Pavlodar, KZ
Ясно

Қоғам қайраткері, мемлекеттік қызмет ардагері, Павлодар облысы және Ертіс, Баянауыл аудандарының Құрметті азаматы Қорабай Шәкіров ұзақ жылдар бойы ел ішінен тағылымды әңгімелерді жинап келеді. солардың бір парасын Портал оқырмандарына ұсынамыз!

(М.Байбосынның «Дархан дала сарыны» картинасы)

Құлан ұстау

 «Құралайды көзге атқан

Өтіпті талай мергендер.

Мергендер жайлы бұл күнде

Жыр қылып айтады көргендер».

Қара өлең

Мұса мырза Шорманұлы заманында ма, жоқ одан әрірек Шорман Аға сұлтан болып тұрған кезде ме екен, Ресей патшасы құланның айғырын ұстап беруге тапсырыс беріпті. Патша тапсырмасын орындауға Ақбура руынан Сәрсенбай мерген мен Баламерген деген адамдар шығыпты. Баламергеннің аты ғана, аңызға ұқсас осы әңгімеде айтылғанымен, басқа өмірбаяны халық жадынан ұмыт болған тәрізді. Ал Сәрсенбай мергеннің мекен-жайы белгілі, ұрпақтары бар, тарихи адам.

Сонымен екі мерген күн шықпай Қызылтау маңында құландар су ішетін бұлақта тосып жатады. Құлан үйірін бастап келген айғырды қос мерген бір мезгілде атып құлатыпты. Құлан есіп жиып тұрғанша байлап-матап алыпты. Осындай жауапты тапсырмада мергендердің көмекшілері де болған шығар?! Құланға екі оқ тиіпті дейді. Біреуі алдыңғы аяғының тұяғынан, екіншісі артқы аяқтың тұяғынан. Алдын ала екі мерген қайсы алдыңғы аяқтан, қайсы артқы аяқтан ататынын келісіп алған болуы керек. Көнекөз қариялар: «Осы екі мерген де, аңды көздеп атпайды екен. Мергендік оларға қонған қасиет, мылтығын ұсынып шүріппесін басса, оқ айтқан, ойлаған жерінен тиетін көрінеді», – деп айтып отырушы еді.

Ал құландар Баянаулада бертінге дейін сирек те болса кездесіп қалып жүрген көрінеді. Тіпті Ұлы Отан соғысының алдында және одан кейінгі кезеңдерде көргендер болғанға ұқсайды.

1940 жылдардың алдында Ақтамбай ақсақал Қызылтаудан құлан атып алыпты деп айтылады. Ал, бес мың жылқы біткен Ақбесік байдың жылқышысы Кәлағаң, Кәли ақсақал (осы әңгімені айтушы Қабдолла мұғалімнің, менің ұстазымның әкесі) Қойтас елді мекенінің сыртындағы Наурызбай қорасынан көріпті. Олардан басқа Кеңес одағы заманындағы шопан Жанахмет ақсақал Жұмат Шанин ауылының солтүстігінде Сарытаудан көріпті.

Заманында сай-саласында құландар жортып, жусап, өрген қайран Баянаула.

Сыбызғышы Маман

(Қабаңның әңгімелерінен)

Маман – Қаржас руының, Ақша атасынан тарайтын Қабдолла Кәлиұлының атасы. Сыбызғы тартады екен. Жас кезінде, сауда жасап, кіре тартып жүрген кезінде Орал тауына, Ірбіт қаласына барып келіп жүретін адам болса керек. Бір жолы қалаға шығып кеткен Маман ұзағырақ жүріп қалыпты. Баласын ұзақ тосқан анасы ауылдағыларға «Сақтағаныңды ассаң – сағынғаның келер», – деуші еді. Қазан көтерейін, балам келіп қалар ма екен!», – депті. Кешкілікте дастархан басында отырғандарға сыбызғы даусы талып естіліпті.

Келесі күні ауылына келген баласынан анасы, «Кеше кешкілік сыбызғыны қай жерде отырып тарттың?», – деп сұраса, баласы «Көкдомбақ ауылында едім», – дейтін көрінеді. Баянауыл ауданындағы Қаныш Сәтбаев ауылдық округіне қарасты Көкдомбақ ауылы мен Күркелі ауылдың округіне қарасты Сарытаудың тікелей арасы жолсызбен 50-60 шақырым болар?…

Баянауланың тарихында бірде-бір сыбызғышы жоқ. Күйшілер де солай. Әншілер бар. Ақын-жазушыларымыздың саны көпшілікке белгілі. Кейінгі 50-60 жыл бойы ақындық өнері де үзілуге тақап барып 2015-2020 жылдар аралығында бір топ ақын легі келіп Қалижан Бекқожиннан кейін тоқырауға ұшыраған ақындық өнеріне толыққанды жыр жолдары құйыла бастады.

Бұл тоқырау мен толастау қазақ тілінің, қазақ әдет-ғұрпының, салт-дәстүрінің өзгеріске түсуінің салдары еді. Мысалы, «Мектепте орысша оқып, қазақ тілін білмеген баладан қалайша қазақ ақыны шықпақ? Қолына домбыра ұстамаған баладан қандай күйші шығуы мүмкін?» деген сияқты. Одан басқа талай өнерлі адамдарымыз ашаршылықта, соғыста сансыз репрессия мен ұлттық деградацияның, ұлтсызданудың ұлт зиялыларымыз сияқты құрбаны болды.

