Аймақаралық «Көркемтай» прозалық шығармалар байқауы

Бейбітгүл ОРАЛҚЫЗЫ,

Абай облысы, Ақсуат ауданы, Тана мырза ауылы.

Ауылыма оралдым

(әңгіме)

Сарала қаздар саздағы,

Сардала сағым маздады.

Бүлкілдеп жүзген үйректер,

Қаңқылдап ұшқан қаздары.

Бала да, қарт та, мәз бәрі,

Ауылдың қайран жаздары!

М.Мақатаев.

Асылдар туған, шежіресі тұнған, жерінде киесі бар, елінде иесі бар қасиетті ауыл. Кеңес үкіметі жетпіс жылдай темір ноқтасын кигізгенде ұлтымыздың ұлық дәстүр-салтын, дінін, тілін сақтап қалып, бүгінгі күннің ұрпағына аманаттап отырған да ауыл екені айдан анық. Ауыл деген – балалық шағымның отаны. Қатыгез қаланың күйбең тіршілігінен шаршаған кезде, бәрін тастап ауылға тартып тұрғың келеді. Себебі, «Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді». Бұқар жырау бабамыз «Ауылда адам бар болса – ауыл ада болмайды,  Ел иесі бар болса – елі ала болмайды» деп бекерге айтпаған сияқты. Ауыл – ұлтымыздың ұйытқысы, әр перзенттің қаны тамған киелі мекен. Ауылдан шыққан қарапайым қыз болғаныма мақтанбасам, кеудемде еш өкініш жоқ. «Адамға қайда туса да, бүкіл әлемнің азаматы болу мұрат» деген Сократтың сөзі дәлел.

Қайда жүрсем туған жерім,

Сен есімнен шығармысың?

Жастық дәурен, құрған жерім,

Көз алдымда тұрармысың!

Құт-берекенің бастауы, ырыс пен ынтымақтың қазығы, алтын тамыры ауыл жайлы әңгімемді  өз ойыммен өрбітпекпін.

Мен туған мекен  Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Ойшілік ауылдық округі, Келте тауының етегі. Ойшілік ауылдық округі Тарбағатай ауданының оңтүстігінде Қытай Халық Республикасы  мен Үржар ауданымен шектесетін  округ орталығы.

Қыранды қанатынан, биді жәннатынан, ерді төл атынан айырмаған атақты Қаракерей Қабанбай бабамыздың ізі қалған, кемеңгер Би Боранбай  бабамыздың сөзі қонған,  әулие Ырғызбайдай атамыз жатқан кербез даланың ауасын жұтудың өзі бір бақыт.

Атам мен апам, әкем мен шешем мал шаруашылығымен айналысатын жандар болғандықтан, анам мені мерзімінен бұрын жеті айлық нәресте қылып кең далада дүиеге әкеліп, кіндігімді отбасымызға сыйлы жан Шакен апайға кестірген екен.

Өмірге келген сәттен бастап қыс – қыстаулықта, күз – күзекте, көктем –төлдемеде, жаз – жайлауда отбасы мүшелерімен бірге жүретінмін. Әр кезеңнің өз қызықты сәттері болатын. Қазір ойлап қарап отырсам, атам мен апам қасымда болған балалық шағым – патшаның тағы болған екен, Мағжанның тілімен айтқанда. Бала болсам да санамда көп нәрселер жатталған. Өзіміз тұрған өлкенің сұлулығы да керемет еді. Кербез ақ қайыңдар, үкілі үйеңкілер желкілдеп тұратын. «Жасылкөлдің» жағасы, «Қырықошақтының» қырқалары, «Тақиякеткеннің» төскейі төрт түлік малға толып жататын. Тарбағатайдың төрінде арқарлар ойнақтап жүрсе, суырлардың сән құрғанын көретінмін. Қонжығын ерткен қоңыр аюларды да көзім шалатын. Секеңдеген суыр да, борпаңдаған борсық та осында еді. Мұндағы табиғатты мерекелік кешке киінген сұлуларға теңестірер едім. Әдемі еді ғой, әдемі. Түрлі шөптердің хош иісі арулардың әтірінен кем емес.

