…Арманшыл қалпымызбен, анасы екеуміз шәй ішіп отырып, Ақсезімнен «Машина алайық па? Үй алайық па?» деп сұрадық.

Әлі екі жасқа толмаған Қызым: «Үй», – деді бірден.

Қандай үй алайық деп сұрадым мен.

– Дөкөй, – деді қызым, екі қолын екі жаққа, жоғары көтере сермеп.

– Қанша бөлмесі болсын?, – деп анасы сөзге араласты.

Әдетте, Ақсезім біздің сүйемелдеуімізбен, 10-ға дейін санайтын. Кейде кәмпит, шоколадтарын алдына қойып, өз бетінше үш, екі деп санап отыратыны бар. Кері санайды солай…

Осы жолы сәл ғана ойланып, кідіріп қалды. Мен «Не екі, не үш» дейтін болар деп, қызымның аузын бағып отырмын.

– Ы-ы-ы-ы-ы, – деп сәл ойланып отырды да, «Ж-ж-жеті», – деді Ақсезім.

Анасы екеуіміз қызымыздың тәтті қылығына бір сүйсініп, өзіміз үшін тосын болған жағдайға бір таңданып, қуаныштан күліп жібердік. Ақсезім «Жеті» деген санды өз бетімен айта бермейтін. Тек бізбен қосылып санағанда ғана, қайталайтын. Жеті бөлмелі үйді қазір алайын деп жатқандай анасы екеуіміз екі бетінен кезек-кезек сүйдік. Өзі де мәз болып күліп отырған қызым:

– Ммм-а-й-я коммата, – деді YouTube-тан үйренген орысшасын араластырып…

Аяқ астынан өрбіген осы әңгімеден кейін көп ұзамай бір бөлмелі пәтердің, яғни, қызымыздың «комматасының» кілтін алдық. Содан бері «Енді 6 бөлмелі үй алу ғана қалды» деп төлем жасау кестесін ай сайын сызып-сызып қоямын. «Әйтеуір, өз үйімізге төлеп жатырмыз» деп жұбанамыз.

Кезекті айдың ипотекасын төлеп тастап, жазушы Қанат Әбілқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам» деп аталатын үй туралы романын оқып шықтым. Әсерінен әлі арылар емеспін. Роман басталған бетте-ақ, оқырманды «Не болды екен?» деген сауалдың жетегіне ілестіріп әкетеді.

Абақтыдан босап, еркіндікке қол жеткізген аты жоқ адамның «тарпаң мінез құлынның жалында аунап, шалқып жүрген, шаттанып жүрген» жаны неге кенет тыпыршыды? Інісі неге жатбауыр болып кетті? Не жазды? Неден жаңылды? Ғашығына неге пана бола алмады? Әкесі мен анасы неге ажырасты? Әкесі қайда жүр? Анасы неге түрмеге бір іздеп келмеді? Ол неге қателігін түзейтін қасиеті болғанын армандайды?…

Кейіпкермен бірге оқырманның да «қайраңда қалған ойы арқырап ағар арна таппай жанталасады». Романның «Бірінші дәптері» – толған сұрақ.

Романдағы мына бір диалог оқырман сауалына жауап болатын негізгі оқиғаға жол сілтейді. Әрі бас кейіпкердің ең жанды жерін езгілеп, жаныштап өтіп, ескі жараның ауызын аршығандай болады. Қанаған тек кейіпкердің жарасы ма?

«…– Қайда барасың, айналайын?, – деді бояқ қас апам рақметін айтуды тарс есінен шығарып…

– Ағырапқа.

– Вахтадан қайтқан шығарсың, балам?

– Иә, вахтадан қайттым.

– Ағырапта тұрасың ба?

– Иә…

– Үйің бар шығар…

– Үйім жоқ.

– А, пәтер жалдап тұрады екенсің ғой.

Ешбір зілсіз сөз арасында айтыла салған елеусіз сөз жүрегіме шаншудай қадалды.

– Иә, пә-тер-де…

Жаным өрт шарпығандай құлазып сала берді…»

Өз үйім – өлең-төсегімде, жантайып жатып, шалқайып отырып, талтайып тұрып аты жоқ адам тұрған, балалық шағын, бозбалалық дәуренін өткізген үйлер туралы ойладым (Қаншама адам бұл романды жалға алған пәтерінде, арқасы құрысып, маңдай тері тырысып отырып оқыды екен?!). «Тауықкүркедегі тауықтардай қонақтап тұратын жарқабақтың үстіндегі көне үйлерде», «терезесі жерге жартылай кіріп тасбақадай жарбиып жатқан ескі тамда», «жертөледе», «…біреудің жын қорасында…», «…жатақханада», «лашық-құжырада», «ұра-үйде», «тоқал тамда», «барак-тамдарда», «вагон-үйде», «ескі кепеде» ғұмыр бойы өмір сүріп, тағдырын да, Тәңірін де тілдеместен келешектен күдер үзбей күн көріп келе жатқан қаншама адам бар. Жазушы романның әр тұсында бір-екі ауыз сөзбен сипаттап өткен осындай үйлер бәрімізге таныс. Тіпті, «Шаңырағы ортасына түскен үйлерді», «Қираған үйлерді» білеміз, көрдік. Кейде осындай үйлерге менсінбей қарап, мүсіркейтініміз бар. Ал, зәулім сарайдай үйлерге кіргенде өз-өзімізден қысылып, қымтырылатынымыз тағы рас…

