Pavlodar, KZ
11°
Ясно

Абай мұрасын тереңірек зерттеп, танып бағалауда ХХ ғасыр басындағы ұлттың ояну кезеңінің жаршысы, қазақтың ұлттық әдебиетінің классигі дарынды ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың пікірлері абайтану тарихында ерекше орын алады. 1913 жылғы «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан» деген мақаласында: «Туыстағы тұрмыс дерті зығырыңды қайнатып, бармағыңды шайнатып, ықтиярсыз, ызалы ызғарын төгеді, сай-сүйегің сырқырарлық ащы, зарлы бебеулерін қағып, көңіл толғағын, жүрек түйінін тарқатады. Басқаларға қарағанда, пайғамбардың жүрегінен құйылған құрандай, соқыр кісі сыбдырынан табарлық марқұм Абай өлеңдері секілді ашық тұрады», – деп жазды. Сұлтанмахмұт Торайғыров Абайды өте биік бағалаған.

Қазақ әдебиетінде әдеби тілдің шұбарлану процесі күшейеді. С.Торайғыровтың сөзімен айтқанда: «Қазақ тілінде деп бастырылған кітаптардың көбінде қазақтың иісі де жоқ. Неге десең тілдері бытбырақ, бытбырақ болмағандарының ағымы теріс».

Осы теріс ағым мен тіл шұбарлану процесіне қарсы С.Торайғыровтың алға ұстар үлгісі «соқыр кісі сыбдырынан танырлық Абай өлеңдері» болды. Рухы жағынан, шұбарланып бара жатқан қазақтың әдеби тілін таза сақтау, дамыту тек қана Абай негізін қалаған қазақ әдебиетіндегі халықтық дәстүрдің негізінде ғана болуы мүмкін деп, Абай мұрасының жаңашыл бағыты үшін күресті.

Абайды, шын мәніндегі, ақиқаттың жыршысы ретінде танып, қазақ қауымының ой-санасындағы жаңа бағытты ақындықтың бас бәйгесін ұсынғандықтан да:

«Ер Тарғын», «Қобыландыны» оқып байқа,

Абайды оқы, таңырқа, басың шайқа.

Ақындықтың қуаты есіңді алып,

Бас алмастан оқырсың қайта-қайта – дейді. Абайдың әдеби мұрасын жоғары бағалап, алғаш пікір білдірген қалам қайраткерлері – Алаштың ардақты азаматтары. ХХ ғасырдың басында-ақ Алаш арыстарының көшбасшысы Ахмет Байтұрсынұлы Абайға «Қазақтың бас ақыны» деп, ал Мағжан Жұмабаев «Хакім ақын» деп, Сұлтанмахмұт Торайғыров «Ақындар пайғамбары» деп лайықты бағаларын берген болатын.

Сұлтанмахмұт – Абай дәстүрін жалғастырушы. Абайды ұстаз тұтқандығы, алғашқы кезде еліктеп жазғандары оның өлең өлшеулері мен сөздіктерінен көрінеді. Абайдың оқу-ағарту, білім-ғылым саласындағы ойларын, әлеуметтік өмірдің қайшылықтарын, өз заманының шындығын өз өлеңдерінде өрбітіп дамытады. Сұлтанмахмұт Абай уағыздаған оқу-білім, өнер, адалдық пен ар-намысқа жастарды үндейді. Оның шығармаларының тақырыптары түгелдей қазақ халқының шынайы өмірі, әдет-ғұрпы мен мінез-құлқы әрі халықтың арман-тілегі.

«Шынында, ғылым артық мал мен бақтан,

Ғылым болса қара су тасып аққан.

«Оқу оқып не керек, мал таппай» деп

Қазақтың айтқан сөзі надандықтан».

Ақын ғылымның өмірдегі мәнін түсіндіріп, мал мен бақтан ғылым артық екенін айтады. Қазақтың надандығына қарсы болады. Абайдың да ең бірінші күресетіні – надандық.

Ақын шығармашылығы жайлы профессор Б.Кенжебаев: «…Сұлтанмахмұт шығармаларының көпшілігі қазақ халқын ояту, өнер, ғылым, мәдениетке шақыру, бостандық, теңдік алу үшін ұмтылуға үгіттеу болып келеді», – дейді. Қалың елінің қамын жеген Абай сияқты Сұлтанмахмұт та жұртының тағдырына елеңдеп:

Қалың ел оянғанда көзін ашып,

Азаттық, теңдік үшін ұрандасып.

Бас тартқан дер кезінде басшылықтан,

Жігерсіз, қайраты неткен жасық?!

