.
Кешке Біржанды көзі жасаурап қарсы алды. Бірақ ол бұған мән берген жоқ. Жалпы, Біржанның әдеті сол – жарының дәмді тамағана да, жылы қабағына да, көңіл күйіне де, таза үйіне де мән беріп қарамайтын.
Оның осылай жүргеніне көп болды ғой…
***
Динараға полиция бөлімінен қоңырау түсті. Өзін «Капитан Бәленбай Түгенбаевпін» деп таныстырған қатқыл дауыс иесі «Біржан сіздің жолдасыңыз ба?», – деп сұрады.
– Иә. Не болды?
– Ол бүгін, мас болып, қоғамдық тәртіпті бұзды. Төбелес шығарғаны үшін 15 тәулікке қамалды. Телефоны, құжаттары, жеке заттары бөлімшеде. Мерзім аяқталған соң, өзіне табыстаймыз.
– Аааа, Не дейдіііі? Ол арақ ішуді қойған. Көөөөп болдыыыы.
– Ханым, мекен-жай мынау. Сәлем-сауқатыңыз болса, осында келіп, маған табыстап отырасыз. Мен арқылы хабар алмасасыздар. Қайталап айтамын, телефонмен тілдесуге рұқсат етілмейді!
– Жұмысына кедергі болмай ма?
– Жұмысына арнайы хат жолдадық. Алаңдамаңыз. Олар түсіністік танытып отыр.
– Рахмееет! Ағай, бір рет сөйлессем бола ма?
– Жоқ. Тәртіп солай! Сау болыңыз!
– …?
Динараның WhatsApp-ына полиция қызметкерінен сот хаттамасы мен шешімінің көшірмесі келді. Мына жайсыз хабар Динараға оңай тимеді. Күйеуінің көрінген етекті аңдып тентіреп жүруі аздай, ішімдікке де бой алдыра бастағанына қатты күйінді.
Сол күндерде Динара безектеумен, жанұшырып жүгірумен болды. Уақытша қамау изоляторына күн сайын тамақ тасып, полиция қызметкерлеріне темекі, сусын апарып бәйек болды. «Бір мәрте, бір минут қана тілдестіріңіздерші» деп қанша жалынды, қатал да қатаң тәртіп көл-көсір көз жасқа көнбеді. Содан Динара әр келген сайын хат жазып, бүгін не болғанын, балаларының не істеп жүргенін, қандай тамақ істегенін – бәрін-бәрін тәтпіштеп жазып, тіпті суреттерін шығарып салып отырды. Хаттарын кезекші полиция қызметкерінен беріп жіберетін. Бірақ Біржаннан жауап хат болған емес. «Неге жауап бермейді?» деп бұл ойланған жоқ. Тек өзінің жай-күйін, балаларының хал-жағдайын ғана жазумен болды.
Сол күндері Біржанның хабарсыз қалғанына ата-анасы қатты уайымдады. «Ұлдың телефоны өшіп жатыр. Дұрыс па барлығы?», – деп келініне күнде, күніне 2-3 мәрте хабарласады. Әйелі болса, «Жұмысында бір төтенше жағдай болып, олар қазір «усилениеде» жүр. Екі апта солай болады. Телефон да ұстатпайды екен. Түнде үйге шаршап келеді. Ұйықтап қалады. Ерте кетеді», – деп өтірік айтумен болды. Бұл Біржанның қамауда жатқанын айтуға кәрі ата-енесінің жүрегін ауыртудан қорықты.
Он бес жылдай созылып 15 күн де өтті. Динара аман-сау оралған күйеуін ет асып қарсы алды. Онсыз да шаршап, қиналып келген күйеуін артық мазалағысы келмеді. Енді сабасына түсер, артық жүрісті қояр деп үміттенді…
***
Динара Біржанмен сөйлескісі келді. Ештеңе білмейтін адамша, отбасындағы қарым-қатынас туралы ашылып сырласқысы келді.
– Өткенде сыныптас құрбыммен сөйлескем. Күйеуі қол көтеріпті. Көзін көгертіп тастапты. Үйінен шыға алмай, жұмысына да бара алмай әбден қиналыпты.
– Оңбаған екен!
– Күйеуін сотқа берем деген. Мен қой, шыда, ешкім сені зорлап қоспады. Өз таңдауың деп жұбаттым.
– Дұрыс істегенсің.
