…Оныншыда оқып жүрген өзі өңді, тәрбиесі оңды қызды алып қашып, облыстың комсомолын шулатқан оқиғаны әсерлі етіп әңгімелеуі – шып-шымыр шығармашылық дүние тудыру арқылы бұқараны баураймын деп дерек іздеген қаламгер, режиссер мамандарға таптырмас дайын сценарий.
Ертісте еркін малтып, балықтай жүзген, Аққулы атырапта шөп шауып, шынығып өскен шымыр да ширақ жігіт қым-қуыт тірліктің құрсауындағы қаланың ерке еңлігіне әуелі көз тастап, кейін сөз арнап, соңында мектепті тәмамдатпай-ақ ауылға әкетуге шұғыл шешім шығарады.
Әлбетте, «ғашық едім» деп келген бейтаныс біреуге мектептегі баласын қол ұстатып жібере салатын әулет қайдан болсын, оның үстіне бұндай «бейбастақ тірлік» үшін үкіметтің де сұрауы оңып тұрмағаны өзіне аян. Бірақ әбден жынды етуге жол салғандай жас та мас жүрегі құрғыр жөн мен жосықты қайтіп түсініп, қалай ұқсын?! Өрекпіген іңкәрлік пен құштарлық өртінің ауыздықтағанға көндігер түрі де жоқ. «Есің кетсе, естіге кіріптарсың» дейді ғой. Есті етеді дейтін «бас» жағыңыздың жағдайы анау. Жүгенсіз жүрекке бүтіндей жығылып кеткен.
– Ынтық жүрегімді ғана емес, жан дүниемді жайлаған, Мәжнүндей мәңгі етіп, ес-санамды байлаған Ләйлі-қызды дереу ауылға дедектетіп кетпесем, күні ертең аузым аңқиып, жұлым болған жүрегім бітпес жарамен жылап қалатынын жақсы түсіндім. Сөйтіп ештеңеге қарамастан, аз-ақ күнде аңсарыма айналған аруымды ауылға алып қашып келдім…- дейді мәңгілік махаббат дастанының бір ғана бөлшегін еске түсіріп, онысын ықыласпен әңгімелеген, жастықтың жалын атқан жылдарын комсомол тұсында өткеріп, табандылықтың үлгісін танытқан бірбеткей батырымыз.
Бұл батыр – бүгінде тоқсанның төріне қадам басқан, Қазақстанның Құрметті журналисі атанып, кешегі бейнетті еңбектің зейнетін көріп отырған Тұрсынбай Ибадуллин…
– Біз қазақтың Қайымынан (Мұхамедханов) дәріс алу бақыты бұйырған буыннанбыз. Журналистиканың машақаты мол, күрделі кезеңдеріндегі жұмысымызда осындай тұлғалардың білімі, ақыл-кеңесі, бағыт-бағдары адастырмас бойтұмарымызға айналған еді… Бүгінгі журналистиканың тұрпаты мүлде түрленіп, өзгерді. Бірақ мақсат сол баяғы – жедел, анық та қанық, шынайы ақпарат жеткізу. Ал оның бүгінгі кезеңде қалай жүзеге асып жатқанын біз айтпасақ та жұртшылық талғап-талдап, таразылап отыр ғой, – дейді ағам.
… Кезінде әй-шәйға қаратпай, қаладан ауылға алып қашып, артынан мылтық алып қуып келген ағаларынан да қаймықпай жүріп қосылған Жеңгемізбен алпыс жылдан астам түтін түтетіп отыр. Алла ұзақ ғұмыр бұйырса екен деймін.
… Тұрсынбай аға: «Жас күнімде оң-солыма қарамай мен де өлең жаздым ғой. Өңірлік, республикалық басылымдарға жарияланды. Кейін өлең жазу менің ісім емес екенін ұғынып, доғардым» – дейді. Дәл осы тұста «Жиырмаға дейін бәрі жазады, жиырмадан кейін не Ақын, не ақымақ жазады» деген сөзімді тағы бір ойға оралтып, іштей күліп қойдым.
Жас күнінде жазған, мерзімді басылым беттерінде жарияланған өлеңдері мұрағатында мұқият сақтаулы тұр.
Ағаның өзі: «Соншалықты өлең дейтіндей ештеңесі жоқ. Жастық жалынның әсері ғана ғой маған өлең жаздырған» деп жылы жымияды.
Махаббат – адалдық, мәңгілік,
Махаббат – қызғалдақ, сәнділік.
Махаббат – өмірдің тұрлауы,
Онсыз жоқ тіршілік, я бірлік, – депті бір шумағында.
Бәрі де өткен күннің болар елес,
Келемін арман қуып, асып белес.
Туған жер, ұмытпаспын дәм-тұзыңды,
Еске алмау сені өмірде мүмкін емес, – дейді «Туған жер» өлеңінде…
Асыл ӘБІШЕВ.

Добавить комментарий