Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Жұмабай Шаштайұлының (1950-2024) есімі оқырман қауымға жақсы таныс. Жазушының «Қызыл қар», «Жала мен нала», «Жыр жолбарыс», «Біздің заманның Аяз биі», «Жаңғырық» атты жинақтары мен романдары оқырманның үлкен олжасына айналды.

Қабырғалы қаламгер «Коммунизм жолы», «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан», «Жас Алаш» газеттерінде, «Жалын» журналында еңбек етті. Халықаралық «Заман-Қазақстан» газетінің және «Қазақ әдебиеті» газетінің, Қазақ радиосының бас редакторы қызметтерін атқарды.

Жұмабай Шаштайұлы «Әдебиет порталында» жарияланған бір сұхбатында: «…«Өмір ертегісі» деген әңгімем бар. «Қазақ әдебиетін» шығарып жүретін бір ағам: «Бұл нашар әңгіме», – деп қайтарып жіберді. Баспай қойды. «Лениншіл жасқа» жібердім. Вокзалда бір күні сол газетті ақтарып отырсам, әңгімем шығыпты. Қуанышымда шек жоқ. Оқи бастап едім көңілім су сепкендей басылды. Шығарманың ең негізгі өзегін алып тастапты. Күйіп кеттім. Жазу деген де адамның тағдыры сияқты ғой.

Ерғали Сағатов деген жауапты хатшысы болатын. «Бұларыңыз не?» – деп ренжідім. Сөйтіп ем сіздің шығармаңызды оқып редакцияға жан-жақтан хабарласып ризашылықтарын білдіріп жатыр оқырман деді. Сауытбек те қоңырау шалып алғыс айтты деп марқайтып қойды. Ол кезде шығармаңның шығуы қиын еді ғой. Қиып тастайды.

Рафат Әбдіғұлов деген досым мен жайлы былай деп пікір жазыпты: «Оған академик Рымғали Нұрғалиев «Қияда» сияқты он әңгіме жазсаң жетеді. Тарихта қаласың!» – деген. Бұл соның 5-6 әңгімесін жазды». Соның тізімде осы «Өмір ертегісі» бар екен. Бетіме мақтаған емес. Сол досымның шыншылдығына риза болам», – деген еді.

Бүгін – Жұмабай Шаштайұлының туған күні. Қаламгер дүние есігін ашқан күнде, марқұм рухына тағзым ретінде, оның «осы әңгімесін оқырман назарына ұсынамыз.

 

Өмір ертегісі

(әңгіме)

Баяғы өткен заманда шал мен кемпір болыпты. Олардың әлпештеп өсірген екі ұл, екі қызы бар екен. Екі ұлы Алматы дейтін шаһарда тұрыпты. Ал қызының үлкені Қиыр Шығысқа, кішісі Қырым жаққа күйеуге шығыпты. Қиыр Шығыстағы қыздары көзінің жасын көлдетіп отырып, әкесі мен шешесіне үзіліп түсердей үздігіп хат жазады дейді. «Жаннан артық көруші ардақты әкем, асыл анам! Сіздерді ойлаған уақытта ұйықтап жатқан жерімнен шошып оянам, көңілім құлазып, қабырғам қайысып кетеді. Ұшарға қанатым жоқ, әйтпесе қастарыңызға казір-ақ жетіп бармас па ем, шіркін! Қызым егер онға толса, қолдарыңызға күң ғып-ақ берер ем, құрып кеткенде шай қайнатуға жарайды ғой. Әлі кішкентай болып жатыр, кайтейін. Далада қалғандай болғандарыңыз-ай! Бауырларым сол Алматысында аман-есен ойнап-күліп жүріп жатқан шығар?» Осы сөздерді оқысымен-ақ:

– Бұл жалғанда қыздан өткен сорлы жоқ, екен ғой, – деп жазған кемпір көңілі бордай егіліп, боздай жөнеледі. – Осыған дейін жан баласына тіс жарып, жақ ашпай келген құпия сырды казір сыртқа шығаратынынан қолайсызданғандай жүзі аяқ астынан түтіге күреңітті. Көңіл күйінің ауанына қарай төңкеріле құбылған сәтте опырайған аузы аңқая ашылып, иегінің еркіне көнбей салбырап қалғаны анық байқалады.

