…Бауырымның қаралы хабарын естігелі, соңғы рет Қарақалаға бет түзетіп, қара жердің қойнына тапсырып келгелі оның өмірдегі болмысын сәт сайын еске түсірдім. Онымен өзара жазысқан хабарламаларға қайта шұқшидым. Еске түсіріп, шұқшидым да, жыладым… Жалындаған, қоғамның ықыласына бөленген, шиыршық атқан шағында ажал-дүлейдің опасыз оғы Арда Азаматымызды отбасы мүшелерімен бірге жұлып түссе, жыламай көріңізші!

Енді «ағалаған» Ардағым жоқ өмірде. Бес күндік фәниде өзара араласа, кездескен сәттерде, түрлі мәселелер бойынша ақылдаса, пікірлесе жүріп «осы мен Ардаққа нағыз аға болуға жарай алдым ба екен» деп ойлаймын кейде…

Туған топырағы – Шәмшіні, ауылдастарын ерекше сүйді, құрметтеді, ұлықтады,

үнемі ерекше елжірей, еркелей һәм еркелете «Шәмшиім менің» деп отыратын-ды…

2018 жылдың 20-наурызында Ардақ маған хабарлама жіберді. Мәтіні төмендегідей:

«Нәпсіңді тый, құмарлықты құлыпта,

Шалғай жүрсең, Шәмшиіңді ұмытпа.

Ауылыңа пайда тигіз, бауырым,

Қала түгіл Тундрада тұрып та.

Ал ойымды өзің енді сұрыпта,

Ауылдан безу, айтшы, жақсы қылық па?

Сылтау іздеп жатып алмай сыныққа,

Ауылға кел, дандайсыма, былықпа!

Ауылдастар, ниетімді шын ұқ та,

Туған жердің қасиетін ұлықта.

Өлетінің өзге жерде болғанмен,

Ауылға әкеп көметінін ұмытпа!»

Оқып шықтым. Ардақ бұл өлең туралы ешбір алғысөз немесе түсінік айтпастан жолдағанына қарағанда, түбі менің пікірімді білгісі келіп отырғанын жазбай ұқтым.

«Ассалаумағайкүм! Кімнің сөздері?»

«Уағалейкүмассалам Асыл аға! Ауылдастарымның намысын жанып жазғаным ғой… Қалай екен, аға?»

«Керемет ойлы екен. Қазір барлық ауыл «Рухани жаңғыру» бойынша тірлік қамын жасап жатыр ғой. Осы өлеңнің «Шалғай жүрсең, Шәмшиіңді ұмытпа» деген жолын «Ауылыңды ұмытпа» десек қалай? Тек шәмшіліктерге ғана емес, өзге де ауылдардың азаматтарына ұран болар еді…»

Осы арада Ардақ ватсап-хабарлама жазысты тоқтатып, дереу телефонға қоңырау шалды:

– Жөн екен, аға, айтып отырғаныңыз.

– Негізінен өлең Шәмші азаматтарына арналғанымен, ертең күллі ауылдардың ұранына айналар еді. Бұл да мәртебе ғой автор үшін, – деп күлемін мен.

– Мен мұның аудионұсқасын да жазып қойғанмын. Сіз кем-кетігін қарап шықсаңыз, мен қайтадан жазайын.

– Бопты.

«Бопты» десем де, өлеңнің соңғы екі жолы кейін бауырымның…

…Ақселеу Сейдімбекті еске алу шаралары өтті Астанада. Оған өңіріміздің атынан барып-қайтуға Ардақ бауыр маған ұсыныс жасады. Қазақтың Ақселеудей жақсысын еске алуға арналған жиынға қалайша бармасқа?! Сөйтіп жолға шықтық.

«Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» дегендей, тегінде ақындар болған Ардақ бауырымның ара-тұра («Әкетіп бара жатқан ақындығым жоқ қой, аға. Өзім үшін, көңіл үшін ғана сол» дейтін-ді өзі) өлең жазатынын бір кісідей білемін ғой енді. Ал енді тамылжытып ән салғанын тыңдап көрсеңіз ғой, шіркін! Астанаға жеткенше өлең де оқылды, әңгіме де айтылды. Артынша, Ардақ көліктің үнтаспасын қосты. Бірден өзіне тартып, баурап алар қоңыр дауыстағы ән шырқала берді.

– Жақсы ән, жақсы орындайды екен. Қай әнші бұл? – деймін мен.

– Дауыс ешкімдікіне ұқсамай ма не, аға? – дейді.

– Жыға тани алмай отырғаным…

– Мен ғой бұл, – дейді Ардақ балаша мәз болып.

Өнер – өлінің сойында, тірінің бойында.. Ардақ көп қырлы, жан-жақты қабілетке ие-тұғын. Рухты өлеңдерді жатқа оқып, домбыра шертіп, ән салып, қайсыбір топтың ортасында болмасын еш тартынбайтын. Лауазымды қызметтің басында отырып, әлдекімдер құсап шіренбей, әрдайым әдеп сақтап, жас болса да нағыз басшыға тән дерлік қасиет көрсете білді.

Шыны керек, облысымыздың билік басында жүрген нағыз ұлтжанды адам екеу болса, соның бірі осы Ардағымыз еді ғой. Соған қуанатын, марқаятын едік. Әсіресе, өзім куә ұлтжандылығы мен намысқойлығы қозған кездері туралы айтсам, ұзақ әңгіме арқауына айналар еді…

… Сөйтіп, Астанадағы Ақселеу ағамыздың шарасына келіп қатыстық. Біздің өңір атынан сөзге шыққанымызда, Ардақ әлдекім құсап қағазға шұқшимай-ақ, көркемдігі құлаш-құлаш, төркіні сүбелі түйдек-түйдек сөзімен, жағымды дауысымен марғасқа академигі, ақыны мен жазушысы толы жұртты өзіне бірден қаратып, баурап алды. Алқа-қотан отырған қауым бауырымның Ақселеу Сейдімбек жөніндегі байсалды сөзіне, оралымды ойлары мен пікірлеріне қатты сүйсінді, дуылдата қол соқты. Сол сәтте мен қасында тұрып: «Айналайын Ардағым сол! Біздің өңірдің қазақылығы десе, осқырынған ойы мен жонарқаға тиер артық сөзі қатар атқылап шыға келетін былайғыларға өз еліңді, оның азаматтарының қандай болатынын танытқаның, сүйсінткенің қандай ғанибет болды!» – деп асқақ сезімге беріліп кеткеніме Алла куә.

Біз Ардақтың арқасында игі-жақсылар жиылған Астана төріндегі жиынға Ертіс-Баян өңірінің намыс туын желкілдетіп апарып, желбіретіп қайттық…

Асыл ӘБІШЕВ.

Добавить комментарий