Құрметті оқырман, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын, жазушы Бейбіт Бөженнің бұл әңгімесі құнды дерекке толы. Қиын заманда қолы ашық байлар да болғаны, Павлодар өңірінде Құдайбергенге еріп аты танылған Мұхамеджан Қазенұлы деген ақынның болғаны жайлы және өлкетануға қатысты тың ақпарат алып, байға шәй бергені үшін айдауға түсіретін сұм саясатқа қанығуға болады.

 

          Топырағына ат тұяғынан сынып түскен тағаның сынығы да бидайдай борықтанып тамырланатын қайран құнарлы топырақ. Айнала кестелене сап түзеп өскен арбаның арысына таптырмайтын оқтай түзу бұзаусирақ, бел ағашына татитын сырғауыл ақ қайыңдар анадайдан көздің жауын алады. Буаз биенің бауырын қытықтайтын, ішіне қой кірсе қозысы адасатын шалғынды алқапта заманында екі шоқ қана бұйра  мойыл тал өсіп тұрушы еді. Қазір ол да жылдармен бірге ұйыса қалыңдап, қашқан қоян кірсе қуған тазы сыртта тағаты таусылып қыңсылап қалатын сыңсыған бауырталға айналған. Шеңбері Ресеймен шекара шебінде сызылған Мұздыкөл болысындағы осы екі шоққа қарап жергілікті жұрт бұл жерді де «Екішоқ» атап кеткен еді. Сәуір туғанда жердің жүзін жауқазынмен жарысқан жабайы сарымсақ жауып, төрт түлігі тыққан тұмсығын көтермейтін көкорай алқап.

          1943 жылдың жазғытұры айшылық жердегі айдаудағы байлаудан босап келген Қазеннің ұлы Мұхамеджан алақанын күнқағар етіп әжім айғыздаған маңдайына қойып бір көзімен бұлдыраған көкжиекке  қарайды. Екінші жанарын отыз жетінің опасыз отты жылдарына берген.  Ішінде «жеттім бе саған, туған жер» деген алып-ұшқан асау сезім алты ай қыстай қорада тұрып, жер тоңы жібігенде далаға шығып, наурызекпен  жарыса шапқан қарашыл жабағыдай аласұрып тулайды. Қуаныштан жүрегі кеудесінен сыртқа секіріп  шығып кетердей, маңдайына жазылған талай тауқыметті тартқан тұтқын тәні де,  жаны да айтса сөз жетпейтіндей телегей рахатқа бөленген. Көз жетер жердегі ғана  алаңқай жерге ақсаңдап басқан оның жүрісі өнбей қойды. Алпыс екі тамырындағы қан шиыршық атып шаба жөнелгісі-ақ келеді, әттең тұтқында жүріп әлсіреген тәні шиыршық аттырар ширақ қимылға мұрша берер емес.

Құлаған саман қоралардың орны да, құдыққа апаратын соқпақ жол да, бала күнінде асыр салып мұрны терлеп бестабан ойнаған алаңды да дөп тауып жеткен Мұхамеджанның бәрі есінде, бәрі де көз алдында кезектесіп көлбеңдейді. Осы Найманбай қыстағында бесігіне бөленген, аттың жалын тартып мінген. Әкесі Қазен де, бабасы Бапан қажы да осы топырақта кіндік кескен. Атасы жаяулап-жалпылап Мекке-Мәдинеге үш мәрте сапарлап, қажылық парызын өтеген. Үшінші сапарына аттанарда  ағайын-туысымен қоштасып, «мен енді оралмаймын» деп қош айтысып кетіп, сол мінәжат жолынан қайтып оралмады. Кейін ауылдарына аман-есен қайтқан сапарластары Қара теңіздің үстінде кемеде көз жұмып, Бапан қажының мүрдесіне тас байланып суға тасталғанын әуезе қылып айтып келген. Бәрі күбірлеп «рахмет айласын» деп бет сипасқан, артынан дұға жапқан. Ал атадан қалған мал-мүлікті мұра еткен Мұхамеджанды да «қажының тұқымы» деп талай тінткен, оны тағдырынан көріп талайы рет маңдайын тасқа ұрған. Осы қыстақта Сәлмен құдасына шәй беремін деп ертеңінде өзі де жазалы болып, айдауға түскен еді…

Айдауда жүргенде үлкен қызы Қазизадан алған екі үшбу хатқа өлеңмен жауап жазған. Ол хабары жетті ме, жетпеді ме, белгісіз. Өңменіңнен өтер қара желдің өтінде жүріп жазған өлең жолдары әлі де өзегін өртейді.

