Қазақ сөзінің қуаты

Қазақ сөзінің қуатын сезіне білетін адам сиреп қалған сияқты көрінеді кей-кейде маған… Олай болмай, жаңылыс айтсам игі…

Сонау бір жылы Павлодар қаласындағы Жер институтында қызмет істейтін сыйлы ағамызға сәлем бере кірдім. Кең кабинеттің оң жақ қабырғасында ірі әріптермен айшықталып жазылған өсиет сөз көзіме оттай басылды. «Мен, тәңірі текті, тәңірі сыпатты Түрік Білге қаған – Түрік жұрты үшін түнде ұйықтамадым, күндіз отырмадым, қызыл қанымды төктім, қара терімді сықтым, ісімді, күшімді бердім, жарақты жау келтірмедім!». Білге қағанның өз жұртына өсиет еткен сөзін оқыдым да, алғаш кімнің аузынан, қашан естігенімді ойлап, миыма ши жүгірттім. Есіме түсті. 1980 жылы оқытушымыз Мұхтар Мағауиннің дәрісінен тыңдағанмын. VІІІ ғасырдан сақталған Күл-Тегін ескерткішіндегі Білге қаған атынан айтылған өсиет сөз.

Түрік қағанаты марғасқаларынан бастау алған алдаспандай өткір, гауһар тастай мөлдір сөз кейінгі ұлыстар заманында, одан кейінгі Қазақ хандығы дәуірінде, бодандыққа ұрынған уақытта да Алаш баласының жүрегіне орнығып, өзегін үзбей, түрленіп, кейіптеніп, жойқын қуатпен бізге жеткені – ол да Тәңірдің сыйы емес пе?!

Шапса тұлпардың тұяғы, ұшса сұңқардың қияғы талатын ұлан-ғайыр даланы ата-бабаларымыз ақ найзаның ұшы, ақ білектің күшімен ғана емес, алаш үшін атқа қонған аламанға рух берген сөздің қуатымен де қорғап қалғанын от ауызды, орақ тілді жыраулар поэзиясы да айғақтап-ақ тұр. Жаугершілік заманда жеңімпаз жасаққа ердің бес қаруына қоса, жеңіс рухты сөз де қажет болды. Сондай сөзді жыраулар айтып, аламанды айқасқа салды.

– Сере, сере, сере қар,

Асты кілең, үсті мұз,

Күн-түн қатса жібімес,

Мен көлікке қосымды артқанмын,

Көмбідей ару жаларға,

Күректей мұзды тоңдырып,

Кірмембес ауыр қолға бас болып,

Күңіреніп күн түбіне жортқанмын? – деп Азаулының Аймәдет Ер Доспамбет жырауы ер азаматты қайраттандырса, Тіленшіұғлы Шалкиіз жырау би Темірге арнаған толғауында:

– Еділден аққан сызашық,

Біз көргенде тебінгіге

жетер-жетпес су еді –

Телегейдей сайқалтып,

Жарқыраған беренді

Теңіз етсе тәңірі етті.

Жағасына қыршын біткен тал еді –

Жапырағын жайқалтып,

Терек етсе тәңірі етті.

Тебінгінің астынан

Ала балта суырысып,

Тепсінісіп келгенде

Тең атаның ұлы едің,

Дәрежеңді артық етсе тәңірі етті!, – дей келе, «малыңды бер де басың қос, бір күні болар керегі» деп жақсы менен жайсаңды жаныңда ұста, жұртыңнан бөлінбе, бірлікте бол деп, ақыл қосады.

Қазақ хандығы тұсындағы жыраулар үні де асқақ. Қазақ жерінің әр сүйемі үшін қидаласқан қан майданға түсіп, арпаласып өлуге әзір. Жорық аты белдеуде байлаулы, алмас қылышы қайраулы.

