Бүгін – Халық қаһарманы, академик Шапық Шөкиннің туған күні. Қазақстан энергетикасының дамуына өлшеусіз үлес қосқан ғалымның парасат-пайымы орасан зор. Ол қазақ өнері мен мәдениетін, ғылымы мен біліміне еңбек сіңірген талай заңғар тұлғамен етене араласты. Оқырман назарына ғаламының 1994 жылы жазылған мақаласын ұсынамыз. Бұл мақалада Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәтбаев, Әуезов пен Әлкей Марғұлан, Әуезов пен Сәбит Мұқанов, Мағжан Жұмабаев пен Марғұлан, Марғұлан мен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы және өзге де тарихи тұлғалар арасындағы қарым-қатынас, рухани байланыстар туралы сөз қозғалады.
Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәтбаев
Біз Саратовқа жақындай бергенімізде әлі ертеңгілік кез еді. Пойыз теміржолдың екі жағындағы қар басқан картоп егістігі мен қасатталып қалған кір-қожалақ күртік арасымен зулап келеді. Проводник түптігі қарайтылған стакандармен шай әкеліп таратып жүр. Халықаралық вагон дәлізіндегі радиодан бір желдірме ән айтылып жатыр. Терезе алдында Қаныш Имантайұлы Сәтбаев пен Мұхтар Омарханұлы Әуезов тұр. Сәтбаев көзін сәл ғана Әуезов үстіне украин кестелі көйлек пен бұтына кең жүн шалбар, аяғына жұмсақ былғары кебіс киіпті. Мұхаң Мәскеуде КСРО Жазушылар одағының жуырда ғана өткен пленумы жөнінде әңгіме айтып тұрды.
Үшеуміз де алпыс бірінші жылдың наурызында Алматыға қайтып келе жаттық. КСРО ҒА-ның Төралқасындағы жұмысымыз біткесін, біз Сәтбаев екеуміз «Мәскеу» мейманханасы дәлізінде Мұхаңмең кездестік. Оның да астанадағы ісі аяқталып қалған екен. Біздің қайтқалы жатқанымызды біліп, жазушы бірге жүрмек болды. Бұрынғы әдетімізбен, біз жолдағы уақытымызды оңашада ойланып шешетін істерге арнадық. Сәтбаев купесіндегі ертеңгі шайдан кейін, түскі аста кездесуге уәделесіп тарқасқанбыз. Қаныш Имантайұлы портфелінен қағаз салынған папкені алып, құжаттарды қарап кетті. Мұхаң әдебиет жаңалықтарын оқу үшін купесіне барып кірді. Мен түске дейінгі уақытты пікір айтуымды сұрап, өзіме жіберілген диссертация авторефератын оқуға жұмсадым. Пойызда уақыт өтпейді. Ал бірақ жұмыс істесең, ол елеусіз тез өтеді және кісіні қалжыратпайды. Қанша шаршасаң да, армансыз демаласың.
Түсте менің купемде ауқаттандық. Бұрынырақ мейманхана буфетінен дәмді тағам алғанмын. Мәскеулік жерлесім жолға деп қоржынға жас қазы, қарта салған лимонды турап, боржоми мен армян коньягін алып, серіктерімді шақырдым. Мұхаң әзілдеп, менің ұсынақтылығымды бір мақтап қойды. Жаймашуақ отырып ас алды. Іштік, жедік, жарасты әңгіме де өзінен-өзі туды. Асықтырып жатқан жан жоқ ‒ емін-еркін сөйлесіп, сырласуға уақыт жетеді. Пойыз ырғалып барып, Саратов вокзалы перронына тұра қалды. Мен газет алмақшы болып вагоннан шықтым. Қас қағымда құралған шіретке келіп тұра қалдым. Бес минуттай шіретте тұрғасын, вагонге жеткенше асықтым: диктор пойыз жүретінін хабарлады.
Купеде серіктерімнің көңіл күйінің өзгеріп қалғанын байқадым. Қаныш Имантайұлы мен Мұхтар Омарханұлы менің қайтып келгенімді де байқамай қалды. Екеуінің арсында жағымсыз бір әңгіме басталып кеткен сияқты. Сәтбаев Әуезовке бірдеңені қатты айтып отыр, ал Мұқаң оны жақтырмай, тыржия тыңдайды. Әңгіме Мұқаң мен Сәбит Мұқановтың арасындағы араздық туралы екен. Президент: «Әуезов сияқты үлкен жазушының жастарға жарамсыз үлгі көрсеткені жараспайды» дейді. Сәбит пен Мұхаң қарым-қатынасы көптен шиеленісіп келе жатқан. Оны тек жазушылар ғана біліп қойса, бір сәрі. Екеуінің алауыздығы қазақ әдебиетінің абырой-беделін қасиет тұтатын қатардағы қалың жұртты да қатты мазалайтын. Дарын-қабілеті мен халыққа танымдылығы жағынан да бір-біріне мүлде ұқсамайтын Мұқанов пен Әуезов, өзара кісілік қарым-қатынас жасай алмағаны себепті де көп ретте ұтылып жүрді. Екеуінің қайсысы көбірек кінәлі ‒ оған сын айтатын мен емес. Мәселе тіпті онда да тұрған жоқ. Әдебиеттің мүдде-мақсаты үшін Сәтбаев та Мұхаңды өзімшілдікті жинап қоюға шақырған еді.