Ал енді күйшілер туралы. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бабамыз: «Қызылтауда екі шал тартымпаз еді. Біреуі – Күлік Ақай Қиялша, біреуі – Қақсал Отыншы. Сол екі шалдан басқа үш жүздің баласын көргенім де, естігенім де жоқ». Сонда тартатындары «Бозінген күйі», «Бозайғырдың күйі», «Алшағырдың ащы күйі», «Тәттімбеттің сылқылдағы» деп тартушы еді. Жұрт аузынан суы, мұрнынан боғы ағып, жылап отырушы еді», – деп жазады.

«Мың өліп, мың тірілген» (Жұбан Молдағалиев) қазақтың қай жерінде болса да өнерлі адамдар мен таланттарға толы еді. Қазақтың тамырына, балта шауып, ұлт ретінде жер бетінен жойып жібермекші болған орыстың империалық саясатына сай жасалған нәубеттің қырсығы ғой. Геноцидке ұшыраған қазақ ұлтының ұпайы түгенделіп, төгілгенін қайта толтырып, ортайғанын орнына келтіріп, ордасына оралатын күн де туар келешекте.

Ел төлеуі

Мұса мырза Шорманұлы орысқа көмектесті деп, Кенесарыға не ұстап беріп, не өтеулі төлем беру қажет болса керек. Еш жерде жазылмаған, ел ауызында ғана қалған әңгіме болғандықтан, әркімнен сұрап есте қалғандарын жазып жатырмыз. Көмек көрсеткен – тағы да ұстазым Қабдолла Кәлиұлы.

Сонымен Кенесарының уақытша тұрағының біріне Баянауылдан бірнеше жүздеген жылқы, ішінде атақты Өтекенің қос шабдары бар және «үш асыл зат» аталатын киелі нәрселер бар ел азаматтары жеткізілген екен. Өтеке – Қаржас ішінде Ақша-Жиналы руынан, қос шабдар жүйрік аттары бар байлардың бірі екен. Бәйгеден қос шабдар араларына жылқы салмай бірінші келеді екен. Өтеке кіші шабдардың басына отырған балаға үлкен шабдардан оздырмай басын тартып отыруда тапсырады екен. Ағасының көңілі қалмасын деп (Ел ауызында әлі осылай айтылады).

Ал енді үш асыл зат – біреуі «Ақ сауыт», батырлардың бірінің сауыты болса керек. Екіншісі «Тай тері» деп аталатын көрінеді. Тай тері – төсеніш немесе жылқы терісінен тігілген киім болуы мүмкін. Білетіндер болмады. Ал үшіншісі – «Қара саба» екен дейді. Бұл енді Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жазбаларында кездесетін атақты Қарқынбайдың қара сабасы болуы да мүмкін. Иә, атақты Ақбұра-Тұлпар Қарқынбайдың қара сабасы.

«Мейрамның бес баласы қосып басты,

Бұлқайыр Қоңырқұлжа дуан басы.

Мейрамның бес баласы бас қосқанда

Жетіпті Қарқынбайдың бір сабасы», – дейтін әңгімедегі саба болуы да мүмкін.

Наурызбай далаға атып шығып: «Қос шабдар, бар ма?» деп сұрапты. Қос шабдардың баянаулалық Қожамберлі Дөрбеуіл Олжағұл батырдың Керқұла атымен қасынысып тұрғанын көріп Наурызбай: «Ұстаңдар ана үшеуін! Не деп тұрғандарын білесіңдер ме? Қашайық, сен екеуің ғана ере аласыңдар маған, деп тұрған жоқ па?» – депті. Наурызбай Олжағұлдың осы атын сұрап, Олжабай бермей жүрген көрінеді. Олжабайдың Керқұласы жорықта, топты кісімен келе жатқанда, алдына жылқы салмай, басын қанша тартса да оқ бойы озып отыратын әдеті бар екен. Бұл әрине Наурызбайға ұнамайды. Ақыры бірде, оқ бойы алдында келе жатқан Олжағұл батырды Наурызбай садақпен астыңғы жағынан тартып қалғанда сырт киімін қаусырынып астына ала бергенде оқ ердің қасын тесіп өтіп кеткен көрінеді. Садақтың оғынының кімдікі егенін сезген Олжағұл батыр сол кеткеннен елге – Баянауылға бір-ақ тартыпты.

Әбу ақсақалдың әңгімесі

Әбу Хамиев, руы – Қозған, ұзақ жылдар «Жайма» кеңшарының Белағаш бөлімшесінде зоотехник болып қызмет атқарды, іскер, беделді маман еді. 1970 жылдардың соңына қарай өткен бір сайлауға ауданның ауылшаруашылық бөлімінде маман болып істеп жүрген жерімнен «Жайма» кеңшарына уәкіл ретінде жіберді. 2-3 кісі едік. Қалғандары кеңшар орталығында қалды да, мені Белағаш бөлімшесіне жөнелтті. Бөлімшенің мектебінде орналасқан сайлау учаскесін көрсетіп, Әбу ақсақалдың үйіне қонаққа келген соң ақсақалдың арнайы сойған қойының етін жеуге кірістік.

