Портал ұжымы жас талапкерлердің шығармашылық ізденісін қолдап, дем беру мақсатында оқушылардың қанатқақты жырларын, әңгімелерін, ойтолғауларын оқырманмен бөлісуді жалғастырады. Бүгін сіздердің назарларыңызға «Қазір оқушылар кітап оқымайды» деген сылтау-сынға жауап болар шағын жазбаны ұсынамыз.

Мені қызықтырған ғажап туынды

Менің кейбір құрдастарым: «Классика ескірген, ХХ ғасырдың  ақын-жазушыларының шығармаларындағы көтерілген мәселелер біз сияқты жас  ұрпақ үшін қызықты емес» деп санайды. Мен олармен келісе алмаймын.

Өйткені жазда ауылда тұратын ата-әжеме барғанда, көзіме «Ақын арманы» деген кітап оттай басылды. Мұқабасында біздің мақтанышпен айтатын жерлесіміз, ақын Сұлтанмахмұттың суреті бейнеленген. Оқып отырсам, романдағы айтылатын ойдың өзегі – білім алу, халқына қызмет ету. Қолындағы қысқа жібі күрмеуге келмей шарқ ұрған жалынды жүректің өнегелі өмір жолы көз алдымнан фильмнің үзік-үзік таспасындай өтіп жатты. Алла тағала Сұлтанмахмұтты кедейлікпен де, аурумен де сынады. Анасынан да жастай айырды… Соған қарамастан білімге деген махаббаты бір сәт те бәсең тартпағаны мені ойландырды. Қазіргі уақытта да «Келешекке – кемел біліммен!» деп ұрандатып жүргеніміз рас қой!

Ал мені қызықтырған кітаптың авторы кім дейсіз ғой?  Ол – Қазақстанның халық  жазушысы, майдангер ақын, драматург әрі аудармашы  Дихан Әбілев! Абыз атамыз көркем табиғатымен ғана емес, талай дарынды дүниеге әкелген Баянауыл өлкесінің Мойылдыбұлақ деген жерінде дүниеге келген екен. Ол туғанда төбесі көкке жеткендей болған әкесі Әбіл молдаға азан шақыртып, атын «Әбдірахман» деп  қояды. Сол күні осы ауылға ат басын бұрып, есімі алты алашқа мәлім, әкесінің досы  Мәшһүр Жүсіп  келеді. Ол: «Сәбидің атын дұрыс қоймапсыңдар, жақсы ат қойып ырымын жасайық! Егініміз өнімді, жеріміз шырайлы болсын деп «Дихан» қояйық», – дейді. Сол 1907 жылы егін бітік шыққан деседі. Атақты Мәшһүрден бата алған жауынгер ақынның алғашқы өлеңі «Қызыл әскерге» деп аталса, соғыс кезіндегі «Москва түбінде», «Майданбек», «Сүйіктім туралы жыр» өлеңдері жауынгерлерді рухтандырады.

Осындай таңғажайып өлкеде өскен ақын туған жер табиғатын шабыттана өлеңге енгізуі ғажап емес! Оның бауырында өткен балалық шағын, атамекеннің тағдырын, оған деген сүйіспеншілікті жырлауы да сондықтан. Туған жер  табиғатының тылсым сыры ақын қиялын тербетіп, сезіміне ыстық шоқ тастап, бойына қуат дарытып отыруы да осыдан шығар?!

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қазақ әдебиетінің өркенін өсіріп, мерейін биіктетету жолында қаламымен қызмет еткен, көптеген кітаптарды дүниеге әкелген Диқан бабамыздың  артта қалған мұрасы ұрпақтың рухани қазынасына айналары сөзсіз.

 

Аида ТОЙЛЫБАЙ,

Павлодар қаласы №21 мектептің оқушысы.

Добавить комментарий