– Сол қыз бүгін тағы жазды. Күйеуімен ақыры ажырасыпты. Маза бермей қойыпты. Қырық жанының біреуін ғана қалдырыпты бейшараның. Енді таяқ жесем, өлермін деп кетіп қалыпты. Уақытша ауылда екен. Балаларын әке-шешесіне қалдырып, басқа қалаға барып жұмыс істемекші.
– Әйеліне қол көтерген еркек – нағыз ез. Ондайларды сорлатып, қаңғытып, құртып жіберу керек, – деді бұл жұдырығын түйіп қоқаң-қоқаң етіп.
Динара тағы ойға шомды. «Біржан мені жақсы көреді, сыйлайды. Боқтамайтыны, қол көтермейтіні содан. Мүмкін бұл жүрісін қоятын шығар» деп өз-өзін тағы жұбатты…
***
Кейінгі уақытта Динара отбасылық психологтарға жиі жүгінетін болды. Бір психологпен сөйлесті. Ол еркектің әйелінің көзіне шөп салуы психикасының бұзылуынан болатынын айтты. «Еркек бала кезінде анасынан мейірім көрмесе, жүріске жақын болады. Адамның психикасы тиянақты болса ғана, ол бүкіл өмірін бір адаммен өткізе алады. Сол бір адамды сүйіп өтеді», – деді. Біржанның анасымен қарым-қатынасы жақсы секілді. Екеуі бір-бірін жақсы көреді, үнемі іздеп тұрады. Бұл себеп емес шығар… Күйеуінің психикасы бұзылды дегенді ойлағанда өзінің де жүйкесі жұлмаланғандай күй кешті. «Өзіңе не істеді соны алдына келтір! Көрсін. Сен ғана қинала бересің бе? Оның да жаны ауырсын, жүрегі қысылсын. Сатқындықтың не екенін көрсін! Сонда сенің аяғыңа өзі келеді жығылып…», – деп кеңес берді бір «жанашыр». Бірақ олай жасап адамшылықтан қалай безбек? «Арсызбен арсыз болам ба? Кек қуамын деп, Құдайдың қаһарына ұшырар, күнәһар болар жайым жоқ!»
Тағы бірде анау писхологтан «Не істесем екен?» деп кеңес сұрады. «Опасыздық ұмытылмайды, ұмыту мүмкін емес. Егер сіз бұған дейін күйеуіңізді бір қырынан таныған болсаңыз, көзіңізге шөп салғаннан кейін оған басқаша қарай бастайсыз. Сеніміңіз біржола сынды. Енді алғашқыдай сенім арту мүмкін емес» деді бұның көңіл-күйін дөп басып, хәлін түсінгендей. Бірақ Динара жылдар бойы қалыптастырған қатынасты үзе салғысы келмеді.
«Әй, Біржан-ай, маған қандай жарақат салғаныңды, отбасыңа қандай зардап тигізгеніңді ұғамысың? Не ойлап жүрсің сен! Бала-шағаңды тастап, қайда бармақсың?! Ажырасуға өтініш беру түк қиын емес. Мен далада қалмаймын. Әке-шешеме барсам да, өзегімнен теппейді. Тұрмысқа да шығармын. Мына екі ұлыңды тірі жетім етіп, қаңғытып жібермексің бе?!»
Келесі психолог «Қандай жағдай болмасын, өзіңізді тыңдаңыз. Шешім қабылдау сіздің қолыңызда. Қарым-қатынас үшін екі жақ та жауапты. Екі адамның да әрекеті, жауапкершілігі теңдей болу керек. Таразының басы тең болғанда ғана қатынас оңды дамиды», – деді. Әйел осы сөзге тоқтап өз-өзін сабырға шақырды.
«Біржан-ай, недеген тойымсыз еркексің. Міне, тағы ұсталып отырсың. Қуланып барасың ғой өзі. Бұл жолы Facebook-Messenger арқылы сөйлесіпсің. Оны да көріп қойдым. Желпілдеп жүріп бассейнге абонемент алдым деп едің. Сол жақтан тауыпсың ғой мына су перісін. Бұны қалай қараттың екен?! Қанша жүрерсің бұнымен? Ойнап жүріп от басып кетсең қайтесің, ей, ақымақ! Аяғы ауыр болып қалса, не істейсің? Ауру жұқтырып, опат болсаң ше? Әй, ессіз неме?! Анау хатшы қыздың не жазығы бар еді. «Аламын! Үлде мен бұлдеге ораймын!» деп уәдені үйіп-төккен шығарсың? Ол бейшара саған сеніп, жылы сөзіңе, сыйлықтарыңа елітіп қалды ғой. Әй, оңбаған-ай, қызға да үміт беріп. Оның жанын жаралап тастап кеттің. Жылатып кеттің ғой. Енді басқасына ауыз салдың!»