Дастарханда бөлімше меңгерушісі және бір-екі маман отырды. Әбекең сөзшең адам екен, әңгіме бастады. «Е, қазіргі сайлау тыныш қой. Халық жүз пайыз дауыс береді. Жұрттың бәрі оқыған, көзі ашық. Мен сендерге осы елде 1936 жылы өткен сайлау мен оған дайындық кезіндегі үгіт-насихат жұмыстары туралы әңгіме айтайын», – деп бастады әңгімесін Әбекең. «Ол кезде Баянауыл ауданы Қарағанды облысына қарайды. Қарағанды облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Отто Ялдович Пенкасих деген адам Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа сайлауға түсіп жатқан болатын. Ауылда үгіт-насихат жұмысы басталып кетті.

Ол кездерде шолақ белсенділер түн ортасында үйдің терезесін қағып, кандидаттың атын сұрайтын заман. Білмей қалғандарына жаза қолданылады. Олардың бұл әрекетінен саяси астар іздейді. Колхоздың бастығы күнде кешкілікте «Қызыл отауға» бір-бірден кіргізіп сайлаушылардан емтихан алады. Төрде қисайып жатқан бастық, алдына келгеннен кандидаттың фамилиясын сұрайды. Айта алмай қалғанның маңдайына саптама етігінің қонышындағы темір қасықты алып бір періп: «Пен-ге қасықты қосқанда не болады?», – деп сұрап, «Пенқасық» деп айтқызатын көрінеді. Осылайша маңдайларына темір қасықтың соққысы тигендер әйтеуір айтуға үйреніп алады.

Бірақ ойламаған жерден ауыл бір қиындыққа ұрынады. Жасы келген, қолында колхозшы болып істейтін коммунист жалғыз баласы бар бір әжей кандидаттың атын атай алмай-ақ қояды. Содан басшылар коммунист жігітті шақырып алып, егер шешесі кандидаттың атын атай алмаса, сотталып кететінін ескертеді. Баласы жыларман болып келіп, шешесіне «Апа, егер сіз Пенкассик, деп айтпасаңыз мені соттайды», – дейді. Байғұс әжей, енді отырса, тұрса Пенкасик деп айтып, үйреніп алады. Сайлау ойдағыдай өтіп, жұрт тынышталады.

Үйреніп алған әжей сайлау өтсе де, отырса-тұрса Пенкасик деп жүре береді. Бірақ, сұмдық болғанда, келесі 1937 жылы, Қарағанды облысының партия комитетінің бірінші хатшысы О.Я.Пенкасик халық жауы болып атылып кетеді. Енді халық жауының атын күндіз-түні атап жүрген әжейдің жалғыз баласының басына тағы пәле үйіріледі. Шолақ белсенділер әжейдің баласына, «Егер шешең Пенкасиктың атын атауын қоймаса, сені соттатамыз», – деп ескертеді. Мұны естіген шешесі ауызын жауып жүріп біраз уақыттан соң «жаман әдетін» әрең қойған екен».

Әбу ақсақал әңгімесін аяқтады. Әңгіме бойы әрең шыдап отырған біз күлкімізге ерік беріп, суып қалған табақтағы етке қолымызды созып, әрқайсымыз пікірімізді білдіріп, әңгімені жалғастыра бердік. Қырық жылдан аса уақыт өтсе де Әбу ақсақалдың әңгімесінің әсері әлі есімнен кетпейді.

Қызылтаудың қара түлкісін олжалау

(Баянауылдық азамат Дәулетов Наурызбайдың әңгімесі)

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының көпке танымал бір әңгімесінде Айдабол Едіге Қызылтауда қоныстап отырған Мырзағұл – Сәтиге наурыз туғанда, жүз жігітпен наурызнама жасауға келіп, бірнеше күн қонақ болып қайтарларына Сәти мырза жүз жігітке жүз қара түлкі сыйлап, жүз ат мінгізіп, әрқайсысына шапан жауып қайтарғанын айтушы еді.

Айдабол – Малкелдінің атақты байы Темірболат Меккеге қажылыққа баруға дайындалып арнайы сәнді ер-тұрман, күмістеген кісе және басына қара түлкіден тұмақ дайындатқызбақшы болады. Ертоқым мен кісеге зергер, шеберлер табылып, ал қара түлкі жоғарыда айтылған Сәти заманындағыдан азайған уақыт болса керек. Темірболат өзінің інісі Қожақанның Дәулет деген аңшы, бүркітші баласын, Қызылтауда бір әккі қара түлкі жүргенін, соны қайтсе де қолға түсіріп терісін алып келуді тапсырады.