– Майданда дабыл қақтырып,

Ерлердің жолын аштырып,

Атасы басқа қалмақты

Жұртынан шауып бостырып,

Түйедегі наршасын,

Әлпештеген ханшасын

Ат артына мінгізіп,

Тегін бір олжа қылар ма екенбіз!? – деп жасанған аламан алдына шығып саңқ-саңқ сөйлеген Ақтамберді жырау ел шетіне жау тигенде бұғып қалмай, үстіне сауыт киіп, қолына шашақты найза ұстап, «күлдір-күлдір кісінетіп күреңді мінген, күдеріден бау тағып, қамқапты киген» оғландармен бірге сап түзеп майдан кешеді.

Қазақ сөзінің қуаты орыс патшасына кіріптар болған заманда да күшін жойған жоқ. Қазақ енді Махамбет болып сөйледі. Кіріптарлықтан құса болды, налыды, бірақ иілмеді, «ереуіл атқа ер салды, егеулі найза қолға алды».

– Мұнар, мұнар, мұнар күн,

Бұлттан шыққан шұбар күн.

Буыршын мұзға тайған күн,

Бұлықсып жүрген ерлерден,

Бұрынғы бақыт тайған күн, – деп Исатай батырдың серігі Махамбет күйіне тұра, бұрынғы бабалардың ерлігін көтерілісшілердің есіне сүйініш ете салып:

– Толғай да толғай оқ атқан,

Он екі тұтам жай тартқан,

Қабырғасын қаусатқан,

Тебінгісін тесе атқан,

Теспей қанын зулатқан,

Біздің қайсар батырдың

Жүрегін сөйтіп оятқан,

Кешегі Орақ пенен Мамайдай,

Батырлар шіркін болар ма ай? – деп оқпанынан доп, доп емес от шашқалы тұрған орыстың зеңбірегінен сескенбеуге рухтандырды.

Қазақ сөзінің өзегі – бір, дәуіріне қарай көрініс беріп, қаны бір, жаны бір баласының жүрегіне жол тауып, сенімін нығайтып, мұратын айғақтап келді, әрі солай бола да бермек. Алаш қайраткері, ақын Міржақып Дулатов «Оян, қазақ!» өлеңін жазып, қалғып кетуге шақ қалған алаш баласына:

– Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кетті, дін нашарлап, хал арам боп,

Қарағым, енді жату жарамас-ты, – деп жар салды.

Әр адам өз ұлтын сүйіп, өз ұлтымен мақтануға тиіс. Сол Міржақып ақынның:

– Алыстан «Алаш» десе аттанамын,

Қазақпын, «Қазақ» десе мақтанамын.

Болғанда әке – қазақ, шешем – қазақ,

Мен неге қазақтықтан сақтанамын, – деген өлеңін әр қазақ көңіліне тоқып, жатқа айтып жүрсе, қанеки!

Айтпақшы, әр қазақ, қазақ сөзінің қуатын тасымалдаушы бола білсе, өршіл рух бойымызға әбден орнығар еді. «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуды» мақсат еткен Сұлтанмахмұт болып, «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз. Енді ешкімнің, Алашты, Қорлығына бермейміз» деп ұлт үнін күркірете сөйлей білсек, Қасым ақын болып: «Ей, тәкаппар дүние, Маған да бір қарашы. Танисың ба сен мені, Мен – қазақтың баласы» деп жер жаһанға кім екенімізді айтып жар сала білсек, Қазақ Сөзінің Қуаты бізді әлі де қиядан қияға жетелері ақиқат!

Әйтсе де, сөздің түйінін тағы да бастау сөз – Білге қаған сөзімен жасайық.

«Үсте аспан құламаса, аста жер айрылмаса, түрік халқы, сенің жұртыңа, жарғыңа кім қатер келтірмек?!».