Өткенде бұларды достары қонаққа шақырды. Екеуі жарасып барды. Біржанмен бала кезден бірге өскен, әзіл-қалжыңы жарасқан, бір-бірінен қысылмайтын, сыр жасырмайтын көңілді орта. Әйелдері де бір-біріне абысын десіп ашық-жарқын араласады. Олар өткен-кеткенді еске алып, әзіл айтысып отырды.
Военкоматта істейтін досы 30-дан асқанда үйленген. Тойдың қызығы мен қызуы әлі басылған жоқ. Өзінен он жас кісі қызды алды. Құрдастар қалжыңмен қағытып қояды әлгіні.
– Енді бізге де жас тоқал қарастыра беру керек, – деді зауытта істейтін досы.
– Біздің бәйбіше келісіп тұр. Бірінші Біржан бастасын, сосын саған өзім алып берем дейді, – деп бұны түйреп қалды мұғалім сыныптасы.
Біржанның «Ааа» деп ашыла берген аузындағы сөзін Динара жұлып әкетті:
– Біздің отағасы қатын-баласын асыраймын деп жүгіріп жүр, жұмысы қиын. Уақыты жоқ, – деп күйеуінің шаруабасты екенін аңғартып, әрі соған өзі мақтанғандай болды.
Біржан да қарап отырмай:
– Уақыты жетпесе де, қыздармен жүріп, қыдырып та үлгереді десеңші, – деді әзілге әзіл қосқандай болып.
– Қайдағыыы!, – деп шыр-пыр болды Динара.
Барлығы қарқылдап күлді. Біржанның дауысы қаттырақ шықты…
«Әй, ұятсыз-ай, сол кезде-ақ өзіңнің азғын екеніңді айтыпсың ғой. Мен болсам, сені ақтап, жақтап әлек болдым. Өзіңше «Мен күштімін, оңға-солға жүрем, сен балалармен үйде отырсың» деп мені кемсіткен түрің ғой. Жетер осы мазақ болғаным».
Ол күйеуінің басқадан жылулық іздеп кеткеніне емес, өзінің ары, сенімі, аяқ асты болғанына қатты қынжылды. Осының бәрін бүгін айтамын деп оқталды әйел. Бірақ тағы да аузын аша алмады…
***
Біржан бір жерге қамданып жүр. Ол балконнан бір затын іздеуге кеткенде әйелі телефонына ұрланып қараған. WhatsApp-бы ашық тұр. Бір әйел мекен-жайын жазып жіберіпті. «Сағындым» депті. «Қонақ үйлерден қажыдым. Менің үйімнің төрін думанға бөлеші» депті. «Асыға күтемін» депті. Динара адресті де, әлгі телефон нөмірін де жазып алды. Содан, іші қанша өртенсе де, қанша мұздаса да түк білмегендей, ештеңе болмағандай күйеуін шығарып салды. Оның бара жатқан жері келесі көшедегі екінші үй. Екі ара бір шақырымға да жетпейді.
«Неткен арсыздық! Мынауың шектен шыққандық! Какая наглость! Қорықпастан, қысылмастан, қипақтамастан ашықтан-ашық әрекет етуге көштің бе?! Хватит меня унижать! Хватит меня уничтожать! Мұрнымның астында, көзімнің алдында ойнас жасайын дедің бе?! Болды! Бітті бәрі де. Бүгін соңғы рет көзіңе тік қарап тұрып, осы кезге дейін жасап келген барлық сатқындығыңді бетіңе басамын. Осы шыдағаным-да жетеді»…
Таңертеңгі шайды ішіп болған соң, «Жұмыс жаққа барып келуім керек. Кеш келемін» деп шығып кеткен. Бұл оның әдеттегі сылтауы еді.