Аңға жанына жігіттерді ертіп барған Дәулет кешікпей-ақ қара түлкіні бүркітіне алдырып, елге оралуға бет түзейді. Қайтар жолда Қызылтауда бүркітші, аңшылар жүргенін естіген жолдағы елдердің біреуінің жігіттері әдейі тосып жүріп аңшылардан сыралғы олжа сұрайды. Салт бойынша сұрағанын беріп, аңшылар жолдағы ауылға қоналқыға келеді. Кешкі астарын ішіп, ұйықтар алдында, Дәулет жанындағыларға түнде қара түлкінің терісін алып қашатындарын ескертіп, сергек жатуларын тапсырады. Сонымен үй иелері ұйқыға кетті-ау дегенде жігіттер кереге басында ілулі тұрған қара түлкінің терісін қойындарына тығып елге аттанады. Бұлардың мақсаты қуғыншыларға жеткізбей Темірболатқа жету еді. Ақыры ауылдарына жеткен Дәулет, болған істі Темірболатқа баяндап қара түлкінің терісін табыс етеді.

Кешікпей жеткен қуғыншыларды Темірболат үйіне түсіріп, жылқы сойып қарсы алып, қуғыншыларға қара түлкінің терісі қандай жағдайға қажет болғанын түсіндіріп, келген жігіттерге ат-шапан айыбын төлеп елдеріне риза қылып аттандырыпты.

Темірболат сол жылы Меккеге қажылыққа барып, сонда жерленген екен. Қасында еріп барған адамдар тұмағын, ертоқымын, зерленген кісесін алып қайтыпты. Оларды Дәулеттің ұлы Мәуішке (Мәуленбайға) табыстаған көрінеді. Бұл күндері тұмақ ескіріп тозған, ертоқым қолды болып, ұрланып кеткен, тек қана күмістелген зері қарапайым тозған қайыс кісе осы әңгімені айтушы Наурызбайдың Нұрлан деген кіші інісінің үйінде сақтаулы екен.

Ұсталар мен зергерлер жайында

Ұсталық өнер – Баянаулада кен байлығы мол болғандықтан ба, жоқ басқа да себептері болды ма екен, әйтеуір, кең тарап, құлаш жайған өнердің бірі. Баянаула тарихында болған, өмір сүрген ұсталар мен зергерлерді, ағаш шеберлерінің бәрін тізбелеп атап шығу мүмкін емес.

Мысалы, шежіреші, этнограф Алтынбек Құрманов ата-бабаларында ұсталық құрған адамдарды атағанда, сонау Айдабол-Пәлі Төлебай бабаларынан бастап 7-8 атасының аттарын атап, өз атасы Құрманға жеткізіп тоқтайды. Жаугершілік, батырлар заманында қару соққан ұсталардың есімі ел есінде ілуде біреу-ақ шығар. Әйтсе де ұсталар легі кешегі ұжымшар, кеңшарлар тарап біткенше толастамай жұмыс жасады. Солардың ішінде қазіргі замандастарымыздың ауызынан біраз есімді теріп атауға болады.

Аудан орталығы Баянауылда Қажымұқанның досы болған деп айтылып та, жазылып та жүрген Қозған руынан Субек ұста, Қозған Сағынай ұста, Қаржас – Мырзағұл руынан Ұлы Отан соғысының ардагері Салықұлы Жамалиден ұста, Қаржас-Сатылған Әубәкіров Жәкен – ұста, ағаш шебері болса, басқа елді мекендерден, «Сарыөлеңнен» Ақбура Тілеуберді ұста, ол кісіні соғыс жылдары қолдан мылтық соғып еді деп атайды. Күркеліден – Мырзағұл Омар ұста, Шоман ауылынан – Нияз Нұрбек ұста, Қойтастан – Сырым Әбдікәрім, Шоманнан – Қаржас-Құдайқұл Шәкен ұста, Қызылтау өнірінен – Демеу ұста, зергерді және Орманшы Байтастың Мұқашын атайды. Мұқаш ұста демекші, белгілі жазушы Әнес Сарай ұста Мұқаш пен оның әйелі балғашы болған Мақсура туралы «Социалистік Қазақстан» газетіне 1949 жылы очерк жазғанын айтып, менен «Ол кісілерді білесің бе?», деп сұрағаны есімде. Құндыкөлдің Егіндібұлағында ұста болған Қозған Әбікейұлы Шәкірді атайды. Ол кісі де колхоз ұстасы. Жаңатілек ауылдық округінен Ысқақ, Смақ, Айдарбек тағы басқа ұста, шеберлерді атайды. Бұлардың бәрі әмбебап ұста, шебер, тігінші, етікші, ер-тұрман жасаушылар, зергерлер еді. Кейбір ұсталардың ұсталықтары әлі күнге дейін сақталған. Мысалы, Жамалиден мен Құрман ұсталардың ұсталықтары үйлерінің жанында тұр.  Кейбір шебер-іскер зергерлердің жасаған киім шкафтары, төсек-орын бұйымдары, кереует, сандық сияқты заттарын ұрпақтары аталарының көзіндей көріп сақтауда. Жәкен ағаш шеберінің бұйымдары, мысалы ұрпақтарының қолында сақталған.

Бұл жазғандарымыз мыңдаған жылдар ата-бабаларымыздың ұсталық-зергерлік өнерінің өлшеусіз мұхитына тамған бір тамшыдай ғана әрекет қой.

