Кеше Қызылорда қаласында «Ақ жол» демократиялық партиясы ұйымдастырған «ХХI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» Жалпыұлттық дәстүрлі байқауының екінші кезеңі өтті.

Алаш қозғалысының саяси тәжірибесін, экономикалық ұстанымын   және рухани мұрасын қазіргі Қазақстан қоғамын жаңғырту контексінде зерделеу мен насихаттау мақсатында өткен байқаудың бірінші кезеңіне 250 үміткер шығармаларын жолдаған. Олардың арасынан эссе, мақалалары үздік деп танылған 42 жас зерттеуші Сыр бойында бас қосты.

Байқаудың ашылуына «Ақ жол» Демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев қатысты.

– «Алаш» мұрасын насихаттауда, рухын бойға сіңіруде, олардың бастамаларын нақты іс жүзінде жүзеге асыруда біз сіздерден идеялар күтеміз. Сіздердің ізденістеріңіз еліміздің келешегі үшін маңызды болуы керек, – деді құттықтау сөзінде Азат Тұрлыбекұлы.

Екінші кезең қатысушылары төрт номинация бойынша сынға түсті.

Бірінші аталым – «Алаш» қайраткерлерінің Алаш Республикасының мемлекеттік құрылымы туралы идеясы және оның қазіргі Қазақстан үшін өзектілігі деп аталады». Бұнда 11 қатысушы Алаш конституциясы мен «Алаш» партиясы бағдарламалары жобасындағы парламентаризм ұстанымдары мен унитарлы ұстанымдары және олардың Тәуелсіз Қазақстан Конституциясындағы сабақтастығы; Алаш Республикасындағы мемлекеттік билікті бөлу принциптері, үш билік тетігінің тепе-теңдігі мен бір-бірінен тәуелсіздігі принциптері және олардың Тәуелсіз Қазақстан Конституциясындағы сабақтастығы; Алаш Республикасындағы орталық мемлекеттік билік пен жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің арақатынасы және олардың Тәуелсіз Қазақстан Конститциясындағы сабақтастығы; Алаш конституциясы мен «Алаш» партиясы бағдарламасы жобаларындағы сөз, баспасөз, ар-ождан (дін) бостандығы, азаматтық және саяси құқықтардың сипаттамалары және олардың Тәуелсіз Қазақстан Конституциясындағы сабақтастығы секілді т.б. тақырыптарға өз көзқарастарын білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды.

«Алаш қайраткерлерінің оқу-ағарту мен ғылымдағы ұстанымы және оның қазіргі Қазақстан үшін маңызы» деп аталатын екінші номинацияда Алаш зиялыларының оқу-ағарту саласындағы идеялары мен ұстанымдары және оның қазіргі Қазақстан тәжірибесі; Алаш қайраткерлері негізін қалап кеткен ғылым салалары және олардың қазіргі Қазақстан ғылымындағы сабақтастығы; Алаш мұрасының интеллектуалды ұлт қалыптастырудағы маңызы сынды тақырыптардағы жұмыстар қаралды. Бұл аталымда aiqara.kz ақпараттық агентігінің әдеби редакторы, әріптесіміз Еламан Қабділәшім да өз жұмысын қорғады. Ол «Мойындағы зор борыш, арқадағы ауыр жүк…» деген мақаласында жазушы Жүсіпбек Аймауытұлы шығармашылық мұрасының интеллектуалды ұлт қалыптастырудағы маңызын қарастырды.

Байқау туралы әріптесімізден сұрадық, ол былай дейді:

– Жас зерттеушілерен бірге Алаш мұрасын насихаттауда жарыс жолына шыққанымды – білім толықтыру, тәжірибе жинау деп санаймын. Менің бағытымда 11 қатысушы болды. Әрқайсысы жұмыстарын өз деңгейінде жазып шыққан. Барлығын ден қойып тыңдадым.

Көңілімнен шыққан жұмыстарға тоқталсам: Қызылорда қаласындағы химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлзат Шынтасова Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы педегогикасының бүгінгі білім беру жүйесінің бастауы екенін дәлелдеп, жан-жақты талдаған. Мысалдары да, деректері де, салыстырулары да нақты. Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіорв атындағы университеттің 4-курс студенті Зарина Ембергеннің барынша ізденгені көрініп тұрды. Ол Телжан Шонанұлы туралы мақаласында оның оқыту әдістері мен қазіргі әдістемелерді саралады. Атырау облысы, Исатай ауданы, Новобогат орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұрсұлтан Мұхамбетқалиев Мағжан Жұмабаевтың «Педагогикасын» зерттепті. Ол  қазіргі білім жүйесінде танымал болған Блум таксономиясы мен Мағжан таксономиясын салыстырды. Ұстаз Мағжанның оқыту технологиясын өз тәжірибесінде де қолданады екен. Одан кейін есімі көпшілікке танылып үлгерген жас алаштанушы Ертай Біләлдің жұмысын ерекше атап өтер едім. Ол Ахмет Байтұрсынұлына дейін қазақ даласында жазылған әліппелерге тоқталды. Санкт-Петергург архивтерінен тапқан олжасымен бөлісіп, олардың жазылу жүйесін, бала тіліне, санасына жеңіл әрі қолайлылығын алға тартты. Ол әліппелер мен бүгінгі әліппелерді салыстырып, қазіргі бағдарламалардағы қазақ баласының танымы мен түсінігіне сай келмейтін мәтіндерді сынады.

