Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театры Павлодар облысына гастрольдік сапарын Абай Құнанбайұлының Қара сөздерінің желісі бойынша жазылған «Қара» драмасымен бастады.
Оқырман назарына қойылымнан фоторепортаж ұсынамыз.
Гастрольдік сапардың ашылу салтанатында театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімов сөз сөйледі.
Мәртебелі мейман: «Менің театр сахнасына апыл-тапыл қадам басып шыққан алғашқы рөлім – Мұхтар Әуезовтің «Абай» пьесасындағы Айдар бейнесі болатын. Сондағы Айдардың монологы менің паспортыма айналды. Ұлы Мұхаң бабаларымыз тастап кеткен мұра сөздерді, ұлылардың өсиеттерін «Абай» пьесасында Айдардың аузына салады. Бақытыма орай, сол нақылдар менің сахнада айтқан алғашқы сөзіме айналды», – деп көрермен қауымға баба нақылын оқып берді: «Ата. Атамын – мен аңыраған. Мен – ата, сен – немере. Бауырыңдағы шырылдап қалған шөбере. Бауырым – өрт, үнім – зар, көзім – жас! Ата, немере, шөбере – үш зарлық! Ел олар емес, ел – бізбіз, жан балам. Туар, турар бізден кейін кең толқын! Ақтап өтсін жазықсыздар аттарын, сақтап өтсін арыстарым арманын. Жадыңда тұт, жасыма! Ертең мен өсиет еткенді сен өсиет ет жасың жеткенде. Жасыма десін, арғыларға – ұрпаққа! Жадыңда тұт!».
Бабалардың бүгінге қалдырған бұл нақылы Асанәлі атамыздың ертеңге аманаттаған өсиеті болып естілді. Залда тебіренбеген жүрек, соғылмаған алақан қалмады.
Театр басшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Жуасбек М.Әуезов театрының алда келе жатқан 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған екі жылдық шығармашылық іс-сапарды қолдаған ҚР Мәдениет және Ақпарат министрлігіне, Павлодар облысынің әкімдігіне алғыс білдірді.
Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық-драма театрының директоры Арман Темірбек театр ұжымына Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың Құттықтау хаты мен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының он томдық шығармалар жинағын табыстады.
Павлодарлық көрермен театр өнерпаздарын ыстық ықыласпен қарсы алып, пәлсапалық қойылымды тебіреніспен тамашалады.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, Ертіс-Баян өңірінің зиялы қауым өкілдері бастаған көрермен қауымның сахнагерлерге көрсеткен құрмет-қошеметі шексіз!
Фоторепортажды М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрының
баспасөз қызметі ұсынған суреттер негізінде әзірлеген Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.