Манадан бүрісіп отырған бір уыс шақшадай шал басын көтеріп алды да, кемпіріне сазарып ұзақ телмірді. Бір болымсыз жайды ары ойлап, бері ойлап, ақыры есіне түсіре алмаған соң түңіліп кеткендей биажат кейіпке көшті. Бір кезде көзіне қуақы ұшқын ұялай қалған шал кеңкілдеп күліп жіберді.

– Қызымыздың тілді ұмытып қалмай өстіп хат жазып тұрғанының өзіне тәубе де.

Тосыла аңкайған кемпір қабағын күйзеле шытынып, жүзін бұрып әкетті. Көрнеу жақтырмай қалғанын байқаған шал:

– Судан жеріген сиырша тұмсығыңды неге шүйіресің, ей, сен!, – деді.

– Ой, жерге кіргір қақбас, – деп кемпір естілер-естілместей күңк етті де, кенет дүрсе қойып, ұрса жөнелді. – Өз тілін ұмытып оған бірдеңе көрініп пе?! Қартайғанда сөйлемей тыныш қана отыра берсе қайтеді екен осы. Әй, шіркін, бұрынғының кісілері-ай! Қарап тұрсаң, шеттерінен әулие екен ғой.

Бәкісінің қуысын сіріңке шиімен тазалауға көшкен шалдың бір уыс жүзінде ызбар атаулыдан түк жоқ, шұқылап шығарып жатқан шәйір тәрізді әлденеге бүкіл ықыласын аударған қалпынан байыпты жайбарақаттық аңғарылады.

– Әулие болса, әулие шығар. Қырымың мен Қиыр Шығысы дегеніңді білмей-ақ өтті ғой. Мәндібай деген кісі баяғыда мына тұрған Суықтөбеге барып: «Ойпырым-ой, жұре берсең жер бітпейді екен» депті. Қыздың арқасында көз көрмеген, құлақ естімеген жер мен суды көрдік. Ұлдың арқасында тоғыз қабат үйдің төбесіне шықтық. Соғысқа бара жатып баяғыда Наубайсібірдің бағзалындай бағзал көргем жоқ дегенімнің бәрі бекер екен.

– Әй, жарықтық-ай, а, жер таусылмайды екен ғой дегенін қарашы, әулие ғой. – Осы әзірде ғана болған ренішті мүлде есінен тарс шығарып жіберген кемпір сөзге емен-жарқын араласты. Ал шал бұған бірден елп ете түспеді.

– Соның бәрін көріп-біліп отырып, енді калай сөйлемессің?!

Кемпірдің қаракүрең реңіне лыпып қан жүгірді. Етжеңді денесін ары-бері жеңіл қозғап, ұзақ-сонар әңгіме айтатындай бейілді шырайға көшті.

– Мына Балымның әкесі де әулие кісі еді ғой, жарықтық!

Шал әлденеден қалт тынды. Бір нүктеге шақшия қадалып қалған оның жат әлпетінен шошына состиған кемпір аңыра қарап қалыпты.

– Ыбырайымның сол Балымы да күйеуге алысқа кетпеп пе еді?

«Бар айтпағың осы ма еді» дегендей түңіле күйініп кетті.

– Ой, жерге кіргір қақбас, – деді тағы да естілер-естілместей ғып.

– Саған бірдеңе көрінгелі отыр ма!, – деді шал кенет даусын қатты шығарып.

– Біреудің қызының алысқа кеткенінде нең бар сенің?! Қартайған кісі ештеңемен ісі жоқ отырмаушы ма еді.

– Шіркін, казір алдыда ыстық шай болып бетіңе шашып кеп жіберсе, қалың бетің шым етер ме еді, етпес пе еді, – деді шал сазара қараған күйі.

Ыстық шай бетіне шынымен-ақ шашылатындай кемпірдің өңі қашып, қараторы жүзі шұғыл ашаңдана бозарып кетті. Бұдан арғы әңгімеге құлқы шаппай қалған шал бір жамбастап қисая жатты. Осы кезде сыртқы есік шиқылдап ашылып, әлдекімдер дүсірлете кіріп келді. Кемпір тіктеле жөнделіп отырды. Шал жаққа көз қиығын тастағанда оның лезде пысылдап ұйықтап кеткенін көріп: «Осының-ақ ұйқысы бітпейді екен» деді.

– Амансыз ба, апа, амансыз ба, ата, – деп саңқылдап шыққан дауысқа ернін бейілсіз ғана жыбырлатты. Шал да басын жұлып алды. Есіктің көзінде селтиіп тұрған үлкен келініне қызарған көзімен ұзақ қарады. Шешесінің бауырына кіре түсіп тосырқап қалған немересін көргенде өңі жылып сала берді.