Сұлтанмахмұт та елінің ертеңі үшін қайғырып, халқының азаттық пен теңдік алуға, көзін ашып, биікке ұмтылуына шақырады. Ол – халқының қамын жеген, тағдыры үшін жанын салған ұлтжанды азамат ақын. Абай айтқан «қалың ел» мен елді бастар басшының «жігерсіз», «қайратсыз» мінезін ашына түйрейді. Заман бейнесін, уақыт шындығын азаматтық позициясымен қабылдап, саяси-әлеуметтік өткірлігімен танылады.

Абайдың «улы сия, ащы тілмен» түйреген айналасындағы опасыз, надан, жағымпаз, сөзі жылмаң, екіжүзді адамдардың мінез-қылықтары Сұлтанмахмұт өлеңдерінде де кездеседі. Соқыр сопы, мақтаншақ төре, шұбар қожа, дүниеқоңыз байлар – өлеңдерінің негізгі кейіпкерлері. Олардың іс-әрекеттерін сынап, ел ішінде етек алып отырған надандық пен пасықтықты, өтірік пен өсекті, жалқаулық пен жатып ішерді өткір түйрейді. Екіжүзді, жағымпаз, жылпос, жорға мінезді адамдарды қоғамға дерт әкелуші, ірітіп-шірітетін індет деп қарайды. «Төре көрсе, жалаңбас шұлғып, билеп» атты төрт тармақтан тұратын шағын өлеңінде жағымпаздықты сынайды:

Төре көрсе, жалаңбас шұлғып, билеп,

Бәйек болып әулиедей ізін сүймек.

Елге келсе, өтірік мақтанатын:

«Қорқайын ба, ұлыққа айттым сүйдеп».

Ұлыққа жағамын, көңілін аулаймын, тілін табамын деген жандарды Сұлтанмахмұт әжуа етеді. Олардың осындай әрекеттерімен ешқандай нәтижеге жете алмайтындықтарына ешбір күмән келтірмейді. Бұл өлеңдегі жағымсыз мінездер Абай поэзиясында әшкереленген бірнеше ұнамсыз типтерді, «Болыс болдым мінеки», «Сегіз аяқ», «Дүтбайға» «Бойы бұлғаң», «Көжекбайға» т.б. өлеңдерін еске түсіреді.

Сұлтанмахмұт өлеңдерінде лирикалық қаһарманның әр түрлі көңіл күй сырлары да шертіліп жатады. Ақын тағдырының ауыртпалығы, сол кездегі заман, уақыт күрделілігі оның өлеңдерінен айқын сезіліп тұрады. Сұлтанмахмұтты мұңға салған – халқының ауыр тағдыры мен өз басының қайғысы. Бұл екі жақтан қысқан қайғы келіп, ақынның басын тығырыққа тірейді. Ақын ішіндегі астаң-кестең болып жатқан көңіл толқынын өлеңінде былай деп береді:

Көңілім, неге жасисың?

Миым, неге ашисың?

Ой түбіне жете алмай,

Жүректі тырнап қасисың.

Бұл ақынның қатты қиналған кезінде жазған жан сырына ұқсайды. Себебі «тұрмыстың ұзын құрығы, бұрды ма түсіп мойынды», – деп Сұлтанмахмұт өз тұрмысының ауыр жағдайынан мәлімет береді. «Көзім неге таласың, үмітсіз қарап барасың?», – деуіне қарағанда, сол кездегі науқасқа ұшыраған халінен хабардар етеді. Ақын жанын ауыртқан осы бір жазылмас індет оның көңілі мен жүрегіне тікен болып жабысады. Жан төзгісіз қайғыға батқан ақын осыдан шығатын жолды іздейді де, ой түбіне жете алмай қиналады. Өзінің ұстазы Абай сияқты күңіреніп, «жүрегі» мен «көңіліне» үңіледі. Абайдың:

Жүрегім, нені сезесің,

Сенен басқа жан жоқ па?

Дүниені, көңілім, кезесің,

Тиянақ жоқ па, қой, тоқта!, – деген өлеңіндегі оймен сабақтасып жатыр.

