(Ақын Талғат Ешенұлының ақындық, азаматтық болмысы туралы)
Қазақ поэзиясына оюлы өрнек сала келген Талғат Ешенұлының өлеңдерін оқығанда көз алдыңызға зерлі жіппен әдіптеп, алтынмен айшықтап, күміспен күптеген зергерді елестетесіз. Ғабит Мүсірепов айтатын «қатар тұрған екі сөз бір біріне өз сәулесін түсіріп тұруы керек» деген қағидатын мықтап ұстанатын ақынның әр сөзі бір-біріне көлеңкесін түсірмей, алтын сәулесін шаша жымдасып, нәзік бір сезім иіріміне үйіріп әкетеді.
Кез-келген өлеңі сізге дежавю күйін кештіреді. «Бұл күйді мен де кештім ғой?», «Бұл сезім маған таныс қой» дегіңіз келеді. Ақынның «Дежавю» атты жыры да бар. Көп жас ақын мұны жатқа біледі десем өтірік емес. Мен де жатқа айтамын.
«Жаңбырлы күз жеткен кезде
жолығыстық, тағдыр ма?
Бұл не, мөлт-мөлт еткен көзде –
жас па, әлде, жаңбыр ма?
Жаңбырлы күз жеткен кезде
Айырылыстық, тағдыр ма?
Бұл не, мөлт-мөлт еткен көзде –
жас па, әлде, жаңбыр ма?
Өрекпіген өтті кез де,
Жас құрғаған, жаңбыр да…
Бірдеңе мөлт етті көзде,
бұл не тағы, тағдыр ма?!», – міне, қоңыр күздегі қоңыр мұң иектеген сезім иесінің пұшайман хәлі, аласұрған алапат жан тебіренісі. Ақынның тағы бір ел сүйіп оқитын жыры «Қайырлы түн» өлеңі.
«Қайырлы түн!» дедің-ау.
Қайырлы түн!
Енді қай түн бұл түнге ұқсар екен?!
Ұғар екен мен құсап жайыңды кім?
Ұқса екен.
Бақытты өмір сүруге жаратылдың,
Періштені ібіліс сүймесе екен.
Аппақ қауырсындары қанатыңның
Күймесе екен.
Арманыңмен болса екен бағың жолдас,
Қалмаса екен көңілің адамдардан.
Ал, мен өзім…
Мәңгілік орындалмас
Арман боп барам, қарғам!
«Жеткен кезде мен еткен кездені», «жаңбыр мен тағдырды», «жаратылдың мен қанатыңды», «сүймесе екен мен күймесе екенді» ұйқастыру әлдебір ақындар үшін сөзді қарабайырландыратын секілді болып көрінеді. Бірақ ақынның жырлары жай ғана қарапайым ұйқастарға да өзгеше реңк береді. Себебі, жоғарыда айтқанымыздай алдыңғы сөздер алтын сәулесін шашып тұрады. Ақынның жырларындағы тағы бір ерекшелік, кейіпкер музасына «Сіз» деп тіл қатады. «Сізге» деп келетін циклды жырларын оқығанда ойран-асыр ойлар мен сезімнің селдей қуатын сезесіз. Құдды бір:
«Құп білемін, сізге жақпас
Ескі жара білтелеу.
Ақ жүрегің енді ұнатпас,
Мезгілі жоқ қай медеу?», – деп келетін Абай аударған Пушкиннің Онегиннің хаты іспеттес.
«Иірімнен күлкі үйіріп,
дір ете қалып, толқындап,
Үзіле бере құйылып,
рауандай ойнап, жарқылдап.
әйнекке қонған мөп-мөлдір,
Гүл мойынына ілінген
моншақтарынан көктемнің
сізді көрдім ғой бүгін мен!
Тоңазып түнгі жаңбырдан,
Көктемгі шықты таң ата
теріп жүр екем, қалдырған
сіз екен деймін, о, ботам!
Терезедегі лағыл шық,
бәйшешектегі лағыл шық –
жан нұрымменен шағылысып,
таңымнан әр кез табылшы!
Қараймын көкке мейірмен,
мөлдір аспанның әні – сіз.
Қараймын жерге мейірмен,
мөлдірегеннің бәрі – сіз.
Сізге айналып кетті енді
дүние мынау, не қылам ?..
Сіз деп ағады көктемгі
көзімнің тамшылары да!». Парасатты поэзияның падишаһы секілді үн қататын шайырдың осындай ғажап жырларынан дегдар дерт иесінің бекзада сезімін аңдайсыз. Енді бірде сонау сопылық поэзия өкілі Жар-ға ғашық Хафиз жырларының лебі еседі.
«Іңірде,
Көк пердені жел тербетіп, әрәдік,
терезеден нұр құйылса гүлзарға.
Көрінуші ең, көңілді демде мәре-сәре қып.
Өмірімнің өлеңі –
көлеңкеңнен танитынмын мен сені.
Сенің, тіпті, іңірдегі көлеңкең де әдемі!».
Осындай тосын тіркестерімен, өзгеше ойлау формасымен жазылған ақын жырлары парасатты поэзияның кәусарын татқызады. Еміне жұтасыз, мейіріңізді қандырады. Ақын жырларының өзіндік әуезі, музыкасы бар. Жыр оқып отырып ыңылдағың келеді. Ақын айтпақшы, «…Музыкаға елігіп, сіздің де осыны айтқыңыз келетіндей»… Талғат ағаның өзі де музыканы талғап тыңдайды. Тіпті телефон қоңырауының өзі танымал композиторлардың музыкасы. Содан болар «Вивальди. Мезгіл элегиясын» жырға айналдырғаны. Содан болар «Бетховен. «Ай сонатасын» жүрекпен тыңдайтыны.
