Дәл қазір кім-кімге болсын поэзия жөнінде түсінік беріп, анықтама айту артықтау болатын шығар. Поэзия – поэзия ғой. Абайша айтсақ. «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы». Солай десек те, қаншама дәлелденіп, сараланғанымен ол жөніндегі пікірлерде шек жоқ. Шекара болмас та… Поэзия туындысы – ең әуелі жан-дүние гармониясы, адам сезімінің әртүрлі жанартаулары. Ал адам жаны өмір құбылыстарынан оқшау қалып көрген бе?

Әр заман поэзиясының өзіне лайық күйі бар, өзіне лайық үні бар. Ол заман күйі, адам күйі. Осы мақаламызда өз үні бар, сыршыл ақынға тоқталуды арнайы мақсат еттік.

Ол ақын – Мұхит Жақсылықұлы. Мұхит 1956 жылы 5 тамызда Моңғолияның Баян-Өлгей аймағы, Бұлғын ауылында дүниеге келген. 1980 жылы Екатеринбург қаласында Уралдың федералдық университетін жылу және газ инженері, 1989 жылы Моңғолияның саяси жоғары оқу орнын саясаттанушы-заңгер мамандығы бойынша үздік бітірген. 1991 жылы тарихи Отанына оралғанға дейін Ұланбатыр қалалық коммуналдық құрылыс бас басқармасының бас технологі, қалалық партия комитетінің құрылыс және экономика бөлімінің меңгерушісі, Баганур қаласының құрылыс-өндіріс бірлестігінің бас директоры қызметтерін атқарған. Мұхиттың өмір жолынан оның сыршыл ақын, білікті басшы ғана емес Моңғолия экономикасына 13 млн тугриктің таза пайдасын әкелген отызға жуық жаңа бастама жаңалықты өндіріске енгізген білгір маман болғандығын көреміз (Сол кезде 4 тугрик – 1 рубль; 1 рубль – 1 доллар шамасында болған).

1991 жылдың жазында Павлодар облысына алғашқы көшті бастап келіп, Баянауыл ауданының Жаяу Мұса ауылында  шопан, диспетчер, Баянауыл аудандық кәсіптік техникалық училище директорының орынбасары, «Баянтау» газетінің жауапты хатшысы, 2001-2019 жылдар аралығында көші-қон комитетінің Павлодар облысы бойынша басқармасында оралмандарды бейімдеу орталығының меңгерушісі, бас маман, басқарма бастығының міндетін атқарушы, бөлім бастығы, департамент директорының орынбасары, облыстық көші-қон полициясы, жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармаларының бас маманы сияқты мемлекеттік қызметтерді  жиырма жылға жуық абыроймен  атқарды.

1998 жылдан еларалық «Қазақ елі», 2001 жылдан республикалық «Көш» газетінің Павлодар облысындағы меншікті тілшісі болды.  2007 жылы Облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің «2007 жылғы жыл журналисі» атанды.

Мұхит Жақсылықұлының өлеңдері мен «Сарыарқаны бетке алып көш келеді», «Атажұрттағы алғашқы жыл» атты эссе, дастаны оралман ақын-жазушылардың «Атажұрт – Алтын бесігім» және «Теңізге тамған тамшылар» атты жинақтарға енген. 2014 жылы ақынның «Дария-дәурен» атты кітабы жарық көрді.