‒ Мұха, сенің өсек-өтірікті малданып жүргеніңді елдің бәрі біледі. Саған жақсы көрінуі үшін, өзің келіп Сәбитті жамандау шынында да, сөйтіп жастар алдында үлкен екі жазушыны өзара таластырып қоятын да қаскөй жауыздар. Сен сол жалақорларды маңайлатпай, қууың керек. Сенің жөнің басқа, сол себепті де саған қойылатын талап та өзгеше. Ендеше татуласу үшін Сәбитке әуелі өзің қолыңды ұсынуға тиістісің. Республиканың бүкіл зиялылары саған қарайды, сенімен теңелгісі келеді. Өз жауапкершілігіңді жұрттан бұрын өзіңнің түсінгенің дұрыс…
Мұқаң Қанекеңнің сөзіне құлақ асты, бірақ «Осы мәселеде Сәбит те оңып тұрған жоқ», – дегенді қосты. Сәтбаев осы арада тағы тебіреніп кетті де, уақ-түйекке бара беру саған жараспайды деген сыңай танытты. Осыншадай әңгімеге куә болғаныма мен өзімнен өзім қысылып, купеден шығып кеттім. Жиырма минуттей уақыт өткен шамада екеуі дәлізге шықты. Мұхаң Қаныш Имантайұлына алғысын айтты. Және маған ол кісі шын көңілден разы болған сияқтанып көрінді. Қанекең де өз көңілінің алаңдауын жазушының дұрыс түсінгеніне жаны жадырап, бір жасап қалды.
Әуезов пен Мұқанов
Келесі күні кешке салым мен Мұқаңа кірдім. Ол кісі «Новый мир» жорналын оқып отыр екен. Елеусіз ғана әңгімелесіп кеттік. Сөз әдебиеттегі жаңа есімдер жайына көшті. Жайлап басып, «Абай» романын тілге тиек еттік. Осы арада, қарап отырмай, оқырмандар атынан талап-тілек айтайын келіп.
‒ Мұқа, Сіз «Абайды» жаздыңыз, ал бірақ халық алдында әлі де болса қарыздарсыз.
‒ Қандай қарыз?
‒ Сіз Шоқан Уәлиханов туралы жазуыңыз керек. Әуезов мырс етіп бір күліп, жорналды қоя салды.
‒ Қаныш Имантайұлымен кеше болған әңгімені есіттіңіз бе?
‒ Иә, есіттім.
‒ Оның мән-жайы мынадай. Менің білуімше, Шоқан туралы Сәбит жазып жатыр. Шоқанды сөз ету менің ойымда да болған. Мен Ленинградта оқыдым, Петербургтің тарихи және тұрмыстық ақуалын, Уәлихановтың кезіндегі философиялық ағымды жақсы білемін. Яғни Шоқанның толыққанды бейнесін жасай аламын. Ал Сәбитке келетін болсақ, меніңше, ол он тоғызыншы ғасыр жағдайын жеткілікті білмейтін секілді. Сондықтан да оның болашақ кітабы сәтті шығады деп адасатын жайым жоқ. Бірақ біз Сәбитпен кезінде: ол Уәлиханов жөнінен мен Абай жөнінен жазатын болып келіскенбіз. Егер мен біздің Сәбитпен арадағы қарым-қатынасымызды ескере отырып, Уәлихановты жазуға кірісіп кетсем, онда мен халыққа қай бетіммен қарамақпын? Онда мен кесірлік жасаған болып, Сәбитті аяғынан шалған болып шығамын. Жоқ, мені қинамаңыз… Уәлиханов үшін мен жауап бермеймін.
Мұхтар Омарханұлы суып қалған шайынан бір ұрттап, сөзін жалғады:
‒ Жарамсақ тарихшылар кінәсінен, халқымыздың тарихының кем-кетіктері көп-ақ. Жазушылар халық алдында, оның зейін-зердесі алдында қарыздар болып қалған. Халықтың зейін-зердесін қайтарып беру ‒ ізгілікті міндет. Қазақтың өткен тарихынан Абылай хан айрықша орын алады. Көшпелілердің басын қосуға, қазақтардың ұлттық ой-санасын оятып, қалыптастыруға ол өлшеусіз көп еңбек сіңірген. Ол туралы халықтың естіп білгені әлі де мардымсыз. Қайткен күнде де Абылай хан туралы жазу керек. Көркем шығарма жазу міндетті емес, деректі кітап та жетіп жатыр. Ол заманды қайта тірілтетін нәрсені баспай қоюы да мүмкін. Бірақ жазу керек. Жазып, ұрпақтар үшін сақтап қойған жөн.
‒ Сіздіңше, бұл істі кім жақсы жасай алады?, – дедім мен. ‒ Идея мінсіз-тұғын.
‒ Мұны жұрттың бәрінен да артық жасайтын кісі ‒ Марғұлан. Сіз, Шаке, Академияның Бас ғылыми хатшысы ретінде, оған көмек беруге тиістісіз.
Алматыға келгеннен кейін де мен бұл әңгімені естен шығармадым.
Марғұлан мен Әуезов
Марғұлан жазушының ұсынысына жанып түсті. Бірақ, – деді академик, – оған байланысты ұсақ жұмыс көбейеді. Көмекші керек. Мен тарих институтының директоры Нүсіпбековпен сөйлесіп, Әлкей ағаға стенографистка бөлу жөнінде нұсқау бердім. Жұмыс бастауын басталса да, ұят та болса айтайын, күнделікті іс ағынымен жүріп, оның орындалуын бақыламадым. Енді бір жылдан соң мен Бас ғылми хатшы міндетінен кеттім, сөйтіп Мұқтар Омарханұлы идеясын жүзеге асыруға менің тілге тиек етер желеуім болмай қалды.
Әлкей аға да, мен сияқты, Айдабол руынан (Орта жүздің Арғын-Сүйіндігіне жатамыз), біздің руымыз қазақ халқының XVIII ғасырдағы дана билерінің бірі ‒ Сүйіндік атамыздың есіміне ие, қазіргі Павлодар облысы Баянауыл ауданы жерінен аса көрнекті тарихи тұлғалар көп шыққан. Біздің әкелеріміз, ата-бабаларымыз, өздеріміз де қазақтың еретектегідей сұлу жерінде, Баянауыл тауының ең биік қыраты Ақбеттаудың терістік баурайында, таңғажайып көркімен көз тартатын Жасыбай және Торайғыр көлдерінің арасындағы алқапта дүниеге келіп, өсіп-өндік. Әлекең өзінің ата тегін мақтан көретін, кейде оңашада бала сияқтанып, кеудесін керіп, масаттанып та кететін. Ондай шамырқанған шабытты шағының ешбір ерсілігі де жоқ-ты ‒ оның шыққан тегінің асыл екені айғақ-ты.