Балалықтан тағы бір есте қалғаны – киіз үй тігу. Сол кездегі тігілген киіз үйлер көз тойғысыз көрікті еді, сәнді етіп тігілетін. Әртүрлі ою-өрнектермен безендірілген текемет, сырмақтар төселетін еді. Бір ауылдың тіршілігі сол үйдің ішіне сыйып тұратын. Күн ұясына кіре берген кезде тіршілік жандана бастайды. Отар-отар қой, үйір-үйір жылқы, табын-тыбын сиыр өрістен оралып, айналаны шуға толтыратын. Айналадағы малшы ауылдың да айғай-шуы басымырақ естілетін. Сиыр сауатын қыз-келіншектер шелектерін алып тұра жүгіретін. Үйдегі қара домалақ қара сирақтар қой санасамыз деп әбігер болатын едік. Әкеміз ғана қамшымен бөлектеп тұрып ат үсті санай салатын, дұрыс санайтын, жарықтық. Біздікі  ойын бөлу, санынан шатастыру ғана болатын.

Мал сауылып, саналып, түгенделіп болған соң, барлығы үйге кешкі асқа кіреді. Атам мен әжемнің ақылдың алтын кені болатын, ол кісілер дастархан басында тек ғана ғибратты дүниелер айтушы еді (Қазіргідей әлеуметтік желі арзан әңгіме емес). Ас қайыру, дастараханға бата беру, үлкеннің жолын кеспе, босаға керме, үйге қарай жүгірме осындай сөздер санамда әлі күнге қалған. Ауқаттанып болған соң, әкем аттың ер-тұрманын жайғауға шығатын. Ердің алдыңғы қасы күміспен  көмкеріліп қапталған. Жүген, өмілдірік-құйысқан  бәрі нағашы атам Қабділәшім атамның  қолынан шыққаны көрініп тұр. Нағашы атам темірден түйін түйген зергер адам.  Асылдың тұяғы, алтынның сынығы болған атам мен әжем  шамның жарығымен қазақ ертегілерін, батырлар жырын оқып беретін. Қазіргі біртұтас тәрбие біздің үйде баяғыда басталып кеткен ғой. Кең аспанның көк қанат қос қыраны мені балалығымнан өлең-жырға баулыды. Кішкентайымнан әріп танытып, санамақ санатты. Жусан иісі аңқыған туған жердің топырағын мойныма тұмар етіп тақты да, мені мектепке барар шағымда ауыл орталығына алып келді. Әкем мен шешем тал бесікте тербеткенімен, атам мен әжемнің қолында ержеттім.  Шөп шыққан жеріне өседі деп,  мені өздері қоныс тепкен мекенге білім ордасына әкелді. Ауылда құдай қосқан көршіміз Қапас ата мен Оралхан апа еді. Үйлеріне кірсеңіз кітаптан көз сүрінетін. Ауылдың тұрмыс-тіршілігін осы кісі бақылап отыратын. Қолы ашық, жомарт жан. Оралхан апам адам баласын жатырқамайтын дариға жүрек иесі. Ойнап жүріп көзіне  түсе қалсақ, қалтамызға қуырылған бидай толтырып беретін. Іргелес тұрған соң бір үйдің баласындай боп, береке-бірліктің, татулықтың шамшырағын жағып берген сол кісілер дер едім. Шыңғыс, Естай, Жансая есімді немерелерімен  құлын-тайдай тебісіп, бәріміз бірге өстік. Тал шыбықты ат қып мініп, үй қасындағы жылт-жылт етіп жылғадан аққан суды ермек етуші ек. Бала біткеннің бәрі гүлдей жайнап өсіп келе жатқан күнәсіз жас сәбилер. Ішіндегі бір тентегі болса мен едім.  Төбеден де секіріп, аяқты да ауырттым, ауылдың өзі сайлап алған халық емшісі, сынықшы Нүкен апам бар. Апа деп баж ете қалғаным сол еді, апам арқасына салып сынықшыға қарай тартты. Осымен тентектігім тыйылмады. Беу, балалық. Отынға деп жинап қойған кеуіп тұрған шеңгелді де шырпымен тамызып, кетіп қалып, өзім өрт сөндіріп болғанда келгем. Иттер тауықты жеп жатса қарап тұратынмын. Жеп біткен соң кеп апа Құттыаяқ тауықтарды ақиын-ақиын (ақырын-ақырын) жеп болды деп келетінмін. Апам болса «тентегім-ай» деп тынушы еді. Ауыл маңындағы Қарғыба өзеніне суға шомыламыз деп кетіп қалып, күн ұзаққа қайтпай жүруші едік. Сондағы бар ойым апам келіп арқалап алып кетсін деген ниет. Аузыды ашып өпкенім, көзімді ашып көргенім деп мен дегенде шығар жаны бөлек еді. Қайран апам адалдықтың символы едің. Мен айтқан бұйымтайлар орындалмай қалмаушы еді. Әр сөзі жанымды жадыратып, көңілімді көркем ететін. Гүлжауар апам таңғы ұйқыдан сабаққа оятқанда маңдайымнан сыйпап, бүкіл мейірімін төгіп аялы алақанымен тұрғызатын. Мен тұрғанда тамақтың ең дәмдісі, ең тәттісі менің алдымда тұратын. Еркелесем ең жұмсақ жер апамның кеудесі еді. Алты жасыма дейін өн бойындағы бүкіл мейірімін сарқып маған берген екен ғой. Апам барда мәртебем қашанда  биік болатын. Қамқоршым менің. Бірінші сыныпқа барған жылымда алғашқы қоңырауға өзі жетектеп апарғанымен, соңғы қоңыру соққанымда бара алмады. Айықпас дерт жабысқан екен. Сарсаңға түсті қадірлім, бала жүрегім бәрін сезді. Жүрегімнің түкпірінде мәңгілік сағынышқа айналды. Апа-ау өзің берген ақыл-парасаттың дәнегі әлі күнге жаныма азық болып келеді.

