Оқырман назарына Спандияр Көбеевтің балаларға арналған әңгімелерін ұсынамыз.

Балалар мен мұғалім

Екі бала келе жатып бір кітап тауып алды. Бірі айтты: «Кітап менікі, не үшін десең, мен сенен бұрын көрдім». Бірі айтты: «Жоқ, кітап менікі, не үшін десең, мен сенен бұрын жерден көтеріп алдым». Осылай балалар кітапқа таласып жатқанда оларға бір мұғалім келді де, балалардан сұрады: «Оқи білесіңдер ме?», – деп.

Балалар: «Жоқ, оқи білмейміз», – дейді. «Егер оқи білмесеңдер, кітап сендерге неге керек, бұл кітапты мен алайын, қай бұрын оқи білгеніңе берермін», – деді.

Өсиет

Әкесі өлерінің алдында баласына өсиет етіп айтты: «Жақсы тұр, ешкімге жалынба, бөтен біреу саған жалынатын болсын. Және де ішкен тамағың тәтті көрінетін болсын, сонда бай боларсың» деді. Әкесі дүниеден қайтты. Баласы әкесі айтқан қалыпша ешкімге жалынбай, жақсы тамақ ішіп, жақсы киім киіп тұрды. Бірақ кедей бола берді. Бір күні ол әкесімен бірге туған ағасына барып, әкесінің айтып кеткен өсиетін айтты. Сонда ағасы оған айтты: «Сен әкеңнің айтқан өсиетіне түсінбеген екенсің», – деп. «Сен жұмысқа ерте шық, сонда сен біреуге жалынбайсың, саған біреу жалынады, жұмыстан кеш қайт, сонда саған ішкен тамағың тәтті көрінеді, әм бай боласың».

Сонда баласы әкесінің айтқан өсиетіне түсініп, орнына келтіріп, жақсы тұра бастады.

Байлық

Бір жарлы жас жігіт өзінің бұрынғы мұғаліміне жолығып, өзінің кедейлігі жайынан арыз қылып айтты: «Менімен бірге оқыған жолдас шәкірттердің біразы бұл кезде байып, біразы халыққа белгілі адам болып кетті, менің бұл уақытқа шейін кергенім ылғи жоқтық» деп. «Рас, сен осы айтқаныңдай жарлымысың? Сенің денің сау, жұмыс қылсаң күшің мол, мынау қолыңды бір мың сомға кесуге берер ме едің?» деп мұғалім сұрады. «Құдай сақтасын! Он мың сомға бермес едім дейді» арыз айтушы шәкірт. Олай болса мен ойлаймын: «Бүкіл дүниені көріп тұрушы қырағы көзіңді, мықты аяғыңды, дүниедегі еш байлыққа айырбастамайтын шығар» деп. «Құдай сақтасын! Айырбастамас едім» деді жігіт. Сонда мұғалім оған айтты: «Осыншама байлығың бар бола тұра, неге енді жарлымын дейсің» деп.

Атасы мен немересі

Ата қартайып күші кеміді; нашар көретін, нашар еститін болды; ішкен тамағын алдына төгетін болды. Не үшін десеңіз оның, аяқ, қолы кәріліктен қалтыраушы еді. Шалдың бұл ісі баласы мен келініне ұнамады. Олар шалға тамақты бөлек беретін болды, алдына жаман дастархан, жаман ыдысқа құйып. Немересі өзінің әкесіне «Атамды бөлек отырғызба» деуге бата алмай, бір күні бір ағашты жонып отырады. Әкесі керіп: «Шырағым, не ғып жатырсың?» дейді. Сонда баласы айтады: «Аяқ істеп жатырмын, шешем мен екеуің атам құсап қартайғанда, сендерге тамақты осы аяққа құйып беремін», – дейді. Бұл сөзді естіп, шалдың баласы ұялып әкесін бөлек отырғызып тамақ беруді қойды.