Біржан сенбі-жексенбі күндері демалады. Әдеті бойынша кеше күні бойы үйде болды. Түске дейін ұйықтады, әйелі жайған дастарханнан қарын тойдырды, телевизор көрді, телефон шұқылады, есік алдына шығып балалармен ойнаған болды. Бүгін екі апта көрмеген көңілдесімен кездеседі. Онымен жарты жыл бұрын бір отырыста танысқан. Әлгі су перісінің құрбысы. Өзі шамалас. Бұл жігіт үшін «жан подружкасымен» енді көрместей болып бет жыртысыпты. Өзінің айтқаны солай.
Келіншек іс-сапарға кеткен, бұл бес күн жұмыста болып, демалыстарда ауылға жол жүріп келді. Солай жолыға алмаған. Ол сағынып қалыпты. Асыға күтіп жүр екен. Бұл да әр хатында өліп-өшіп тұрғынын, қанаты болса қазір-ақ жетуге даяр екенін жазған. Бүгін сәті түсіп тұр.
Динара 2-3 сағат әрең шыдады. Балаларын көршісіне қалдырып, тапа-тал түсте жылап-еңіреп, үйден шықты. Бөтеннің құшағында жатқан өзінің күйеуіне бара жатыр. Басы мең-зең. Не ойлап келе жатқанын да білмейді.
***
Динара Біржанның суып кеткен себебін ойлап дал болды. Ұрысысуға уақыттары жоқ. Үйде көп болмайды. Сөйлесуге де уақыт тапшы. Себебі белгілі. Шаршап келіп жатып қалады. Сөз байласып, айлы түн астында сырласып жүріп жүрген кездерін есіне алды. Ол кезде аудан орталығында тұратын. Еріксіз күліп жіберді. Бірақ езуін тез жинады. Күлкісін күйініш жеңіп кетті.
Динараның әкесі сойып, тамақ қыламыз деп ауылдан алып келген семіз ешкісі қорадан шығып кетіп, қашып ұстатпай қойған. Апақ-сапақта жалғыз ешкіні қуып, титықтаған үлкен кісі «Кетсең, кет! Бізге бұйырмаса, басқаға – садақа» деп қолды бір-ақ сілтеген.
Біржан мен Динара қол ұстасып көшеде жүрген. Бір мезетте қыз аудандық емхананың ауласынан, қоршаудың ішінен екі күн бойы таптырмаған сол ешкіні көріп қалды.
– Мынау біздің «Чігіләй» ғой деп, – қуанып кетті ол.
Жігіт селк етті: «Не болды, жарқыным?»
– Әне біздің ешкі. Ұстап алшы, үйге алып барайық.
Жігіт қоршаудың ішіне үңілді. Ешкі шүйгін шөпті күтір-күтір үзіп, жайылып жүр. Біржан қоршаудың есігін ашып, ішке енді. Алаңсыз жайылып жүрген малды үркітіп алмау үшін ақырын басып арт жағынан келді. Артқы аяғынан шап беріп ұстап алды. Динара мәз! Қолын шапалақтап…
– Жарайсың!
Бағана мән бермеген. Ай жап-жарық, бұлтсыз аспанда жұлдыздар самсап тұр. Көктен құйылған ай нұры екеуін, жоқ үшеуін, ешкі бар екен ғой, аймалай түскендей. Жігіт ай жарығының астында ешкіні сүйреп, көше бойымен қыз үйіне қарай тартты. Екі күн қаннен-қаперсіз жүрген мал басына не зауал туғанын білмей бақырып теңдік сұрайтындай. Көшені шулатып, маңырап барады.
Динара ешкі сүйреткен жігітін сыртынан видеоға түсіріп мәз.
– Қазір Instagram-ға салып қоямын, – деп назданды.
– Қой, ұят болады, – деп жігіт шынайы күлді.
Ешкіні қораға қамаған. Ертеңінде жоғалғаны табылған, кеткені оралған қыз әкесі мәз-мейрам болды. Сол кезде жігітке риза болып, сүйсініп еді.
«Ол кезде бәрі шынайы еді. Неге қазір жасандылық басым?»
