Айтыс

Ертеде ме, әлде бергі замандарда ма, ол жағы белгісіз, әйтеуір сан жылдық тарихы бар кітап пен айфон айтысыпты. Айфон:

– Мен – ақылдымын! Мен – жаңа заманның «нано» технологиясының соңғы үлгісімін. Мені барлық бала қолданады, – дейді.

– Е, сенің де дәуренің өтер! – депті кітап тұрып.

Айфон кітаптың осы аянышты кейіпіне қарап, сөреде шаң басып тұрғанын айтып, кемсітіп, масаттана күліп, өзінің бір мезетте түрлі қызмет атқара алатынын көрсетіп, маңғазданады.

– Менің дәуренім өтеді деймісің? Жо-жоқ, мені балалар әлі пайдаланады, менен керекті ақпарат пен мағлұматтарды тез арада алып, керегіне жаратады. Бәлкім, сенің дәуренің өткен шығар…

– М-м-м, бүкіл әлем бір күні маған басын иіп, менің сарғайған парақтарымды ақтарып, рухани қайыршылыққа ұшыраған оқырмандарым менімен әлі-ақ қауышады!

– Оһо, асқақ арман деп осыны айт. Ей, кітап, сенің енді арманың ешқашан орындалмас!

Осы кезде айфонның қуаты таусылып бара жатады. Өзінің күш-қуаты бітуге таяу қалғанын сезіп, кітапқа жалынышты үнмен тіл қатып:

– Достым, менің энергия көзім таусылып барады, мені электр сымына жалғашы, – деп өтінеді.

– Әне көрдің бе, батырым! Сен – әлсізсің, сенің күш-қуатың мен жігерің көп уақытқа жетпейді, – дейді кітап.

Кітаптың қайтарған жауабына айфон булығып, ыза болады да: «Әй, сені ме» деп тұра ұмтылады. Кітап сөреге қарай секіріп кетеді. Айфон сөніп-жанып қалың ұйқыға кетеді…

Баянды ғұмыр

Шырайлы Шираз шаһарында Шахмардан атты жігіт ағасы патшалықтың тізгінін ұстапты. Байлығында есеп жоқ. Дәулеті мен сәулеті асып тұр. Патша өзінің мансабы мен ордасына разы болыпты.

Шахмарданның өз кіндігінен бір ұрпақ болмапты. Зәулім қамал сарайда тек жаңа туылған сәбидің «іңгәлаған» дауысы жетіспепті. Бір перзентке зар болған патша өмірінде өзгелердің балаларын сыйлап, бетінен қақпай, бар жақсылықты жасапты. Патша сондай данышпан, тақуа жан. Ауласына қараша халықтың балаларын шақыртып, тамақтандырып, солармен бірге көңіл көтеріп, марқайып, қажап жүрген ойынан бір арылатын. Патшаның түсіне жиі әулиелер мен сахабалар кіріп, болашақта сәби сүйетініне аян береді екен. Түсін жақсылыққа жорып қояды. Бәйбішесін сыйлайды, оған деген сүйіспеншілігі ерекше екен. Отасқалы он бір жылдың ішінде әйелін ренжітпей, аялап, жылы қабақ танытудан жалықпапты.

Қасиетті Рамазан айы келгенде бір тәуіп патшаға әйелінің бала көтергенін, мираскер ұрпақтары болатынын болжайды. Көп ұзамай әйелі босанып, жарық дүниеге шекесі торсықтай егіз перзент әкеледі. Қос нәрестесін кезек-кезек сүйіп, қуанғанынан көңілі босап, тәңіріне шүкірлік етіпті. Жылма-жыл бәйбішесінің балағынан бала саулап, жарық әлемге қатарынан егіз, үшем шақалақтарды әкеп жатыпты. Балаларын аспанға көтеріп, әкелік мейірімін танытып, ерекше бақытқа бөленген екен.

Жаратқан Хақ он бір жыл перзент күткен тақуа пендесіне он бір ұрпақтың үнін естіртіп, әулетінің керегесін кеңейтіпті. Сабырлық танытып, болашақ күндерден үміт күткен патша алты ұлы мен бес қыздың әкесі атаныпты. Осылайша тәңірден баға жетпес теңдессіз сыйға ие болып, тілегі қабыл болыпты. Ақ арманы орындалыпты. Әр баласының бойына бір ерекше дарындылық қабілет дарыпты.

Шахмарданның Шалқар, Шыңғыс, Шерхан, Шапағат, Шаттық, Шабыт есімді ұлдары әке жолын жалғап, шаңырақтары қуанышқа кенеліп, әулеті үбірлі-шүбірлі болды. Шынар, Шырай, Шұғыла, Шуақ, Шұға есімді бұрымды, ибалы қыздары ұлтының ұстыны, ұлысының ұйытқысы бола білді.

