(Әлкей Марғұланның бойындағы қасиеттер жайлы естеліктерде шертілген сырлар)

Ескі газет қиындыларын, кітап парақтарын ақтарыстырып отырып аңдағаным – естелік мақалаларда Әлкей Марғұланның лайықты бағасын толық ала алмағаны жиі жазылған екен. Міне, көзкөргендердің «аузын бағып» «құлақ түріп» отырмын.

«Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген «Алыптың әмбебабы» естелік мақаласында қазақтың халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев: «Ең алғаш Әлкей Марғұлан деген автор есімін 1940 жылы «Әдебиет және өнер» журналынан кездестірдім. Батыстың бір классигін қазақшалаған. Сол тәржімадан «Кетеуі кеткен кәрі дүние» деген бұған дейін өзім ешкімнен естімеген, кітап бетінен кездестірмеген сөз тіркесіне таңырқай қарап, жадыма сақтадым. «Бұл неткен тілге шешен ағай» деп, әркімдерден сұрастырып көріп едім. Ұстазымыз Төлеутай Ақшолақов:

– Әлкей аға өзіміздің Баянауылдан. Ленинградта екі бірдей жоғары оқу орнын қатар бітірген, қазір ғылым кандидаты, – деп түсіндірген. Содан соң …ғалымның қаламынан шыққан сөздерін, зерттемелерін қадағалап босатпай оқуға тырыстым», – деп бастапты мақаланы.

Қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинауда қажымай еңбек еткен Әлкей Марғұланның қазақ әдебиеті саласына өлшеусіз үлес қосқанынан хабардармыз. Ал, оның сөзге шешен, айтқыштығына Ақселеу Сейдімбек құрастырған «Деген екен…» кітабын оқып, тамсанған болатынбыз. Енді міне, Мұзафар Әлімбаев та таңданысқа һәм тебіреніске толы естелік қалдырыпты.

Сонымен бірге, жазушы Жайық Бектұров академиктің 90 жылдығына орай «Қазақстан жаршысы» газетінде жарияланған «Ғұлама» мақаласында Әлкей Марғұланмен сыйлас, сырлас болғанын жазады. Екеуі үнемі хат жазысып отырған екен. Ол мақалада да академиктің жазу өнеріндегі шеберлігі айқын көрсетілген. Мақалаға үңілсек, «Ә.Марғұлан Арқаға келіп, үйімізде болғанда, дастархан басында жадырап отырғанда мәре-сәре, базар болып қалатынбыз. Жаңа шыққан құнды кітап, ұлы Абай сөздері, көне әдебиет үлгілері, ескерткіш мұралар жайында болар еді әңгіме…

…Ол өзіңмен бірге туған адамдай жұмсақ. Оның мінезі жібектей биязы, бала кезіңнен бірге ойнап-күліп өскен сыр мінез кісідей жатық. Ол әсте кісікиік емес. Әлекеңнен ой, сыр бүгудің керегі жоқ. Ұрсып, жекіп тастар, қабақ шытар, жаратпаса ашуланып қалар, көңіліне тік алар деп ойлайтындай кісі емес. Туғаннан еш бас асаулығы, тәкаппарлығы, өзімшілдігі, кінәмшілдігі, астамшылдығы болмаған, күнәдан пәк, қоғаның сүйрігіндей кіршіксіз, қағілез кісі», – дегенді оқимыз.

Жайық Бектұровтың бұл мінездемесін Мұзафар Әлімбаевтың жоғарыда атап өткен естелігі толықтыра һәм жалғастыра түсетіндей. «Орысшасы қанатты, әрі лексикасы бай, әрі, мазмұны терең боп келеді екен. Ешбір қағазсыз сөйлейді. Өзгелердің ойына келмеген өте салмақты пікір-түйіндер ғана айтуға құштар екені алыстан-ақ аңғарылады», – деп жазады Мұз-ата. Академиктің қағазға қарамай сөйлейтінін Ж.Бектұров та жазған екен.

Бұл естеліктерден аңғарғанымыз, Әлкей Марғұланның бірінші қасиеті – сүйегіне сөз сіңген тілмарлығы, шешендігі.

Келесі естелік авторы – Жамбыл Артықбаев. Оның «Ерлерді ұмытса да ел, жер ұмытпас» мақаласында Әлкей Марғұланның Арқа төсіне соңғы рет 1974 жылы келгені жазылыпты. «…Өзінің туып-өскен Баянауыласына соңғы рет келгені осы жолы… Туған жерін емін-еркін аралап, Қанекеңнің музейін көріп, ақыл-кеңесін беріп, жарықтық, қоштасып кеткен. Әлекеңнің сол сапарда көңілі босап, Сарыарқаға арнап үлкен өлең жазғанын қазір екінің бірі біле бермес. Бұл нағыз Сарыарқа гимні болатын өлең:

…Баяндай жан тербетер жер бола ма?