Біржанмен қыз-жігіт болып сөйлесіп жүрген кездерін ойлағаны сол еді, әйелдің жаны жылып, бойы балқып шыға келді. Қанша қорланса да, қанша намыстанса да махаббаттың оты сөнбепті. Болашақ жарын ата-анасымен таныстырғанда ол дірілдеп-қалшылдап, қобалжып өз-өзін әрең ұстаған. Бұл оның көздерінен мейірім көрген. Әкесі мен анасы қызына жақсы жігіт жолыққанына, күйеу балаларының нағыз ер мінезді, бір сөзді, нық азамат екеніне іштей қуанған. «Балам, же, балам, іш, балам, ұялма!», – деп бәйек болған. Біржан бір үйдің жалғыз қызын, мәпелеп-әлпештеген еркесін қолына қондырмақшы. Жігіт жауапкершілікті, өзінің қандай жүк арқалайын деп тұрғанын бар жан-тәнімен, көңіл-жүрегімен сезінген еді. Қыз әкесі де қайта-қайта тілек айтқан болып, жігітке «Қызымды бағала! Бақытты болыңдар!» дей берген. Әкенің әр сөзі бұған әсер етіп отырды. Сол кезде ол бойындағы барлық батылдығын жинап:
– Сіздер мені бірінші рет көріп отырсаңыздар да өз балаларыңыздан артық құрмет таныттыңыздар, рахмет, – деген.
– Өй, айналайын, сен біздің өз баламызсың!, – деді әкесі.
Болашақ енесі сөзге араласып, «Құдай бізге ұл бұйыртпады. Бірақ ақылды, сұлу қыз берді. Енді сен бізге ұлсың!», – деп кірпігіне тамшы ілді.
Жігіт:
– Сіздер ұлым, балам деп елпілдеп, елжіреп отырғанда, мен қалай теріс айналайын. Сіздерді «Папа, Мама» деп атасам бола ма?, – дегенді қалай айтқанын ұқпай қалды да, бетіне от жүгірді, құлағының ұшы қызарып, ысып кетті.
Бұны бірден байқаған Динара, байқамайтындай несі бар, жігіттің қысылып қалғаны бәріне көрініп тұр емес пе, сүйіктісінің құлағынан мыжғылап тұрып, «Ұялма, ұялма!» деп дем беріп жатты.
– Қой, деймін, қызым, қонақтың мазасын алма.
Бағадан бері балам деп бауырына тартып отырған анасы, жігітті лезде қонақ қылып жіберді. – Іш, же, тағы салайын тәрелкеңді берші, – деп ол жігіт қозғалмай жатып, өзі қолын созып ыдысты алды да, тағы 3-4 түйір манты салып берді.
Арада үнсіздік орнады.
Қыз әкесі де тілек айтуды доғарды. Не ойлап отырғанын бір Құдай және өзі біледі. Біржан үй иесінің жанын жаралап алдым ба деп қипақтап қалды. «Ұлы жоқ екенін бетіне басқандай болдым ғой».
Осы кезде әкесі:
– Бағанадан бері мен тілек айттым, енді сенің кезегің. Дастарханға бірдеңе деп қой, балам, – деп тамадаша тамағын кенеп қойды.
– Әйел ер-азаматқа берілген аманат екен. Біз өз еркімізбен қосылдық. Арманымыз көп. Сондықтан мен Динараны бақытты қыламын. Аманатыма адал боламын!, – деген еді ол әке-шешесінің көзінше.
Сол кездегі әр сөзі санасында сайрап тұр, әр қимылы көз алдында. «Адал боламын деген Біржаным неге бүлінді? Ауылдағы жұмыстан шығып, қалаға келгенде «үй алам, көлік алам» деп талпынып еді. Соңғы уақытта қатты өзгерді. Қандай жігіт еді?! …Жоқ, мен отбасымды сақтап қалуым керек. Мүмкін Құдай мен арқылы осы адамды дұрыс жолға түсіргісі келетін шығар?!»
Динара басқаның төсегінде жатқан күйеуіне баса-көктеп кіріп барып, видеоға түсіріп алып, интернетке саламын, абыройын айрандай төгемін деген ойынан айныды. Ойдан айығып, жан-жағына қарап еді, сол үйдің алдына келіп қалыпты. Подъездің алдында тұрған орындыққа отырып, терең тыныс алды. Бағанағы діріл, бағанағы кек жоқ болып кеткен секілді. Керісінше сабыры салтанат құрған….
***
Сол сәтте бір-біріне ынтық екеу, ләззаттан есі ауысқан екеу құмарлықтың құшағында қалықтап бара жатқан еді. Құштарлықтың құрдымына құлап бара жатқан еді. Домофон шыр-р-р етті. Бұлар ойын бөлгісі келмей, бойын суытқысы келмей төсектен тұруға талпынған да жоқ. Бірақ шырыл үзілер емес. Қайта-қайта қоңырау шалынады. Біржан кербез келіншекке қарады. Ол «Кілттерін ұмытып кетіп, үйге кіре алмай тұрған көршілер шығар?» деді ештеңеден де сескенбестен. Сосын еріне басып, еркелей басып трубканы алды.