Осы тақырыпты сөз еткенде, бүкіл Қазақстанның археология ғылымындағы ұсталық өнерін, оның ішінде өзінің Баянаулалық тікелей ата-бабаларың ұсталық өнерін жеріне жеткізе зерттеген академик Әлкей Хақанұлы  Марғұлан еңбегін атап қана айтып кеткеніміз жөн болар?!

Есімін естіген біраз ұста мен шебердің атын атадық. Осылардың ішінен бертін өмір сүрген ұста, зергер, шебер, әкесі 18 жыл болыс болған Мұстафаұлы Шәйіні айтпай кетуге болмас. «Шаһйи Мұстафаұлы» деп (Шәһйи деп үлкендер айтатын еді) «Баянаула дуаны» кітабында арабша сауатты, ескіше хат танитын шежірешілердің бірі Алпысбес Әділханұлы жазыпты («Баянаула дуаны». Қарағанды. 2006 жыл, 129-бет).

Шәйі жөнінде ел ішінде аңыз әңгімелер көп. Соның бірі – «Болыс баласы», деп соңына түсіп қажытқан КГБ, НКВД сияқты мекемелерден құтылу үшін, таныстарын салды ма екен, Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы болған Жұмабай Шаяхметовке жолығып арнайы жасаған темекі, шылым салатын қорапша портсигарды сыйға тартыпты. Портсигар қымбат асыл тастармен көмкерілген және аса бір ерекшілігі портсигардың құпия ашу тетігі болса керек. Шәйінің өзінен басқа ешбір адам аша алмапты. Әңгімені айтушылар, зергердің осы құнды затын Жұмабай Шаяхметов, Кеңес Одағының басшысы Иосиф Сталинге сыйға тартып, зергердің аты-жөнін айтып тапсырыпты. Осыдан кейін ғана асқан шебер, зергер ұста, Шәйі өмірінің соңына дейін тыныш өмір сүрген көрінеді.

Шәйінің зайыбы, Мәди Бәпиұлының немере қарындасы Қадиша әжеймен, Шәйінің қызы 10 құрсақ көтерген ардақты ана Бәзкен тәтеймен, жолдасы кеңшардың партия ұйымының хатшысы болған Ұлы Отан соғысының ардагері, кәсіби журналист Мұзафар Әлімбаев, Әзілхан Нұршайықовтармен қызметтес болған, өте білімді, елге сыйлы азамат Мақашев Ғалымжан ағаймен «Южный» кеңшарында бес жыл көрші тұрып дәмдес, сыйлас болдық. Ол кісілермен талай әңгіме-дүкен құратынбыз. Бірақ Шәйі туралы ешқашанда әңгіме болған емес. Есесіне ел ішінде тараған Шәйі өзі жасаған аса қымбат заттарына болыс әкесі Мұстафадан қалған құнды көмбе байлықтарды пайдаланды дейтін әңгімелердің талайын естідім.

Баянауыл ауданының Құрметті азаматтары

1989 жылы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының екі томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Бұл сол кез үшін айтулы оқиға еді. Жұртшылықтың қуанышында шек жоқ еді. Құрастырған Сәрсембі Дәуітов болатын (Мұхтар Мағауин: «М.Ж.Көпеевтың шығармаларының бірінші томын құрастырған Бөжеев Мұратбек еді. Басқа кісінің атымен шықты» деп жазды).

Сәрсембі Дәуітовті Баянауылға алып келіп, шығармалар жинағын шығаруға үгіттеген Нағи Ахметов деген Баянауылдың тумасы, Ұлы Отан соғысының ардагері, сол кездері Алматы  қаласында тұрған, Бұқар жырау Қалқаманұлының зиратын жоғалып кетуден сақтап, басына тот баспайтын темірден, белгі қойған адам. Сол сияқты ол Тышқанбайұлы Жұмабай (Әбжалап диуананың) басына да белгі қойған. Мәшһүр Жүсіптің мұражайына құжаттар жинап, алғашқы мұражайдың ашылуына зор үлес қосқан адам. Бұл туралы Мәшһүр Жүсіптің шөбересі Абай Төлебайұлы Шарапиев өзінің «Ақиқат» атты кітабында жазған болатын.

Сәрсембі Дәуітовтің әңгімесі: «Нағи ақсақал мені ертіп Мәшһүр Жүсіп ауылына алып келді. Алматыдан ұшақпен Павлодар қаласына келген соң қаладағы Нағи ақсақалдың танысының үйіне түстік. Нағи ақсақал үй иесіне мені таныстырып, мына жігіт Алматыдан арнайы келіп Мәшһүр Жүсіп еңбектерін зерттеп, амандық болса, кітап шығару ойы бар, өзіміздің ініміз Сәрсембі Дәуітов деп таныстырды. Үй иесі ақсақал: «Е, айналайын, бәсе, өзіміздің ініміз болмаса, үйсіндер Мәшһүр Жүсіпті зерттеуші ме еді?», – деп мені құшақтап жатты», – дейді. Кейін Баянауылға келгенде мені Нағи ақсақал: «Мына жігіт, Мәшекең еңбектерін зерттеп, кітап шығармақшы ойы бар, өзіміздің Сәрсембі Дәуітов деген ініміз, руы – үйсін», – деп таныстыратын болды дейді.

