(қамшысөз)
Шіркін, Поэзия құдірет қой, құдірет!
«Туғанда дүние есігін ашады өлең…», «Өлең – сөздің патшасы!», «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы…» Хакім Абай өлең өлкесінің қаншалықты құдіретті екенін тоңмойын түйсіксіздің өзіне тереңнен түсіндіріп, тәтпіштеп кеткен ғой…
Талантымен тау қопарған Төлеген Айбергенов: «Ақын болу оңай деймісің, қарағым», – деп, ақындықтың қырық атанға жүк боларлық жауапкершілігін (!), атқарар міндетін(!), қоғамдық ортадағы жазылмаған заңын айқындап бергені бар-тын.
Жә, әңгімені әріден қозғай бермей, тоқетеріне көшелікші… Осы күні бәз-біреулер үшін «ақын болу, ақын атану – тіптен оңай дүние» болып кетті. Құдіретті поэзияны күлдібадам шатпақтармен былықтырушылардың, мәртебелі Музаның қадірін кетіріп, берекесін қашырушылардың қатары уақыт өткен сайын тым қалыңдап барады.
«Екі қазақтың бірі сөз сөйлесе тақпақтай жөнеледі емес пе!? Қанымызға ақындықтың негізі сіңген соң өлең жазбағанда қайтеміз» деген қыртылдақ көпшікті желеу етіп, екі сөздің басын қоса алмайтындар ай-күннің аманында өлең жазғыш атанып жатыр. Таланты өрекпіп, көкірегінен төрт құбыласы талапқа сай шумақтарды төгілтіп, өзгелерге дес бермей, тарпаңдай тайпалтып тұрса қане!
Жұрт қалай ойлайды, өз шаруасы, меніңше, дәл қазір өлең оқушылардан гөрі өлең «жазғыштардың» саны басымырақ-ау. Айтар ойы, ішкі мазмұны, құрылымы мен өзіндік қуаттылығы, қысқасы, ешқандай мәні мен нәрі, дауылы мен оты, таңдайға татырлық құны жоқ «тақпақтарды» «толғана отырып» жазып, соны көрінген жерге, көрінген ортаға тықпалап жүрген «өлеңшілердің» қалың армиясын кезіктіргенде жаның ашиды! Ең сорақасы – қазіргі күні «белсенді» болып көзге түсіп, бірді-екілі жерде сорының қалыңдығы бес елі бір-екі өлеңін оқып, сонысына «игі жақсылардан» мақтау естіп есірген кейбір «ақындар» (көпшілігі Ақын деген асқақ сөзді қабылдаудан еш қаймықпайды да қорықпайды!) артынша бір-бір «данышпандай» сезімге салынып, «өзінен басқа жан жоқтай, өзеуреп сөйлеп», шалқайып-керіледі-ай келіп! Шығармашылық әлемінің есігінен енді-енді сығалап тұрып, астамшылыққа бой алдырады. Қазақтың Қадыр Мырза-Әлиінің тырнағына татымайтынын біліп тұрса да, сол Қадыр ағамыздай «Оралғаны ойыма жетіп жатыр, Мен арнайы тақырып іздемеймін!» дегісі келеді. Мұнысы – «мен туа бітті ақынмын, не жазсам да, қандай тақырыпта гөйітсем де өңкей құнды өлең тудырамын» деп кеуде соққандығы, «ойымнан өріліп, аузымнан шығып, қағазға түскеннің бәрі- алтын» деген дәлдүріштік. Осылайша, поэзия төңірегі «шала Шекспирлер мен толыспаған Толстойларға» толып барады…
Ол – ол ма, қазіргі бағыттың жөні осы ғой деп топшылап, өлеңді әуреге салған кейбіреулер «архаизм, яғни көнерген һәм ескі, бүгінгі жұртқа бейтаныс, түсіндірме сөздіктен шаммен ақтарып отырып іздеп таппаса болмайтын сөздерді шұбырта қолданып-қолданып жіберіп, былайғы оқырманға бір оқығаннан түсініксіз өлең жазсақ жетіп жатыр» деп есептейді екен. Құрылымы әбден құрыған, тілі ауыр, түсінігі түкке тұрғысыз сондай өлеңсымақты тудыру үшін ақ тер, көктері шығып, кейін соған өзі масаттанып-марқаяды. Артынша, әлгі шатпағын көрінген жерге тықпалап, өзінің «ақын» екенін дәлелдеп, мойындатып әуреге түседі. Сиқы мен сықпыты сападан жұрдай өлеңіне қарап, «Жоқ!» деп кесімді бағасын берген жұртпен жағаласады, ал “бармағын бүгіп”, бақай есепті еске алып, «өй, өзіміздің жігіт екенсің ғой, молодец!» деп көпшік қойып, арқа қаққандармен ағаласады. «Менің ана бір керемет өлеңімді дұрыс бағаламады, отырып алып ақыл соққан өңшең қырттар!» деп біреулерге тістенеді, кектенеді, өзгені қор, өзін зор санайды. Осының бәрі өмірде жоқ деп кім айта алар екен?