Қазақтың ыстық құшағы

Осы тақырыпты қаузауыма кинорежиссер Сламбек Тәуекел түсірген «Жерұйық» көркем фильмі түрткі болды. Көркем фильмде 1937 жылы Қиыр Шығыстан Қазақстанға мәжбүрлеп жер аударылған кәрістердің тауқыметті тағдыры баяндалатынын көрермен қауым білсе керек. Оқиға Алматы облысы Үштөбе ауылында өрбиді. Жат жердегі жаңа қонысқа арып-ашып, аш-жалаңаш жеткен кәрістің кәрі-жасын қазақтар құшағына сыйғызып, бауырына басып, қазанындағы асымен бөліседі.

Танымал актер Болат Әбділманов колхоз төрағасы Орынбай қарттың бейнесін тамаша сомдай білген. Орынбай болмысынан сол уақытта өмір сүрген қазақтардың асыл қасиеттері: бауырмалдық, қамқорлық, ізгілік, адамгершілік жарқырай көрініп тұр. Тағдыр тәлкегімен басына күн туып, кіріптар болып келген түсі мен тілі, діні мен ділі бөлек өзге жұрттар да қазақ даласының қай қиырына келіп қоныстанса да, дәл осындай қамқорлық көрген. Орынбай қарт тәрізді жүрегі кең азаматтар әр ауылдан табылған. Ендігі сөз сол жөнінде.

Өзім туып-өскен Ақкөл ауылында жергілікті халық арасына сіңісіп кеткен біраз неміс пен бірлі-жарым поляктар бертінге дейін болды. Біздің ауылға олардың қашан, қалай тап болғанына ешкім мән берген емес, дос-жаран көріп, араласып-құраласып өмір кешті. Әрі кеңес өкіметі билік құрған заманда бұл тақырыпта әңгіме қозғау мүмкін емес-ті. Содан да болар, жазбаша қалған дерек жоқ, ауызша сақталған бірен-саран сөзді қанағат тұтып келдік. Әйтсе де, жеті қат жер астына жасырсаң да, құпиялар түбі күні ашылады. Бүгінгі күні депортацияға ұшыраған халықтар туралы дерек пен дәйек баспасөзде де, ғаламторда да көп. Сондағы мәліметтерге көз жүгіртсек, Қазақстанға немістер 1941 жылы Қырым түбегінен, сондай-ақ Украина мен Еділден жер аударылыпты. Соның ішінде Ақкөл ауылына қоныстандырылған немістер, қариялардан естуімізше, Еділ өзені бойынан келген екен. Алғашқы бетте көп қиындық та көріпті. Мұны менің әкем Жәлел Сәдуақасовтың 1967 жылдың 26 ақпанында ауыл қариясы Тасыбай Мусиннің аузынан жазып алған, бірақ кезінде баспасөзде жарияланбаған сұхбаты растайды. Көлемді сұхбаттың бізге қажет үзіндіні келтірейік.

«Фермаға 1941-1942 жылдары поляк, немістер келді. Аш-жалаңаш. Жаз жұмыс істейді, қыс жұмыс істей алмайды. Киімдері жоқ. Оларды асырап шығу қиын болды. Өйткені жазда берілетін азық-түлік қыста берілмейді. 25 кісі еді. Келе жатқан обозшыдан 2 қап ұн алып таратып бердім. Совхоз директоры: «Обоздан 2 қап ұнды рұқсатсыз үлестіріп жіберді» деп совхоз орталығына келген райком секретары Салықов Сейтімге арызданды. Содан мені ауданға шақырып, бюроға салып, партиядан шығармақшы болды. Бюрода мен: «Жазда фермада 50 адам жұмыс істейді. Қыста 25 адам киімі жоқ болған соң, жұмысқа шыға алмай, үйінде аш отырады. Бұл – дұрыс емес.

Олар аштан өлетін болса, сотталамын ғой. Ұн беріп едім, жазаламақшысыңдар, сонда қайтпек керек?» деп ақталдым. Райком секретары Салықов менің сөзімді дұрыс санап, немістер мен поляктарды киім-кешек, азық-түлікпен қамтамасыз етуге пәрмен берді».