Серсенбі Дәуітов «Баянауыл ауданының Құрметті азаматы» атағын алғанда жұртшылық алдында ризашылығын білдіріп, қуанып жатты. Біз: «Мәшекеңнің еңбектерін жазып, жарыққа шығардыңыз ғой» дейміз. Ол болса, «Ия, бірақ көп адамдардың шығармаларын жарыққа шығардым, сіздер еңбегімді көріп, бағалап жатырсыздар ғой», – дейді, риза болып.

Әбіш Кекілбаев

1991 жылғы Қазақ ССР-нің жоғарғы Кеңесінің депутаттығына  атақты жазушы Әбіш Кекілбайұлы Баянауыл ауданының Бірлік кеңшарынан ұсынылып, баламалы түрде дауысқа түсті. Ол кісімен аудан тумалары – Байдилдин Сайлау және Баязитов Қылышбек деген азаматтар дауысқа түсті. Екеуі де ауданға танымал, беделді. Сайлау  – аудан орталығының тумасы, ауданның 5 кеңшарында  қызмет істеген, барлық басшы мамандармен дос, жолдас, әріптес болған азамат. Қылышбек – 10 мыңға тарта тұрғыны, 3 мыңға тарта сайлаушысы бар «Майқайыңалтын» комбинаты орналасқан кенттің тұрғыны, мектеп директоры болып қызмет істейтін, көп ұлтты кенттің байырғы, сыйлы тұрғыны болатын. Тартысты өткен сайлау қорытындысында Әбіш Кекілбаев басым дауыспен жеңіске жетті.

Сайлау соңында республикалық газет бетінде мақала жариялаған Әбіш Кекілбаев қарсыластарының беделі мен азаматтық қасиеттерін сипаттай келіп: «…Екі аптал азамат бұл реттегі жолын маған ұсынды» деп жазды. Маңғыстаудың 363-ші әулиесі – Әбіш Кекілбайұлы «Мен жеңіп кеттім!» немесе «Мен жеңіске жеттім!» деген жоқ. «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы қызметінде жүргенде, аудан территориясында орналасқан «Майкөбен» көмір кенішінің – ол кезде Екібастұз көмір кешені бірлестігіне қарайтын кеніштің аудан тұрғындарына көмегі жоқ, тіпті тиеслі салықтарын да төлемейтінен хабардар Әбіш ағай ауданға газеттің меншікті тілшісі Байтұяқ Жанымбетовті жіберіп, «Маңайы жұтаң Майкөбен» атты мақала жариялатып, «Екібастұзкөмір» кешенінің бетін бері қаратуға мәжбүрледі. Келесі жылы Жоғарғы Кеңестің төрағасы қызметіне сайланғанда, ауданға республиканың көмір өндірісінің министрі С.М.Садықов мырзаны жұмсап «Майкөбен» көмір кешенін заң бойынша ауданға қаратып, мәселені шешіп берді.

Әбіш Кекілбаев «Баянауыл ауданының Құрметті азаматы» атағын алғанда: «Біз Баянауылдың алдында жай азаматтық борышымызды өтейміз деп жүргенде, енді «Құрметті азаматы» болғанда, жүгіміз бірнеше мәрте ауырлады», – деп ризашылығын білдірді. «Мені атқа қондырған Баянауыл елі», – деп тебіренді.

Расында да, депутаттыққа сайланған соң, кілең жоғарғы мәртебелі қызметтерде жұмыс істеді. Ұлы жазушы, «Қазақстанның Еңбек ері» Әбіш Кекілбайұлының «Бағалай білмейтінге бақ тұрмайды, қадірлей білмегенге құт қонбайды. Табына білмеген халықтан пайғамбар шықпайды, бағына білмеген халыққа патша құтаймайды. Ел содан барып азады, жер сонда барып тозады»,  – деген насихат сөздері Баянауыл ауданның орталығындағы «Даналар даңқы» алаңында тасқа қашалып жазулы тұр.

Рымғали Нұрғалиев

1990 жылдардың басында ауданның алыс шаруашылықтарының бірін аралап кешқұрым аудан орталығына қайтып келе жатып, автокөліктегі радиодан қазақ тіліндегі бір хабарды селқос тыңдап келе жатқанда, «Баянауылдың бұрынғы өткен мол, бай тарихы бар, бірақ Баянауылдың келешегі жоқ», – деп біреу сөйлеп жатты. Қасымдағы жүргізушіге тез тоқта деген белгі беріп радиоқабылдағыштың дауысын көтеріп қойдым. Бір-екі минуттан аспай хабар аяқталып диктордың: «Сіздердің тыңдағандарыңыз филология ғылымдарының докторы Рымғали Нұрғалиұлымен болған сұбхат», – деген сөзін естідік.

Аудан туралы осыншама ауыр сөз көп уақытқа дейін, есімнен кетпей қойды. Арада біраз жыл өткенде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 140 жылдығын атап өту үшін дайындық жүріп жатты. Кабинетте жалғыз отырғанда аудан аппаратының сол кездегі басшысы Нұрлан Мұқатайұлы Құлжан тойға Алматы қаласынан қонақтар келгенін хабарлап, үш кісіні алып кірді. Қонақтардың ішінен Сейіт Қасқабасов ағай өзін және Рымғали Нұрғалиев пен Сәрсембі Дәуітовты таныстырып өтті.