– Мен 1970-1980 жылдар аралығында жазған аз ғана өлеңімді жинастырып, оған «Сәби сезім» деп ат беріп, енді қайта өлең дүниесіне оралмаспын деп ойлап, өлең жазуды мүлдем қойып кеткен едім. Ол кезде қолымда инженерлік дипломым, алдымда шығатын биік, оған жететін баспалдақтар сайрап жатыр еді. Сондықтан түн ұйқымды төрт бөлетін, ойымды онға, санамды санға бөліп, үнемі жан азабын тартқызатын осы өлең жазу деген аурудан айығып, өз мамандығыма бірыңғай бет бұруды жөн көрген едім. Солай болды да. Өлеңсіз өткен он жылым қызмет бабында өсу, талант ретінде өшу жылдарым болды. Осы жылдары тек техникалық оқулықтарды, қызмет бабына байланысты саяси, экономикалық бағыттағы кітаптарды көп оқып пайдаландым да, әдебиеттен, соның ішінде поэзиядан мүлдем қол үзіп кеттім. Соңғы жылдары өзімнің азамат ретінде, қазақ деген халықтың ұрпағы сипатында бойымдағы көптеген қасиеттерімді жоғалта бастағанымды сезіндім және «Мен кіммін? Біз кімбіз?» деген сұрақтар, өткен мен келешек жайлы ойлар үнемі мазалайтын болды. Мен өмірден өз орнымды емес, өзімді іздеп табуға талпындым. Бұл талпыныс атымның басын Атамекенге, ақыл-ойымды ана тіліме бұрды, – деп ағынан жарыла сыр шертеді ақын азамат.

Тағдырдың тәлкегімен Атажұртынан алысқа тарыдай шашырап кеткен қазақтың ұрпағы Атамекенге оралудың түрлі жолдарын қарастырып келгендігі тарихтан белгілі. Соның бірі 1990 жылғы 16 желтоқсанда Моңғолияның бір топ зиялы қауым өкілінің:

«…Біздің өмір сүріп отырған ғасырымыз екі мәрте дүние жүзілік соғыстың, атом қуатының, әлем кеңістігін игерудің  ғана куәсі емес. Ғасырымыздың ең басты сипаты адамзаттың ақыл ойы мен арманының бірыңғай тұтастану өрісінің өрбігенінде ме дейміз. Өйтетініміз адамзат біртұтас адамгершілікке ұмтылуының  іңгәсі дәл осы ғасырда естіле бастаған. Олай болса, тағдыр тәлкегімен Атажұртынан бөлініп қалып, енесінен адасқан құлыншақтай зар кісінеген біздің үнімізге, өтініш-тілегімізге құлақ асуға, аса қадірлі мырзалар, сіздердің дәт, парасаттарыңыз әбден жетеді деп сенеміз», – деген хаты (З.Қинаятұлы «Жылаған жылдар шешіресі», 131-бет) жазылмас бұрын Мұхит Жақсылықұлы елге оралу мәселесін 1986 жылғы 16 желтоқсан көтерілісінен кейін-ақ, «Аттың басын бұрсайшы мекеніңе» өлеңінде көтерген екен:

«Қазақ, қайда барасың тарап-тарап,

Көшің сенің қай жерде тоқырамақ?

Қайран елім, бірікпей басың бір рет,

Шынымды айтсам, өшуге қалдық таяп.

 

Біреу демеп, көшіңді біреу бөгеп,

Әрбір жерде жүрсің-ау бөлек-бөлек.

«Бөлінгенді бөрі жер» деген бабам,

Көрінгенге жем болдың, жүрсің бе елеп?…»

Тайғақ кешіп, тозған қазақтың, Қазақстандай ата-мекен, ана-бесік тұрғанда «Басқа жақтан бақ іздеп тапасы белгілі. Соны алға тартқан ақын «Кете бермей әркімнің жетегіне, Аттың басын бұрсайшы мекеніңе», – дейді. Еліміз егемендік алып, еңсесін тіктеп әлем назарын өзіне аударған кезде шетте жүрсе де жүрек түкпірінде «Атамекен» деген ыстық арман қоламтадай болып сөнбей, елеңдеп жүрген азаматтар «Өзге елде сұлтан болғанша», «Ер туған жеріне» деп тәуекелге бел буып «Қазақстан, қайдасың?» деп бір-ақ тартқан болатын.