Тырбаңдап өмір бойы жинаған дүние-мүлкіңнен әп-сәтте-ақ айырылып қалуың ғажап емес. Ал бала – өмірдің гүлі, ұрпақ жалғасы. Шахмарданның халқына адал, төрелікке әділ болғаны, жомарттығы мен мәрттігі, дархан даладай кең пейілінің арқасында жақсылыққа жетіпті. Баянды ғұмыр кешкен екен.

Қарлығаштың ұясы

Көктем мезгілі еді. Құстар келіп, аспанның сәні кірді. Қанаттарын қағып, көктемнің хабаршысындай ән салған құстар көк аспанмен жарасып, көздің жауын алады. Біздің үйдің іргесіне қарлығаш ұя салды. Қарлығаштың ұясында жоқтығын пайдаланып, көкек ұясына жұмыртқалап кетті.

Мейірімді құс өз жұмыртқасымен бірге бөтен құстың да жұмыртқасын басып жатты. Жұмыртқаны жарып, қызыл шақа шараналар дүниеге келді. Сары үрпек балапан болып өсті. Ширады. Қарлығаш оларға ұшуды, тамақ табуды үйретті. Өзгенің ұясына барып жұмыртқаламаңдар деп ақылын айтты. Көкектің баласы өзге құстың қамқорлығы мен тәрбиесін көріп өсті. Кейіннен қарлығаштай мейірімді, ақ жарқын болды.

Қансонарда

Қансонар уақыты еді. Жаңа жауған қардың беті шимайланған оқушының дәптері секілді. Небір іздер жатыр. Анық бағыты бар жолдар аңшыға бірден-бір көмек болса, ит-құсқа қауіпті. Саятшылықты кәсіп етіп, серік еткен Рымқұл шал немересімен тау бөктерінде жүр. Түз тағысы қасқырдың ізін барлап, аңдып келеді. Қатпарлы асудан көтерілгенде дала жазық, құлан қашса құтылмас құлазыған кең екен. Айнала анық, айқын көрініп тұр. Із кескен аңшы жаңылмады. Аңшы мен бөрі бетпе-бет жолыға кетті. Аралары он бес метр. Күннің суықтығынан бүрсең қаққан бөрі айбат шеге алмай, шалдан бір мейірімділік күткендей еді. Шал қос ауыз мылтығын оқтап алып, қасқырды көздеп шүріппені басып қалды. Қатар атылған оқ зуылдап барып көк бөрінің сауырына тиді. Түз тағысы шыр көбелек айналып, шарқ ұрып барып құлады. Күмістей жылтыраған аппақ қар лезде субұрқақтай шашыраған қызыл қанға боялды. Шал аттан түсіп, қасқырды айнала жүріп қарады.

– Ойбу, балам, олжамыз өте арық екен, жә, терісін сыпырып алып, керегеге керіп қоямыз, – дегені сол еді, дауысы дірілдеген немересі:

– Ататай, мынауың жарамады, қалай дәтің шыдап аттың?! Жемтігін таба алмай жүрген ашқұрсақ бөрінің бөлтіріктерін ойладың ба?! Қарашы, аузы ашылып, көз ұшында бір тамшы жас ағыпты. Көк бөрінің көз жасына қалдың-ау? – деп ойындағысын іркілмей айтып салды, ал атасы үнсіз қалды.

Мейірімді аңшы

Биылғы қыс ызғарлы, өте суық болып тұр. Алатаудың бөктерінде қар көшіп, боран құйындап, қыс қаһарына мініп алған. Тауды мекендейтін аң-құстың тамақ тауып, қоректену қиынға соқты.

Тау етегінде Бидахмет аңшы тұрады. Аңшыдан басқа біраз түтін бар. Қарт аңшы бір күні жолда келе жатып, жолдан қасқырдың кішкентай бөлтірігін тауып алады. Аңшы: «Мына бөлтірік жолда неге жатыр, әлде қасқырдың өзі тастаған ба? «Мен өліп қалсам, бөлтірігім жетім қалмасын» деп тастап кеткен болар» деп ойлады. Сөйтіп, аңшы бөлтірікті үйіне әкеледі. Ата қасқырдың баласын бағып-қағып өсіреді. «Сырттан» деп бөлтірікке ат қояды.

Бір күні ата ауыз үйдің табалдырағына келіп жатқан, бір аяғынан қан тамып тұрған қоянды көреді. Аңшы қоянды алып, мата төселген жылы жерге жатқызып, аяғын дәкемен орайды. Біраз күн өткен соң қоянның аяғы жып-жылтыр болып жазылып кетеді. Қоянның аяғының жазылғанын көріп, аңшы шал қуанады. Осылайша аңшы, қоян және бөлтірік үшеуі тату-тәтті, бір отбасыдай болып өмір сүреді.

Елдос Тоқтарбайдың «Тау құсы» кітабынан (Алматы, 2024 жыл) алынды.

Добавить комментарий