– Далдиған тұрысыңнан садағаң кетейін, бері келші!

– Иди, с дедушкой поздоровайся, – деп шешесі иығынан болымсыз итергенде ғана кішкене бала қолын қақшита ұсынған күйі атасына тұра ұмтылды. Құшағына қатты қысып, маңдайынан, шашынан мейірлене иіскеген шал:

– Өй, Сәдуақастікіндей салпиған дорба аузыңнан, Оташ сияқты алайып қарайтын көзіңнен айналайын, – деді.

– Қайдағыны қайдан шығарасың, осы. Сәдуақасың да, Оташың да өзімен кетсін, – деді кемпірі.

Шал езуіне қуақы күлкі үйірген қалпы немересінің басынан құшырлана иіскеп:

– Аузы он жерден салписа да Сәдуақас бір үйлі жанды асырап отыр де, анау алакөз Оташқа дейін бригадир болып ел басқарғалы қашан. Осы оқымысты болмай-ақ, салпыауыз Сәдуақасқа ұқсап бір үйдің иесі болсам жетіп жатыр деп айт, жүгір!, – деді.

Кемпір бұл жолы шал жаққа бейілдене қарап саңқылдап күліп жіберді. Сонан соң, етжеңді денесімен ұмсына түсіп:

– Ей, кел бері, сақалы сасық жаман шалға бетіңді сүйгізгенше, әуелі маған келмейсің бе, – деп өзіне қарай тартып, бауырына қысты. Содан кейін маңдайынан құшырлана иіскеп, бетінен шөпілдетіп сүйіп-сүйіп алды. Әжесінің ерні тиген тұсты немересінің алақанымен қайта-қайта ысқылай бергенін манадан бағып отырған шал кеңкілдеп күліп жіберді.

– Далдам-ау, қу кемпір өзіңді тістеп алғаннан сау ма?

Өңі аяқ астынан кәдікшалыстанып күреңітіп кеткен кемпір зәбір-жапаны жөнсіз шеккендей ұсқыны қашып, көз жасына ерік берді.

– Мен өлмей қор қыламын ғой, өліп кетсем екен, сонда бәрін көрер ем.

Әлдебір нәрсені қарманғысы келгендей шал жан-жағын сипаланып алды.

– Өлген соң, көрдің не, көрмедің не, – деді. Даусы бір түрлі бәсең. Нұры тая қоймаған қоңыр көзінің сұғын қосағының өңменіне ұзақ қадаған қалпынан осы әзірде ғана мүләйімси мүсәпірсіген кескіннің дереу қатуланып ала қойғанына таңырқай абдырағандық сезіледі.

– Сен бұларға бір күн тұрмақ бір сағат та сыймайсың, – кемпірдің аяқ астынан шыққан даусына зор келгендей карлығып калды.

– О, тоба-ай, десеңші, жаңа ғана сап-сау сияқты еді, енді бірдеңенің шалығы тигендей өстетіні бар, – деді шал түңіліп кеткендей басын шайқап. Бір кезде бойын ашу-ыза буып, сарайы сәл кешіксе тымырсықтанып бітеліп қалатындай күшене айғайлап жіберді. – Өлем, өлем дегеннен басқа сен не білесің, өлмесең өмірем қап! – Содан жұлқынып тұрғанымен, бүгілген белін әрең жазды. Кілт еткен ауырсынғандықты сездіре қабағын кіржите шытып, сыртқа беттеді. Осы бір жайсыз әңгімеге өзін қатысты сезінген әлпетпен үлкен шешесінің тұсында басын салбырата жіберіп, сөлпиіп тұрған ұлына жетіп келген келін үйіріле төніп түсті.

– Жаным, жаным! – Көп айдан бері қауышпай сағынышы асқынған кісіше ұлын ыстық құшағына алды. – Қорқып қалдың ба, жаным? Сейчас с дедушкой на коне будешь кататься, парное молоко будешь пить?