Әйтпегенде «шам жарығынан дене ысып, құс қанатынан бой тоңар ма?» («Ай сонатасы»).
Ақын тек сезімнің ғана жыршысы емес, «Авгийдің ат қорасындай» қоғамның қоясын қопара ақтарады. Мәселен «Этномазохизм» жырына назар аударсақ:
«Бостандық!» десең,
Айтары:
«Арандатпайық!»
«Аш қалдық!» десең,
Айтары:
«Арандатпайық!»
«Жер берсін!» десең,
Айтары:
«Арандатпайық!»
«Ел келсін!» десең,
Айтары:
«Арандатпайық!»
«Тіл өлді!» десең,
Айтары:
«Арандатпайық!»
Кім өлді десең де,
Айтары:
«Арандатпайық!»
«Арандатпайық!» деп жүріп, арам қатпайық!..».
Қоғамдағы осынау келеңсіз жағдайларға азаматтық үнін осылай білдіреді ақын.
Бірде Моңғолиядағы қазақ бауырлар қоныстанған Баян-Өлги аймағына сапардың сәті бұйырды. Сондағы қазақтармен емен-жарқын әңгімелесіп бауырымызға қыстық. Қазір Қытайдағы қандастарымды да жиі көремін. Сол кезде маған Талғат ағаның «Бауырға хат» өлеңі еске түседі. Моңғолиядағы сапарда ағаның осы хатын қандастарға оқып та берген болатынмын. Бұл:
«…Қонысы екі жарылған,
өріс-оты тарылған байтағым!
Шалдарының ет жүрегі елжіреп,
балаларының тұлымшағы желбіреп,
Атажұртқа қашан,
қалай қайтарын кім біледі?
Соқыр, мылқау, керең болса ұлығым,
арызымды кімге барып айтамын?..
Қамаудағы қасқыр боп,
сағынышың тасқын боп, сен де жүрсің,
қанша рет қара түнде
Қажытайдай қашқың кеп.
Мен де жүрмін, қанша рет
қара түнде есігімді аштым кеп –
Жалғыз қара көрінсе емірене
құшағыма басқым кеп.
Сен ол жақта көзің жасқа тұнып бір,
мен бұл жақта көкірегім ұлып бір,
қарға адымда қауыша алмай отырмыз –
шекарада құлып тұр.
Уа, бауырым!
Кілт төресі – жүректегі кілт бұл,
ашылмайтын есікті
топсасымен жұлып кір!
Қара басың қанды сайда қалса да –
емшектегі баланы ел шетіне іліктір!
Мойынымызға заман салған сынақ бұл,
бір жауабын біз ғана таба алатын сұрақ бұл:
қуат қылсаң – өз еліңді қуат қыл,
суат қылсаң – өз жеріңді суат қыл.
жыласаң да, күлсең де
Отаныңда жылап, күл!
Қара басың қанды сайда қалса да –
ұлды жеткіз –
«Алла жар» деп артынан жүгеніңді лақтыр!»,- деп келетін жыр болатын.
Талғат ағаның парасатты ақындығынан бөлек журналистік қаламы да жүйрік. Кезінде «Жас қазақ» газетінің басшысы болған тұсты көп журналист жыр қылып айтады. Аңыз қып әңгімелейді. Ғұлама жазушы Әбіш Кекілбайұлынан «кіші Шерхан» деген атты да осы кезде иеленіпті деседі.
Ақынның тағы бір қыры – бильярд үстеліндегі мергендігі. Өз ортамда әжептеуір мерген саналып жүрген мен ең алғаш бильярдтағы сынымды Талғат ағадан естідім. Бірде жойқын соққыларыммен тарсылдатып ұрып жүрген маған «Нәукеш, сенде бір мін бар. Ойының жақсы, бірақ эстетика жоқ», – деді. Осы сөзі арқылы кез-келген нәрсеге, тіпті бильярдқа да эстетикамен қарау керектігін меңзегендей еді. Өзі бильярд ойнағанда қылдай нәзік «свояктерді» ұрғанда күзгі желден қалтырап тұрған жапырақты самал желпіп өткендей әсер беруші еді. Кейбір шарлардың бір-біріне соғылғанда дауысы шықпайтындай етіп соққы жасағанда әлгі шар лузаға баппен аяңдап, сәл кідіріп барып түскенше деміңді ішке тартып тұрасың. Аға айтқан эстетика деген осы болса керек. Тіпті көзге аса оңай көрінбеген шарларды «Мына шарды салмасам, несіне бильярд ойнап жүрмін», – деп өзін қайрап қоятыны бар. Кейде «Мына жерден есі дұрыс адам екі-үш шар алады ғой», – деп қаз-қатар тұрған шарларды шетінен жапырады. Өлеңі қандай сұлу болса, ұрған соққыларды да сондай кербез. Осындай эстет ойынымен талай бильярд додаларында топ жарды.
Міне, менің Талғат ағам – осындай. Өлеңде де дегдар, бильярдта да бекзат.
Наурызбек САРША.