Бо Цзюй есімді біреу Лао Даньнан білім алып жүрді. Бірде ұстазынан рұқсат сұрады:
– Аспан асты елін аралап, сапар шегуге рұқсат етіңіз?
– Қайтесің… – деді Лао Дань. – Аспан астының барлық аймағы бірдей.
Шәкірті сапарға сұрануын қоймады.
– Сонда, әуелі қай елге ат басын бұрмақсың, неден бастамақсың? – деді Лао Дань.
– Ци елінен бастаймын, – деді Бо Цзюй.
– Онда барғанда дарға асылған адамды көрсем, дереу денесін жерге түсіріп, жатқызған соң салтанатты киіміммен бетін жабамын. Сосын аспанға арыз айта аһ ұрып, өлікті былай жоқтаймын:
«Ұлым-ау! Ұлым-ау! Күллі Аспан асты елінде қанды қасап жүріп жатыр. Сен оның алғашқы құрбаны емессің. «Қарақшы болма, кісі өлтірме» деп айтады ғой. Бірақ даңқ пен абыройсыздық пайда болғалы адамдар тынышынан айырылды. Байлық пен қазына жинау басталған кезден бері талас-тартыс жүріп жатыр. Жоқшылық адамдарды титықтатады, тыныс алдырмайды, – қалайша қылмысқа бармайды олар! Ежелгі патшалар сәтті істердің барлығын халықтың еншісіне жазып, сәтсіздіктерді – өз кесірінен көретін, кез келген шындықты халықтың есебіне жатқызып, жалғандық үшін өздерін өзі жазалайтын. Өйткені бар кінәні бір адам өз мойнына алатын да, өзін өзі күстаналап, іс басынан кететін. Қазір олай емес. Істер үн-түнсіз атқарылады да бұдан бейхабар жандар ақымақ деп жар салынады. Алуан пұт ауырлық жүктеп қойып, оны еңсеруге әлі келмегендерді жазғырады. Міндетті ауырлатып, оны атқара алмағандарды айыпқа жығады, айналма жолмен аттандырып алып, кешіккені үшін жазалайды. Күш-жігері сарқылуға шақ қалған соң, адамдар оның орнын түлкі қулықпен түгендейді. Күн өткен сайын көлгірлік көбейген үстіне көбейіп келеді, осының бәрін көре тұра халық пен шенеуніктер жасандылыққа ұрынбай қайтсін? Өйткені қуат жетпеген жерде – қулық озады, білім жетпеген жерде – алдау алға шығады, байлық жетпеген жерде – ұрлық өрістейді. Ұрлық пен қарлық үшін сонда кімді кінәлау керек?»
Орыс тілінен аударған: Айбек ОРАЛХАН,
«Чжуан-Цзы» кітабынан
(Көрнекі суреттер ЖИ көмегімен салынды)