Міне, осылайша Тасыбай Мусин өз басын қауіп-қатерге тіге отыра, немістер мен поляктардың өмірін сақтап қалыпты. 1931-1932 жылдардағы алапат аштық пен 1937-1938 жылдардағы нәубетті басынан өткерген қазақ халқының соғыс жылдары шекесі шылқып тұрған жоқ еді. Ауыл адамдарының өздері де ашқұрсақ жүрді. Оның үстіне «жылқы аласы сыртында, адам аласы ішінде» демекші, ер-азаматтар жаппай майданға аттанған шақта ғайыптан қолына билік тиген ақылы таяз, адамгершілігі аз кейбір атқамінерлер қамшысын білеп, ел ішінде әңгір-таяқ ойнатты емес пе?!

Аяулы азамат Тасыбай Мусин «Ақкөл» кеңшарының №3 фермасы – Жақсыатқа қоныстанған немістер мен поляктарды қорғап қалса, №1 ферма – Ортақоғаға жіберілген поляктар сойқан управтан озбырлық көріпті. Зергерлік алтын бұйымдарын бір үзім нан мен бір жұтым шалапқа айырбастап жан сақтапты, жан сақтай алмағандары аштан өліпті. Аштан өлгендерді әлгі управ ор қаздырып, сонда көмдіріпті. Осы жайттан құлағдар болған жоғары жақ тірі қалғандарын жұмысқа орналастырып, әйтеуір қатарға ілігіп кетіпті. Кейін ес жиып, өкімет рұқсат берген тұста сол поляктар өзге жақтарға көшіп кетті ме, әйтеуір Ақкөлде Тамара Сущинская деген қартаң әйел ғана болды.

Негізі, Қазақстанға қоныстандырылған поляктардың тегі осал емес сияқты. Мына тарихи құжатты оқығанда осындай ой түйдік.

«КСРО ішкі істер халық комиссары, 1-дәрежелі мемлекеттік қауіпсіздік комиссары жолдас Л.П. Берияға (18 қазан 1940 жыл).

КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің 10 көкектегі №497-178 санды қаулысы бойынша Батыс Украина мен Беларусь КСР-нен поляктардың әртүрлі қуғынға түскен топтары өкілдерінің: бұрынғы поляк армиясы офицерлерінің, полицейлерінің, түрмедегілерінің, жандармының, ірі жер-фабрика иелерінің, сондай-ақ бұрынғы поляк мемлекеттік аппаратындағы чиновниктер отбасы мүшелерінің 50667 адамы (кейбір деректерде 61092 адам) Қазақ КСР-не қоныстандырылды.

Олар негізінен Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Семей облыстарына орналастырылған. Қазақ КСР-нің халық шаруашылығындағы жұмыс қолының орасан жетіспеушілігіне қарамастан арнайы қоныстандырушыларды еңбекке тарту өте қанағаттанарлықсыз күйде. Павлодар облысында арнайы қоныстандырушылардың тек 40 проценті ғана еңбекке пайдаланылуда.

КСРО НКВД ГЭУ-і 6-шы бөлімнің бастығы, мемлекеттік қауіпсіздік капитаны Безруков».

Айтпақшы, осы құжат арнайы қоныстандырылғандардың алғашқы бетте жұмыспен қамтылмағанын да растап тұр. Ал кеңес заманында «еңбек етпеген ішіп-жемейді» деген ұстаным болғанын ескерсек, поляктардың біразы аштан өлді деген әңгіме қисынды көрінеді. Десек те, өкімет жағдай туғызғанға дейін немістер мен поляктар ауыл тұрғындарының қамқорлық көрсетуі арқасында аман қалғаны тарихи шындық. Қазақ жерінен пана тапқан өзге ұлттар қазақтың жақсылығын жүрегінде сақтап, елмен бірге еңбек етіп, шаруашылықты өркендетуге үлес қосты. Ақкөл ауылындағы ағайынды Степан мен Райнгольд Дерр, Гриша Шарковский, Гриша Трой, Райм, Райс, Буркат, А.Шпиц және т.б. немістер балалы-шағалы болып, шаруашылықтың түрлі саласында білікті мамандарға айналып, ел-жұрттың құрметіне бөленді. Бір ғажабы еңбекқор немістер тіл үйренуге де бейім болып шықты. Үлкен-кішісі қазақша сөйлей білді, қазақтың салт-дәстүрін сыйлады, тұрмысына қанық болды. Мұның өзі қазақтармен бітеқайнасып кетулеріне әсерін тигізді. Тату өмір сүрудің діңгегі – сыйластық екенін түсіне білді.

