Адаммен танысу бір бөлек те, оны тану мүлдем басқа ұғым. Кімнің кім екенін екі ауыз сөзінен-ақ аңғарып, аңдап алатын халықпыз. Қазақ: «Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше» дейді мұндайда. Дегенмен, ғылым алға қанша озып кетсе де, адамның жанын түбегейлі түсініп, зерделеп-зерттей алмай келе жатқаны тағы мәлім. Әркім өзінше ой қорытып, топшылайды.
Біздің бір әдетіміз бар, қарапайым азамат болсын, танымал тұлға, атақты адам болсын, оның сырты қандай екеніне көбірек мән береміз. Ал ішкі әлемі мен болмыстың бедеріне көп үңіле бермейтін секілдіміз.
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде әйгілі актер, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімұлының жеке музей-кабинеті ашылатынын естіген кезде мен осы туралы ойладым. Ой жетегімен «Менің жанрым – күнделік» (Алматы, 2019 жыл) кітабын қолыма алдым. Аңыз адамның қолы тиген, көңіл көзі сүйген жеке заттары топтастырылған музеймен, сол арқылы тұлғамен танысу үшін өзімше жасаған әзірлігім – бұл.
Кабинеттің ашылу салтанатына аңыз адамның өзі қатысты. «Жастық шағымдағы, кино мен театрдағы ұмыт болған кейбір естеліктер ойға қайта оралып отыр. Сирек фотосуреттерді көрдім. Бұл музей-кабинет менің жеке тұлғама емес, қазақ киносына жасалып отырған тарту деп ұғындым», – деді Асанәлі ақсақал тебіреніп. Ал, музей басшысы Ербол Қайыров: «Асанәлі Әшімұлының өнер жолымен таныстыру, жастарға үлгі ету – кабинетті ашудағы басты мақсат» екенін атап өтті.
Бізге, жастарға, жақсы адамнан үлгі алу үшін не қажет? Асқақ Асанәлінің, асқар Асанәлінің биігіне қол созу үшін, оны өзімізге өнеге тұту үшін тек фильмдерін көру жеткілікті ме? Екінің-біріне ақсақалмен тілдесу, жүздесу мүмкіндігі туа бермейді. Сондықтан, мен тұлғаны тануға талпыну үшін оның күнделігіне бас қою керек дер едім.
Күнделік – өткен күндердің ғана белгісі емес, ол – сол сәтте кешкен сезіміңнің, көңіл күйің мен жан райының көрінісі. Күнделік – ой арнасы, ой арпалысы. Күнделік – пайым, парасат, толғам, толғаныс. Асанәлі – адам ретінде өзінің жаратылысына, айналасына аса зер салып қарайтын және кемшілікті де, артықшылықты да көре білетін, қажетті жерде керекті сөзді айта алатын тұлға. «Адам тұрмаған үй қараң қалады. Қабырға тозады, мүлік мүлгиді, үй суыйды. Өмір атаулыға жылылық, жан кіргізетін тек қана адам. Адам бар жерде соның бәрі тіріледі. Сөйлеседі, қабырға тілдеседі» деп толғанады ол. «Адамзаттың трагедиясы мол ғой. Адам жылау үшін, күлу үшін туғандай. Бәрін заңдылық деп түсініп, қайғыңды қолыңнан келсе, жанға білдірмей, өзіңмен өзің бол. Бәрібір саған көмектесетін ешкім жоқ. Жұбату, ол – жасыту. Өз өмірің туралы ойла, есепте, арпалыс, талан-таражға салынба!» деп қайраттандырады ол. «Табиғат пен адам тығыз байланысты екеніне көзім жетіп келеді. Адамдардың психологиясы өзгергенін көріп, біліп жүрміз. Ниет тарылған, адамгершілік қасиет төмендеген, жауыздық басым, өтірік етек алған заман. Ауа-райы да қатал, қатыгез, тіршілікке ыңғайсыз. Жылылық, мейірімділік жоғалғандай, табиғат та сірә адамдардың пиғылына қарай құбылатын болуы керек» деп алаңдайды ол.
Музей-кабинетке Асанәлі Әшімұлының шапаны, қамшысы, нарды-шахмат тақтасы, көзілдірігі, қаламсабы, папкасы, фотосуреттері, кітаптары қойылған екен. Келушіні Асанәлі атаның «Ұранмен емес, жаңа іспен өсуіміз керек!» деген сөзі қарсы алады. Тура кіреберіске жазылған бұл сөз Халық әртісінің өмірлік ұстанымын айқындап тұр. Ұйымдастырушылардың негізгі ойының өзегіне айналған осы сөзді оқыған әр саналы азамат ой түйіп алары анық.