Сейіт ағайды бұрын көргендігім бар. Сәрсембі Дәуітовке бұдан біраз жылдар бұрын өзінің құрастырған М.Ж.Көпейұлының 2 томдық шығармалар жинағының ел үшін аса құнды екенін айтып, көңілін көтерген едім. Содан Рымғали ағайға тіке қарап, көп жылдар ыза болып жүрген кегімді алмақшы болып: «Сіз айтыңызшы, «Баянауылдың келешегі жоқ деп қалай айттыңыз?», – дедім. Рыкеңнің  ақсұр жүзі кенеттен қызарып, күреңітіп шыға келді де, маған қарап отырып: «Айналайын, сенікі дұрыс» деді. «90-шы жылдардың басында осы Баянауылдың перзенті, қазақтың біртуар азаматы Жұмат Шанин ақталып, оның өмірбаянын зерттеп, жазып Баянауыл ауданының басшыларына хат жазып, ауданда бір көше, мектеп тағы сол сияқтылардың біріне атын беріп, ұлықтаңдар!» деген хабарыма ешкім жауап қатпайды. Бірер жыл өткесін Шымкент қаласындағы облыстық драма театрына Жұмат Шанин атын бергенін хабарлап, тағы ауданда жұмыс жүргізілуін сұрап хат жазам. Ешкім жауап бермейді. Содан барып түңіліп айтылған сөз ғой», – деп түсіндірді Рымғали ағай. Бұл кезде ауданда Жұмат Шаниннің туған ауылы «Южный» кеңшары Жұмат Шанин атында болатын. Баянауыл ауданының орталығында бір көшенің аты берілген болатын.

«Баянауыл ауданының Құрметті азаматы» Рымғали Нұрғалиев өмірінің соңына дейін Баянауылға жиі келіп, жыл сайын демалып кететін. Келген сайын Жұмат Шанин ауылы жылқы сойып қарсы алатын.

Алыптар аядай жерге сыя береді

Ақын Сәкен Иманасов «Қалам мен Заман» кітабында: «Академик Серік Қирабаев: «Мұзағаңды 60 жасқа толуымен құттықтайын десем екі қолын ала қашып: «Здесь моей заслуги нет никакой», – деп жолатпай қойды деген бір әңгіме айтып еді», – деп жазады (Алматы қ., «Жазушы», 2004 жыл, 13-бет).

Сол Мұзағаңның 90 жылдық мерейтойын өткізу үшін Павлодар облысының делегациясын облыс әкімінің сол кездегі орынбасары Жұмабекова Рысты Мағауияқызы бастап келді. Алматы қаласына басқа мәселемен іс-сапарға келген мені осы тойға Баянауыл ауданының әкімі ретінде арнайы шақырылғанымды әкім орынбасары ескертіп айтты. Бірақ Мұзағаң Павлодар облысының Шарбақты ауданының «Қызыл таң» – Маралды өңірінің тумасы болғандықтан, тойға арнайы Шарбақты ауданының әкімі Серік Апсалықов әріптесім тарту-таралғасымен келіп жатқан. Той шығыны да сол ауданның мойынында еді. Сол себептен мен ыңғайсызданып бас тарттым және ертеңінде жауапты іс-шараға дайындалып үлгеру қажет болды.

Ертесінде Рысты Мағауияқызы тойға қатыспағаным дұрыс болмағанын, тойдың соңында Мұзағаңның Баянауыл ауданының перзенті екенін айтып көзіне жас алғанын айтты. Расында, Мұзафар Әлімбаев ағамыздың ата-бабалары – Баянауланың Қызылтау – Жосалы өңірінің тумалары. Қақсал руынан, Қарашоқы елді мекенінде ата қоныстары болған. «3300 түтін Қақсалға 18 мың жылқы біткен», – деп жазады орыс зерттеушілерінің бірі атаман Манохин.

Мұзағаң жөнінде және бір әңгіме – Баянауланың Ақши, Амантау, Ақирек, Талпақ өңірінің, қазіргі Бұқар жырау – Ұзынбұлақ ауылының тумасы журналист, жазушы, балалар ақыны, облыстық, республикалық газет-журналдардың тілшісі болған, жастай қайтыс болып кеткен Есентай Ерботинның айтқан әңгімесі:

«Мұзағаңмен бір кездескенде, – дейді Есентай, біреулер: «Осы Баянауылға соншама ақын-жазушылар, ғалым-академиктер, кілең бір даңқты адамдар қалай сыйған?», – деп сұрапты. Сонда Мұзағаң: «Алыптар аядай жерге сыя береді. Ал ақымақтар ғарышқа да сыймайды», – деп жауап беріпті.

Жүз жасаған Мұзафар Әлімбаевтың өлең жырлары, мақал-мәтелдері, афоризмдері, ескі сөздер сөздігі – уақыт сынына төтеп беретін мол мұрасы.