– Неміс баласы Володя Шарковский бізбен бірге оқыды. Кластасым Совет Жапаров екеуіміз сол Воладямен ойнап жүргенде, ол абайсызда құдыққа құлап кетіп, әйтеуір аман қалды. Мұны естіген учаскелік инспектор Жақыш аға бізді өзіне шақырып, Володяның әкесінен кешірім сұрауды талап етті. Совет екеуіміз күн сайын МТМ-ге барып жүрдік, Шарковский жұмыспен кетіп, ұстатпайды. Әйтеуір бір күні үстінен түстік. Трактор жөндеп жатыр екен. Келген себебімізді айтып, кешірім сұрап едік, Шарковский: «Ол оқиғаны естен шығарғанмын. Ойын кезінде түрлі жағдай болады, жүре беріңдер» деді. Расында да, біз Володямен ертеңінде-ақ достасып, бірге ойнап жүрген болатынбыз, – дейді Қабылқайыр аға Райымқұлов әңгімесінде.

Аға буын ақкөлдік немістер жайлы біраз әңгіме біледі. Біз ат жалын тартып азамат болған шақта ауылда бірнеше неміс отбасы ғана болды. Қанат қажы Жандарбековтің айтуынша, кеңшар директоры Аманолла Рамазанов қызметі өсіп Баянауыл ауданына ауысқанда, білікті маман саналған немістердің бірсыпырасын сол жаққа көшіріп әкетіпті. Осы орайда біздің елдің бір жігітінен мынадай қызық әңгіме естідім. Баянауылда үш-төрт жігіт әңгіме-дүкен құрып отырады. Жөн білмек болған біреуі: «Қай жақтан боласың?» деп сұрайды. «Ақкөлденмін» дейді қонақ жігіт жайбарақат. Сонда әлгі баянауылдық азамат: «Ә, солай ма? Менің осында неміс тамырларым бар. «Аталарың қайда?» деп сұрасам, «Ақкөлде жатыр» дейді. Туыс болып шықтыңдар, ендеше» деп күлдіріпті.

Байыптай білген адам әзіл-қалжыңы аралас бұл әңгімеден де ғибарат түйері анық. «Елу жылда – ел жаңа» дейді қазақ. Түрлі ұлттарды атақонысынан айырып, жел ұшырған қаңбақтай етіп Қазақстанға айдаған Кеңес өкіметі құлады. Қазақстан Тәуелсіз мемлекет болды. Жазықсыз депортацияланып, жапа шеккен диаспоралар еркіндік туған соң тарихи отанына қайтты. Енді екі аралықты мыңдаған шақырым жер бөліп тұр. Алайда, жер шалғай болғанымен олардың қазаққа деген сүйіспеншілігі мен ықыласы бәз-баяғы қалпы. Жүрекке орныққан шынайы махаббат заман қалай құбылса да, өшпейді, ескірмейді, сағынышқа айналып маздай береді. Ендеше, уақыт құдіретіне төтеп бере алған сондай махаббатты өзге жұрттың жүрегіне ұялата білген қазақ халқы – мықты халық!