Қанша уатып серпілтейін дегенмен ойын баласына лайықсыз берекеті қаша сүмпие бүріскен немересін сырттай бақылаған кемпір кенет мұның нағашы атасының аузынан түскендей аумай қалғанына қатты таңырқады. «Оңашада не десе о десін, мына келінсымақтың көзінше тепсініп кеткені-ай, ана қақбастың» дегенде қаны басына шапты. Томырылған қалпынан шұғыл серпіліп, бойын жиып алды. Дүниені арғы-бергіден болжап, байыптайтын сарабдал кейіпке көшті. «Арғы тегіне тартпай қоймайды дегеннің түк өтірігі жоқ екен ғой» деді немересіне қарап отырған күйі. Көкейіндегісін оқып, тоқып тұрғандай бала әжесіне қарады. Ондайда аузы салпиып ашылып, екі иығы қушия бүрісіп кетеді екен. Әбден теперіш көріп, көкірегі шерге толған құдды қамкөңіл баладай кенет өксіп-өксіп жылап жіберді.

– Арманчик, жаным, жылама, қазір сүт пісіріп беремін, қандай вкуснятина, – деп шешесі ас бөлмеге қарай тура жүгірді де, онда ұзақ бөгелместен қайта келді. – Апа, ыдыс атаулының бәрі кір екен, тазаларын қайда қоюшы едіңіз?

Кескіні қуқыл тартқан енесі бірден жауап қатпады. Келініне сазара қараған сайын ішкі діттеген ойының шүбәсіз растығына көзі жете түсіп, қаракүрең шырайына бұрқ етіп қан тепті.

– Мен ыдыс тұрмақ қу жанымды әрең алып жүрмін. Осылай ербиіп тұрған соң бәрі әшейін деп ойлайтын шығарсыңдар. Осының алдында ғана үш күн бойы нәр сызбай жатып қалдым. Мына көрші байғұстар болмаса, тіпті күн көретін түрім жоқ. Мына келіннің көсегесі көгеретін-ақ жан. Бейшара-ай, десеңші. Жұмыстан келді болды, сиырды да сауады, шайды да қайнатады. Бір жағынан мені мына қақбас та өлтіруге айналды. Қайдағы-жайдағыны айтып сөйлей береді, сөйлей береді. «Сенің тапқан балаларың» дей ме, кешке дейін айтатыны ана біреу салпыауыз Сәдуақас пен алакөз Оташ. – Сөзін кілт доғарған кемпір келініне қараған күйі: – Әлгі қайда?, – деді. «Әлгісі» кім тағы дегендей таң-тамаша болған келіні енесіне абдырай қарады. Содан соң ғана ұлын сұрап тұрғанын ұғып:

– Автобустан түскен бетте-ақ, жолдастары күтіп тұр екен, солар ілестіріп әкетті, – деді.

– Құдай мені пенде ғып жаратпаған екен, бала таппаппын, тас тауыппын ғой мен, тас! – Кемпір күтпеген жерден айғайлап жіберді де, көзінің жасын сығып-сығып алды. Боркеміктене жасып шыққан даусы біртінден қатая бастады. – Тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп, толғатқан есіл еңбегім-ай, әшейін! «Апа, хәлің қалай болып жатыр?» деп сұрағанды бір білмейді. Шалдың сұры болса анау, алжыды. Құдайдың осының бәрін көрсетпей-ақ, алып-ақ кеткені жақсы еді! Әлгі Жасұланды көріп тұрасың ба, оның қатыны доғдырға қаралып жүр деп еді, бірдеңе көтеретін түрі бар ма?

– Білмеймін, біз оларға бармаймыз, олар бізге келмейді.

Кемпір қалт тынды. Бағанадан жаулығын сыпырып, ақ шашын жайып тастап зар еңіреп жылағанынан түк шықпағанына опынғандай келініне қабағын шытып, оқты көзін қадады.

– Айналайын, ыдыс дегенді білмеймін. Сүтті де шайға қататынын қалдырып, қалғанын ана келін алып кетіп жүр. Енді қайтсін, шиеттей бала-шағалы, тұс-тұсынан аузын ашқан балапандай есін алып жібереді. Сиырды өзі сауып, өзі пісірген соң, «алма» деп айта алмайды екенсің.

– Жүр, жаным, дәу апаның үйінен барып сүт ішіп келейік, – деген шешесінің соңынан бала томпаңдап ілесе жөнелді.

Қатқан қара келінінің қайқайып алып, бұрала басып бара жатқанына таңырқаулы кейіпте аңыра қараған кемпір әлдене айтпақ болған райынан тез қайтты. «Әй, бұл текке тартпай қоймайды дегеннің өтірігі жоқ екен-ау» дегенді ойлап ішінен тынды.