Тарихи деректерге сүйенсек, Әлекеңнің атасы Марғұлан ‒ қазақтың XVIII ғасырдағы азаттың қозғалысы тарихынан белгілі, атақты Олжабай батырдың туған немересі. Ал Олжабай болса, со заманның Абылай, Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шақшақ Жәнібек, Дулат Өтеген, Көкжал Барақ және Төле би, Қазыбек би, Бұқар жырау сияқты аса көрнекті қайраткерлерімен қоян-қолтық жүріп, XVIII ғасырдың бірінші жартысында Қазақстанның Жетісудан бастап, Сырдарияның төменгі ағысы мен Түркістан аймағына, Сарыарқаның Баянауыл мен Қарқаралы таулары өңіріне дейінгі ұланғайыр жерін басып алған құба қалмақтарды, сосын қытайларды талқандап, қуып шығуы жолындағы жанқиярлық күреске белсене атсалысады, сөйтіп Абылай ханмен тізе қосып, мақсатына жетеді де, ел оны Ер Олжабай деп атап кетеді.
Әлекеңнің бабасы Дулат пен атасы Марғұлан да өздерінің адамгершілік қадыр-қасиетімен, дүниетанымымен, абырой-беделі өлшеусіз өскен, қоғамдық жағдайы жоғары, мәртебелі, текті кісілер болған. Дулат – халық, ел таныған беделді би. Марғұлан қоғамдық тіршіліктің, адамдардың қарым-қатынасың тұрмыс-тынысының аңдысын аңдап, түсініп, талдап отыратын дана, әрқашан ақылға жүгінетін кісі болғанға ұқсайды.
Әкесі Хақанның (1857-1920) жас кезінде Мәшһүр Жүсіппен Баянауыл мектебінде бірге оқығанын, арабша еркін оқып, жаза білетін, қызықты кітаптарды жинап, оны құмарта оқығанды, мағына-мазмұнын талдағанды жанындай жақсы көретін кісі болғанын Әлекеңнің өзі сан рет айтқанды. Жалпы алғанда, ол өз дәуірінің көзі ашық білікті адамы болған, өмір-тіршілік жайын кең түсінетін қасиетімен ерекшеленіп отырған. Демек, Әлекеңнің жақсы әкеден, ата-бабаларынан алатын үлгі-өнегесі жеткілікті болған.
Өзінің адам ретінде, жеке тұлға және ғалым ретінде өсіп-жетілуіне, қалыптасып, беки түсуіне ең алдымен әкесіне, сол сияқты Әбікей Сәтбаевке (Қ.И.Сәтбаевтің немере ағасына, болашақ әйелі Раушанның әкесіне) және Мұхтар Әуезовке борыштар екенін Әлекең, реті келгенде, тебірене айтып отыратын.
Әкесі оны бес жасында мектепке апарады да, жеті жылдық мектепті, Павлодардағы алты айлық мұғалімдік курсты бітіруіне жағдай жасайды. Ең маңыздысы, балғын балалық шағынан бастап, кітап оқып, игеріп, оның мазмұнын талдауға деген ынта-ықыласын оятады, сол қасиетті бойына сіңіруге көмектеседі. Соның нәтижесінде мектеп жылдарында оның кітапқа құмартқаны сондай, «Қобыланды», «Алпамыс», «Мұңлық-Зарлық» қиссаларын жаттап алып, ауылдағы той-томалақтарда нәшіне келтіре айтып жүреді. Сөйтіп ауылдастарының назарына ілігіп, жүре келе құрмет-қошаметке бөленеді.
1920 жылы Баянауыл ауданының Далба деген жеріндегі мектепте (атақты Бұқар жырау өмірінің соңғы кезінде тұрған және қазір оның зираты жатқан жер) сабақ өткізген Әбікей Зейінұлы Сәтбаев Әлкейге көңіл аударып, оған өзі ректор болып істейтін Семей техникумына келіп түсуі жөнінде ұсыныс жасайды. Әлкең бұл ұсынысты қуанышпен қабылдайды да, 1921 жылы сол оқу орнына барып түседі, о заманда дала өлкесіндегі ең қадірменді болып саналатын осы техникумды 1925 жылы табысты түрде аяқтайды. Мұнда техникум қабырғасында сол 1921 жылы Әлекең, әдебиет пәнінен сабақ беретін Мұхтар Әуезовпен танысады. Мұқаңның өзі айтқанындай, Әлкей оған білмекке құмарлығымен, жастығына қарамастан гуманитарлық мәселедегі ой-өрісінің кеңдігімен қатты ұнайды да, оған бірден көңіл бөліп, қамқорлығына алады, біраз уақыттан кейін оны пәтеріне өзімен бірге тұруға шақырады. Бірер жылдан кейін Әлекең қоғамдық және әдеби процестерді оқып үйренетін және талқылайтын әртүрлі үйірмелерге қатысады. Со кездің өзінде-ақ оның кемелдене бастаған жас зерттеуші екені білінеді. Мұқтар Омарханұлының оған деген ынта-ықыласы арта түседі, әдебиет пен өнер саласының бірқатар мәселесі жөнінде оның пікірімен санаса бастайды, бірте-бірте олар нағыз досқа айналады. 1924 жылы Мұхаң Әлкейді өзінің туған жері Шыңғыстауға қонаққа шақырады. Сонда өздерінің уақытты қалай жақсы өткізгенін, құмай тазылармен қасқыр аулауға шыққандарын Әлекең жыр етіп айтып отырушы еді.
Мұқтар Омарханұлы Әлкейге техникумды бітірісімен оқуын жалғастырып, жоғары білім алуы керек екенін, Ленинградта оқуы керек екенін қайта-қайта айтады, оған Герцен атындағы пединститутке жолдама алып береді. Әлкей Мұқаңның айтқанын шын жүрегімен қуана қабылдап, 1925 жылы онымен бірге Лениградқа аттанады да, Шығыс институтының түркология факультетіне түседі, мұнда оқумен бірге зерттеу жұмысымен де шұғылданады, шығармашылық үйірмелерге белсене қатысады (ол кезде көптеген оқу орныдарында студенттерді ғылымға тартудың осы әдісі кеңінен қолданылатын), Әлкей-аға бұл жерде де көзге түседі, көп үміт күттіретін жас ғалым ретінде, оған профессорлар назар аудара бастайды.