Семейде жүргенде Сұлтанмахмұттың жағдайы аса мәз болмағанын аңғаруға болады. Ең бастысы, тиісті қолайлы жұмыстың кездеспеуінде болған. Осындай жағдайда жүргенде ол, Өр Алтайдағы Қаратай елінен келген Әбдікәрім Ережепов болыспен танысады. Әбдікәрімнің Семейге келуіне себеп болған оның еліндегі Шыңғыстай деген жерде өз қаржысына қарағайдан қиғызып, сол заманғы мектеп салғызуында жатты. Бұл мектеп жергілікті өкімет орындары тарапынан да қолдау тапқан. Мектеп екі класты қазақ-орыс мектебі болып ашылған. Әбдікәрім болыс Шыңғыстай мектебінің оқытушыларын да өз қаражатымен ұстаған. Ашылғанына 100 жылдан асқан, Сұлтанмахмұт ұстаздық еткен бұл мектепте Сәрсен Аманжолов, Құмаш Нұрғалиев, Бошай Кітапбаев, Қалихан Ысқақов, Оралхан Бөкеев, Дидахмет Әшімханов біртуар тұлғалы азаматтар оқыған.

Қамшының сабындай қысқа ғұмырында Сұлтанмахмұт Торайғыров білім іздеп Семей, Омбы, Троицк қалаларын араласа, ілім нұрын таратып Алтай аймағының Катонқарағай, Күршім мен Зайсан өңірлерінде із қалдырды. Соның ішінде, әсіресе Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы, Шыңғыстай ауылында өткізген бір жыл Сұлтанмахмұт өмірінен айрықша орын алады.

Әбдікәрім Ережепов Семейде Сұлтанмахмұтпен танысып, оған өзі салдырған мектепке мұғалім болып баруды ұсынады. Бұл ұсынысты Сұлтанмахмұттың қабыл алмауына мүмкіндігі болмайды. Сөйтіп, оның бүгінгі Қатон-Қарағай жеріндегі ұстаздық қызметі басталады. Сұлтанмахмұт сияқты ой-өрісі кең, білімді жас жігіт маңайындағы ортаға да жақсы әсер ете біледі. Оны білетіндердің айтуынша, Сұлтанмахмұттың маңайына жастар үйір болады. Осындай бір күндерде ол Әбдікәрімнің бойжеткен қызы Бағиламен танысады. Екі жастың арасында біраздан кейін өзара түсіністік орнап, ол үлкен сүйіспеншілікке ұласады. Қос ғашық арасындағы махаббат хикаясына оқырман қауым жазушы Оралхан Бөкейдің «Сарыарқаның жаңбыры» әңгімесі арқылы жақсы қанық. Екі жастың арасындағы қарым-қатынасты ел де біледі, Әбдікәрім де байқайды. Әбдікәрім болыс балаларына сол заманғы білім бере білген, ел баласының да қамын көксеген озық ойлы адам бола тұрса да, ертеден келе жатқан атастыру сияқты әдеттен аттап кете алмайды. Ол оқиғаның арты ушықпасын деген оймен, қызы Бағиланы айттырылып қойған жеріне, қыс ішінде Шүй жаққа ұзатып жібереді. Бұл жағдай жаны нәзік, намысшыл Сұлтанмахмұтқа ауыр соққы болып тиеді. Ол жаны күйзеле жүрсе де оқу жылын аяқтауға тырысады. Осы оқиғадан кейін ол, өзінің атақты «Кім жазықты» романын жазады. Оның негізінде өз басының трагедиясы жатқанын білеміз. «Қамар сұлудың» тууына да ақын басынан кешкен осы жағдай тікелей түрткі болады.

Сұлтанмахмұт келесі, 1915 жылы көктемде Зайсан қаласына келеді. Мұнда оны досы Мәулет Шамсудинов қарсы алады. Мұнда ол, негізінен бәйжігіттер мекендейтін Терісайрық болысында бала оқытады. Терісайрықтың жері бұрынғы Ақсуат және Тарбағатай ауданындарының бірігуінен құрылған бүгінгі Тарбағатайға кіреді. Осында жүргенде ол, Алаштың көрнекті қайраткерлері Ақсуаттан шыққан Бияхмет Сарсеновпен, Ережеп Итбаевпен және т.б. ел азаматтарымен танысып, етене жақын болады. Терісайрықта жүргенде ол, ерекше қызық адам, асқан шежіреші, ескіден мол хабары бар Құрбан қажымен танысады. Балаларды 1914-1916 жылдары осы Құрбан қажының ауылында оқытады.

Сөйтіп жүргенде, патшаның 1916 жылғы қазақтан әскер алуы туралы жарлығы шығады. Ел ішінде дүрбелең басталады. Сұлтанмахмұттың өз тілімен айтқандағыдай «бала оқытудың мәнісі кетеді». Ол 1916 жылдың жазында Семейге қайта оралады. Оның Семейде көп тұрақтамай, оқу іздеп Том қаласына кеткенін білеміз…

Айжан КАРТАЕВА,

филология ғылымдарының докторы,

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің профессоры.

 

Добавить комментарий