Айтпақшы, Мұзафар Әлімбаев ағамызбен Шапау жеңгеміздің Арнұр, Жаннұр, Балемер деген балалары бар екенін естігенмін. Олар Алматыда туып-өскен балалар. Мұзағаң балалары да кейін өзі секілді: «Мен – Баянаулалықпын ғой», – деп көзіне жас алып айтар ма екен?!

Ел ықыласын ризығы санаған

Атақты ақын, ғалым, Медеу Сәрсеке ағасымен академик Қаныш Сәтбаевтың энциклопедиясы жарыққа шығарған, баянаулалықтарға танымал жан Бауыржан Жақып Баянаулаға жиі келіп жүретін.

Жазушы Дихан Әбілевтің 100 жылдық мерейтойына Бауыржан Жақып баяндама жасады. Дихан атамыздың өмірбаяны, шығармашылығы толық қамтылған «академиялық» деп айтуға тұратын баяндама болды. Мерейтойға ақын-жазушылар Қадыр Мырза-Әлі, Ұлықбек Есдәулет, Иран Ғайып, Ахат Жақсыбаев т.б., қатысып сөз сөйледі. Арасында баянаулалықтарға кезек тиіп сөз алып жатты. Мысалы, ауданның сол кездегі мәслихат хатшысы Назира Асайынова өзінің жас кезінде үлкен сахналарда ән салып жүргенінде Дихан Әбілевтің шығарған өлеңін оқып беріп, ән шырқады. Жиынды аудан әкімі жүргізіп отырды. Келген қоңақтар, 500 орындық аудандық мәдениет үйіне лық толған жұртшылық риза болып тарады.

Көп жылдар өткесін Алматыда өткен бір мәжілісте Бауыржан Жақып ініммен кездесіп қалдым. Жанымызға таныстар жиналып сәлемдесіп шүйіркелесіп тұрып қалдық. Бауыржан Дихан атаның 100 жылдық мерейтойын еске алып, сонда алған сыйлығының берекелі болғанын айтып:

«Семейде шешеме құран оқытып ас бердім. Қарындасымның оқуына төлейтін қаражатына жеткіздім», – деп ризашылықпен еске алды. Алған сыйлығы аса қомақты емес еді – арнайы шақырылған қонақтарға арналған жол қаражаты мен іс-сапар шығыны және аудан жұртшылығының шағын сый-сияпаты ғана болатын.

Ақын Темірше Сарыбайұлының өлеңінен оқығанымдай:

«Бабаларым мың мәртебе бақытты екен,

Ризығын іздеген ықыластан», – дегендейін, ел ықыласын ризығы санаған, ризығын ықыластан тапқан, қайран інім!

Киелі қазақтың бітімі бөлек, сыры ерек, ел иесіне, жер киесіне тәу ете білген, аруақтарын сыйлап, ел тарихына тағзым еткен, ырымшыл, орғанына семірген қаз мінезді қазақтың қайран қара баласы. Ұрпаққа өнеге, үлгі емес, деп айтыңызшы.

 «Атқа мінгенде жер тарылып қалады»…

Бір жылдары біз Баянауыл ауданының аумағынан балбал тастардың («бәдіз», «ләкез») көшірмелерін жинаттырып аудан орталығындағы «Даналар даңқы» аталатын алаңға орнаттық. Себебі өткен ғасырдың 60-70-ші жылдары ауданның кез-келген жерінде – жолдардың жиегінде, егіс алқаптарында, шабындық жайылым жерлерде, тау, тастардың арасында, орман, тоғайлардын ішінде қаптап тұратын тас мүсіндердің күрт азайып кеткенін көрдік. Қаладағылар жеке меншік үйлерінің ауласына, гараждарында сәнге қойып жатты. Айтылған шараға ауыл әкімдері атсалысып, ұлттық парктің орман қызметкерлері, аудан тұрғындары көмектесіп, тас қашаушы шеберлермен скульптор, суретші мамандардан бригада құрылып үлкен іс тындырылған болатын.

Бірде, ауданда әртүрлі мемлекеттік қызметтер атқарған Адамбеков Бауыржан деген азаматты жолықтырдым, амандық-саулықтан соң: «Мен ауылдан тағы бір балбал тас көрдім», – дейді Бауыржан. «Ауылыңның маңын жіті шолып шыққан сияқты едік», – деймін. «Өткен демалыс күні ауылға барып, атқа мініп Ащы су өзенінің арнасынан асып біраз жер жүрдім. Атқа мінгенде жер тарылып қалады екен», – дейді, сенбей тұр ма, дегендей маған қарап қойып.

Тақымы атқа тиген Алаш баласы, әр уақытта арқаланып, аруақтанып, қиялына қанат бітіп, шабыттанып, жігеріне қуат қосып, қайраттанатынына көзім жеткендей болды. Жер жүзінің жарымын жаулап алған далалықтар үшін ат танк іспетті емес пе!?

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жүзге келген Жүзей қария туралы әңгімесінде бұрын жылқы көрмеген жүзге келгенде көзі көрмей қалған қарияның жылқыны қолымен сипалап келешекте әлемге қандай бүлік әкелетінін айтатыны бар еді. Бірақ, ол енді бөлек әңгіменің әуені.

«Баянаулалықтар» кітабынан әзірлеген Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Добавить комментарий