Мұхит ақынның көш туралы өлеңдер цикілінен біз Отандастардың оралудағы негізгі мақсаты не екенін айқын көреміз. Туған жерде төрт түлігі сай тұрса да, Отан үшін барлығын да қиды. «Атажұртқа байлық іздеп келмеген» ақын алып-қашпа сөздерді көп естісе де, абыржыған көздерді көп кездестірсе де, «Туған жер мен атажұрттың біреуін таңдай-тұғын кез келгенде»:

«…Атамекен, ата-бабам өткен жер,

Ұрпағы үшін қан мен терін төккен жер.

Есіл ерлер нар түйедей шөккен жер,

Ел, жер үшін қабырғасын сөккен жер.

 

Атамекен талай азап кешкен жер,

Ұрпақ өсіп, талай ұрпақ өшкен жер.

Қырғын көріп Отанынан айырылып,

«Елім-айлап» қайран қазақ көшкен жер.

 

Сонан бері талай уақыт жыл өткен,

Зар заманды талай ақын жыр еткен.

Басқа жаққа бауыр басқан жүректер,

«Сарыарқаны» тыңдағанда дір еткен.

 

Біреулерге қазақ тозып жоғалдық,

Біреулерге қазақ қайта ояндық.

Ат айналып қазығын табар деген,

Атамекен өзіңді аңсап оралдық», – деп жырлады. Осы сөзімен ұлы көштің себебін тарқатып бергендей.

Иә, «Сарыарқаны» тыңдағанда дір еткен жүрек», – деп ақын бір жолға бүкіл айтпағын сыйдырып тұр. Өлең өнерін қазақ өте жоғары қойған, тапқырлықтың, білгірліктің белгісі деп қараған. Сары күннің астында сары даласымен шұбала көшкен қазақ өзінің бар мәдени мұрасын, мұрат-мақсатын осы осы өлеңде, поэзияда сақтап, поэзиямен паш еткен. Мұхит өлеңдеріндегі қазақ көші туралы циклден де осы мақсатты айқын аңғарамыз. Мысалға «Көш келеді» өлеңін алайық:

«…Япыр-ай, міне тағы көш келеді,

Қайдан шыққан көш екен кеш келеді.

Көш келеді өгіздің аяңымен,

Елең қылмай ешкімді, ештеңені.

 

Бұл қай көш, әрине бұл қазақ көші,

Қуғын-сүргін көші емес, азат көші.

Адасып алыс кеткен ұрпақтарын,

Тосады Атамекен – қазақ төсі.

 

…Көш келеді оралып Отанына,

Ошағына, ақ орда, отауына.

Табыспақ боп туысы, туғанымен,

Қосылмақ боп өзінің қатарына», – деген жырында ақын «Көштің алдын көк атты кеспесе екен, Қазақ енді бөлініп көшпесе екен. «Елім-айлап» еңіреп тозған елге, Бұл ең соңғы, ең ұлы көш болса екен» деп Жаратқанға жалбарына, дұға тілейді. Өлеңнің әрбір жолы тұтас бір тарих жүгін арқалап тұрғандай. Жүрегі жұртым, елім деп соққан, Атамекенді аңсаған азаматтың асыл мақсаты, тамаша тілегі осылай естілді. Өлеңге үлкен мән-мағына, салмақты ой, салиқалы пікір беріп тұрған «Бұл ең соңғы, ең ұлы көш болса екен» деген соңғы жолдағы түйін.

Мұхит Атамекенге алғаш ат басын бұрған сәтінде:

«Өзіңнен сонау жырақта,

Жүрсе де жылдар жүздеген.

Ұл-қыздарың бірақ та,

Үмітін сенен үзбеген.

…Жер жәннаты Жетісу,

Бетбақ дала, Сарыарқа,

Жусаныңды өбейін.

Бабаларым мекені,

Құшағыңа енейін», – деп жырлады («Жусаныңды өбейін»). Осы шумақтарды оқи отырып, өзіңнің де Атамекен, туған жерге деген сүйіспеншілік, сезімің маздай түскендей күйге енесің. Тағдыр талайымен тарап кеткен қаймана қазақ араға ғасырлар салып, қайтқан қаздай тізіліп туған елге оралуы – ата-бабаның асыл арманының орындалуы, ұлы тілектің қабыл болуы, ұлы оқиға емес пе?