Әлкей Хақанұлы бар ықылас-ынтасымен тарихтың, философия мен өнердің объективті заңын білуге талпынады. Осы мақсатпен ол Ленинград Мемлекеттік Университетінің тарих-филология факультеті мен Өнер институтының арнаулы лекциялары мен сабақтарына қатынасады. Шығыс институтының соңғы курстарында ол КСРО FA-ның архив қорына барып, Шоқанның әдеби мұрасын құмарта зерттейді. Студент күндерінде бірқатар аса қызғылықты археологиялық экспедициялар жұмысына қатысады. Сөйтіп Әлкей аға жоғары мектеп қабырғасында жүрген кезден-ақ білім қорын молайтып, нағыз ойлы зерттеуші екенін танытады. Осының бәрі үшін ол тек Мұхаңа қарыздар екенін талай рет айтқан.
Өмір-тірлігінің әр алуан кезеңдерінде олар достық жұбын жазбай, бір-бірінен жәрдем-көмегін аямайды. Олар дүниетанымда да, қоғамдық және әдеби процестерді танып, оны бағалауда және болжауда да ой-пікірлері бір жерден шығатын. Олардың қимас достығы мен өзара қатынасы 40 жылға созылып, тек 1961 жылы Мұхаңның қазасынан кейін ғана үзіледі.
Әлкей аға өмірінің соңғы сәтіне дейін (1985) оған адал күйінде қалып, Әуезовтың ғалым ретінде, әдебиеттануды дамытуда, көркемсөз және қоғамдық процестерді қорыта танудың айтулы шебері, қазақ әдебиеті классигі ретінде үлкен рөл атқарғанын дәлелді де дәйекті түрде жазумен болды және оны әрқашан алғыспен есіне алып отырушы еді.
Әлкей аға мен Мағжан ақын
Әлкей аға творчестволық ойдың екінші бір алыбы, аса көрнекті ақын (қазақ өмірінің Пушкині, оны әдебиеттанушылар солай деп атайды) Мағжан Жұмабаевтың пікірлес те айырылмас досы болған, оны біз соңғы кезге дейін жау тыңшысының қимыл-әрекетін істеп, кеңеске қарсы тұрған нағыз ұлтшыл деп келдік емес пе? Ақынға осындай ауыр айып тағып, НКВД оны 1937 жылы 44 жасында атып тастаған еді. Онымен байланысты Әлкей ұзақ жылдар бойына қара тізімге алынып, сенімсіз адам қатарына қосылады да, қуғын-сүргінге ұшырайды. Соның нәтижесінде (ол Ленинградта аспирантурада оқып жүрген кезде), Киров өлтірілгеннен кейін (1934 жылы) қамауға алынып, бірнеше ай түрмеде отырады. Оны ауыр азапқа салады, мәселен, табаны мен алақанынан шапаттап ұрып, сосын пәлен сағат бойы зорлап тұрғызып қояды. Бір күні осындай айуандықпен жасалған азап пен қорлықтан әбден титықтаған Әлекең өзін-өзі өлтірмек болады, тамағын орып жібереді (тегі, пышағы өтпестеу секілді), абырой болғанда, абақтылас серіктері оны көріп қалып, ойға алғанын ақырына дейін орындатпайды. Түрме дәрігері оны ажалдан әрең-әрең аман алып қалады. Әлекеңді жаныннан көрген кісілер оның тамағының сол жағында содан қалған тыртық барын байқайтын да еді. Фашист-тергеушілер одан бейне бір астыртын құрылған, контрреволюциялық қазақ ұлшылдық ұйымы бар екенін, олардың пікірінше, оның басшыларының бірі Мағжан Жұмабаев болып табылатынын айтып, Әлкейге соның мүшесі екенін қайтсе де мойындатқысы келеді. Ақырында оған кеңеске қарсы жүргізілген әрекет-қимылын мойындататын айыпты таға алмай, 1935 жылдың сәуірінде Әлекеңді босатып жіберуге мәжбүр болады.
Әлкей аға осы оқиғаны есіне алып айтуды мүлде ұнатпайтын менің білуімше, өмірбаян сипатындағы бірде-бір материалда бұл жәйт ескерілмейді. Осының бәрін ол маған 1972 жылы екеуміз Сарыағаш курортында бірге болғанымызда, бір жаны жадырап ашылған кезде сыр етіп айтқаны бар еді. Ол өз өмірінің осы бір ауыр оқиғасының елге жайылып кетуін қаламаған, сол себепті де мен тап осы күнге дейін оны ешкімге айтқан да, еш жерге жазған да жоқпын.
Біреудің ықпалына түсіп, құбылып отыру оның болмысына жат мінез еді, ол достыққа адал болуды қастерлейтін, уәдеге берік, принципті мәселелерде наным-сенімінен айнымайтын, әрбір қимыл-әрекетін терең ойланып, ақылмен жасайтын табанды кісі болатын. Мінез-құлқында жылпостық атымен жоқ, қулық пен арамдықтан жеркенетін. Бала сияқты аңқау еді. Тұрмыста одан дәрменсіз кісі болмайтын. Көңіліне дым сақтамайды, өкпе-наразылықты ұмытып кетеді. Сәтбаев секілді, өсек-аяңға мүлде назар аудармайтын, ал бос сылдыр сөзге уақытын рәсуа етпейтін. Әлкей-ағаның осындай биік адамгершілігін дәлелдеу үшін көптеген мысалдар мен фактілерді келтіруге болар еді. Бірақ мен бір ғана мысалмен шектелейін.
1935 жылы оны түрмеден босатқаннан кейін, НКВД-нің оны сыртынан бақылауы мен ізіне түсіп аңдуы күшейе түседі. Оны өзі де жақсы біледі, соған қармастан, ете хауіпті бір тәуекелге бел байлайды (Мағжанмен кездескісі келеді, со кезде ол Петропавлда (Қызылжар) тұратын, педагогикалық техникумда жұмыс істейтін – сөзтану теориясы пәнінен сабақ беретін).