Еліндей жарқын мінез ел бола ма?

Жас бала туысымен ойға бөгер,

Өскенде одан артық ер бола ма?». Осы өлең жолдарынан-ақ Әлкей Марғұланның туған жерін, туған елін, туған даласын шексіз сүйген перзент екенін білеміз.

Бұл ойымызға дәнекер болатын тағы бір мысалды келтірейін. Хакас халқының ғалым-археологы Леонид Кызласов 1960 жылы жазған «Марғұлан феномені» естелігінде 44 жасар Қазақ Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі, Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының жеткешісі Әлкей Марғұлан туралы сыр шертеді. Естелікте Мәскеу университетінің археология кафедрасында диплом жұмысын жазып жүреген 24 жасар студент Әлекеңнің кісілік келбетін келістіре жазыпты. «Біздің бастығымыз өмірге риза жан тәрізді, әрі даланы шексіз сүйеді, онымен шаттанады. Ертеңгісін палаткадан шыға сала күншығысқа екі қолын созып жіберіп, айғайлайтыны бар: «Сәлем саған, туған жер!». Сонсоң күледі. Кешке шөл даланың жұлдыздары жымыңдаған аспаны астында жанып жатқан оттан аулақ барып, елінің мұңға толы әнін айтады», – дейді ғалым. Біз тек суреттерден ғана көріп сүйсінетін бейненің жарық күнді туған жұртының махаббатындай қарсы алып тұрған сәтін көзіңізге елестетіңізші. Елді ойлап, жер деп тебіреніп тұрған тұлға бейнесі кез-келген жүректі жұлқынтпай қоймас.

Естелікті одан әрі оқысақ, «Ғалым Марғұланды менің байқауымша, үш негізгі белгі бойынша сипаттауға болар еді. Олардың әрқайсысы бірінен-бірі туындап жататын. Біріншіден әрі ең бастысы, туған жері мен өз халқына берілгендігі, екіншіден, ғылымға берілгендігі, үшіншіден, даладағы барлау жұмысына батыл кірісіп кететіндігі…

Орталық Қазақстан кешенді экспедициясын құрғаннан бері 2 жыл өтсе де және бірен-саран қазба жұмыстарын жүргізгеніне қарамастан 1948 жылдары ол өзін археологпын деп есептемейтін. Туған халқының шығу тегі мен тарихына тікелей қатысы бар археологиялық объектілерді тапсам деген үмітпен Марғұлан өзін-өзі жұбатып жүретін», – деген сөздерді оқып, тек елі мен жерін сүйетін, оның терең тарихын қастерлейтін адамнан ғана үлы тұлға шығатынына көз жеткіземіз.

Әлкей Марғұланның екінші қасиеті – қазақты сүйетіндігі және туған жұртына парасат биігінен қарай алатындығы.

«Ана тілі» газетінің 2004 жылғы санында Дағжан Белдеубайұлының «Марғұлан өз бағасын неге ала алмады?» деген тақырыпта сұхбаты жарияланыпты. Диалог Әлкей атаның шәкірті Самат Өтениязовпен өрбіпті. Сұхбатта академиктің шәкірті: «Қазақстан археологиясының атасы – Әлкей Марғұлан болып қалары даусыз. Әлекең – ғұмырында мәртебелі қызмет істемеген адам. Жеткен биігі – этнография бөлімінің бастығы ғана. Қазақстанның ұлан байтақ жерінде археологиялық зерттеу қажеттілігі де кезек күттірмейтін іс еді… Институт ашып, Әлекеңе жағдай жасауға Қазақстан Компартиясы Мәскеудің қаһарынан қорықты, шамасы. Өйткені, аржағынан қотарып жазатын Әлкейдей ғұлама кешегі бұратана аталған елдің көп шындығының бетін ашары хақ болатын», – дейді. Демек, Әлкей – Мәскеуге үрей тудырған қаһарман!

Сұхбат одан әрі: «Әлекең ғұмырының соңына шейін «Могиканның соңы тұяғындай» күй кешті. Ешқандай қызметке, дәлірегі – коммунистік партияға мүшелікке өтуге ұмтылмады. Өйткені, Әлкей іштей, сөзсіз, коммунистік жүйеге қарсы болатын. Жалындап тұрған жастық шағында өзі аялы алақанын көрген Алаш абыздарын, ешқандай аяусыз қырқып-қырқып түскен коммунистік пышаққа іші жылымай өткені – ақиқат. Сондықтан мұндай партия қатарынан өзін көргісі келмеуі – ерлік деп бағалауға лайық», – деген сөздермен жалғасада.