– Кто?, – деді зілді дауыспен, рахат сезімді бұзып, бөліп жіберген «көршілерге» ренжіп.
– Кто-о-о?, – деп тағы қайталады. Бірақ арғы жақтан ешкім жауап бермеген секілді.
Келіншек қайтып келді де Біржанның қойынан қайта тығылды. «Уже сағынып қалдым!» деп мойнына жыландай оратылды.
Әлден уақытта келіншектің телефоны шырылдады. Жай шырылдаған жоқ безілдеп кетті, безектеп барады. «Тууууууй, беззвучный режимге қоюға ұмытып кетіппін ғой» деп, төсектен керіліп, созылып тұра берді.
– «Полетқа» қою керек негізі, – деді Біржан.
– Жасырын нөмірден хабарласып жатыр.
– Алсаңшы, енді, поклонниктерің шығар?! Гүл беріп жіберген болар саған, – деп мысқылдады қаннен-қаперсіз жатқан жігіт.
– Алло!
– ….
– Алоооооо!
– …
– Кімсің? Естілмейді!
– ….
– Неге үндемейсің?, – деп келіншек зекіп жатыр.
Бірақ телефонның ар жағынан дауыс шықпады.
– Звондап алып тілін жұтып қойғандай мелшиіп қалатын торомздарды-ай осы, – деп келіншек бұраңдап келіп, бұлаңдап келіп жігітке тағы жабысты. – Жаааан, мына телефонды ұстап жүргеніме 2 жыл болды. Жаңасын алып берші. Трендтен қалып барам…
***
Динара үйді сыртынан суретке түсіріп күйеуінің WhatsApp-ына жіберді. «Сенің осында екеніңді білемін! Қасыңда кім бар екенін де жақсы білемін. Сұмпайының дауысы недеген ащы еді» деп жазды.
Бірақ, Біржан хатты әлі оқымады.
Бір мезетте сыртқы есік ашылды. Іштен жас отбасы шықты. Әйелдің аяғы ауыр екен. Жолдасы оны айналып-толғанып барады.
«Біз де осылай жарасып жүр едік қой! Арамыздан қандай қара мысық өтті? Жоқ, арамыздан дейтіндей менің саған деген сезімім суыған жоқ қой. Сенің санаңды не улады екен? Неге бұлай жасадың, Біржан?», – деп ойланып тұрған Динара әлі толық жабылып үлгермеген темір есікті тағы бір сілкіп ашып, ішке енді. Күйеуі мен көңілдесі жатқан пәтердің қабатына көтерілді.
Опасыз күйеу мен адал жардың, сатқындық пен сенімнің арасын 23 деген сан жазылған есік қана бөліп тұр. 23-і – бұлардың үйленген күні ғой. Сол күні екеуінен бақытты, екеуінен көңілді адамды жер бетінен жеті айналып іздесе де ешкім таба алмас еді. Бір-біріне ғашық көзбен қарап, бір-бірін мейіріммен аймалап, жүрегімен өбіп тұрғанын әйел ешқашан ойынан өшірген емес.
Әйелдің ойы тұйыққа тіреліп, тығырықтан шығар жол іздеп сандалып кетті… Іштен тықырлаған дыбыс естілді. Біреулер ары-бері қозғалып жүр. Бөлменің есігі ашылып, қайта жабылды. Душтың қосылғанын анық естіді. Артқа 2-3 қадам жасап, қалтасына қолын салды. Телефонын алып шығып, пәтердің есігін суретке түсірді. «Сен маған аманат деп қарамасаң да, мен саған азамат деп қараймын. Тәубеңе кел!» деп жазды да күйеуіне жіберді…
***
Желігі басылған, құмары қанған екеу сыртқа шығып, серуендеп қайтуды ойлады. Келіншек тұмшалап тастаған терезені ашып еді, әлі қас қараймаған екен. «Жааааан, қарным ашты. Менің бүкіл энергиямды алып, коллориямды жағып жібердің ғой», – деді мысықша майысып.
– Киін, тамаққа барайық!
Келіншек бөлменің әр жерінде шашылып жатқан қымбат әтір иісі сіңіп қалған киімдерін жинады.