Романда үйлі болу туралы арман, үй жайлы толғаныстар нанымды берілген. Мысалы, аты жоқ адамның әкесі қала әкімі Жәкеңнің ат шаптырым үлкен кабинетіне барып, жер туралы сөйлесіп оралғаннан кейін: «Төрдегі мәжіліс үстеліне жеткенше кемі жиырма қадам аттадым… Жәкеңнің кабинетін бел ортасынан бөлсе, екі отбасы алаңсыз өмір сүретін еді» деп айтып келеді. Таңданыс та бар, қызығушылық та бар, қызғаныш та бар, шарасыздық та бар мұнда. Ал, бас кейіпкердің Ағыраптағы Студенттер сарайының кең әжетханасынан да екі отбасыға үй жасап алуға болатынын ойлаған сәтін еске алуы осы мұқтаж хәлдің сор-бояуын одан ары қалыңдата түседі. Бұл ойлар – қынжылыстың, қысқа қолдың сермеуге, қысқа жіптің күрмеуге келмейтінінің көрінісі. Кабинеттер мен әжетхалардың талай адам зәру болып, қолы жетпей жүрген баспанадан кең, жарық, зәулім болатынын ойлағанда менің де еңсем езіліп кете жаздады.

Аты жоқ адам әке-шешесімен, інісімен «өмірінің әр сәтін қатер жалмап, әр бұрышта пәтер жалдап» (А.Исәділ) ұзақ қаңғып, ақыры өздерінің тағдырластырымен бірге Нұршықтан жер алып, үй салуға кіріседі. Уақыт өткен соң олар салған үйлер заңсыз деп танылып, үкімет адамдары мен арнайы жасақ келіп үйлерді бұзбақ болады. Бірінші үй де құлатылады.

Солай тұрғындар мен күштік құрылым өкілдерінің арасында қақтығыс басталады. Оқиға милиционер Кеңесовтың өлімімен аяқталады. Қуған-сүргін басталады. Жігіттер бас сауғалап қашып кетеді. Ақыры аты жоқ адам ұсталады. Тергеу, қинау, азаптау. Түрме…  Одан ары інісі Елдестің неге сатқындық жасағаны, ғашығы Әнияның неге жаман жолға түскені, әкесі мен анасының жай-күйі – бәрі-бәрі, уақыт кеңістігінде өткен мен бүгін арасында оқырманды ойша сапарлатып жүріп, айқын-анық бола түседі.

Оқырман «сүйек кемірген иттей ішін мүжіген көп сұраққа» «Екінші дәптерді» ашқанда біртіндеп жауап ала бастайды.

Аты жоқ адамның тағдырымен әлі танысып үлгермеген оқырманға барлық жайтты жария ету дұрыс болмас. Менің де мақсатым, шығарманы мазмұндап беру емес.

Романда жоқшылық, таршылық көріністері аз берілмеген. Пәтер қожайындарының қас-қабағын бағу, олардан ұрыс есту, айтқанын бұлжытпай орындау, базардан қалта-қонышты толтырып жеміс-жидек ұрлау, таразыдан жеу секілді әрекеттер – шарасыздықтан жасалған қадамдар.

Кезекті рет жалдап алып тұрған ұраның иесі Тоқсан апаның ақшасы жоғалған кездегі оқиға жанды жұлмалайды. Тырнақ ізі тура сіздің бетіңізге түскендей етіңіз ашиды.

«…Бір күні Тоқсан апам «жиған ақшам ұшты-күйлі жоғалды» деп жамағайыны Күмісті шақыртты. Шешем күдікке бірден ілінді.

Шешем «алған жоқпын» деп шырылдайды.

Күміс тәте келе сала шешеме тұра ұмтылды. Біз ажыратып үлгермей бетін тырнап, жүзін қанжоса етті.

– Үш сағатта табандарыңды жалтыратпасаңдар, милиция шақырам, – деп Күміс кетті алқынып.

Шешемнің күміс білезігі бар еді. Соны таппай, біраз әурелендік.

– Білезік Тоқсан апа жатқан бөлмедегі айнаның үстінде қалды. Елдес екеуің барып әкеліңдер, – деді шешем.