Ал, Мәмбет Қойгелдінің «Марғұланның мұрасы» мақаласында да Әлкей атаның коммунистік партия қатарына өтпегені айталды. «Ол өз зерттеу еңбектерінде мүмкін болғанша таптық, партиялық принциптен тәуелсіз болуға тырысты», – деп жазады тарихшы. Бұндай қайтпас қайсар мінез академик бойына бала жасынан сіңген секілді. Ол Мәшһүр Жүсіптің ұлы Әменнің жетектеуімен Керекудегі мұғалімдердің алты айлық курсында оқу үшін (1919-1920 жылдары) Майра Уәлиқызының қолына тапсырылады. Бұл уақытта еркін өнер иесінің бойындағы бұлалық жас шәкірттің бойына да көшкен секілді. Жастайынан Мәшһүр Жүсіптің жырларын жаттап өседі. Семейде Мұхтар Әуезовпен өткен кездесу кештерінде Мәшһүр Жүсіптің жазуымен жеткен «Керұғлы» жырын тегіс жатқа айтыпты. Сауатын халықтың ескі де есті әңгімелерімен ашқан, түрлі жыр-дастандарды ойына да, бойына да сіңірген Әлкейдің рухы қайралып, жігері жаныла түскені ақиқат. Сондай-ақ, Әлкей Марғұлан Ахмет, Мағжан, Халел, Міржақып, Қаныш сынды қазақтың біртуар перзенттерімен рухани қарым-қатынаста болды. Бұның бәрі Әлкей Марғұланның адамдық болмысына, мінезіне әсер етпей қоймағаны белгілі. Осыдан академиктің келесі қасиеті – қайсарлығы қалыптасты. Ол шын мәнінде рух сақшасы, руханият сардары бола білді.

Алдымыздағы келесі жазба Сейіт Қасқабасов жазған «Ғұлама» естелігі – Әлкейдің қазақ тарихын кең түрде көрсететін заттық, рухани мұраларды толық анықтауға бағатталған еңбекқорлығы жайлы. «Ұлы талант қашанда көп қырлы ғой. Ғұлама ағамыз да ғылымның көп саласына жүйрік еді. Тарих, археология, этнография, фольклор, әдебиеттану, өнертану, археология – осының бәрі бір өзінен табылатын. Ал, архивтерді білу жағынан алдына жан салмайтын. Ресей мен Қазақстанды, Орта Азияны қойып, Британ музейінде, Ватиканда, Дрезденде, Ыстамбұлда қазаққа қатысты не бар екенін айтып отыратын. Осыншама мол білімді, мәліметті қашан алған, қалай жинақтаған, қай уақытта қорытып, зерттеген деп таң қаласың!», – делінген естелікті. Әлкей Марғұланның өзі де: «Әр ғалымның өмірдегі басты нәрсесі – зерттелмегенді танып білуге, жаңалықтар ашуға ұмтылуы, өткенге сын көзбен қарауы», – деген екен.

Бұдан Әлкей Марғұланның келесі қасиетін аңғарамыз. Ол қасиет – еңбекқорлығы һәм білімділігі. Және әр нәрсеге әділетті көзбен қарай алатындығы.

Жоғарыда айтқан Мұзафар Әлімбаевтің естелік-мақаласына қайта оралайын.

«Қырғыздар Шоқан жазбасының қайдағы архивтен алынғанынан әсте бейхабар екен. Менің қырғыз достарымның әдебиетші бір-екеуі маған қолқа салды:

– Әлекеңнен сұрасайшы, анығын біліп, бізге жеткізсейші, – десті.

…Әлекеңмен серуен кезінде бауырлас халық балаларының өтініші жөнінде …айттым.

– Сенің қырғыз достарың шынайы ғылымға шындап …келсе, керегін өздері іздеп тапсын… Әзір асқа ауыздарын аңқитпасын, – деп Әлекең мені қолтықтай жөнелді», – деп жазады.

Бірнеше саланы терең меңгерген, бірнеше ізгі қасиетті бойына сіңірген сан қырлы ғұлама ғалым Әлкей Марғұланның бұл айтқаны тек қырғыз ағайындарға ғана емес, бергі ғасырға һәм келер заманға қаратып айтылғандай. Бәлкім, осы мақаланы жазып отырған маған айтылды ма екен?! Ғұлама жайлы жазылған естелік мақалаларды ақтарып отырып, мен осындай ойға қалдым.

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Добавить комментарий