Достыққа адалдығы, Мағжанды жан-тәнімен жақсы көріп, оған берілгендігі сондай, ол төбесінен төніп тұрған қауіп-қатерге, арадағы шыңырауға қарамайды.
1935 жылы шілденің екінші жартысында Петропавлда қой шаруашылығы совхоздары трестінің басқарушысы болып істеп жүрген менің ағам Риза Әлекеңнен телеграмма алды, онда Әлекең келетінін хабарлапты, бірақ қашан келетіні нақты көрсетілмепті. Ағай әрі туысын, әрі бала күндегі досын қарсы алуға шынымен әзірлене бастайды. Тап сол уақта мен жазғы каникулда жүргенмін.
Арада бірнеше күн өтті, Әлекең келмеді, басқа біреудің үйіне тоқтағанына күмәніміз болмай қалды. Бір күні Әлекең шамадансыз, ешбір нәрсесіз өзі келді. Риза одан заттарының қайда екенін сұрады, ол бұдан екі күн бұрын келгенін, Мағжанның үйіне тоқтағанын айтты. Ағам, оған, әрине, өкпе-назын білдірді, Әлекең мен үшін сенен гері Мағжанның өкпесі ауырырақ, онымен болдым, көп мәселелер жөнінен кеңесіп, пікір алыспақшы едім, шын мәнінде мен мұнда сол үшін келдім деді. Бір күнін ол бізбен бірге өткізді. Қаладан кетерде ол менен Мағжанға баруымды сұрады, мен оған сен туралы айттым, жоғары білім алу үшін тірліктің тікенекті тар жолынан өту үшін біздің қанша қиындық көріп, сергелдеңге түсетінімізді білдірдім деді ол.
Бір аптадан кейін мен ол кісіге бардым. Басы үлкен жазық маңдайлы, нығыз денелі, орта бойлы дембелше екен, өз жасынан үлкенірек көрінеді (ол кезде 42 жаста болатын). Осы уақытқа дейін ол менің көзіме тап со қалпында елестейді. Мені жылы жүзбен жақсы қарсы алды, өзімен салыстырғанда, әлдеқайда жас екеніме (айырмашылығымыз 19 жас), жай-күйіміздің өзгеше екеніне қарамастан, менімен тең адамша сәйлесті, маған кәдімгідей ықыласын білдіріп, сөзге шақырып, ашылып, емен-жарқын ынта қойды. Тірлік жолында кездескен қатерлі кездер мен шұғыл бұрылыстарды көбірек сұрады. Мен бәрін тәптіштеп айтып бердім, бірақ имандай шыным, мұндай үлкен кісімен байсалды әңгімеге әзір емес едім, сол себепті біраз қысылыл та қалдым. Ол маған сәт сапар тілеп, көп жақсы сөздер айтты, әсіресе, білім қоймасы – көркем әдебиетті көбірек оқуымды баса айтты, ол кісінің шын мәдениетті, ізгі парасат иесі болуына көмектеседі дегенді есіме салды. Қоштасарда маған өзінің кітабын жылы сөздер жазып сыйлады, онда ақынның «Батыр Баян» атақты поэмасы бар еді. Бір өкінішті, қынжыларлық жайт (енді тіпті айтуға ұят нәрсе деуге де болады), мен оны 1937 жылы Абайдың, Сұлтанмахмұт пен Жүсіпбектің, қазақтың басқа да ұлы жазушыларының туындыларымен бірге жойып жібердім, сонда ол кітаптардың менде болуы ‒ менің «онша сенімді еместігіме, советке қарсы іс-әрекетке бейім екендігіме» айқын дәлел болады деп қорықтым.
Менің Мағжанмен бұл кездесуім бірінші және соңғы кездесу болды, Оның өмірі 1937-ші қасырет жылында үзілді. Ол қазақ халқы аттарын мақтан тұтатын ең жарық жүлдыздардың бірі еді, солардың есімі арқылы біздің халқымыз, әлемнің басынан өткен (бай тарихы бар, болашақта адамзат іс-әрекетінің әмбе саларында кең көлемде гүлденіп өсуінің таңғажайып мүмкіндіктеріне қолы жеткен өркениетті ұлттардың қатарына қосылды ғой.
Сұлтанмахмұт, Мәшһүр Жүсіп пен Диқан Әбілев…
Қазақта: «Жақсы келді дегенше, жарық келді десейші» деген мақал бар. Баянауыл топырағынан шыққан Сұлтанмахмұт, Мәшһүр Жүсіп пен Диқан Әбілев көкірегінде табиғи талант оты маздап тұрған жарқын жанды кісілер. Бұлардың үшеуімен де Әлкей аға тығыз қарым-қатынас жасаған. Олар өзара алыс та болса туыс болып келеді.
Әлекең Сұлтанмахмұтты тым жоғары бағалайтын дүниеге көзқарасы, қоғамдық өмірдің дамуын жіті бақылап, ойша қорытып, оны көркем бейнелеуі жағынан ақындық таланты мен шеберлігі, тіл байлығы жағынан ол Абайдан кейінгі биік тұлға дейтін. Ол атақты қаламгермен талай рет дидарласқан. Олардың соңғы кездесуі 1919 жылы болады. Екеуі ұзақ әңгімелеседі. Сол тұста Әлекең тек он бес жаста ғана болса да, Сұлтанмахмұт онымен тең адамша сөйлеседі, оған қайткен күнде де оқып, білімін тереңдете түсуіне және гуманитарлық ғылым биігіне құлаш сермеуге кеңес береді.