«Аз жаз саң да, саз жаз», «Аз сөйлеп, көп тыңда», «Аз жазып, көп оқы». Поэзия әлеміне именбей («осыным қалай болар екен» деп сескеніп, қорқақтап, қобалжитын жастар аз ғой қазір) еніп жатқандардың арасында осыларды қаперге алатындары шамалы. Қазақтың Құдіретті поэзиясының бетін ашып, кім бар, кім жоғын сүзіп көрмеген, ұлы ақындарының жырларына сусындамаған, кейін екі өлең жазып, бесіктен белі шықпай жатып, «мен – ақынмын, төр менікі, мені неге құрақ ұшып қарсы алмайсыңдар» деген пәс пиғыл танытып жүргендерді де жолықтырып жүрміз.
Сұмдығы сол, кейбіреулер ақын болғанын – жә, қоялықшы Ақын деген ардақтыны былықтырмай – Өлең жазғанын міндетсінетінін қайтерсің! Құдды біреу үшін «ақын» болатындай! Құдды, оны біреу мәжбүрлеп «ақын» қылғандай, қолына қаламды еріксіз тықпалап, өлең жаздырғандай! Өлеңші болғанына біреу кінәлі еместігін, жазған шатпақтары жұрттан оң баға ала алмай жатса, онда бұған өзі ғана кінәлі екенін еш түсінгісі жоқ! Қазақтың көне замандардан бастау алған, Абаймен, Мағжанмен, Мұқағалимен, Төлегенмен, Қадырмен, Мұзафармен, Бауыржанмен, Жүрсінмен және тағы да басқа таланттарымен жалғасын тапқан поэзиясы бұрын болмағандай мінез танытатынын қайтерсің! Дүйім жұртшылық сөзсіз мойындаған, жоғары бағасын беріп, Алаштың биік шыңына шығарып қойған айтулы ақындардан асырып өлең жаза алар ма екен қазіргі кейбір қалам ұстап, шатпақ жазып, соны місе тұтып жүрген елеңбай өлеңшілер. Егер солардан асыра алмаса да, тым құрығанда, сол биіктік өлшеміне қарай таяу келетін өлең жазса ғой. Қайдам, бүгінгі желіккен біреулердің өлеңсымақтары оларға таяу келмек түгілі, шаңына да ілесе алмайды ғой, ілесе алмайды! Сөйте тұра, көкірек керіп, кеуде соғады, өлең жазғанын міндетсінеді, «мені ақын деп ата» дейді, «маған төрден орын бер» дейді, «менің ақылымды тыңда», «маған жағдай жаса» деп соғады, талап қояды. Оңған ақылы болса, тыңдар құлақ табылады ғой қашанда!
