Тынышсыз тоқсаныншы жылдардың ортасында Қаныш аға атындағы мектепте еңбек жолым басталып, мұғалімдікке кіріскен-тұғынмын. Көз жетпес жерге сөз жеткізетін рухани азық – газет, журналға деген ашкөздігім үдей түскен тұс осы. Республикалық «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш», облыстық «Сарыарқа самалы» газеттерінен өзге Екібастұз қалалық «Отарқа» басылымына да бас кете құлап, көмірлі шаһарға өзім қатынағанда оқылмаған нөмірлерін «артып алып» қайтатынмын. Болмаса, жиі қатынайтындарға ала келу міндетін жүктеп тастайтын едім…
Екібастұз қалалық газетін қайта жолға қойып, «Отарқаның» тізгіншісі ретінде мазмұн-келбетіне келістіре жан бітірген, абыройын асқақ еткен Амангелді Қаңтарбаев ағаның есім-сойын жазғандарынан білетінмін.
…Бұл басылымның елге жаққан дауылпаз дәуірі сол тұстан бастау алып, беделі алға басты. Кеңестік жүйенің талқаны шығып, Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарағы, тоқсаныншы жылдардың ортасынан бері қарайғы күнкөріс қиындап кеткен алмағайып та күрделі кезеңде жүйкесі сыр берген, жұтап отырған жұртқа демеу болған, бұқараның датын билікке бүкпесіз жеткізуге жойқын күш салған, қоғамдық рухты еселеуге мұрындық болған осы «Отарқа» еді.
… Екібастұзға кезекті рет жол түскенде редакцияға соғып, өлеңдерімді қалдырдым. Көп уақыт өтпей, жарыққа шықты.
…«Сарыарқа самалы» газетіне орнығып, журналистік жұмысқа ден қойғаннан соң, Амангелді ағамен жиі болмаса да, ара-тұра жолығысуға мүмкіндік туды.
Облыстық газеттің экономика және саясат бөлімінде істеп жүрген кезім. Бір күні 3-інші қабаттағы кабинетіміздің телефоны шыр етті. Тұтқаны көтеріп, құлағымды тіктім.
-Ало, Асыл, қал жақсы ма? Амангелді ағаңмын. Мен көтерілмей-ақ қояйын, мүмкіндік болса, өзің төменге түссең, – деді қоңырау шалған дауыс.
Тұтқадан «Жә» деген жауапты жөнелте сала, дереу төменге қарай екпіндете түсіп, газет таратып-сататын дүңгіршектің алдында тұрған ағама қос қолымды ала жүгіріп, «Ассалаумағалейкүм!» дедім ентіге…
1-қабаттағы асханада шәй ішіп отырып, әңгіме өрбіттік.
-Жоғарыға көтеріле алмайтындай қартайып тұрғаным жоқ. Тек маған аурасы жақпайтындарды көргім келмейді. Оларды көрсем «ауырып қалатыным» бар. Сондықтан өзіңді төменге түсіріп, сөйлесу керек болды. Алтындай уақытыңды алып, мазалап қойсам, ағаңа кешіріммен қарарсың -деді жымия.
-Жоқ, аға, бәрі дұрыс.
– Әйтеуір дамылсыз жазып жатасыңдар. Оқып, барлап жүремін. Тақырыптарың да алуан-алуан. Дегенмен, саған облыстық газет деңгейінде ескерілмей жүрген өзекті мәселелерді айтып кету үшін соқтым. Әйтпесе, мына баспаханаға қатысты шаруамен ғана келгенмін.
– Өте жақсы, аға. Рас, кейде тақырып таппай, шеңберден шыға алмай, өренің тарлығын танытқандай болып жүреміз, – дедім мен ықыластана.
Аға шәйді бір ұрттап қойып, әңгімесін жалғады…
Журналистика әлемінде шабысы ширақ, дабысы дауылпаздай болған, қаламынан туған әр ойы дүйім жұртқа жылдам тараған, таралып қана қоймай, жадыда жатталып қалған Амангелді Қаңтарбаев бірбеткей, талапшылдығымен, ойын іркіп қалмай, ашық ақтара салатындығымен шеңберге сыймаған редактор деп танимын. Ғабиттің: «Кейде жұртқа жұмысты қалай істеуді үйретуден гөрі жұмыс істеуіне бөгет жасамауды үйрену керек» дегенін осы ағам айтқандай болады да тұрады.
… Талантты тудырмай қоймайтын, табиғаты таңдай қақтырар Торайғыр сілемдері мен суларына шабыттанып өскен аға шиыршық атқызар шығармашылық әлемінде биік белестерді бағындырды. Әділдігінің, жанашырлығының арқасында ол басқарған «Отарқа» әрдайым оқырманының оң бағасын, ыстық ықыласын, алғыс-рақметін иеленді…
Оның қаламгерлік қадір-қасиетін сыртқы болмыс-тұлғасынан-ақ, жүріс-тұрысы мен мимырты жоқ мағыналы сөзінен-ақ аңғару қиын емес-тін. Тура қарап, тіке сөйлеп, баспасөз беттерінде нысанаға дөп тиердей тұжырымды ой айтқанын, талай дауылды да дуылды ортада ұлттық руханиятымыздың жоқшысы, арашашысы болғанын, әр сөзге талғампаздықпен қарағанын ел жақсы біледі.
«Отарқасының» оты болып маздаған Амангелді ағамыздың болмысы – түсіне білгенге өзіндік қалыбы бар өнегелі мектеп. Өйткені өңірдегі қазақ журналистикасының дамуына, жастардың кәсіби журналист болып қалыптасуына өлшеусіз үлесін қосты. Бүгінде соның жемісін ел көріп, ағамыз тәрбиелеген, үкілеп қатарға қосқан талай таланттарға тұшынып отыр…
«Пәлі, жарап тұрсыңдар! Бізде (Екібастұзда) мына бір мәселе аса өткір болып-ақ тұр…», – деп қашанғы әдетінше елдің мұң-мұқтажын қозғай келген еді Павлодарға – өзі еселі қызмет еткен «Сарыарқа самалы» редакциясына сырқаттанып жүріп соңғы аяқ басқанында. Асықпай отырып, ақылын айтып, тәжірибесімен ұштасып жатқан өмірлік кеңесін жеткізіп, жас тілшілерге үнемі бағыт-бағдар беруден жалықпады.
Ардақты ағаның жарқын бейнесі біздің әрқайсымыздың жүрек түкпірімізде мәңгілік сақталары даусыз. Өрлік пен табандылықтың, қарапайымдылық пен әділдіктің туындай болған оның есімі өмірдегі тыңғылықты істерімен, шығармашылық туындыларымен жасай бермек.
Бүгінде Екібастұз қалалық басылымының байырғы беделі құлдырамай, Қаңтарбаевтың даңқты жолы лайықты ізбасарларымен жалғасып жатыр. «Отарқада» отты мінез бар…
Асыл ӘБІШЕВ. 

Добавить комментарий