Көрнекті ақын Байбота Қошым-Ноғай балаларға арналған «Қуыршағым бар менiң», «Таңертеңгi тәттi түс», «Сымбат салған суреттер», «Таңғажайып түс», «Он екi қонақ», «Мүшел» сынды көптеген кітаптары арқылы балғын оқырманның сырласына, досына, ақылшысына айналды.
Ол «Достық жоралғы» атты аударма өлеңдер кітабын шығарды. Онда ағылшын, еврей, қарашай-малқар, қырғыз, татар халық өлеңдері және шет елдік ақындардың шығармалары топтастырылған. Одан бөлек, армян ақыны С.Капутикянның «Маша сурет салады» және орыс ақыны Е.Благининаның «Шинельді неге сақтап жүрсің?» сынды балаларға арналған кітаптарын қазақ тілінде сөйлетті.
Ақын қазақ балалар әдебиетінің антологиясын жинақтап, құрастыруда орасан зор еңбек етті. Сонымен бірге, ол «Балдырған» журналы арқылы да мектеп оқушыларына кеңінен танымал. Оның балаларға арналған өлең-тақпақтарынан бөлек, санамақтары, мазақтамалары, жұмбақтары, жаңылтпаштары, ертегілері ерекше әсер сыйлайды.
Әдебиеттің әр жанрында жемісті еңбек етіп келе жатқан ақынның балғын оқырмандарымызға арналған «Мамандықтың бәрі жақсы» топтамасын ұсынамыз.
Бәрі жақсы мамандықтың
Бәрі жақсы мамандықтың
Арттырар ел ырысын.
Кәсібі бар тәмам жұрттың,
Туады ақын жыр үшін.
Мұғалім де, дәрігер де,
Болған ғажап, бірақ та,
Осылардың бәрінен де,
Қайсысы артық? Мұрап па?
Дизайншы, геолог па,
Аспаз әлде қаржыгер?
Мүсінші ме, теолог па –
Кімде кандай бар жігер?
Мамандықтың жақсы бәрі,
Армандай біл, таңда да.
Бір мамандық ап шығады
Күні ертең-ақ бар бала!
Ғарыш бізді шақырды
Біздің Тоқтар ағамыз,
Ұшты шырқап ғарышқа.
Ертең біз де барамыз,
Айға, Шолпан, Марсқа.
Төгіліп Күн шуағы,
Ғарыш бізді шақырды.
Қазақ жері туады
Әлі талай батырды!
Таудай үлкен талабым,
Бар алдымда қанша арман!
Мен де батыр боламын,
Жұлдыздарға жол салған.
Жерден ұзап жыраққа,
Кезем ғарыш төсін мен.
Достарымды бірақ та,
Шығармаймын есімнен.
Ұшқыш болсам…
Ұшқыш болсам күні-түні самғаған,
Ұшқыш болсам атам, апам болмаған –
Асар едім сеңгір-сеңгір асқардан,
Асар едім зеңгір-зеңгір аспаннан,
Болар едім Орал, Арал, Семейде,
Қонар едім қала, дала демей мен!
Археолог
Сауран,
Бестам,
Сығанақ
Сырлары мол ашпаған.
Жер астынан сығалап,
Қарайды көзтостаған.
Қыш құмыра талай мың –
Бабамыздың көзі еді.
Қолыма алып қараймын
Саптыаяқ пен көзені.
Ертең жыр боп оқылар
Сансыз қала құмдағы,
Шақырады Отырар,
Шешілмей көп жұмбағы.
Қалақшамен тынбастан
Қазып төбе,
Обаны,
Қалаларды құм басқан
Ағам аршып алады.
Қарсылық қып жауларға,
Қамал қанша құлаған?!
Тарих бетін аударған
Археолог – бұл ағам!
Мұнай – елдің дәулеті
Терең салып бұрғыны,
Көкке ататын мұнайды.
Ағалардың тірлігі
Маған катты ұнайды.
Мұнай – елдің дәулеті,
Мұнай – елдің байлығы.
Мұнайшылар әулеті
Білмейді мұң-қайғыны.
Бүгін бізде ән сабағы
Бүгін бізде ән сабағы,
Қосылып ән саламыз.
Тыңдаған жұрт тамсанады,
Әлі-ақ әнші боламыз.
Көріңіздер бәрімізді,
Біздерге жат мұң-қайғы.
Шырқап салған әнімізді
Отан-Ана тындайды.
Үйренеміз биді бірдей,
Аяқты тең аламыз.
Ермек, Шара, Бибігүлдей
Біз өнерпаз боламыз.
Ақын боп кеткім келеді
Қалаға қыста атам кеп,
Айтады бізге ертегі.
Біржан сал, Абай, Махамбет
Жайында сырлар шертеді.
Ғажап қой сырлы сөйлеген
Қазақтың қара өлеңі.
Атамды тыңдап кейде мен,
Ақын боп кеткім келеді!
Құрылысшы боламын
Елге айналып дәулетті,
Мәшһүр болдық баршаға.
Алматыда сәулетті
Ғимараттар қаншама.
Ақша бұлттан әрі асқан
Биік-биік шыңдары.
Алатауға жарасқан
Алматының гүл бағы.
Көмкеріліп гүл бақпен,
Үйлер көкке ұмтылып,
Тыстағандай сырмақпен,
Көз тартады құлпырып.
Өскеннен соң ертең мен,
Құрылысшы боламын.
Ауласын гүл көмкерген
Зәулім үйлер саламын.
Тезірек ер жетсем екен!
Ел деп еңбек етсе көкем,
Қуанамыз бар бала.
Тезірек ер жетсем екен,
Қарардай жұрт таң қала.
Елде тудым мен де ордалы,
Ойнағанша қуыспақ,
Қандай жақсы ел қорғаны
Болған қолға ту ұстап?!
«Күрсінбесін қариялар,
Жыламасын бір бала,
Тартылмасын дариялар,
Гүлге орансын қыр, дала», –
деп соғады ерке жүрек,
Армандайды ол-дағы.
Өссем екен мен тезірек,
Болар ем ел қорғаны!
Шарласам ғой әлемді
Бірде жаяу, ал енді,
Бірде кезіп көлікпен,
Шарласам ғой әлемді,
Саяхатшы болып мен.
Көрер едім көп елді,
Кей мекенде аялдап.
Әр сапарым не берді –
Жазар едім баяндап.
Адам болсақ, жарайды…
Кімде қандай бейім бары,
Кімнің қандай дарыны –
Көрінеді кейін бәрі,
Басылмаса арыны.
Демей: «Бәрін кейін көрем», –
Жөн ғой үздік оқыған.
Алаңдамай ойынменен,
Ойға шомып отырам:
«Жүр көңілін маған бөліп
Ұстаздар мен ата-анам.
Алдымен мен АДАМ болып,
Сосын МАМАН атанам!»
Байбота Қошым-Ноғайдың «Алғашқы мүшел» кітабынан (Астана, 2010 жыл) алынды.
(Суреттер ашық ғаламтор желісінен алынды)