Бүгін Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ұйымдастыруымен «Жүсіпбек Аймауытовтың шығармашылығын оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық семинар өтті. Zoоm платформасы арқылы онлайн режимде өткен жиынға елімізге танымал жүсіпбектанушы ғалымдар мен еліміздің әп өңірінен ұстаздар қатысты.

Семинар Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының Орта білім институтының директоры Сейфолла Смаиловтың кіріспе сөзімен басталды. Одан кейін Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА «Қазақ филологиясы» зертханасының меңгерушісі Айман Ақтанова сөйледі.

Филология ғылымдарының кандидаты, жүсіпбектанушы, ғалым  Нұржан Қуантайұлы «Жүсіпбек Аймауытұлының 1918 жылы шыққан «Абай» журналындағы ұлттық педагогика тақырыбындағы мақалалары» тақырыбында баяндама жасады.

PhD, әдебиеттанушы, Шәкәрім университеті, «Абай және ұлттық руханият» ғылыми зерттеу орталығының ғылыми қызметкері Қарлығаш Әубәкірова «Ж.Аймауытұлы аудармаларындағы Алаш идеясы» тақырыбында баяндама жасады.

Семинардың іс-тәжірибе алмасу бөлімінде М.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы, Ж.Аймауытов атындағы атаулы дәрісхана меңгерушісі Жаннұр Қожағұлова «Ж.Аймауытов шығармашылығының Семей кезеңі» туралы, «Aiqara.kz» ақпараттық агенттігінің әдеби редакторы Еламан Қабділәшім «Ж.Аймауытов және балалар әдебиеті» жайлы сөз сөйледі.

Одан кейін Павлодар қаласындағы «Дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназияның» қазақ тілі мен қазақ әдебиеті мұғалімдері, педагог-зерттеуші, педагог-шебер Маржан Сүйіндікова мен Бағда Қазиева «Ж.Аймауытовтың «Әнші» әңгімесі арқылы оқушылар бойында креативті ойлауды дамыту жолдары» тақырыбында, «Жас Дарын» мамандандырылған мектеп-лицейінің қазақ тілі мен қазақ әдебиеті мұғалімі, педагог-шебер Айнаш Сырттанова «Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романын оқытудың ерекшелігі» тақырыбында баяндама жасады.

Жазушының туған ауылындағы Ж.Аймауытов атындағы мектептің қазақ тілі мен қазақ әдебиеті мұғалімі, педагог-зерттеуші Салтанат Әбілдина «Мәдени кіндік» – рухани тәрбие ортасы» тақырыбында Жүсіпбек Аймауытовтың бастамасымен 1921 жылы салынған білім ошағының руханилығы жайлы сөз қозғады.

Жиынға Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА «Қазақ филологиясы» зертханасының ғылыми қызметкері Біржан Ахмер модераторлық етті.

Добавить комментарий