Ал қалған қатысушыларға келер болсақ, олардың жұмыстарын орташа деңгейде деп бағалар едім. Мысалы, Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, Құлан мектеп-гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі Айнұр Қарасай Ахмет Байтұрсынұлының қазақ оқу-ағарту саласындағы орнын, еңбегін жалпылама сипаттап өтті, ғалым мұрасының бүгінгі күндегі маңызына нақты мысалдар келтірген жоқ. Ақтөбе облысы,  №6 Хромтау гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі Гүлнұр Бақбергенова Алаш білім-ғылымына үлес қосқан арулар туралы мақала жазыпты. Мектепте оқитын оқушылар арасында сауалнама жүргізіп, олардың қай Алаш аруын танитындығын анықтаған. Мақалада Нәзипа Құлжанова, Аққағаз Досжанова сынды Алаш асылдары туралы жалпылама мәлімет, өмірбаяндары ғана берілген. Қызылорда қаласындағы Б.Ермекбаев атындағы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гайнегүл Абдижанова Сыр өңірінен шыққан Алаш арысы Сералы Мұңайтпасұлы Лапиннің ғылыми-ағартушылық мұрасы туралы жұмысын қорғады. Мақалада ағартушының өмірі, еңбегі туралы ақпаттармен ғана бөлісті. Л.Гумилев атынағы ЕҰУ, филология факультетінің 4-курс студенті Алтай Жолдыбай Ахмет Байтұрсынұлы туралы «Ағартушылықтың алтын діңгегі» мақаласын жазыпты. Онда да жалпылама шолу, баяндау ғана. Орал қаласындағы «UBT school Oral» мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Ерқанат Қажымұрат Ғұмар Қараш туралы мақаласында, Алаш қазиының еңбегіне жалпылама тоқталған. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің 3-курс студенті Динара Ерғанның таңдаған тақырыбы Алаштықтардың ғылыми мұрасының бүгінгі күндегі өзектілігіне арналғанымен, ол Б.Сырттанұлының заң жазу еңбегіне көбірек тоқталды.

Ал, өзімнің мақалама оң пікір де, теріс баға да бере алмаймын. Қатарлас қаламдастардың ой-өрісін, ізденісін көріп, өз артық-кемшілігімді шамаладым.

Байқаудың келесі номинациясы «Алаш қайраткерлерінің ұлттық экономиканы дамыту туралы ұстанымы және оның Қазақстан экономикасы үшін маңызы» деп аталады. Бұнда «Алаш» идеясы: ұлттық экономика және игілік іс (кооператив) және бүгінгі жағдайы; Әлеуметтік теңсіздік мәселесі, бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту – кедейлікке қарсы күрестің басты тетігі және қазіргі қазіргі Қазақстан тәжірибесі; «Алаш» қозғалысындағы байлар, меценанаттар және зиялылар рөлі және бүгінгі үрдіс және өзге де тақырыптар қамтылды.

Соңғы номинация «Алаш» Республикасы – алдыңғы қазақ ұлттық мемлекеттері (Көне Түркі қағанатары, Ұлық Ұлыс, Қазақ хандығы) мен қазіргі Тәуелсіз Қазақ елінің тарихи, рухани және заңнамалық сабақтастығын жалғайтын көпір» деп аталады. Бұнда «Алаш» көсемдері қазақ ұлттық мемлекеттігінің түп-тамыры туралы жұмыстар қорғалды.

Қорқыт ата университетінде өткен байқау ашық түрде, барлық үміткердің қатысуымен өтті. Екінші кезеңге Қызылорда қаласындағы Гуманитарлық-педагогикалық институттың директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Сағат Тайман, «Адырна» ұлттық порталының жетекшісі Арман Әубәкір және алаштанушы, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Қазақ әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры Қайырбек Кемеңгер қазылық етті.

Екінші кезең қорытындысы бойынша 14 қатысушы ақтық сынға жолдама алды. Қарағанды қаласында өтетін финалда бірінші номинацияда Монай Құлынтай (Қарағанды), Елнұр Әскенұлы (Жамбыл облысы), Дарын Жаһангер (Алматы); екінші номинацияда Гүлзат Шынтасова (Қызылорда), Зарина Емберген (Талдықорған), Ертай Біләл (Алматы) және әріптесіміз Еламан Қабділәшім; үшінші номинацияда Дамир Исиргепов (Қостанай облысы), Қарақат Махмұдов (Астана), Латифа Мыңжасарова (Астана), Қанат Қоянбаев (Ақмола облысы); төртінші номинацияда Динара Ерханқызы (Қызылорда), Сымбат Көшербаева (Астана), Қанат Бердалиев (Тараз) үздіктердің үздігін анықтайтын болады.

Добавить комментарий