Оқыдым Қазкен қалқам хатыңды алып,
Қол тимей Қазиза деп атыңды танып.
Иіскеп жазуыңды сипағанда,
Шыбын жан тынышталды рахаттанып.

Мен сені Қазиза қарғам ұлым дедім,
Дүниеде баға жетпес пұлым дедім.
Жасына Пайғамбардың келген шақта,
Көрем деп осы жақ күнім бе едің?!

***

          1937 жылғы күземнің ызғары өткір, жылқының құмалағына боқырау қатқан, алған беті жаман. Там үйлердің терезесінің шымылдығын жауып, етхананың есігінің күршегін ішінен іліп алып намаз оқитын діндарлар да, 1928 жылы  кәмпескеленіп, жер аударылған   байлардың тұқымы да, совет одағы мен оның көсемдеріне қарсы сөз айтқандар да, тіпті ойдан «астыртын контрревалюциялық ұйым құрды, Алашорданың құйыршығы» деген жала жабылғандарды да аяйтын түрі жоқ. Ит байласа тұрғысыз көз көрмеген қиырларға айдап, итаршы күйге түсіруге аянар емес. Көз байланған бір түннің ішінде төбеден түскен жайдай әй-шәйсіз ауыл иттерін абалатып топ етіп келе қалады да, қолдарын артқа қайырып бала-шағасын ұясы бұзылған ұлардай шулатып, тентіретіп алып кетеді. Сол кеткеннен үйлерінен дәм бұйырғандары  аз, атылып кетті ме, айдалып кетті ме, Аллаға ғана аян. Бапан қажының кіндігінен Қазен мен Кәкен атты екі ұл тараған. Қазеннен Арын, Мұхамеджан, Көпен, Момын, Мұса деген бес еркек кіндікті ұл туған. Солардың ішінде Мұхамеджанның өнер десе бүйрегі бұрылып тұратын, кеудесінің сол жағындағы жан-сағатының соғысы да бөлек. Тіпті жас күнінде  Қызылағаш пен Мұздыкөлдің маңайы былай тұрсын, Ресейдің  Алтай аймақтарын аралап, өнеріне талайларды бас ұрғызған Әлсейіттің Құдайбергенінің өкшесін басып, астындағы құнаны бесті болғанша бірге еріп жүрген, «бала ақын» атанған. Малдас құрып отырып, қолына домбыра алып арқаланса төрден табалдырыққа құйрығымен қалай сырғып жеткенін білмей қалатын, шабыт қысқанда құйындата төгілетін Исамен де талай табақтас болған. Мұхамеджанның өнеріне Қазеннің қара шаңырағына құда болып келгенде төрт түлігі төрт тарабына тоқтаусыз өрген Етекбай байдың ұлы Сәлмен тоқкөңіл болып кеткен еді, апасын осы үйге келін қылып берген күннен соң сары сүйек құда болуға серттесіп, туыстық арнасын кеңейте түскен.