Кабинет шағын болса да, қаншама естелікті, қаншама тарихты сөйлетіп тұр. Жәдігер ретінде қойылған әр бұйым өзінше тіл қатады, өзінше сыр шертеді. Төрде – жазу үстелі. Ақсақалдыкі емес әрине. Музейдің мүлкі. Бірақ, үстел үстіндегі заттар – актерге тиесілі. Міне – қаламсабы.
«Әдебиет пен өнердегі әдепсіздік өте қауіпті», «Адам баласы өмірге бір-ақ рет келеді. Соны ырың-жырың қылатын – ақылсыздық…», «Адамға алты нәрсе қажет екен: Ынсап, Рахым, Намыс, Талап, Сабыр, Сақтық», «Адам тұрған жеріне көрік беруі – міндет. Таза тұру үшін де үлкен білім, мәдениет керек», «Әр ортаның өзіне лайық әңгімесі болады», «Ақылсыздарды ойнау үшін де ақыл керек!», «Жеңістің жеңісі – кешірімділік», «Жақсылыққа жол тар, бірақ бар» деген сынды ойлы сөздердің қаншасы осы қаламмен жазылды екен?! Көпті көрген, көңіліне көпті түйген тұлғаның сезгені мен сезімі қаншама рет бұл қаламнан сия болып құйылды екен?!
Асанәлінің афоризмдері, нақылдары – астарлы, ақиқат сөз. Ол 2010 жылғы 8 шілдеде күнделігіне былай деп жазған екен: «Кейінгі кезде афоризмдер шықпай жүр. Қадырға звондап, «Кейін төртеу етіп қайтарамын, қарызға екі афоризм бере тұршы» десем қайтер екен?! Қадыр мұныма жауап таппай қалмайды ғой…». Замандастар арасындағы сыйластықтан сыр шертетін осы бір езутартарда да қаншама мән жатыр.
Елу жылға жуық сырлас болып келе жатқан күнделіктерінің қаншасында осы қаламның ізі бар екен?!
Музей-кабинеттегі заттарды көріп, қолға ұстағанда күнделіктерінде жазылған жайлар санамда жаңғырды.
Қаламсапқа қатысты мынандай жазбалар бар еді онда:
«Мерейтойыма байланысты театр ұжымына рахмет айттым. Фарида сувенирім деп қаламсап сыйлады. «Бұл әншейін ғой, нағыз сувенир өзіңсің ғой, өзің аман жүр» деп жұртты бір күлдіріп алдым»; «Асқар Тоқпанов түсіме кіріпті. Қолында жуан, бірнеше түстес ручкасы бар екен деймін. Мен: «Асеке, мына ручкаңыз бір жылқылық екен» дедім. «Мә» деп маған бере салды. Жақсы түс деп жорыдым» деп жазады ақсақал.
Сол қаламсапты алып, алдына қойылған тілек кітапшасына атақты автопортретін салды Асекең. Қолтаңба қалдырды. Күнделігіне 2010 жылдың 29 наурызында таңбалаған «Өнердің жаны – құштарлық, жауы – іштарлық» деген сөзін қайталап жазды.
Ал, мына бір журнал үстеліне нарды-шахмат тақтасы қойылыпты. Карта да орын тауыпты. Ойын атрибуттарын көріп, менің есіме ақсақалдың мына бір сөзі түсті: «Шахмат, карта – адамның мінез-құлқын ашуға көмектеседі». 2007 жылдың 4 маусымында осылай деп жазған екен ол. Бұдан бөлек те бірнеше жазбаны тізіп шығуға болады. Олардан сөз иесінің шахматты қаншалықты шебер меңгергенін көре аламыз. Мысалы, Асанәлі Әшімов өнер иелері арасында 1982 жылы өткен шахмат турнирінде чемпион атаныпты. Ал, 2011 жылы Мұқағалидың 80 жылдығына арналған шахмат жарысында бірінші орын алыпты. Сол турнирде тоғыз адамды жеңген екен.