Атажұртқа аман-есен жеткен бауырларын шашуын шашып қарсы алған ағайынның арасында оларға жатырқап, үрке қарағандар болмай қалған жоқ. Ақын «Жатсынбашы, ағайын» атты өлеңінде назын айтып, ағынан жарылады.

«Жатсынбашы, ағайын, жат емеспін,

Жатқа сеніп қаншама қателестің.

Тәлкегіне тағдырдың не шара бар,

Жалтақтаумен өзіңе жат елде өстім.

 

Жатырқама, ағайын, туысыңмын,

Өткеніңмін, келешек ырысыңмын.

«Бірге туған бірге өлер» дейді емес пе,

Сын сағатта сермейтін қылышыңмын.

 

…Сондықтан да өзіңді аңсап келдім,

Аңсап келдім, аз ғана шаршап келдім.

Алыс жүрген алты алаш баласына,

Атамекен өзіңе жол сап келдім…». Өлеңде ақын жыртығын жамау үшін, немесе, келімсектей бір пайда табу үшін келмегенін ашық әрі айқын жеткізген. Керісінше, туған жердің топырағына оранып, бір төмпешік, тауын қалауға жарасам деген үкілі үмітін жалау еткен. Өлеңнің әрбір жолындағы лапылдаған жалын жаныңды шарпып күйдіріп бара жатқандай күйге түсесің. Ақынның ақты ақ, қараны қара деп бетке айтар турашылдығы, тәубесі мен тәуекелі оның өлеңдерінен бар болмысымен, ешбір боямасыз айқын көрініс береді.

Ақын «Оралман» деп ортадан шеттетушілерге де жауап бермей қалмайды. Өзін «Жаман деген, арам деген, босқын деген, қашқын деген, сатқын деген» тобырға «Қалай атаса да көнемін!» деп, былайша жырлайды:

«…Біреуден артық,

Біреуден кем дегін.

Себебі мен де пендемін,

Замана желі қаңбақтай қуып,

Сөндірмек болды, сөнбедім,

Көндірмек болды, көнбедім.

Аз ба еді бұрын көргенім,

Өз елімде өгей боп,

Жүру үшін келмедім.

…Түсін деп мені жалынбаймын,

Екі сөйлеп жаңылмаймын.

Шеттетіп тағы жүрер-ау деп,

Әкім болсаң да жағынбаймын!

Бірақ !

Атажұртымда тұрғандығым үшін,

Ата жолын қуғандығым үшін.

Атамекенге,

туған жерімді қиғандығым үшін,

Дәл осы құрбандығым үшін,

Не десең де көнемін!

Көнемін!» («Не десең де көнемін!).

Жырақта жүрген қандастар Атамекенге желпіне жеткенімен бастапқы өтпелі кезеңде бәрі ойдағыдай бола қоймағаны анық. Орда бұзар отызға жаңа келген Мұхит, кеше білікті басшы, білімді инженер болған едім деп жақ ашпастан, Атажұрты алдына салып берген отар қойды айдап, Баянтауды бөктерлеп кете берді.

Сол кездер туралы Мұхит ақын былай деп еске алады: «Баянауыл ауданы, Жаяу Мұса атындағы кеңшарда шопан болып жұмыс істеген кездерімде, қой соңында жүріп жазған «Көш келеді», «Неге көштік», «Қой жаям Баянтаудың бөктеріне» деген бірнеше өлеңімді, сол уақыттағы кеңшар директоры Бозтаев Шаймұрат Машрапұлы оқып, қолжазбамды өзімен алып кетіп еді. Бірнеше күннен кейін кеңшар директоры сол өлеңдерім басылған «Баянтау» газетін және  «Жасыма, жаным!» деп маған жауап берген Зекебай Солтанбаев ағаның өлеңі басылған нөмірді  қыстаққа алып келді.  Директор жалғыз келмей, өзімен бірге сол газетте істейтін журналист, ақын Сүлеймен Баязитов ағаны ерте келген еді.