Қазақ ән-күйінің құдіреті

Құлазыған көңілді сергітетін, сартап болған сағынышты басатын ән мен күй емес пе?! Көңіл-күйді көтеретін, шаттандыратын да тамылжыған сазды әуен екені белгілі. «Ән – көңілдің ажары» деп бекер айтылмаса керек. Қазіргі заманда ән тыңдау мүмкіндігі мол. Телеарналарда музыкалық бағдарламалар көп, ғаламтордан қалаған әнді, музыкалық шығарманы әп сәтте тауып алуға болады. Ендігі сөз сол ғаламторға жүктелген күйлер мен әндердің қаншалықты тыңдалатыны, тыңдаушылардың берген бағалары, айтқан пікірлері жайлы болмақ.

Көздеп мені атса-дағы қиянат,

Күндеп барып батса да күн қиялап.

Жүреді арман көңіліме ұялап,

Жабырқасам жадыратып күй орап, – деп ақын Марфуға Айтқожина жырлағандай, әуелі күй атасы Құрманғазы Сағырбаевтың мұрасы туралы тыңдармандардың тебіренісінен бастайық.

«Сарыарқа», «Адай», «Қайран, шешем» сияқты ғажап күйлер желідегі Айбек Сүлейменовтің елге сағынышын маздатыпты. «Это шедевр! Я уже как год живу в США. Когда слышу наш күй охота плакать и скакать по нашим степям… Скучаю по нашей земле». Туған жерден жырақта жүрген қазақ баласының жүрегін жарып шыққан сөз. Мұны оқып отырғанда ойыңа танымал әннің «Қайда жүрсең, Атамекен, Көкейіңде жатады екен. Күннің көзі қимай оны, Ұясына батады екен» деген шумағы оралады екен. Сөздің әлқисасын қазақ баласының пікірінен бастауды жөн көрдік, ары қарай Құрманғазы бабамыздың күйлерін өзге ұлттар қалай қабылдағанын жазайық.

Мимоза Борисовна: «Слушаю… закрыв глаза! Эти волшебные кюи… уносят на степной простор. Зелень лугов, запах степных трав и цветов. Огромные поля из красных маков. И мягкая, золотая ковыль косается моих ног» десе, Петр Исаев: «Курмангазы один из лучших композиторов в мире, его музыка так за душу берет, что словами не передашь» депті.

Айтпақшы, Құрманғазы күйлерінің қаралымы – 1 112 880, бір мыңнан астам пікір айтылыпты. Соның ішінде Ресей, Қырғызстан, Түркия сияқты көптеген елдерден тамсана пікір қалдырғандар бар.

Осы заман күйшілері ішінен Секен Тұрысбек күйлері көп тыңдалады екен. «Көңіл толқыны» күйін 7 027 427 адам тыңдапты. «Слушала на одном дыхании. Вся жизнь пронеслась по бескрайним степям моей любимой Родины Казахстан. Я чеченка, но каждой жилочкой ощутила родной язык домбры. Люблю, уважаю и благодарна этой земле и моим милым, родным казахам». Бұл – шешен қызы Хавра Мадаеваның жазбасы. Ал орыс азаматы Василий Твердинов былай дейді: «Превосходно! Я хоть и русский по национальности, но родился и живу в Казахстане. Так что я русский казах. Қазақ болсын, орыс болсын, біз даланың баласымыз».

Енді елдегі және шет елдердегі тыңдарман қазақ әндерін қалай қадірлейтінін баяндап көрейік. Тыңдаушылар ықыласы мен сүйініші шексіз! Ақан серінің әйгілі «Балқадиша» әні 3 358 546 қаралым жинапты. 2079 адам пікір жазыпты. «Услышала эту песню впервые в исполнений Димаша и еще одного парня, узнала историю этой песни, ее смысл. Очень красиво, впечетляет» деп риза болыпты Ольга Онхонова. Осы ақжарма пікірден біраз жайтты аңғаруға болады. Ольга «Балқадиша» әнін алғаш Димаш Құдайбергеновтің орындауында естіп, қызығушылығы оянған. Содан ізденіп, өзге де әншілердің орындауында тыңдап, әннің тарихына қыныққан. Осыдан-ақ жақсы ән мен шебер орындаушының қазақ әндерін дәріптеуде орасан рөл атқаратынын көреміз.