Әлекең сол сияқты Мәшһүр Жүсіппен де жақсы таныс болған. Әлденеше рет жолығысып, ұлы қарияның ақыл-кеңесін тыңдаған. Ұмытпасам, 1926 жылы осынау екі жақсының соңғы кездесуін мен өз көзіммен көрдім. Әлкей аға М.Көпеевтің туған халқының әдебиеті мен фольклорін, тарихын шексіз көп білетініне, Шығыс елдерінің тарихына да жетік екеніне куә болған кісі. Ол әйгілі ақыннан Абылай хан, Бұқар жырау жөнінде қызықты хикаялар тыңдап, оның түпсіз тереңдігіне қайран қалады. Әлекең тіпті Мәшһүр Жүсіптің 1914-15 жылдары Бұқар жырау мекені Қалың шоқыға барып, со жақта екі жылдай тұрып, абыз жыраудың өлеңдерін жинағанын, оның өмірін, ел-жұрттың жай-күйін зертегенін айтып отыратын. Бұқар мұрасының толық жинағы осы уақытқа дейін со Мәшекеңнің қолжазбасынан алынған күйі басылып келеді. Әдебиет зерттеуші ғалымдар мұны әрдайым айтып келеді. Талапты да талантты жастың өмір жолын таңдап алуына данышпан ақынмен сөйлескені кәдімгідей әсер етеді.
Әлкей аға Дихан Әбілевпен бала күндерінен бастап, өмірінің соңғы сәттеріне дейін ұдайы аралас-құралас жүрген, бір-бірін мейлінше құрметтеп, жақсы көретін. Оларды қазақ әдебиеті мен өнеріне деген көзқарасы мен ой-пікірінің тым жақын, ортақ болып келетіні табыстырып отырған.
Әлекең Д.Әбілевтің Сұлтанмахмұт жөніндегі трилогиясын аса көрнекті шығарма ретінде жоғары бағалайтын әсіресе романның тіліне қатты риза еді, сол себепті де Диханның көркем сөздің айтулы шеберлері Әуезов, Мүсірепов ізімен келе жатқанын айтып, оны мақтан тұтушы еді. Ал өз тарапынан Дихаң да Ә.Марғұланды аса көрнекті ғалым және тұлға ретінде, ғылымға сіңірген еңбегінің өлшеусіз молдығы үшін оны Шоқан-Қаныштармен қатар қоятын.
Онымен кездесу, пікір алысу кісіні рахатқа бөлеп, байытып тастайтын, әдебиет пен қоғамдық процестерді дұрыс түсініп, соларды іштей қорытып отыруға көмектесетін. Олардың өмір бойы созылған адал өнегелі достығы Әлекең дүние салған күні 1985 жылдың 12 қаңтарында үзілді. Ол осы уақытқа дейін жан досын есіне алып, қамығып отырады.
Ташкентте… Марғұланмен…
Отызыншы жылдың күзінде мен оқу іздеп Ташкенге бардым. Әуелгі кезде маған жатақханадан орын тимеді де, мен Қазақ орман техникумының бауында далаға түнеп жүрдім. Әлекең ол кезде Орта Азия мемлекеттік Университетінде жұмыс істейтін. Бойдақ еді. Қаланың орталығында бір бөлмеде тұратын. Қазанның бас кезінде, алғашқы суық ашық аспан астында жату мүмкіндігінен айырған кезде, мен Марғұланға бардым. Менің қайда түнеп жүргенімді білгеннен кейін, өзіне шақырды. Онымен бірге немере інісі Әукеш Рахметов тұрады екен. Әукеш университеттің су-мелиоративтік факультетінде, мен қоғамдық ғылымдар факультетінде оқитынмын. Жатақханадан орын алғанша үшеуміз бір айдай бірге тұрдық. Әлкей аға жұмыстан қараңғы түсе оралатын. Өйтіп-бүйтіп кешкі асты әзірлейміз де, Әукеш екеуміз оқулықтарымызды қарап, ағаны күтеміз. Марғұлан келісімен, шайға отырамыз, оған студенттердің нені айтатынын, Баянауылдан нендей хабар келетінін әңгімелеп береміз. Әлкей ешқайсысымызды алаламай, екеумізге бірдей, зер сала қарайды, туған бауырындай жылы сөйлеседі.
Омбыда… Марғұланмен…
Отыз алтыншы жылдың күзінде Марғұлан Омбыға келді, ол кезде мен СИБАК-та оқып жатқанмын. Омбыға ол өз бетімен Уәлиханов ғұмырының сібірлік кезеңін зерттеуге келді. Қимас досым Зияда Шаңабаев екеуміздің пәтерімізге Әлкей аға келген кезде, біз қуанғаннан апыл-ғұпыл іске кірістік. Мен базарға жүгіріп барып, Зияда екеуміздің қалған ақшамызға Омбы қазақтарынан қой етін сатып алдым. Сөйтіп дастарқан жайдық. Келесі күні ертеңгілік Марғұланды Шоқан тұрған үйге ертіп бардық. Көшелер бұрышындағы жартылай цокольді ағаш үйде екі семья тұрады екен. Үй иелерінің рұқсатымен, замандастарының айтуынша, Шоқан тұрды деген бөлмеге кірдік. Әрине, сонша жылдар ішінде бөлменің дүние-мүлкі талай рет өзгерген шығар?! Шағын ғана бөлме, төбесі аласа, қабырғалары ыстанған. Әлекең ішкі қалтасынан дәптерін алып, он минуттей бірдеңені жазды. Уәлихановтың үйінен шығып, ол оқыған кадет корпусына бардық. Кадет корпусының үйі – қаланың со замандағы ең таңдаулы үйі болса керек. Ол ашық алаңда ұзындығы жүз метрдей жерге созылып тұр. Үш қабат үйдің дәл ортасында кіріп-шығатын жұмыс есігі тұр. Одан сәл оңға қарай порталмен әсемделген парадтық подьезд. Марғұлан осынау қалаға, есімін жаңғырту үшін өзі әдейі іздеп келген бозымның көзімен қарағысы келгендейін, көпір үстінде біраз тұрды. Бәлкім, Шоқан бұл арамен талай рет жүрген де шығар?! Біз өткен ғасырда қаланың дәулетті-тектілері бас қосатын қалалық бауға бардық, мұнда сөз жоқ, кадеттер де келіп тұрған. Со төңіректе маңдайшаларына шайханалар мен буфеттер аты жазылған көне үйлер сақталып қалыпты. Парктің орталық бөлігінен біз қисайып қалған ескі сәкілер мен жазғы театрдың сахнасын көрдік.