Осылайша, менің  кейінгі өмірім  көзі қарақты, ұлтжанды баянауылдық азаматтармен тығыз байланыста өрбіді.  Ауылда жүріп жазған өлеңдерімді, қысқа очерк, мақалаларымды кеңшар директоры Шаймұрат Машрапұлы өз қолымен редакцияға жеткізсе,  Сүлеймен аға газетке үзбей жариялап отырды. Кей жазғандарымды облыстық «Сарыарқа самалы» газетіне де жіберіп тұрды. «Сарыарқаны бетке алып көш келеді» атты эссемді «Баянтау» газетінің бірнеше нөміріне үзбей бастырды. Міне, осындай елін сүйген асыл азаматтардың арқасында аудан жұртшылығына танылып, Баянауылдың тонымен туған ұлына айналдым десем артық айтқандық болмас».

Мұхитты Баянауыл жұртшылығына танытқан өлеңі мынау:

«Қой жаямын Баянтау бөктеріне,

Өмірдің кезіктім көп өткеліне.

Елге себім тиердей азамат ем,

Иен далада отырмын текке міне.

 

Әрине келмесем де қой бағам деп,

Керіліп, кең далада ойланам деп.

Белді бекем буғанмын қандай да істі,

Елім берсе, ерінбей қолға алам деп.

 

Кешегі өткен атам мен бабама ұқсап,

Қой бағудың несі айып таяқ ұстап.

Не бітірдім оқыдым он сегіз жыл,

Он екі жыл отырдым қалам ұстап.

 

Көрсем де ұлық-биге жуық болып,

Көргем жоқ мансап, таққа құнық болып.

Атажұртта ұстадым ақ таяқты,

Қаламды көк сиялы жиып қойып.

 

Жайымды біреу демеп, біреу жебеп,

Кейбіреуі сұрайды «Мұның не?» деп.

«Атамекен аңсайтын батыр едің,

Күлкім келіп тұр мынау түріңе», – деп.

 

Мен болсам өкінбей-ақ өткеніме,

Қуанамын бұл күнге жеткеніме.

Жүргенге Атамекен аясында,

Оранып қазағымның шекпеніне», – деп жыр жазды сол кездерде.

Бірақ намысы тапталмады, өр шабыты мұқалмады, өзін-өзі қайрады, мойымады. Баянтау қойнауында қой артында жүріп те Атажұртқа алғаш оралған ағайындардың кейбірі уақытша қиыншылыққа төзбей көңіл күйі түсіп әрі-сәрі жүргендерін кең даладай көсілген өршіл рухты өлеңдерімен демеді, намыстарын жаныды:

«…Ата-бабаң өсіп-өнген бұл дала,

Не көрмеді?

Келгеніңді бұлдама.

Сенің  жалғыз туған анаң секілді,

Қазақстан – Отаның ол бір ғана».

Осы бір шумақтардан ақын жүрегіндегі Отаным, ұлтым деген жалындаған сезімнің құйындай ұйытқыған лебін байқауға болады. Отанына оралғандар осы күні ортамызға тастай батып, судай сіңді. «Ер түсініскенше, жылқы кісінескенше» дейтін жылқы мінез халықпыз ғой. «Қазақ деген…» өлеңінде ақын осы пікірді дәл басып, өрісті ойымен өзінше білдіріпті.

«…Қазақ деген – бота мінез аңқаумыз,

Жауына да жаны жомарт дарханбыз.

Нар жолында жүк қалдырмас қайратты,

Болсақ-дағы барып тұрған жалқаумыз.

 

Иә, иә, сол қазақтың бірі – мен,

Өзі аңқау, әрі жалқау ұлы мен.

Ерді намыс өлтіреді қашанда,

деуші еді ғой,

қамшылайын жырыммен».

Осындай бір жыр-қамшысы бәрімізге де артық болмас еді.

Ақынның  туған ұлты туралы жазған өлеңдерін оқи отыра қазақ деген халықтың ұлылығына тәнті болғандай күй кешесің.