Айтпақшы, «Балқадиша» әнін екібастұздық әнші Медғат Манапов та тамаша орындайды емес пе?! Медғаттың орындауындағы осы әнді 1 935 адам тыңдап, әнші жайлы жақсы лебіздер қалдырыпты.

Қазақ әндері туралы сөз әйгілі сазгер Шәмші Қалдыаяқов әндерінсіз толымсыз болар еді.

Ән болып ұшарыңда,

Аққуға ұқсадың ба?

Гүл болып үлбіредің,

Бақыттың құшағында.

Ән аға, Жан аға,

Сені аңсап шарқ ұрды шағала, – деп Шәмшіні іздеген тыңдаушы жыртылып айрылады. Шәмші әндеріне шекара жоқ! «Всегда любила слушать все его песни. Трудно было оторваться. Композитор от Бога!» дейді Надя Юсубова, ал Зульфия Исмагулова: «Очень люблю его песни, просто обожаю! Хотя не знаю казахского языка, но я всей душой их чувствую» деп ағынан жарылады.

Тақырыпқа тереңдей түскен сайын қазіргі заман әншілері клиптеріне де шолу жасадық. Еркін Нұржанов пен Роза Әлқожаның орындауындағы «Мен сыйға тартқан орамал» әні 3 866 066 қаралым жинапты. Қос әншіні тыңдаушылар географиясы кең. «Очень наравится ваша песня. Приветствую из Бурятии» деп сәлем жолдапты Марина Базарова. Ресейдің Челябинск қаласында тұратын Минзя: «Слов не понимаю, но песня берет за душу. Привет из Челябинска!» деген пікір білдіріпті. Расында, әуезді ән жүрек сүзгісінен өтеді, тіл білу маңызды емес.

Өнер сүйген қауым керемет қабылдаған «Дариға-дәурен» әні екені мәлім.

Аққу-қаз әуелейді қалықтаған,

Қайтейін қанатым жоқ қалып барам.

Жүрегім құс боп ұшып кетті-ау бірге,

Жылатып жалғыз қалай алып қалам?

Сөзі де, әні де, сазы да келіскен бұл ән өзге жұрттың да жүрегін жаулап алыпты. «Мен үшін қазақ өнері аса маңызды. Рахмет саған, менің Отаным! Ұлы Дала әні» деп, Денис Логвиненко пікірін қазақ тілінде жазыпты. Тегіне қарап ұлты украин-ау деп ойладық. Шамасы қазақ тілін меңгерген адам. Айтпақшы, пікір білдірушілер ішінде ойын қазақ тілінде жеткізген өзге ұлт адамдары баршылық.

Байқап, байыптасақ, ән – көңілдің ажары ғана емес, достық дәнекері де екен. Мұны қазақ ән-күйлерінің қаралымын зерделеген адам қапысыз ұғады. Түбірі бір түркі халықтары ғана емес, діні мен ділі бөлек халықтар да қазақ әні мен күйін тыңдауға пейілді екенін біліп ұлттық музыкамыз үшін мақтаныш сезімі лаулады. Олай болса, таңнан кешке шейін әлеуметтік желідегі өсек-аяңы, айла-сұмдығы көп ақпаратқа әуес болмай, бірауық кірлеген жанымызды тазартатын ән-күй тыңдап, рахат күй кешейік.

Айтпақшы, дана Абай:

Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең.

Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,

Ойласаңшы бос қақпай елең-селең, – деп еді-ау!

 Жассерік СӘДУАҚАСОВ

жазушы, журналист, «Отарқа» газетінің шеф-редакторы,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

(Мақалада пайдаланылған суреттер ашық ғаламтор желісінен алынды)

 

Добавить комментарий