Ақын – жоғары парасаттың, кеңдік пен кемелдіктің, қарапайымдылық пен асқақ адамгершіліктің иесі. Өмірде парасаты мен пайымы, ұстамдылығы мен сабырлылығы, кемелдігі мен кеңдігі табылмаған адамды, мейлі он өлең жазсын, мейлі он жинақ шығарсын – Ақын деп айтуға бола ма?! Көлемі қалың-қалың, көркемдігі көздің жауын алардай керемет өрілген он-он бес жинақты шығарып, әлі күнге поэзия сүйер жұрт арасынан өзін таба алмай жүрген «ақын» қаншама! Ақындық – азаматтықтың биік өлшемі іспеттес. Некрасов не деп еді өзі? «Ақын болмау – өз еркің, Азамат болу – міндетің яки парызың!» деген екен ғой жарықтық. Қолға қалам ұстағандардың, өлеңмен сарай тұрғызып, өзгеге ақыл айтып, кейінгіге кеңес беріп, сол арқылы жұрттан алабөтен ықылас, жоғары баға, сый-сияпат, тарту-таралғы, ең қызығы – төрден орын күтіп жүрген өлеңшілердің барлығы осы үдеден толықтай шыға алып жүр ме? Бұл сауалға келгенде, тезегін көмген мысық құсап жер шұқып, басты төмен салып, күмілжиміз. Керісінше, «Ақын болу – міндетім, Азамат болу-болмау – өз еркім» деп жүргендер аз емес-ау қазір, аз емес…
«Аз білетін адамға не жазып берсең де маржан бола береді» деген екен ардақты Әлкей ағам. Өзінің талғамы таяздар өлең өлкесіне бас сұға салысымен, «мен жазған дүниенің бәрі ғажайып, сондықтан жұрт менің өлеңдерімді керемет деп қабылдайды, солай болуға тиіс» деп ойлайды. Қайдам, бұл – адамды құрдымға итерер, бойдағы аз-маз талантты тентіретіп жіберер, шығармашылықты түбегейлі тоқыратар, парасаттылықты пәс етіп, пендешілікті еселер қияс ой, қыңыр топшылау ғана. Өлеңмен туып, тірлігін өлеңмен өрген қазақ жұртының талғамы қашанда биікте болған. Сондықтан да, дәлдүріштік, яғни халтура қайсы, шынайы поэзия қайсы екенін бір демде ажырататындар бар екенін ешуақытта ұмытпайық!
Қазақтың поэзиясы – биік шыңдағы құдірет! Сол құдіретімізге абайлап қарап, әркез оны ластанудан, былғаныштан қорғауға тиістіміз. Өлең өлкесінің «бөтен сөзбен былғануына», дәлдүріштікке ұрынуына жол бермеуге тиіспіз. «Қазақта екінің бірі, егіздің сыңары өлең жазады, ал мен кімнен кеммін, мен де жазуым керек» деген жүгенсіздіктен түбегейлі арылуымыз қажет. «Алтын кездік қап түбінде жатпайды» ешқашан, нағыз ақынды жұрт өлеңінен таниды, бағалайды, осыны естен шығармайықшы!
Ал, өлеңге құмартушылық – басқа дүние. Әрине, «Сен өлең жазба!» деп ешкім ешкімге тосқауыл қоя алмайды, талап қыла алмайды. Алайда, өлең жаздым екен деп, оны әр жерге тықпаламас бұрын жақсылап ойланып, «жеті өлшеп, бір кесіп», салмақтап алғанымыз жөн. Өлеңді әркім де жазады. Жиырмаға дейін бәрі жазады, жиырмадан кейін не АҚЫН, не АҚЫМАҚ жазады! Аздап әзілі болса да, осы сөздің жаны бар екенін, нағыз ақындықты уақыт көрсететінін, бәрі де әбден екшелетінін естен шығармайықшы!
Шынайлықтан, қарапайымдылықтан аспай, «Аяз би, әліңді біл!» дегенді қаперде ұстасақ игі еді. Әйтпесе, ақын қыз Ақсұңқар айтқандай:
«Өлең – Кеңдіктің боталап көзі, бұлдырап…
Өлермендіктің өнімі неге құндырақ?!» – деп абдырап жүре беруден арылмаспыз…
Асыл ӘБІШЕВ.