Биылғы жылдың тамыз айында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жас ақын-жазушыларды жинап, атақты жазушылардың туған ауылдарына әдеби тур ұйымдастырды. Аталған сапарға Павлодар облысынан барған жас жазушы Жанасыл Серікболмен шағын сұхбатымызды оқырман назарына ұсынамыз.

1) Жалпы, бұл қандай жоба? Мақсаты не?

Бұл -әдеби тур жобасы. Жобаға мәдениет және ақпарат министрлігі бастамашы болды. Мақсаты, әрине, жас қаламгерлерге әйгілі қаламгерлердің өмір жолын тереңірек таныстыру болса керек. Шығармашылық иесінің туындылары ғана емес, өмір жолы да қымбат. Ал, күллі шығармашылығының негізі туған жерлерінде, бала кездерінде қалыптасады ғой. Бұл тұрғыда әр жазушы, ақынның туған жерінде болып, оның эстетикалық таным әлемін сезіну мені үлкен әсерге бөледі.

2) Қай-қай жерлерге бардыңыздар?

Жоба Ілияс Жансүгіровтың 130, Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына орай ұйымдастырылды. Әуелі Соқпақбаевтың туған ауылы Алматы облысындағы Қостөбе ауылында болдық. Аудан орталығы Нарынқолмен іргелес, Текес өзенінің жағасында жатқан ауыл екен. Биік таудың етегінде бөлекше тұрған екі төбе ауылдың атауына негіз болыпты. Қазір сол екі төбенің бірі Қытайға тиесілі бейтарап аумақта тұр. Бара алмайсың, көз тастап қана қайтасың. Бердібек Соқпақбаев білім алған мектеп әлі бар екен. Соны көрдік. Жазушының балалық шағына саяхат жасадық.

Ал, Нарынқолға барып тұрып қазақтың мұзбалағы Мұқағали туған Қарасазды аттап өтуге бола ма? Елшенбүйрек тауының етегіндегі ақынның ауылына барып ондағы әдеби музейді тамашаладық.

Ертеңінде Жетісу облысына жол тартып, Қоңыр ауылына жеттік. Сайын Мұратбековтың күллі шығармашылық әлеміне негіз болған жабайы алма бағына бардық, кәментоғайды көрдік. Сол өңірдегі ақын Сара мұражайына бардық. Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров музейін араладық. Музейде ақынға қатысты деректер мол сақталыпты.

 

3) Әдеби тур сізге не берді? Қандай әсер алдыңыз?

«Балалық шаққа саяхатты» бала кезде оқыдық қой. Әсері ғажап болды. Мұқағалидың Қарасазы біз үшін қиялдағы мекен болды. Көкірегіңде сайрап жатқан осынау мекендерді көзіңмен көрудің әсері бөлек. Тау асып, тас басып, шаңды соқпақпен де, қара жолмен де ұзақ жол жүру шығармашылық адамына әрқашан керек. Бұл сапардан мен де серпіліп, тұнық ойларға шомып қайттым.

4) Тау тұлғалардың мекеніне барып жүрек толқып, шабыт оянған шығар. Сапар нәтижесінде дүниеге келген туындыңыз бар ма?

Мен енді проза жанрындағы адам болғандықтан нәтижесі кейінірек білінер. Қолма-қол сол қалпында болмаса да, басқаша берілуі мүмкін.

5) Шығармашылығыңызда не жаңалық? Соңғы кезде не жазып, не оқып жүрсіз?

Қазір «Жаңа Қазақстанның әдеби панорамасы» жобасына қатысып жатырмын. Бір көлемді дүние бастағам, бұйырса көпшілікке ұсынылады.

Добавить комментарий