Шешемнің жарты жыл жаялығын тазалап, баладай мәпелеген Тоқсан апаны көргісі келмейтіні байқалып тұр. Күмістің бетіне салған тырнақ іздері базданып, білеуленіп кеткен.

Елдес екеуіміз қорықпай басып, Тоқсан апаның үйіне кірдік. Тоқсан апаға айнаның алдында тұрған білезікті алуға келгенімізді айттық.

– Анау жиналған жүкті ашыңдаршы, – деді бізге апа.

Тау болып үйілген көрпе-жастықты ашып жіберіп едік, Тоқсан апа:

– Тысы күлгін көрпені әперіңдер, – деді.

Жүкті аударып тастап, күлгін көрпені әпердік. Тоқсан апа тарамыстанған қолымен көрпені бір айналдыра сипап шықты. Көрпенің тысына қалташа тігілген екен. Іші томпиып тұр. Тоқсан апаның жүзіне қарап едім, жоғалған заты табылған баладай күлімдеп сала берді. Сыртқа шыға сала әке-шешеме ешқандай ақша жоғалмағанын айттық. Сөйттік те, ұрамызға қайта заттарымызды түсіре бастадық.

Біз жүкті түсіріп болам дегенше, межелі үш сағат та өтті, Күміс те келді.

– Екі балаңды жұмсап, ақшаны орнына қоя салып, сүттен ақ, судан таза болып шыға келмекшісің бе?, – деп Күміс шешеме қайта атылды…»

Жалпы романдағы барлық образ – әке, ана, іні, Әния, Қабыл аға, Әлия, бояқ қас апа, қызметкерге ұқсайтын аға, Еспенбет аға, ұйғыр шал, Алла жолындағы жамағат… – бәрі-бәрі кездейсоқ бейнелер емес. Бұлар үміт пен арманды, кешірім мен махаббатты, жанашырлық пен мейірімді талғажау еткен; күдік пен опасыздықтан, сенімсіздік пен шарасыздықтан, кек пен күйіктен, үрей мен қорқыныштан зәрезап болған. Әлеуметтік-тұрмыстық ауыртпалықтан қажыған, қалжыраған, шаршаған, шалдыққан. Олардың тыныс-тіршілігі аты жоқ адамның басындағы хәлмен ұштасқан.

Романдағы тағы бір жүрек елжіретер сәт – аты жоқ адамның түрмеден босай сала бір келі жаңғақ пен бір келі жүзім сатып алып араластыра жегені, өткен күнді ойға алғаны. «Бала кездегі дәм көңілді бұзып, үздіксіз жұтына берген» оның таңдайындағы сарқылмас сағыныш пен орны толмас өкініштің дәмі еді…

***

…Отау құрғанымызға жарты жыл өткен. Қонаққа барайық деп, такси шақырдық. Жүргізуші әңгімешіл жігіт екен. Жас отбасы екенімізді білген ол, күндіз-түні қала ішінде кісі таситынын, сенбі-жексенбіде басқа қала, ауылдарға жалданып жол жүретінін, үйге түн ортасында барып, қалжырап, сұлап түсетінін айтты. «Осы жүрісім бала-шағамның қамы ғой» деп ауыр міндет пен азаматтық парызын арқалап жүргенін де есінен шығармайтынын қосып қойды. Бірақ әлі жеке-меншік пәтер алмапты. Жинап жүрген ақшасы жетпейді екен. Қаланың шетінен бір бөлмелі үй жалдайды. Ай сайын төлейтін ақшасы қымбат… Осы әңгімелерді айтып келе жатып, бағдаршамның қызыл түсіне тоқтады.

«Пешеходтан» біз секілді жас отбасы өтіп барады. Күйеуі бір баласын көтеріп алыпты. Әйелі – «коляскамен».

– Қандай күшті, иә, – дедім жолға бір қарап, әйелімнің енді-енді біліне бастаған ішіне бір қарап. Ол жауап беріп үлгермей жатып, жүргізуші жігіт тағы сөз бастады:

– Биттей кездерінде ғана, – деп қолын сілтеп қойды, – Балалардың тілі шыққанда, «ананы әпер, мынаны әпер» дегенде көресің күшті болғанын. Аз ақшаңды жеткізе алмай жүргенде олар да жылап, есіңді шығарады. Мектепке барса, тіпті қиын, – деді. Жүргізуші жігіттің сөздерінен балаларына деген жеккөрініш сезілді маған…

…Ақсезім «магазинге апар, магазинге барам» деген сайын жаным қысылып, осы оқиға еріксіз есіме түседі. «Күнге тотығып, қап-қара болып күйіп кеткен жүзінен жұмыстан емес, ауыр тірліктен қажыған» (Кенен әке) жүргізуші жігіттің түрі көз алдыма келе қалады…

 

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Добавить комментарий