Сәлменнің ата қонысы тұңғиығы таңмен ашылатын балдыры атқа сұлыдай қуат беретін, қорыс батпағы адам бойындағы кеселді сүліктей сорып алатын Мұздыкөлдің жағасы. Немере ағасы Әлмұқан мен әкесі Етекбайлар осы жерді өздеріне кие көріп жайлаған иесі. Қойларын суарған уақытта көлдің жағасында жайылып жамыраған қозылардың  маңыраған дауысынан қалың қамысының ішіне ұя салған құс атаулының мазасы кетіп, басы ауған жаққа безе жөнелетін. Мыңдап саналмаса да мыңғырып жататын. Кешегі күні  болыстық құрылған уақытта да атауын осы көлдің құрметіне Мұздыкөл қойған. Сәлмен сол болыстың басқарушысы болып, талай ағайынының түтіні түзу шығуына жағдай жасаған, қолындағысынан үлес беріп көмектескен, жығылғанды сүйеген қолы ашық еді. Жаратқан Ие де жомарттығына қайырым қылғандай. Заманның өңі өзгермей тұра ма, 1928 жылы кәмпеске келді, одан кейін бай-құлақ деп соңына майшам алып түсті. Соны жасап жүргендер Мәскеуден көлеңкелеп келгендер емес, «Совет үкіметінде бәрі ортақ болады, байлардың қоқайын көздеріне көрсететін күн келді» деген жалаң ұранға ұрынған өзінің ауылдастары, ақымаққа шоқпар берсең басын жарып барып қана тынады. Байларды қудалау колхоздастыруға жалғасып барып басылып еді, енді «байдың сарқыты, қажының қалдығы» дегендер қой қайырғандай кеуделерін ұрып батырсынып шулап шықты. Түбіне жетпей тынбастарын білгеннен соң Сәлмен әкеден қалған малды үйір-үйірімен астыртын алтынға айырбастап,  одан тайтұяқ құйдырған. Сол тайтұяқты жегілген пар аттың торысының қамытының шұжығының ішіне кигізге орап сүңгіте салды да, бір түннің ішінде  жақсысы кетіп, жалмауызы қалған ауылдан қарамды батырайын деп Ресейдің Ноғайсібір жағына қарай тартып отырды. Түнде жортып, күндіз тынығуды мансұқ еткен ол таң құлақтанған шақта шекараның шебінде отырған құдасы Мұхамеджанның үйінің сықырлауығын тоқылдатқан.

– Бұл кім? – деп жақындады сықырлауығына Мұхамеджан байланған көзінің былшығын кезек-кезек сүртіп.

– Мен Сәлмен. Құдаңмын. Есігіңді аша ғой.

Түнде есігі қағылса дегбірі қашатын, бір көзін ашып ұйықтайтын заман туғаннан бері бұрынғы байлардың тұқымы жолқаптарын қасына алып маужырайтынды шығарған. Құда ғана емес, асылдың сынығы есігіңді қаққанда қалай жайылып жастық болмайсың?

– Қазір, қазір, – деді Мұхамеджан жөткірініп құдасын қарлыққан дауысынан танып. Ішінен «аспандағы айға қол созған бұған да күн туған екен-ау» деп қояды. Жан-жағына ұрлана қараған Сәлмен табалдырықтан аттап, төрге озды. Бөстек шынтақтап, семіз сектің құйрық майын бауырға қосып жеп, таңғы сары майы ағаш шараның ернеуіне тұнған қымызды сіміріп отыратын құдалық дәурен де өтіп кеткендей.

– Қазан көтеріп әуре болмаңдар. Бір-екі ауыз әңгіме айтып, шәй ішіп шөл қандырамын да әрі қарай жол өндіремін, – деді Сәлмен асығыс жүргенінен ишара танытып. Сол екіарада Мұхамеджан кемпіріне ауылдағы көзі ашық, көкірегі ояу, оң мен солын танитын мұғалім Бақаның Нұрахметін «тірі пенде кездесе қалса  тіс жармай шақырып кел» деп бұйырған да, өзі бәйбішесінің жасауымен бірге келген тулалық жез  самауырды оттау  қамына кіріскен. Таң намазы енді кірген уақытта көше кезгендер болмас, бірақ әр қимылыңды қалт жібермей аңдып, тіміскілеп, көкірек кеңістігіне күйе тұрып, кек қатырғандарға дауа бар ма? Мұғалім Нұрахмет те көп бөгелген жоқ, шапанын иығына желбегей іле салып самауыр ысылдағанша қораш тартқан қоңыр там үйге кіріп келді. Қолында атына жем беретін астауы бар. Онысы біреу-міреу көрініп қалса «атымды ұстауға шығып едім» деген сылтауы үшін керек амал. Сәлменді көрген бойда құшақ алысып, үй иесімен үшеуі дастарханға жайғасты.