«Қазақ деген кім десең?

Кең даланы жайлаған.

Белдеуге тұлпар байлаған,

Бес қаруын сайлаған,

Бабаларын тектеген,

Есесі жауға кетпеген,

Батырлар туған ел дер ем!

 

Қазақ деген кім десең?

Нақыл сөзбен сайысқан,

Ақыл-оймен жарысқан,

Тапқырлар туған ел дер ем!

Жырмен жазған тарихын,

Төркінін сөздің танитын,

Ақындар туған ел дер ем!

 

Қазақ деген кім десең?

Бір сөзбен айтып кесімін,

Даудың тапқан шешімін,

Шешендер туған ел дер ем!

Жоғалтпай ердің есімін,

Жылатпай жетім-жесірін,

Сақтап қалған бесігін,

Көсемдер туған ел дер ем!…», – деп түйіндейді.

Ақынның Отан, ел, жер, қазақ халқы туралы жазған әрбір  өлеңін оқыған сайын өзіңнің осы бір қасиетті қазақ топырағында қазақ болып туғаның үшін мақтаныш сезіміне бөленесің. Ал мына бір өлеңін оқыған әрбір қазақтың жүрегін «Мен – қазақпын» деген мақтаныш сезімі кернейтіні анық.

«…Бір ғасырда мың жығылып, мың тұрған,

Желтоқсанда қанатынан қырқылған.

Бірақ қайтпай азаттыққа ұмтылған,

Мен қазақпын деп айтуға мақтанам.

 

Желбіреген аспан түсті байрағы,

Ынтымақты, бұзылмаған қаймағы.

Батыр елмін, барыс сынды айбары,

Мен қазақпын деп әлемге мақтанам». 

Мұхиттың ата-ана тақырыбындағы өлеңдері өз алдына бір төбе. Бұл мәңгілік тақырыпты әр ақын әр қырынан құбылтып жырлайтынына қарай барған сайын түлеп, түрленіп отыратыны белгілі. Бұл орайда Мұхит Жақсылықұлының өзіндік мәнері, өз ағысы бар.

«Әлдилеген құшағында ананың,

Жатқан шағын сағынамын баланың.

Мен де анамның ақ сүтінен нәр алып,

Өстім шымыр ұлы болып даланың.

 

Қалса-дағы сәби кезім артымда,

Десе-дағы жігіт болдың, жарқылда.

Жатқым келер құшағында анамның,

Сол  бір пәктік, жас балауса қалпымда.

 

Әлемдегі ізгілік атты сан алуан,

Алаулаған, от боп жанған бар арман.

Нәзіктік те, махаббат та, ерлік те,

Аналардың құшағынан жаралған». («Ана құшағы»). Ал әкелер жайлы:

«Әкем менің – арқасүйер асқарым,

Әкем менің – мөлдіреген аспаным.

Әкем барда мұқалмайтын асылмын,

Әкем барда жасымайды жас жаным.

Әкем менің – өмірімнің арқауы,

Әкем менің – көңілімнің шалқары.

Әкем менің – ақылшым да, қамқоршым.

Әкем менің – өмірімнің қалқаны», – деп түйіндейді. Ата-анаға деген шексіз сүйіспеншілік пен махаббат, берік сенім, мейірім – барлығы осы шумақтарға сыйысқан.

Мұхиттың  сыршылдығы сонда, оның айтқаны адамның ішіндегі «айтсам-ауымен» үндесе кетеді, ойыңның үстінен дәп түсіп, көңіліңдегі көрікті ойыңды жетелей жөнеледі, шымыр да жинақы жеткізе қояды:

«Дүрбелеңі көп мынау дүниенің,

Ілесе алмай шаңына жүгіремін.

Бақталастың құтылсам қақпанынан,

Құрығына қаскөйдің ілінемін.

 

Дүрбелеңі көп мынау дүниенің,

Көш жолында сан мәрте сүрінемін.

Лақаптың ұрынсам ылаңына,

Адалдықтың алдына жүгінемін». («Дүрбелеңі көп мынау дүниенің»).

