Баянауылда, аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен, ақын Асығат Тұрғанбек пен журналист Асыл Әбішевтің 50 жас мерейтойына арналған «Шабыттың қос шынары» әдеби-сазды кеші өтті.

Мерейтой иелерінің есімі жалпақ жұртқа кеңінен таныс. Екеуі де өрелі өнер иесі. Бірі – сазгер, бірі – әнші. Бірі – шешен сөзбен айтыс аламанында алдына қара салмаған, кешегі Иса ақындардың жолын жалғаған  жүйрік, екіншісі – көсемсөзбен жұрт жігерін жаныған, кешегі Мұзафар ақындарша сөз киесін таныған жампоз.

Екеуі де үздік! Бірі – Мәдениет саласының, екіншісі – Ақпарат саласының үздігі.

Екеуі де ұлт мәдениеті мен әдебиетінің, қара сөзі мен руханиятының берік тұтқасы, мығым топсасына айналған одақтардың белді де беделді өкілі. Бірі – Қазақстан Жазушылар одағының, екіншісі – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Екеуі де шәкірт. Бірі заңғар Зекебай ақсақалдың, екіншісі биік Беку мұғалімнің тәлімін, өнегесін, үлгісін бойына сіңірді.

Екеуі де ұстаз. Бірі Егіндібұлақ мектебінде, екіншісі Қ.Сәтбаев атындағы білім ордасында еңбек жолын бастады. Бірі «Желдірме» ақындар мектебінде ақын шәкірттерін сөз барымтасына баулып жүрсе, екіншісі «Медиа сауаттылық» бойынша талапты ізбасарларын журналистика әліппесіне үйретіп келеді.

Тізе берсек, Асығат Сәулетұлы мен Асыл Әлімжанұлының өміріндегі де, өнеріндегі де үйлесім мен үндестік мол…

Туған жерге сапар шегу; бала күнінің, балғын шағының куәгері болған жұртпен, жанашыр, тілектес ағайынмен қауышу, тілдесу, сырласу және шығармашылығына есеп беру, қанжығасына байлаған, көңіл қоржынына жинаған, ой сандығына жасырған, көкірек қамбасында сақтаған өнер дейтін, өлең дейтін қазынамен бөлісу – бәрі-бәрі өнерпаз үшін ең ұлы міндет, перзенттік парыз, азаматтық борыш.

Мына жалғанда алыстан аңсағаным, күткенім келді деп алып ұшқан, бір-бірімен сағынысып қауышқан, Ел-ана мен Ер-Ұланның жаны жадырап, құшақ айқастырғанынан сұлу көрініс бар ма екен?!

Тай құлындай тебісіп, бірге өскен, кекілін жел сыйпаған, маңдайын күн сүйген қос ұланға ақ бата беріп, ақ тілегін арнап өмір сапарына аттандырған ел-жұрттың сенімінен асқан сенім, сол сенімнің ақталғанын көріп, көңілі көк тіреген қауымның қуанышынан асқан қуаныш бар ма екен?!

Баянауылдың қос ұлы төрге озып, бой тіктеп тұрғанда, жиналған жұрттың ұзақ соғылған қошемет-құрметіне куә болып біз осындай ойға шомдық.

Сағынышты сырласу кешінің шымылдығын Асығат Сәулетұлының шәкірті, Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының мүшесі, айтыскер ақын Оразбек Саяхат арнау жырымен түрді:

«…Асығат ағамыздан жөн үйрендік,

Өлеңнен біз де сарай қашағамыз.

Тұлғаларды жырлауды үйретіп ең,

Арыстарға бергенде аса маңыз.

Ал бүгін өзіңізге өлең арнап,

Тәліміңнің шуағын шаша аламыз.

Ақ пырақ мініп шыққан елуіне,

Өзі де тұлға болды Асағамыз!…

 

…Асыл Әбіш ағамның айтары көп,

Ойларын қозғасаңдар пісіп қалған.

…Асыл ағам Теңдіктегі бір асыл тас

Қаныштың қалтасынан түсіп қалған», – деп жырлады ақын.

Бұдан кейін Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары Қинаятолла Талипов мерейтой иелерін «Баянауыл ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады. Аудан әкімі Ардақ Кісентаевтың құттықтау хаты мен сый-сияпатын табыстады.