– Суыт жүрсің ғой, тыныштық па? – деген сауалмен бастады әңгімені Нұрахмет.
– Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар? Заманның келбетін өздерің де көріп отырсыңдар. Ізіме түскендер, қит етсе «байдың баласы» деп еріндерін шүншитіп шығатын шикөтендер құтырды. Осылардан бір залал келер деп қауіптеніп жүрмін.
– Енді не істемексің? – деді Нұрахмет даладағы сырғыма желдің сыбдырына құлақ қойып.
– Енді ме, енді ішке кетуге бел байладым. Ноғайсібірді бетке алған  ағайындарымыз, қара сирақ бала-шаға бар. Соларға барып қосылсам деймін. Қалғанын тағдырдың жазуы көрсетер.
– Балақтың биті басқа шықты деген осы шығар. Серғазы деген замандасымыз да атылып кетті деп есіттік, – деп сөзге араласты Мұхамеджан.
– Қай Серғазы? – деп басын кілт көтерді астына төселген құрақ көрпенің жыртығынан көз алмай отырған  Сәлмен алая қарап, қолындағы сырлы кәрден кесесін дастарханға қойып.
– Мына Алакөлдегі. Үш мәрте қажылыққа барған Жылқыбай қажының тоқалынан туған ұлы бар емес пе?
– Ал…
– Сол өткенде малын аралап келе жатып төрт түлігінің құты саналатын құла биесінің өліп жатқанын көріпті. Үйіне көңілі түсіп оралғаннан кейін «біздің бақытымыз атылды, енді бас паналап, біз де қоныс аударуымыз керек» деген сөз шәй арасында елге тарап кеткен ғой. Кешкісін үндеместер келіп, алды-артына қаратпай  байлап алып кетіпті дейді. Содан ұшты-күйлі хабар жоқ, бәрі атылып кетті деп үміттерін үзіпті.
– Бұл заман қайда барып түзелер екен? Мұхамеджан бидің ұлы Нәжмиден  де атылып кетіпті. 1916 жылы патша окоп қазуға қазақтан солдат алғанда осы Мұздыкөл өңірінен  аңырап кеткен 200 жігіт үшін екі мың жылқы айдатып аман алып қалған еді жарықтық.  Аталары Едіге де, Айтуған да би болған деседі, – деп тұздықтады әңгімені Сәлмен.
– Қазақтың көрген құқайы аздай, енді сор маңдайына осы ақтабан жазылды, – деп күрсінді мұғалім.

Бұтақты қайыңның тамыздығымен сарқылдап қайнаған сары самауырдан сүт қатып күрең шәй демдеп құйып отырған Мұхамеджанның бәйбішесі де тіс жармады, қабағы да қарашадағы қайраңның қабыршақтанған мұзындай. «Шәйден алыңыздар» деген күйеуінің сөзіне меймандар құлақ асар емес. Қалың ойдың тұманына тұмшаланған Сәлмен өкпесі күмп етіп жарылардай ауыр күрсінді де, тушаның терісі тартылған терезенің түбінен тықыр еткен дыбысқа құлақ түрді. Соңғы кезде сақтығы сауысқаннан асып түсердей. Табалдырықтың арғы жағында тіміскілеп тыңшы жүрген секілді. Адамның иті ме, хайуанның иті ме деп ойлады да қойды.

– Сендер де жайбарақат жата бермей әрекет етіңдер. Жер бетінде аман жүргендеріңді көп көретіндер жетерлік. Әсіресе ата-бабасы дін жолында болғандар мен көзі ашық қазақтар қауіпті олар үшін. Мүмкіндіктерің болса қорғанудың амалын жасаңыздар, – деген Сәлмен самауырдың күрең шәйінен ашаң тартқан жүзіне қан тарап.

Таң әлі толық атпаған алагеуім шақта Сәлмен атын аяңдатып терістікті бетке алып кете барды. Мұхамеджан мен Нұрахмет ақ жол айтып, бет сипасып қала берді. Олардың ойына ауыл ішіндегі жансыздың Сәлменнің шөлбасарға аялдағанын, там үйдің есігінің тақтайындағы түсіп қалған бездің орнындағы тесіктен көріп, ОГПУ-дің жендеттеріне хабарлағаны, ол көп ұзамай орыс-қазақ шекарасындағы жолайрықта ұсталатыны, өздері де «баймен ауыз жаласқан қылмыскер атанып» тұтқындалатындары туралы ой келмеген.

***

          Құдасына бір шыны аяқ шәй беріп, соңынан азапты күндер кешкен Мұхамеджан да араға алты жыл салып еліне оралды. Есіл-дерті отбасымен, ағайындарымен қауышу. Мұғалім Бақаның Нұрахметі оралды ма екен деген ой миын жегідей жейді. Түртпектеп көрсеткен кісілер кім екенін білмейді, білсе де қылар айласы шамалы. Себебі ол совет саясатының өмір бойы тұтқынына айналып, тіліне қара құлып салынып  оралған еді.

Добавить комментарий