Әкесі мен балалары

Бір кісінің бес баласы бар еді; балаларының өз арасында татушылығы болмапты. «Тату тұрыңдар!» деп әкесі балаларына әлденеше рет айтқан екен; балалары әкесінің сөзін тыңдамапты. Бір күні әкесі қатты ауырыпты. Әкесі білуші еді: ол өлген соң балалары араздығын қоймаса, еншілерін алып, әрқайсысы өз бетімен кетіп, жарлы болатынын. Татулықтың, достықтың пайдалы екенін балаларына көрсетейін деп, әкесі өлерінің алдында ұлдарын шақырды. «Бірің сыпырғы алып кел», – деді. Балалары сыпырғыш әкелді. «Балаларым! Мына сыпырғышты сындырыңдар», деді. Балалары қаншама сындырайын деп тырысса да ешбірі сындыра алмады. Сонда әкесі сыпырғышты алып шешті, бір-бір шыбықтан сыпырғыштағы бар шыбықты сындырды-дағы балаларына айтты: «Көрдіңдер ме, сендер татулықпен бірге тұрсаңдар, сендерді ешкім жеңбес; араз болып бөлек болсаңдар, сендерді әркім жеңер, аяғының астына басар, қадірлерің кетер, берекелерің қашар», – деді.

Ақырын жүрсең, алыс кетерсің

Бір жігіттің қалада жұмысы болып, атының арықтығына қарамастан екі жақтан қамшылап шауып келе жатты. Жолшыбай тұра қалып жолыққан бір кісіден сұрады, «Қашан мен қалаға жетем?», – деп. Сонда жолыққан кісі атына қарап айтты: «Егер де ақырын жүрсең, кешке жетерсің, егер де мына қалпыңмен қатты жүрсең, ертең осы уақытқа шейін жете алмайсың» деді. Бұл сөзге жігіт ашуланып, бұрынғы қалпымен шауып кете барды. Біраз жер барған соң аты болдырып, жігіт түні бойы атымен әлек болып, ертеңгі кешке қалаға әрең жетті. Жігіт: «Мен ақымақтық қылған екем», – деді.

Қайырымды бала

Бір кісінің баласы мектептен үйіне қайтып келіп әкесіне сабағын тыңдатты. Баласы сабағын жақсы білген соң әкесі баласын қуантайын деп он тиын күміс берді. Баласы әкесінің берген ақшасына бір нәрсе сатып алу үшін базарға шықты. Жол үстінде ол бір аш, жалаңаш қайыршы шалды көрді. Бала ойлады: «Керек нәрсем болса, сатып алуға әкем ақша берер. Бұл ақшаны орынсыз жерге жұмсамайын» деді де, әлгі қайыршыға берді. Үйіне келіп өткен ісін әкесі мен шешесіне айтты.

Екі жолдас

Екі кісі ағаштың ішінде сайран қылып келе жатыр еді. Бір кезде олар қарсы келе жатқан бір аюды көрді. Кішісі аюды көрген соң жүгіріп, ағаштың басына шығып кетті, үлкені сасып қайда барарын біле алмай, жерге өлген кісі болды да жатты. Ол естуші еді. Өлген кісіге аюдың тимейтінін. Аю оған келіп иіскеп, өлген кісі екен деді де кетіп қалды. Бұдан кейін ағаштың басындағы кісі түсіп, жердегі кісіге келді де, күліп, «Аю құлағыңа не сыбырлады?» деді. Сонда жердегі кісі айтты: «Қауіпті жерде жолдасына қарамайтын кісімен жолдас болма деді», – деп.

Жарлы мен бай

Бір жарлы кісі бай кісіге келіп одан қайыр сұрады. Бай оған ешнәрсе бермей кет десе де, жарлы шығып кете қоймады. Сонда бай кісі жерден тас алып, онымен жарлыны ұрып қуды. Бейшара жарлы байдың атқан тасын жерден көтеріп алып қойнына тықты да, былай шығып айтты: «Осы тасты байға атқандай болғанша сақтармын», – деп. Бірнеше уақыттар өткен соң айтылмыш бай кісінің дәулеті кеміп, қарыздар болып, басы сотқа байланып, ақырында қараңғы үйде кіріптар болды. Ертеде айтылмыш жарлы сақтап жүрген тасын алып байға атайын деп келді-дағы тұра қалып айтты: «Бекер-ақ бұл тасты сақтап жүрген екем» деп, «Бұл кісі бұрын бай кезінде одан қорқушы едім, енді бұл қалпында аяймын» деді-дағы, тасты жерге тастай берді.