Айтыңыздаршы, бәріміздің де басымыздағы жағдай емес пе? Жаланың жалынына шарпылмадым, лақаптың ылаңынан аман едім, қаскөйдің құрығы тиген емес деп айта аламыз ба?! Жоқ. Ендеше ақынның сыршылдығы да, шыншылдығы да басым, өлеңінің ішкі сыры, сыртқы түрімен әдемі қиюласқан, келісті үйлескен деп баға бермеске шараң жоқ.  Мұхит – өз шеберлігін мойындата білетін ақын. Ондағы ой тереңдігі, ұйқас келісімі, анау-мынау ақындарда кездесе қоймайтын дүниелер. Оның жырлары ішкен сайын ынтықтырар кәусар суындай тазалығымен, мөлдірлігімен тарта түседі, оқыған сайын мейіріңді қандырады. Ақынның өмірді тани білу ұғымы  күшті, әрі сонны, әсерлі де әдемі, жеткізу шеберлігі де жеткілікті.

«…Өмір – мезгіл, басталады жаз болып,

Өмір – айдын, ораласың қаз болып.

Күз келеді жүргеніңде сайрандап,

Жас дәуренің қала берер наз болып…».  («Көрген бір сәт түс болып»).

Мұхит өмірдің сан-қилы қыры мен сырына үңіле қарап, оқырманына ой салып өмірдің мәнін астарлап ескерткендей болады:

«…Өмір – шолақ, қас қаққанша өтеді,

Білмейді ол, айналманы, төтені.

Кейде жүз жас татымаса бір күнге,

Кей қысқа өмір ғасырларға жетеді…». («Өмір солай секундпенен ағады»).

Мұхит Жақсылықұлы – поэзияда өзіндік өрнегі, өзіндік үні бар ақын. Оның өлеңдеріндегі  бейнелеу амалдары да тақырыпқа лайық, тереңнен алған маржандай жалтырайды десем асыра айтқандық болмас деп ойлаймын.

«Махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңдар» деп ұлы Абай айтқандай, махаббатты жырламаған ақын ақын болмайтын шығар. Ертеден келе жатқан ескі, сонымен бірге мәңгі жас бұл тақырыпқа қай ақын болмасын ат басын тіремей кеткен емес. Мұхиттың махаббат лирикалары да жүрекке жылы-жылы тиеді, жан әлеміңді сыршыл сезімге бөлеп, бірден өзіне баурап алады. Алғашқы махаббат, асыл  сезім ақынның өлеңдерінде қарапайым, жасандылықтан аулақ адамға ерекше әсер ете жырланады. Көкірегіндегі сезімдер шарпысы адалдық пен ұстамды, салмақтылық алдында сабасына түсіп ардан аттамай, ақ сезімді кірлетпей өткісі келеді.

«…Сен екеуміз – арайымыз бір таңның,

Сен екеуміз – ұларымыз бір таудың.

Сен екеуміз екі жарты бір бүтін,

Сен екеуміз – білтесіміз бір шамның.

 

Сен екеуміз – ырғағымыз бір жырдың,

Сен екеуміз – он екі айы бір жылдың.

Сен екеуміз –түтініміз бір үйдің,

Сен екеуміз – түйініміз бір сырдың», – деп ағынан жарылады ақын-жан жарына.

Алып таулар қасына жақындаған сайын заңғарланып, биіктей беретіндей Мұхитты неғұрлым жақыннан танысаң, соғұрлым өресі биік ақын екендігін тани түсеміз. Ол қазіргі күні нағыз зор бабындағы ақын азамат. Ендеше оның ақындық орбитасын кеңінен көрсету  жан-жақты зерделей зерттеп, жырсүйер қалың оқырманға толық таныстыру бүгінгінің басты ісі болуға тиіс деп санаймын.

 

Нұрмұханбет ЖҮНІСОВ,

білім беру ісінің ардагері,

Павлодар қаласы.

Добавить комментарий