Қаланың байырғы тұрғындарымен, өлке тарихын жақсы білетін кісілермен сөйлестік. Осылай сұрастырып жүріп, Шоқанның Шонаев деген кісінің үйінде жиі-жиі болып, қарым-қатынас жасағанын білдік. Көп ұзамай Шонаевқа күйеу бала болып келетін Жанқонақов деген кісіні таптық, ол жергілікті техникумның оқытушысы екен. Күллі әңгіме-сөзді, деректерді Әлкей-аға сол ескі дәптеріне түсіріп алады. Үйге қайтып келгесін ол дәптеріне өзі ғана түсінетін белгілерді қойып, материалдарды жүйелеп, реттейді. Кейде тіпті кешкі асқа шақырып, келтіре алмайсың.
Зияткерлердің рухани атасы
1935 жылы материалдық мәдениет тарихының мемлекеттік Академиясының аспирантурасын бітіргеннен кейін, Орта Азия Мемлекеттік Университетінде, КСРО ҒА-ның Материалдық мәдени институтында біраз уақыт қызмет істегесін, 1938 жылы Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің арнайы шақыруы бойынша, КСРО ҒА-сы филиалында жұмыс істеуге келеді. Содан бастап, ғұмырының соңғы күндеріне дейін (1985) филиалда, Қазақ КСР FA-ында табан аудармастан қызмет істеп, кең мағынасында тарих және филология ғылымың әсіресе археологияны дамытуға орасан зор үлес қосты; тұтас бір ғылми мектептің негізін салып, көптеген ғалым-ізбасарларын даярлап шығарды. Өзі айналысқан мамандықтар саласында тек туған республикасы көлемінде ғана емес, одан тыс жерлерде де кеңінен танылған абыройлы-беделді тұлғаға айналды.
Оның жан-жақты энциклопедиялық білімінің тұңғиық тереңдігінің тамыры Әлекеңнің шексіз білімқұмарлығында жатыр. Ол қазақ халқы тарихының жоғалып кеткен тұстарының болмашы бөлшектерін құрастырып қайта жасайды. Қоғамдық ғылымдардың күллі саласында оның назарынан тыс ештеңе қалған емес. Абылай хан заманын одан артық білетін кісі болмайтын, ол Әбілқайыр, Кенесары, Қасым хан тарихын терең зерттеп, игерген еді, халқымыздың мәдени тарихын, өткенін одан жетік білетін кісі жоқ. Меніңше, оның шығармашылығының мән-маңызын Әлкей ағаның қаламынан туған монографиялар мен мақалалардың санына қарап өлшеу әділдік болмайды. Халықтың рухани мұрасын қалпына келтірудегі оның сіңірген еңбегі ғылым шеңберінен шығады да, жалпы адамзаттық мәнге ие болады. Оны қаламгерлер Марғұланның көзі тірісінде-ақ жақсы түсініп, академик ойының қанат қағысын қалт жібермей, қадағалап отырар еді. Біздің белгілі жазушыларымыз бен ғалымдарымыздың көпшілігі Марғұланды шығармашылық зияткерлердің рухани атасы деп білетін. Республикадан тыс жерде де ол бүкіл ғұмырын арнаған ғылымның мән-маңызын шырқау биікке көтерген, аты әлемге әйгілі ғалым ретінде танылды.
Өмір бойы тындырған ісім аз деп, алаң болумен өткен оқымысты жай-күй таңдамайтын. Ал бірақ өзіне ақыл сұрай келген кісілерден уақытын аяп көрген емес. Қожахмет Яссауи мазарының әлемдік мәдениет үшін қандай мәні бар екенін мен со кісіден білдім. Ол маған Абылай хан өмірінің ғажайып тарихын әңгімелей жөнелгенде қызғылықты ертек тыңдағандай ұйып қалғаным бар. Онымен сөйлесудің өзі бір ғанибет еді. Әрбір кездескен сайын, өзімнің аз білетінім есіме түсуші еді.
Сырлас дос
1944 жылы КазФАН-ға жұмысқа ауысқаннан бастап, ол қашан көз жұмғанға дейін академикпен сырлас дос болдым. Ол жиі-жиі алыс жерге барып қайтатын. Оңаша жүріп, өзімен өзі терең ойға шомып кетеді. Соңғы жылдары ол мені бірге жүруге шақыратын болды. Ол кісімен екеуміз Медеу маңының сай-саласын түгел аралап шықтық. Бір күні Шымбұлақтан қайтып келе жатып, Министрлер Кеңесінің үшінші демалыс үйіне келіп жеттік. Аздап жүрек жалғап алмақшы болдық. Асханада үзіліс, жабық екен. Биллиард шарының дыбысын естіп, кім қалай ойнап жатқанын көрмекші болып, ішке кірдік. Қарап тұру ыңғайсыз, бірдеңе айту үшін балаң жігіттен: «Қарағым, атың кім?» деп сұрадым. Ұмсынған күйі, басын көтерместен: «Онда жұмысың болмасын!» деп гүж ете қалды. Әлкей аға мені биллиард бөлмесінен: «Жүр кеттік, әйтпесе тағы бердеңе деп арп етер» деп қолымнан жетелей жөнелді. Дәлізде кездескен ескі досымыз Ілияс Омаровқа әлдекімнің балаларының дөрекілігін айтып едік. Ол қып-қызыл болып кетті. Марғұлан басын шайқады. Біз қалаға келгенде демалыс үйіндегі кездесуге бәрімізден де қатты күйзелген Әлекеңнің өзі болып шықты.