Ал өзге жазбаларда күнделік иесі айтқан ойынның пайдасы қаншалқты мол екеніне көз жетеді. «Бір азаматты шахматтан 9:3 есебімен ұттым. Жеңілген соң ба, әлгі оғаш сөздер айтты. Ренжісіп қалдық. Жеңіліп үйренбеген адам, жеңілгенін мойындағысы келмейді. Кейін телефондап кешірім сұрады. Шахмат сондай өнер, адамды терең, тез танытады» дейді. «Кейде еріккен зейнеткерлер келіп, шахмат ойнаймыз. Бүгін Аманкелді Тәжібаев келіп, карта ойнадық. Баяғы Ғабаң, Ғабеңдердің ойыны творчество еді ғой. Әңгіме-дүкен құрып отырып, ойнайтын еді. Қазір олай емес, әрине» деп жазады өткен күндерді сағынып, бүгінгінің баяғыдай болмайтынына қамығып.
Музей-кабинеттің төріне қамшы ілінген. Асанәлі атамыздың қолында сілтелмесе де, сес болып төрінде тұрған қамшы. Өнер иесінің шаңырағынан Ертіс-Баян өңіріндегі өнер шаңырағына үлкен ырыммен, ата-баба жолымен арнайы тапсырылған. Қазақ үшін қамшы – қастерлі да қасиетті ұғымға айналған тұрмыстық құрал. Қамшыны ұстасақ, бойымызда бір алапат күш бұлқынғандай болады. Кейде, отты жанар да, сүйекті сөз де намысыңды қамшылайды. Әйгілі актер де жауапкершілігі жоғары, сыны қатты адам ретінде өз-өзін қамшылап отырады екен. Сөзбен. Тағы да күнделікке жүгінеміз:
«…Жалпы жан-жағыма риза емеспін. Таңым бар, өзім кінәлі шығармын деп те ойлаймын. Бірақ өзімді өзім білем ғой. Достасқан адаммен достасар едім. Әлде олар аз ба, әлде менде үлкен кемшілік бар ма?!»;
«Мен біреуді жек көрсем, мәңгі жек көремін, жақсы көрсем, мәңгі жақсы көремін»;
«Әр адамның жақсылық жағы, нашар, осал жағы да болады ғой. Менде де солай. Но адамгершілік, тазалығымды жоғалтпауға тырысамын. Өтірік, өсек айтып күн көрушілерді қатты аяймын» дейді. Осындай сөздер өз-өзін өмір бойы тәрбиелеп келе жатқан адамның ғана санасының саңылауынан сыртқа сәуле болып шашырайды.
Асанәлі Әшімовтың театр, кино, әдебиет жайлы ойлары өзекті екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздім. Бұл салаларға аса жауапкершілікпен қарайды. Көзге ұрып тұрған мәселелерге де үнемі үн қатып, ойын ашық жеткізіп отырған екен. Күнделік беттерінде өзі өмір сүретін ортаның шындығы, қоғам бейнесі, адамдар арасындағы қатынас – барлығы көрініс тапқан.
Асанәлі ата театр туралы бірде: «Творчестволық орын, демалуға да ыңғайлы. Бір еркіндік бұрышы» деп жанын жайландырған жайлы жер туралы жадырай жазса, енді бірде: «Театрға кіргім келмейді. Төбе көрсетіп кетіп қалуға тырысамын. Біртүрлі суық» деп көңілді пәсейтіп, еңсені еңкіш тартқызады. Екі түрлі сезім. Өміріңді арнаған, уақытыңды сарп еткен, денсаулығыңды құрбан еткен сүйікті ісіңнен ләззат алу да, баз кешіп безу де болады екен?!
Тұтас ғұмырын сахнаға арнаған, киноға арнаған тұлғаның әртістерге қояр талабы да жоғары. Кабинет қабырғасына ілінген суреттердегі бейнелерді көріп ақсақалдың актерлерге қатысты пікірлері тіл ұшына оралды. Мынау – Бекежан бейнесі, мынау – Шадияров жолдас. Әр рөлін нанымды, шебер сомдағаны соншалық ол бейнелер халыққа әбден таныс, соншалықты ыстық. Өз биігі бар адам, өз деңгейі бар актер ғана өзгелерге бағыт берер, бағдар болар ой қорыта алады.
«Қазақ актерлері сондай театрально! Өзімен өзі болу, ойды ойнату дегеннен алыс. Роль ойнайды. Образ жасамайды…» деп жазады өткен ғасырдың сексенінші жылдарының ортасында. Жаңа ғасырдың алғашқы бесінші жылдығында: «Балалар құмда ойнағанда қолындағы затты машина етіп ойнайды. Өзі соған сенеді. Актер да сол бала сияқты сахнада қолындағы реквизитін шын қылыш, граната деп сенуі керек, сендіруі керек. Өзі шын сенсе, көрермен де сенеді. Актер шындықты баладан үйренуі керек» деп нақты дәйекпен қолға ұстатып, көзге көрсетіп мысалдайды.