Нәресте ойымды, бала қиялымды тербеген бесігім, білім босағасын аттатқан,  әріптерді жаттатқан қасиетті білім шаңырағы – Тана мырза атындағы орта мектеп болды. Алғашқы білім бастауыштың балбұлағы сол жерде мені мейіріміне қандырды. Аталған мектепте үлгілі оқушы, оқу озаты болдым.

Жоғарғы сыныпқа көшкен кезде, тоғызыншы сыныпты аяқтап, емтихан бәрі ойдағыдай өтіп сынып болып тауға серуенге баратын болып шештік. Маусым айы. Сыныптың ұл-қыздары және ұстазымыз бар. Көздеген жерге келдік. Ұлдар балық аулады. Оның да дәмін таттық. Біздер сірне дайындадық. Ас ішіп, арасында өзенге шомылдық.  Футбол ойнадық, естелік суретке де түсіп үлгердік. Қонуға бекініп барғанбыз.От жағып айнала тізіліп қоршап отырғанбыз. Түнгі аспанда жымыңдаған жұлдыздармен іштей күбірлесіп те кеткенбіз. Кенет ойымызды ұстазымыз Жұлдыз апайдың даусы бөліп жіберді. Балалар табиғаттың осы бір шағы қандай әнге сұранып тұр дегені. Біз үнсіз қалдық.  Сол сәтте ұстазымыз:

Желсіз түнде жарық ай,

Сәулесі суда дірілдеп.

Ауылдың маңы терең сай,

Тасыған өзен  гүрілдеп, – деп  Абай атамыздың  өлеңін бастай жөнелгені. Біз де қосыла кеттік. Ойлап отырсам, ол да бір бақытты шағымыз екен. Осы бір табиғат  аясындағы демалыстан кейін жүрек деген жұмыр ет бөлек сезіммен бүлк еткендей болды.  Себебі алғашқы өлең жолдары дүниеге келді. Алқашқы өлең шумақтарының жазылуына анамның аяғын ауыртып алып, қос балдақпен жүргені себепші болды. Анама   деген аяушылық сезімнен өрілген өлең жолдары төмендегідей еді.

Анашым ақ сүт бердің жасымда,

Ақ сүтіңді өтермін мен қасыңда.

Аналардың ауырмасын жүрегі,

Орындалсын өмірдегі тілегі.

 

Қылығымды қызықтаған, тоймаған.

Әр күн сайын тағдырымды ойлаған,

Күн сайын тарап менің шашымды өрген,

Балауса бір қызың ем қасыңда ерген.

 

Сен ауырсаң, түседі қаяу маған,

Балапан ем қанатын жая алмаған.

Ең алғаш осы өлең келді маған,

Тақырыбы сен болып аяулы анам (22-шілде, 2002 жылы жазылған екен).

Мектеп қабырғасында жүргенде,  көптеген газет-журналдарға ұстаздарым демеушілік жасап, өлеңдерімді баспаға беріп жүрді. Аудан, облыс  көлемінде жазба ақындар арасындағы жыр мүшәйраларынан қалыс қалған емеспін.

Ақ ордам ана тілдің туын ұстап,

Ұлы Абай, Мағжан, Мұхтар тілін ұштап.

Халқымның небір асыл жақсылығын,

Үлгі етіп ұрпақтарға жүрсің нұсқап, – деп, өлең жолдарында кезікендей Тана мырза орта мектебінде ұлағатты ұстаздардан білім алып, қанатымды қатайтып, үлкен өмір жолына қадам бастым.

Балалық шақтың бекетін,

Қалдырдым өмір жолында.