Сарыағашта да талай рет бірге дем алдық. Мен тағы да құлағым елеңдеп, ағаның әңгімесін тыңдап, рахатқа батамын. Өз әңгімесін шын ынта-ықыласпен тыңдағаныма Әлекең де риза секілді. Бұл арада да біз іңір қараңғылығына дейін сейілдейміз. Жиі-жиі Ленин кеңшарына дейін барып қайтамыз. Біздің бесіннен кейін ауыл орталығына дейін ұдайы барып тұрғанымызға олар да дағдыланып, бізді ескі таныстарындай қарсы алатын болды. Бір күні ауылдағы шілдехана үстінен шықтық. Үй иелері әй-шайға келмей, ішке кіргізіп, дастарқан басына отырғызды. Әлкей-ағадан нәрестеге ат қоюын сұрады. Баланың есімін ұмытып қалыппын. Бірақ академик қойған есім дәлдігімен, әдемілігімен тойдағы жұртқа түгел ұнады.
Санаторийде демалушылардың көпшілігіне ол кісі ұнай бермейтін. Соның бәрі ойшылдықтың кесірінен. Жұрт оны, осы кісі не ақылдымсып керіге береді, не менмен болғасын, бейтаныс кісілермен жылы ұшырасып сөйлеуді бойына мін көреді деп ойлайтын. Мысалы, асханада таңғы ас үстінде Әлекең көршісінің сөйлескісі келіп қойған сауалына үн-түнсіз басын изегеннен басқа жауап қатпайды. Тағамын асығыс ішеді де, бөлмесіне жұмыс істеуге кетіп қалады. Ал о кісіден өткен қарапайым, жұмсақ адамды табудың қиын екенін олардың көбі біле де бермейтін.
Алпысыншы жылдары екі мәрте Карловы Варыда бірге болдық. «Мәскеу» санаториінде Арам Хачатурянмен таныстық. Композитор бізге бірнеше рет қонақ болды, біз де оның нөміріне барып тұрдық. Армяндар өздерінің ұлы отандасын бұл арада да ұмытпады. Австрия мен Германия Федерациялық Республикасында тұратын қандастары атақты сазгерге арнайы келіп жатты. Оның есігін жиі-жиі келіп қағып, дәліздегі қолбала гүл шоқтарын, коньяк әкеліп тастап кетеді. Өз халқының адал перзенті Арам Ильич жерлестерінің құрметіне разы болып, жаны бір түлеп қалады. Композитор да сөйлегеннен гөрі тыңдағанды артық санайды. Оның аялы көзінен таңқалғаны көрінеді де тұрады. Ол сөз тыңдаған кезде бірдеңе сұрағысы келгендей ерні томпайып, көзі үлкейіп кетеді. Марғұлан өзінің көл-көсір білімімен Арам Ильичті қайран қалдырады. Екеуі де бір-бірімен сөйлесуге құмартып тұрар еді. Бір күні мен су ішуге жалғыз өзім келдім. Композитор шыны аяғымен минералды суды сыздықтата тартып қойып, серуендеп жүр екен. Мені көрісімен: «Досыңыз қайда қалды? Кеше біздің әңгімеміз бітпей қалып еді» деп сұрады. Өмірінің соңғы жылдарында Марғұлан менімен серуендеуге шықпайтын болды, кәрілік әл-дәрменен айыра бастаған еді. Біз сирек кездесетін болдық. Әлкей аға пәтердің қапырық ауасын суқаны сүймейтін. Ол таза ауаға құмар-ды, сол себепті де түскі астан кейінгі тынысын балконда өткізуді ұнататын.
Сексен тертінші жылдың жазында ауруханада жатқан оның көңілін сұрап барғанымда, академиктің жүзі сынық екенін байкадым. Tағдыр оған жарты жылдай мерзім ғана қалдырған еді. Мен біртүрлі секем алып қалдым. Оған «Өмірбаяныңызды кең етіп жазсаңыз қайтеді» деген идеяны айттым. «Сіз көпке белгілі адамсыз. Ал халық сіздің қандай кісі екеніңізді әлі де білмейді. Өзіңіздің көрген-білгеніңізді, бастан кешкеніңізді ортаға салсаңыз, жұрттың бәріне бірдей қызғылықты дүние болар еді». Марғұлан жанданып сала берді: «Соны өзім де сан рет ойлап едім», – деді ол. Бірақ ауыр науқас оның өз өмірбаянын кең толғап, кемел жазуына мұрсат бермеді. Бірақ оның өмір жолын көркем баяндауға кірісетін бір әдебиетші табылса, үлкен суреткерге лайық тақырыпқа тап болады деп ойлаймын. Сол кездесуде ол маған өзінің ғылыми мұрасының он екі томдығын шығарғысы келетін ойын айтқан еді. Со жолы ол өзінің иә Шоқан Уәлихановтың, иә Мұхтар Әуезовтің қасында жатқысы келетін тілегін де білдірген болатын.
Әлкей аға артына қыруар ғылыми еңбек қалдырды, оның ішінде, әсіресе Қазақстан материалдық мәдениетінің тарихын білуде мән-маңызы орасан зор оннан аса монографияның авторы. Оның ғылми мұрасының ішінен өте маңызды іс ретінде, Шоқан Уәлихановтың көлемді бес томдық шығармалар жинағын әзірлеп бастырған еңбегін айрықша атап өту керек. Бірнеше қалада орналасқан әр алуан мекемелердің архивтерінде шашырап жатқан барша материалды іздеп тауып, жинауға, оларды бір жүйеге түсіріп, ғылми қорыту, түсінік беруге, редакциялапл баспаға әзірлеуге Әлекеңнің өлшеусіз көп еңбек еткені даусыз. Оған ғалымның он жыл уақыты кеткенін жақсы білемін. Соның арқасында ұлы Шоқанның шығармашылық мұрасы алғаш рет халық игілігіне айналды және ол тарихшылар мен ғылми жұртшылық арасында жоғары бағаға ие болды.
Сол сияқты оның тарих пен филологияның, әсіресе материалдық мәдениет тарихының көптеген мәселелері жөнінен жинаған материалдарды да ұшан-теңіз. Оларды өңдеп, жүйелеп қорытуға Әлекең үлгіре алмады, әрине осы бір игілікті істі тезірек қолға алған дұрыс болар еді.
1992 жылы Қазақстан Ғылым Академиясының құрамында Археология институты ашылды, оған Әлкей ағаның есімі әділетті түрде беріліп, ғалымның аты мәңгі есте қалдырылды.
1994 жыл.