Ақсақал кітапты көп оқиды екен. Ұнаған шығармаларына оң бағасын береді. Мысалы, «Менің құрдастарымды» тағы бір оқып шықтым. Саттар – өте дарынды. «Абай жолын» қайта оқи бастадым. Бұл өзіңнің деңгейіңді тексеру сияқты» деп жазыпты 1994 жылдың 15 қазанында. «Мұхтар Мағауиннің «Жармақ» деген романын оқып жатырмын. Аса дарынды шығарма» депті 2008 жылдың 11 ақпаны күні. «Асқар Сүлейменовтың «Адасқағын» бұрын да бір оқып, тіліне таңданып едім. Бүгін тағы қолыма түсіп, қарап отырмын. Аса терең, жай адам түсінбейтін тілмен жазылған…» деп таң қалыпты 2010 жылдың 13 сәуірінде. 2011 жылдың 8 қаңтарында: «Ақселеудің алты томдығын қарап шықтым. Ақселеу таңқалдыру үшін туған тұлға ғой. Әр томы бір энциклопедия. Мені Шәкеңнен кейін қозғаған адам, маған үлгі, эталон болған азамат» депті. «Сайын досымның жаңа кітаптарын алдым. Қарап шықтым. «Жабайы алмасы» аса жоғары. «Әй, өзіміздің Сайын ғой» деп жүре бергенбіз ғой. Ғажап жазушы еді» деп жазыпты 2012 жылдың 6 мамырында. Міне, осылай жалғасып кете береді… Және де көңілін тербеген, жүрегін қозғаған қаламгерлердің шығармаларына пікір білдіру әдеті екен. Кейде телефон соғып, лебізін жеткізеді. Кітаптың ұнаған сөздерін көшіріп алып, сақтап қоятыны да сұңғылалықтың белгісі іспетті. Бәріне бірдей таңдай қаға бермейтін талғампаздың: «Қазір ақша болса, кітап шығару қиын емес. Көп нәрсенің қадірі кетіп тұр. Біреу үш томдығын беріп еді. Оқитын ештеңе таба алмай отырмын» деп қынжылатыны да бар.
Ал, біз қандай кітап оқып жүрміз? Көңілге түйе алдық па оқығанымызды?
Музей-кабинеттің қабырғаларына ілінген фотосуреттер Асанәлі атамыздың көпшіл екендігін аңғартады. Адамдармен көп араласқан жанның ой өрісі ауқымды, көңіл көкжиегі кең болады. Ақсақал жанына жақын тұтқан адамдарға күнделіктерінде аз сөзбен мінездеме беріп өтеді. Оларды оқыған кезде, кісіні тану да кісілік екеніне көз жеткізе түсесіз. Мысалы: «Әшірбек Сығай… ақылды жігіт», «Оспанхан классик қой. Өте таза, адал, ақкөңіл азамат еді», «Кәукен… қалжыңбас, сонысымен де өміршең», «Нұртілеу Иманғалиұлы… зерек жігіт», «Рүстем Есдәулетов сондай мәдениетті, ақылды, сырбаз бала», «Болатты (Атабаев) бүгін таныдым. Сондай принципиальный, турашыл», «Нұрғисаның мінезіне бензин құйып өртеп жіберіп, өнерін алып қалу керек», «Рахымжан Отарбаев… жігіт ретінде де, жазушы ретінде де ірі ғой. Кесек турап сөйлейтін жігіт. Заманы басқа болса, нағыз Махамбет деуге тұрарлық азамат» деп жазады. Бұл «портреттерді» оқыған кезде өзім аса қадірлейтін тұлғалар жайлы ойым одан ары орныға, беріктене түсті.
Адам болу. Тұлға болып қалыптасу. Осы бір ұлы миссияның қаншалықты ауыр әрі азапты екенін әр пенде жан-жүрегімен сезінері сөзсіз. Өзім болдым, өзім толдым дегеннің бос сөз екені, кемшіліктен сабақ алмай, алдағыны өнеге тұтпай жанталасу да құр әуре екені тағы айқын дүние… Асанәлі Әшімовтың музей-кабинетінде мен кешкен күй – осы.
Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.