Арман көп оған жететін,

Билет жоқ әттең қолымда…

Қош, балалық деп ары қарай студенттік өмір-үлкен сапар бастауы басталды. Арман қуып қалаға барған кездегі жарқын сәттер әркімнің есінде қалары анық. Ауылдан ұзап шыққан кез. Ұяң ұлдар мен бұрымды қыздар. Үлкен өмір жолына жолдама алып, арман қуып, қалаға қарай қанат қақққан сәт. Әркімнің толғанысы әртүрлі еді. Алаш қаласындағы «Құрылыс колледжіне» студент боп келгенімде, Қадыр  ағамыздың мына бір өлең жолдары ойыма жиі келетін.

«Басталмаған қаланың дастаны әлі,

Бірінші жыл дала деп жас тамады» деп студенттік жылдардың алғашқы жарты жылдығында ауылға деген, ата-анаға, бауырларға деген сағыныш жүректі тебірентіп,  толқытып тұратын. Куратордың ақылын тыңдап, жатақханада талай асқазанды ашықтыпрып едік. Шәкіртақы мен үйден келетін сәлемдемені үздігіп күтеміз. Ауылмен хабарласу үшін  сөйлесу пунктіне барасың, алдыңнан орыс тілді кісі кезіксе ойыңдағы телефон нөмер көкке ұшады. Қазақ тілді жан кезіксе екен деп іштей тілеп барасың. 8 723 46 2 04 72 дегенді орысша мүдірмей айту деген  қияметтің қиынын еді. Қалаға барғанда нанның орысшасын ғана біліп барыппын ғой.  Аш қарынның ауыз бастырығы ролтан лапшаны талай жедік қой. Қаншама естен кетпейтін, ескірмейтін естеліктер болды. Сессия, курстық жұмыс, диплом жобасын дайындау кезіндегі естеліктер тіпті керемет еді. Әлі есімде… Қызығы мен қиындығы қатар жүрген студенттік кезеңді де ойдағыдай аяқтап, қызыл дипломды қолға алып, вечірден кейін қимастық сезіммен тарастық. Біз түсетін албырт жастықтың аялдамасына да жетіппіз.

Қолымда билет. Алматыға жол жүргелі тұрмын. Албырт көңіл айдыны аспанға шалқыған кез. Босағасы – бақыт, төрі – жәннат шығыс даласы мені қол бұлғап шығарып салды. Жорғаның жүрісіндей жүрдек пойыз жүйткіп келеді.   Алматыға жақындаған сайын менің ойым Маңмаңгердей адымдап барады. Айтыстың абызы Жүрсіннің тілімен айтқанда,

Білмеймін  келер күнде бағым қанша,

Өкінбен Алматы жас шағымды алса, –  деп , жазира жасыл далаға, қызғалдақтарға бөктерілген Алатаудың бауырына да кеп жеттім. Алматы жатыр сырға тұнып. Жастық шақтың жарқын күндері осы қалада басталды.

Түн… Алматылық тұрғындардың тілімен айтқанда азанменен аштым бүгін ұйқымды. Енді осы қаладан еңбекке ерте араласу үшін, қасыма Динара атты қызылордалық құрбыны ертіп жұмыс іздеуге шықтым. Гүлге айналған Алматы. Көшелерінде жас жауқазын мен ақ жауынның иісі бар. Алтын атырап күн шуағына шомылған. Әдемілік көрмесі осында екен деп қоямын іштей. Ару-дала етегін әсем гүлдер көмкерген. Күн шымылдығын шапқанша жұмыс іздедік. Жұмыс берушімен тіл табысып келіскендей болдық. Ертең еңбек жолы басталады.

Алматы… Қаншама талантты тау тұлғаларды тудырып, алақанына салып әлдилеген қала ғой. Мені де бөліп тастамас, бөліп-жармас деп қоямын. Автобуста келе жатқанда іштей күбірлеп тұрмын. Өнер мен білімнің, әдебиет пен мәдениеттің қайнап жатқан ордасы. Мен үшін Алматы арманды арманға жалғаған қала.

Бәріне де таңқалдым,

Бірақ менің жәннатым,

Ұшсам биік қанатым,

Саған мәңгі жетер ме,

Айналайын, Алматым!