Сырттағы уақ малды жайған, шал үйге кірді. Босағаға таман аяғын созып жіберіп жатқан кемпірінің тұсынан іркіліп барып аттап, төрге озды да малдасын құра бүгжип отырды. Әуелі тиянақ таппай жан-жағын алақ-жұлақ қаранды. Көкейіне тыңнан бір ой қонақтағандай бір нүктеге сазарып ұзақ қадалды. Ақыры одан да жалығып, бір қырына қарай қисайып жатты да мызғып кетті. Бір кезде елегзи оянып, көңілі алабұрта бастады. Назарын еріксіз кемпіріне тоқтата:

– Жаңағы келін бір жаққа кеткен бе?, – деп сұрады. Еш дыбыс болмаған соң томырылып отырды да қойды. Арбиған ағаш шкафқа көзі түскенде: «Нәсілі басқа болса да Степан бейшара көршілікке жақсы-ақ еді». Баяғыда бұлардың балалары тұрмай өле берген соң Степан: «Бастарың жерге жеткен кәрі емессіңдер, басқа жаққа қоныс аударып көрсеңдерші» деген. Амалы қайсы, оған да барды. Бәлкім, соның да бір себі тиген шығар, әйтеуір, қарайып мыналар көрінді. Содан бұлар тіл-көзден аман болсын деп сыртта бес-алты жыл жүріп қалды. Қайтып көшіп келген жылы Степан ұзамай өлетінін білді ме, «көзімдей көріп жүр» деп осы шкафты жасап берген еді. Шалдың көкірек тұсы әлденеден түсініксіз сыздап өтті. Бір қызу от шарпып өткендей өзегі шым ете қалды. Сол шым ете қалған жердің орны ұлғая жайылып, әл-дәрмені бітіп бара жатқандай тұла бойы сүлесоқ тартты. Кемпірінің нақ осы сәтте көкірегін қарс айыра терең күрсінгенінен селк ете түсті де, арқасын қабырғаға бере шалқалап отырды. Балаларының баяғыда мектепте оқып жүргенде жаратқан кітаптарына қайта-қайта назары түсе берді. Ақыры бірін суырып алды да, құлықсыз парақтап, аударыстыра бастады. Ірі ғаріптерді бір кезде ежіктеп оқып, «омыртқалы» деген сөзді әрең құрастырып шықты. Әр парақты абайлап ашқан шал ұшырасқан суретке кідірістей берді.

– Сұмдық-ау, мынау не қылған қаптап кеткен жылан?, – дегенде даусының шәлкем-шалыс шығып кеткенін өзі де сезбеді.

Басын оқыс жұлып алған кемпір қаннен-қаперсіз отырған шалға бірауық сүзіле қарады. «Жылан» деген пәлені қайдан ғана шығарып отыр дегендей. Кемпірінің бұл әлпетін шал сезбеді. Осының алдында ғана қоңылтақ күй кешкенін есінен мүлде шығарып та жіберді.

– Мынау баяғыда Бұлғақтан кеп ұшырасатын көкбас-ау, а. Қаратастың сарыбас, қызылбастарына дейін әкеліп қойыпты ғой. – Шал өзімен-өзі сөйлесіп, даусын қамсыз созады. – Ойпырым, мынау білезіктей бір-ақ қарысы баяғы жылан патшасы Шахмаранның өзі болып жүрмесін. Әке мен шешеден жұрдай айырылып, тұлдыр жетім қалған әлгі Жамсап деген бала өзінің кебін құшқан бір-екі құрбысымен тезек теріп жүрмей ме…

Кемпір басын көтеріңкіреп, жайланып жатты. Шарта жүгініп, кітапқа шұқшиған шал алдындағы парақтан керемет құпия сыр аулағандай сол төніп отырған қалпынан бір өзгермеді.

– Бір күні сол бала жай жатқан қойтасты аударып қалса астынан бал шығады. Соны базарға апарып сатып, күндерін көре бастайды. Күн сайын ала берген соң тамтығы қала ма, әлгі жер екі кісінің бойынан асатын шұңқырға айналады. Қалған-құтқан балды алып шығу үшін әлгілер Жамсапты түсіреді. Ол жазған шелекке сыпырып-сиырып салып береді де, арқанды жөнелтеді. Содан аналар жөндеріне тайып тұрады. Әрі айғайлап, бері айғайлап Жамсап қалады. Жалынып, жалбарынғанмен не пайда, жаман жолдас деген сол. Бір күн жатады, екі күн жатады, еш қайран жоқ. Бір кезде қараса саңылау пайда болып, панардың жарығындай от көрінеді. Не қылған от, не қылған жарық, оны бала қайдан білсін, қайткен күнде содан көз жазып қалмауды ойлайды. Жолдың қайдан пайда бола кеткенін де білмейді, әйтеуір, сол жарықтан қалмай жүреді де отырады. Бір кезде қараса, қаптаған айдаһардың, ысқырған жыланның тура үстінен шығады. Нөкерлері бәрі бәтуаласып келіп, жаңағы Жамсапты өздерінің патшасына ертіп апарады. Неше түрлі ноян айдаһар, жалмауыздарына қарағанда бұлардың патшасы бір-ақ тұтам бірдеңе екен.