Салтанатты рәсімнен соң Баянауыл ауданының Құрметті азаматтары Әбдіқомар Салықұлы мен Жұмкен Сейітов Асығат Тұрғанбектің «Сен мінгізген ақ пырақ» кітабының тұсауын кесті.

Өмір мен өнерде қатар жүрген екі достың, қос азаматтың әдеби-сазды кешінде өңірімізге білгілі әншілер өнер көрсетті. ҚР Мәдениет саласының үздігі Серік Рысбек «Достарым», Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының әртістері Руслан Нығман мен Нұржан Сарқамбаев «Ана туралы», И.Байзақов атындағы облыстық филармониясының әншісі Мадияр Бахтияров «Жаса, Қазақстан!», Аққулы аудандық мәдениет үйінің директоры Самат Момынжанов «Тойла, ағайын!», Алтай Омаров «Елге арнау» әндерін тарту етті. Бұл әуезді әндердің бірінің сөзі ақын Асығаттыкі болса, бірінің әуенін сазгер Асығат жазған. Сондай әндердің тағы бірін мерейтой иесінің қызы Нұрсәуле Сәулет орындады. Әке мен ана дейтін қастерлі жандардың баршасына арналған «Бәрі үшін…» (сөзі – Қ.Шармановтыкі) әні жиналған көпшілікті тебірентіп, тербей түсті.

Егіндібұлақ мектебінің оқушылары Асығат Тұрғанбектің шығармашылығына құрмет көрсетті. Шұғыла Сәулет «Ақ ордалы Астана», Әсел Базарбай «Зеке аға» өлеңдерін оқыды.

Әсем әндердің арасында Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының әртістері Бауыржан Манатбек, Бекнұр Дастан, Бауыржан Егінбай және Темірлан Мұқатай Асыл Әбішевтің көсемсөздерін оқып, маңызды жиынның мазмұнын арттыра білді. ҚР Туризм және спорт министрінің кеңесшісі, белгілі журналист Фархат Әміреновтің Асыл ұстазының редакторлық, журналистік қырын баян еткен бейнесәлемдемесі де кеш ажарын аша түсті.

Кеш соңында мерейтой иелері Асығат Тұрғанбек пен Асыл Әбішев сөз сөйлеп, ел-жұртқа, ұйымдастырушыларға, өнерпаздарға алғыс айтты. Өлең оқып, әннен шашу шашты.

Екі сағатқа созылған әдеби-сазды кеште мерейтой иелері мен жанкүйер жұрттың арасындағы махаббат пен құрметтің, сүйіспеншілік пен ілтипаттың лебі бізді жылытты, жадыратты. Бұған дәлел – Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Нескен Мәлікова мен Егіндібұлақ мектебінің ұстазы Қайрат Байдильдин бастаған ел ақсақалдары, замандастар, шәкірттер, достар қауымы сахнаға кезек-кезек көтеріліп, ықылас ниеттерін арнаған сәт.

«Маңдайға алып, мәрені сол бір,

Алқынып мен де алға асам.

Бұлақтай таза өлеңім мөлдір,

Жарар ед лайлап алмасам…», – деп тұнықтыққа ұмтылған ақын Асығат пен

«Әппақ қиял, ақ сақалды абызбен,

Тілдесемін заманама бақ іздеп,

Асау жүрек жүз құбылып күніне,

Жұбанамын жүргеніме ақ ізбен», – деп өмірлік мақсат-мұратын айқындаған ақын Асылдың бейнесі ел-жұртпен бірге айқын, беделі ағайынмен бірге биік екенін жиынға қатысқан әр азамат жан-жүрегімен ұғынды.

Қамыттың ешбіріне де бас бермеген, жарықтың сәуле нұрымен жан жылытқан, бағыттың анық болуы өнегеден екенін ұқтырып, алыптың туған топырақтан нәр алатынын әйгілеген, нарықтың заманында, халықтың көкірек көзі ашық, көңіл көкжиегі кең болсын деп өнерімен қызмет етіп жүріп, даңқтың шыңына шыққан, шабыттың қос шынары жайқала берсін!

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Добавить комментарий