Араға 11 жыл салып, туған ауылыма бардым. Таңқалдым, таңырқадым. Ауылым да, бауырым да , қауымым да өзгерген. Ауыл арасындағы жолдар тегістелген, асфальт төселген.  Көшелерде электр шамдары жарқырап тұр.  Теледидарда жүз шақты арнаны толық көрсетеді. Ғаламтор бар. «Таза су» бағдарламасы толық жүзеге асырылған. Айшылық алыс жерлермен қолма-қол тілдесе аласыз. Көңілді көншітетін клуб үйі, ой сергітетін кітапхана, адамгершілікке, тура жолда түзу жүруге бағыт-бағдар беретін мешіт те бар. Ауданымызда асыл тұқымды мал шаруашылығы да қолға алынған. Көптеген жұмыспен қамту орындары ашылған. Халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында көптеген мүмкіндіктер берілген. Қайтар жолда тәтті қиялдың, тұңғиық ойдың құшағында болдым. Алматыма келдім.  Бірақ мендегі шаттыққа толы күндер мазасыз күндермен алмасты. Жүрегімнің болса да аспаны айғыз, мен туған ауылға қайтуға бел будым. Жүк ауыр, жол тұйық. Алматы, қайта айналып келгенше, – дегенше, автобус жүріп кетті..

Жүрсек те қызық қуып, қала көшіп,

Көңілімнен бір самал барады есіп,

Менің де жырламауға хақым бар ма ?!

Бәрімізді тербеткен дала бесік.

 

Шықса екен деп жарқ етіп жыры мына,

Бойлатқан тәтті өлеңнің тұнығына.

Алдыңғы ағалармен сырластым мен

Қосылып бозторғай-жыр шырылына .

 

Болса да қорықпас олар атойлардан,

Жанына жалын өрттің тақай барған.

Іргелесіп өссем деп қалмадым мен,

Құлпырған қызғалдақ гүл апайлардан.

 

Қамшысын қолыма ұстап шын ақылдың,

Бабын бір келтірсем деп жыр атымның.

Осқырынған өлең көрсем қуандым мен

Бәйгесіне барам деп бір ақынның.

 

Өлең боп ой-қырлардан озатынмын,

Дүбір шықса делебем қозатын мың,

Бауырдың да тілеуін тілеймін мен

Сүрінбесін деп тұяғы боз атыңның.

 

Келеді байрақ болып желбірегім,

Келеріне сол бір күннің сендіремін.

Тербете бер, тоқтамай дала бесік

Сүйіншілеп есіктен мен кіремін…

(Бүгін емес бір күні).

Ауыл екеуміз қоңыр қаздың балапаны едік қой, бір-бірімізді паналаған. Мен сенен кеткенде жанарда жасың қалды мөлтеңдеген. Мені өмір есейтті. Өмір, тынышымды алдың, жұмбақ күлкіңменен. Күрсініп күндер өтсе де, үміттің жібек  жібі үзілген жоқ. Жаңа таңды қарсы алуға асықтым. Тығырыққа да тірелдім, барлығын ұмытып, тіршілікке араласып кеттім. Қанша асыл арман ойымда жүргенмен, орындаларына кім кепіл?! Қарлығаш болып қанатым талып қалғанша,  арманым үшін күреспекпін. Нұрға толған аспанның омырауы маған жұлдыздардан арманың орындалады деп хат жолдағандай боп тұрады. Өлең деген бір өзен көкірегімде ақтарылған. Ақ параққа жазар дүние көп-ақ… Маужыраған мақпал кештерде, жыр тосады торығып менен кеудем. Қайдам. Бірақ келер күннің не берері белгісіз. Мүмкін, дүние даусын күмбірлетіп әлі талай шығармалар жазармын. Шабытты шақтарымды күтемін. Өлең екеуміз әсем күндерді бірге кезбейміз бе?  Менің іңкәр жұмбағыма айналған, дертім де, сертім  де өзіңсің, өлең. Мен білмейтін тылсым жолдармен өлең деген өлкеге алып кеттің. Думанға толы дүниеде, күліп атқан таңдарда ізгіліктің хабаршысы сен болдың. Жаны таза жандарға сен жолықтырдың. Көк аспанның кеудесіне сенің есіміңді көркем етіп жазамын. Сенші. Төбемізден ғажайып нұр себелеп, бар әлемнің құшағына сыйып кеткен екеуміз боламыз. Аспанның жұтып жауынын, талай нөсер жыр төгерміз. Біз бір-бірімізден ажырамаспыз, толқындардай арналарда тоғысқан. Тағдырдың тұман жапқан боз пердесін сырып тастадым. Келші маған шуағыңды шашып, күн.

Дүбірлетіп жүрсем де қыр-бөктерді, бәрібір саған жетпейді екен, туған ауыл. Осылай арманымның ақ көгершіні иығыма қонды да, қазаны оттан, азаматы аттан түспеген, сүт бетінің қаймағы қос елі  Тана мырзадай ауылыма, бабаларымның мекеніне  шаттығы мол күндерде бірге болайық деп қайта оралдым. Осылай ауылыма оралдым, оралдым.

Добавить комментарий