– Ойпырымай, а, жарықтық, – деп кемпір еріксіз дауыстап қалды.

– Е, ажалым, жеткен екенсің-ау, а, – депті сонда әлгі. – Иә, адамзат баласы, қайдан жүрсің? Жөніңді айт, – дегенде Жамсап бейшарада жан қала ма, осылай деп бәрін қалдырмай баяндап беріпті. Содан Жамсап, не керек, жылан патшасы Шахмаранмен жеті жыл жолдас болыпты, жеті жыл жердің астында жүріпті. «Адамзат баласына кайтайын» деп қыңкылдап болмаған соң, Шахмаран Жамсапты ақыры жіберіпті. Мұнда келсе сол баяғы өзі көрген тіршілігі екен. Кімнің қайда болып, не істеп, не қоятынын біле беретін заман ба ол. Жамсап та келе салып, күнкөрістің қамына кірісіп кетті. Күндердің күні болғанда осы елдің ханы қатерлі дертке ұшырайды. Дүниедегі әулие дейтін емші, домшы, тәуіптердің түгін қоймай қаратқанмен, ештеңе шықпайды. Сонда біреуі: «Хан жылан патшасы Шахмаранның сорпасын ішкенде ғана жазылады» дейді. «Оны қайдан табамыз?» демей ме сонда. «Шахмаранды көрген адамның кеудесі жыландікіндей шұбарала болады» депті. Содан еңбектеген баладан бастап, еңкейген шалға дейін қарап шықпай ма. Ешкімнің кеудесі ондай емес. «Біреу-міреу ескерусіз қалған шығар, ойлап көріңдерші» дейді. Сонда біреу қарап тұрмай: «Әлгі отыншы Жамсап қайда кеткен?» демесі бар ма. Айтқанындай, бәрі жетіп келіп қараса, Жамсакеңнің кеудесі жыландікіндей шұбарала екен. «Жөнінді айт, әйтпесе басыңды аламыз» дейді. Қу жаннан өткен тәтті не бар, ештеңесін қалдырмай айтып береді. Сөйтіп Шахмаранға түскен жолға бәрін бастап алып келеді. Сонда бір сиқыршы бір күн оқып арбайды, екі күн оқып арбайды, үшінші күн дегенде алтын табаққа салынып Шахмаран шығады. Адамзат баласының арасынан баяғы Жамсапты бірден тани кетеді.

– О, батырекесі, ешкімге айтпаймын деген уәдең қайда?, – дейді Шахмаран. Жамсап жылап-еңіреп болған жайды баяндап береді. «Адамзат баласы опасыз демеп пе ем, сонда-ақ ажалым сенен, біржола өлтіріп кет дегенім кайда!» деп дүрсе қойған, Шахаң: «Онда бопты» дейді ғой. «Бірінші сорпамды сиқыршыға бер, екіншісін өзің іш, үшіншісін ханға бер» депті. Айтқанын бұлжытпай орындайды. Сиқыршы да, хан да сеспей қатады. Ал бұл Шахмаранның екінші сорпасын ішкенде аяқ астынан шөптің де, судың да, оттың, жан-жануардың – бәрінің тілін білетін болып шыға келеді.

– Алда жарықтық-ай, өткендердің бәрі шеттерінен әулие болған ғой, – деді кемпір бір түрлі тұшынбай қалғандай тамсана түсіп.

…Баяғы өткен заманда шал мен кемпір болыпты. Олардың әлпештеп өсірген екі ұл, екі қызы бар екен. Екі ұлы Алматы дейтін шаһарда тұрыпты. Ал қызының үлкені Қиыр Шығысқа, кішісі Қырым жаққа күйеуге шығыпты. Қиыр Шығыстағы қыздары көзінің жасын көлдетіп отырып, әкесі мен шешесіне үзіліп түсердей үздігіп жазатын хатын әлі доғармаған көрінеді.

 

«Тау мен дала» кітабынан алынды.

Добавить комментарий