– Жаааан, топигім қайда кеткен?
– Міне, – деп жігіт жастықтың астындағы жібектей жеңіл топикті, құшырланып бір иіскеп, иесіне ұсынды.
– Мен реттеліп алайын, – деп келіншек ваннаға кіріп кетті.
Біржан кәстөмінің қалтасындағы телефонынан қолына ала бере, Динара жүз рет звондаған шығар деп ойлады. Телефонынан «полет режимін» өшірді. «Мына абонент сізге қоңырау шалды» деп бірнеше sms-хат келді. Бірақ жұмыстағы 2-3 әріптесінен басқа ешкім хабарласпаған екен. Әйелінің іздемегеніне, іздеп телефон соққан болса, неге өшіп тұрды деп сұрамайтынына риза болды. Қазір сыртқа шыққан соң, WhatsApp-тан аудио жаза салмақ болды.
«Әлеуметтік желіде не өзгеріс бар екен?» деп ол енді «Мобильный данный-ды» қосты. Тыңқ! Динарадан хат келді. Тыңқ! Тағы біреу!
Ашып қалып еді, арқасын суық тер жуып кетті. Басынан біреу ауыр балғамен салып жібергендей болды. Есеңгіреп қалды. Екінші біреу бүйіріне біз сұғып алғандай болды. Буын-буыны босап, қалтырады да қалды. Орнынан тұрайын десе, үшінші біреу тілерсегін тіліп жібергендей, қайта-қайта ұмтылып тұра алмады. Төртінші біреу бетіне «қол газ боллонын» шашып кеткендей, көзінің алды қарауытып түк көрінбей кетті. Бесінші біреу мойнынан қылқындырып, ауызын жауып ұстап тұрғандай. Не бір ауыз сөз бері шықпайды, не бір жұтым дем ары өтпейді. Тура осылай қанша отырғаны белгісіз, сыланып-сипанып, боянып-әтірленіп болған келіншек Біржанды әуелі құшақтап, сосын түрткілеп, одан кейін сілкілеп әрең ес жиғызды.
Ол атып тұрып, есікке ұмтылды. Өліп-өшіп тұрған келіншектің «Жааааан, қайда кеттің, не болды?» дегенін естіді ме, естімеді ме, оған жауап берді ме, бермеді ме, бірдеңе айтты ма, айтпады ма ол жағы есінде жоқ.
Өз-өзіне енді келген Біржан жұмысының жанындағы саябақта жүргенін аңғарды. Жүре берген, жүре берген… Енді саябақты айналып жүріп келеді, жүріп келеді. Ойланып келеді, ойланып келеді. Көп ойланды. Қатты ойланды. Өкінді. Опынды. Бармағын шайнады, санын соқты. Көзін шел басқанын, адасқанын түсінді. Жылтыраққа қызығып, нәпсіге ергенін, ерік бергенін түсінді. Әйелінің қандай ақылды екенін ұқты.
Әйелін ойлады. Соңғы кездері ол туралы бұндай жылылықпен, бұлай сүйсініп, тамсанып, разы болып ойланбапты.
Өзіне күмәнсіз сенетін, өзін кіршіксіз жақсы көретін жанның жанын жаралауға қалай дәті барды?! Өз-өзінен жиіркеніп кетті. Недеген пасық, неткен оңбаған адам еді. Бір ай бұрын 15 тәулік қамауда болған кезін ойлап, көмейіне тірелген өксікті тежей алмады. Қайран, Динара, соның алдын ала ойластырылған «қойылым» екенін білген жоқ, мүлдем сезбеді. Желік қуып қағынған күйеу, таныс полицеймен келісіп, жақсылап ақшасын төлеп, 15 күнге қамау операциясын ұйымдастырған еді. Полиция қызметкеріне әйеліне қоңырау шалдыртты. Екеуінің әңгімесін Біржан естіп тұрды. Әңгіме біткен соң, полицей жігіт А4 қағазға жалған сот хаттамасы мен шешімін жазды да, оның көшірмесін Динараның WhatsApp-ына салып жіберді. Қитұрқы істі ойдағыдай тындырығанына мастанған ол, «Рахмет, брат! Алла разы болсын!» деп қиын сәтте қолдау көрсеткен жанашыр жігіттің қолын қатты-қатты қысқан.