Шал мен өлім

Бейшара шал ормандағы ағаштан бір арқа шөпшек жинап алып үйіне қайтты. Шал шаршап, отынды алып баруға шамасы келмей, арқасындағы отынды жерге қойды-дағы айтты: «Я, құдайым! Мұндай ғұмыр бергенше, маған өлім берсейші» деп. Сонда өлім шалға келіп сөйледі: «Не үшін мені шақырдың, шал?», – деп. Шал өлімнен қорықты да айтты: «Отынды үйге алып баруға шамам келмеген соң жәрдем тигізе ме деп шақырып едім», – деп.

Өрмекші мен құрт

Өрмекші жібек құртының ақырын, асықпай жібек жібін шығарып жатқанын көріп айтты: «Қалай сен жұмысты ақырын істейсің! Не үшін сені халық жақсы керіп асырайды?» деп. «Қара, мен қаншама тырысып, жұмысты жылдам істесем де, мені ешкім тамақтандырмайды». Жібек құрты жауап берді оған: «Рас, сен жұмысты жылдам істейсің, бірақ жаман істейсің, сенің істеген өрмегің бір тиынға алғысыз. Менің істеген жібегім дүниедегі бір қымбат нәрсенің бірі», – деді.

Ат пен есек

Бір кісі бір ат, бір есекке жүк артып жолмен қалаға келе жатты. Есек жүгін ауырлап шаршап атқа айтты: «Жолдасым, менен бір азырақ жүк алшы, мен көтере алмай өлуге келемін» деп. Ат келіп жәрдем етпеді. Жолшыбай есектің халы бітіп, жығылып өлді. Сонан соң иесі есектің барлық жүгін, әм терісін сыпырып алып атқа артты. Сонда ат айтты: «Кінә менде, егер есектен бір азырақ жүк алсам, бұл оқиға болмас еді. Енді, міне, сорлап, есектің барлық жүгін, әм терісін әкеле жатырмын».

Сауысқан мен қарға

Сауысқан бір ағаштан бір ағашқа секіріп шықылықтай берді. Қарға ағаштың басында үндемей отырды. Оған сауысқан келіп айтты: «Неге менімен кеңеспей, томсарып отырсың?», – деп. «Болмаса менің айтқан сөзіме нанбайсың ба?» Сонда қарға айтты: «Нанбаймын, не үшін десең көп сөйлеген кісінің сөзінің жартысы өтірік болады».

Құстың ұясы

Балалар ойнап жүріп ағаштың ішінен бір құстың ұясын көрді. Бұл ұяның ішінде екі балапан отыр екен. Балалар алып үйіне әкелді. Әкесі баласына айтты: «Бұл балапанды ұядан неге алдың?», – деп. «Шешесіз балапандар тұра алмайды; баласынсыз шешесі қайғырады, далада құр өліп қалады ғой», – деді. Балалар балапанды аяп ұясына апарып қойды.

Екі соқа

Бір заводтан әм бір кесек темірден екі соқа істеліп шықты, олардың біреуі кешікпей егіншінің қолына түсіп жер жырта бастады. Біреуі ешбір кәсіпсіз дүкенде жатты. Егіншінің қолындағы соқа жер жыртқаннан ағарып күмісше жылтырап тұрды, дүкендегі соқа тот басып қарайып жатты. Бірнеше уақыт өткен соң екі соқа жолығысты. Сонда дүкендегі соқа егіншідегі соқадан сұрады: «Не себепті сен мұнша жалтырайсың?», – деп.

– Жұмыс қылып мехнаттанғаннан. Егер сен де жұмыс қылып мехнаттансаң, мендей жарқырап тұрар едің, – деді ол.

Спандияр КӨБЕЕВ.

(Суреттер ашық ғаламтор желісінен алынды)

Добавить комментарий