«Түрмеде жатқанда» телефонды өшіріп, басқа қалада әлгі кербез келіншекпен сайран салып жүрген еді. Сол үшін, отбасы жағдайыма байланысты деп өтініш жазып, еңбек демалысының жартысын алған болатын. Оны Динара білмейді.
«Қалай ғана осындай опасыздыққа бардым?» Полицей жігіттің сөзін де сол сәт ойға алды. Ол «15 күннен босап келгенде» әлгі жәрдемші жігіт «Бауырым, сенің бұл істегенің идеалтный план болды. Бірақ. Дұрыс емес! Әйелің күнде келіп жүрді. Міне хаттары дәлел. Сен ол әйелді сақта! Адалдығына адалдықпен жауап бер!», – деген. Сол сөзге ол тіпті де назар аудармаған еді.
Есіне жұмыс бөлмесіндегі жеке шкафқа тастай салған әлгі хаттар түсті. Демалыс уақытында кім хабарласып, шақырса да, жұмысына аттап баспайтын бұны көрген күзетшілер де, жұмыскерлер де, таң-тамаша болды. «Әй, мында не істеп жүрісің? Жігіттер, сіріңкенің шиі бар ма? Сындырайық», – деп шуласып қалды. Біржан бәрімен салқын сәлемдесті де, бөлмесіне беттеді. Шкафты ашып, хаттарды алды. Әрқайсысы – шақпақ дәптердің қос беті. Мұнша көп хат болғанына да, ондағы көл-көсір әңгімелерге де, тіпті суреттерге де мән беріп қарамаған екен. Содан әр хатты жеке-жеке ашып, жанарын жас жуып отырып оқыды.
Бір хатында Динара: «Сенсіз қандай қиын. Қандай жаман. Үйдің іші бос. Балалар күнде сені іздеп, жылайды. Қалай алдарымды да білмеймін. Кешірші, сен таңертең ерте кетіп, кеш келіп, жұмыс деп жанұшырып жүргенде, саған «Түнге дейін жұмыста нең бар!» деп бекер ұрсады екем. Сенің үйде қонып, қасыма болғаныңның өзі маған күш екен ғой», – депті. Еңкілдеп кеткенін, денесін діріл басып, селкілдеп кеткенін сезбей қалды.
Суреттерді қолына ұстап, анық қарай бастады. Instagram-ға салатын, WhatsApp-тан тарататын оңай жол тұрғанда, қазір ешкім сурет шығарып, альбомға жабыстырмайды да. Ал бұл болса, «Телефоннан көре алмайды ғой, сағынып қалған болар?», – деп суреттерді арнайы шығарыпты. Әйелінің суреттегі жансыз бейнесіне қарады. Көздері тұнған махаббат, сағыныш. Қандай мейірім! Риясыз күлкі. Балалары мәз…
Біржан ақылға келді. Телефонындағы өзі қырындаған, «ухаживать еткен» барлық қыз-келіншектің нөмірлерін өшірді. Сол нөмірлермен бірге қателіктерін де, күнәларын да жойдым деп өзін жұбатты. Орнынан тұрып, бойын тіктеп, хаттарды төс қалтасына салды. Нық адымдап сыртқа шықты.
Қаладағы ең қымбат, ең әдемі, ең хош иісті гүлдер сататын дүкенге тартты. Бұл гүл салондарының біразын бұған дейін аралап шыққан. Уақытша қызық үшін талай мәрте гүл алған сол дүкендердің біріне де жолағысы келмеді. Егер сол дүкендердің біріне барса, әйеліне тағы да жамандық жасайтындай сезінді.
Арам пиғылмен бармаған бір дүкенді тапты. Гүл алды. Жұмсақ ойыншық пен тәтті шокалад қосты. Үйіне келді…
***
Арада бір жыл өтті…
«Пай-пай! Мына бойжеткеннің сұлуын-ай… Жанары отты екен…»
Біржанның ойын «Отағасы, не ойлап отырсың?» деген әйелінің дауысы бөліп жіберді.
– Мына қызды қарашы, әдемі екен, – деп қарсы бетте отырған қызды иегімен нұсқады. – Ақылы да көп секілді. Сұқ көзден, қара ниеттен, арам пиғылдан аман болса екен.
Әйелі үнсіз ғана басын бұның иығына қойып, келісетінін ұқтырды.
– Күнім, менің осындай, жоқ, сен секілді сұлу, ақылды қызым болса ғой. Екі ұлға бір қарындас керек, – деп әйелінің маңдайынан иіскеді.