Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Фашистік Германия Кеңестер одағына Иран арқылы шабуылдағаны тарихтан белгілі. Жауға тойтарыс беру мақсатында 1942 жылдан бастап, Иран жеріне Кеңес әскерлері енгізіле бастады. Ел іргесіне төнген қауіпті сейілту үшін аттанғандардың қатарында Баянуаыл ауданы, Шоманкөл ауылының тумасы Қаныкен Әбиев те (1919-1987 жылдары өмір сүрген) бар еді.
Майдан шебіне 1942 жылдың қаңтарында шақырылған жас жауынгер, 1946 жылдың 20 маусымына дейін қару мен қаламын қатар ұстады. Олай дейтін себебіміз, Қаныкен Әбиев оқ пен оттың ортасында жүрсе де туған еліне, жеріне, Отанына, ауылына, бауырына деген сағынышын жыр қылып тізбектеді. Ол жырлары өткен күннің белгісіндей, жүректі тербеген сағыныш пен жабырқау-жабығыстың куәгеріндей әлі күнге дейін жауынгер ұрпақтарының мұрағатында сақтаулы тұр. Әкенің көзіндей болған – армияда жүргенде жазылған қолжазбаларды бізге Қаныкен атаның ұлы Бекболат Әбиев көрсетті.
Жауынгер өлең-жыр, хаттар жазып қана қоймай, күнделік те жүргізіпті. Әке қарашаңырағынан шыққан 1942 жылдың 24 қаңтарында басталған жазу жолдары – жас сарбаздың әскери жорық іздері секілді. Ескі жазуға назар салсақ, Қаныкен ата Новосібір, Алматы, Ташкент, Ашхабат, Красноводск (қазіргі Түркіменбаши) арқылы Иранға жеткен екен. 1942 жылдың 10 сәуірінде соғыс антын қабылдап, Бендер-шах, Симнан, Тавриз, Тегеран, Шахруд, Друд секілді қалалардағы әскери-жауынгерлік қозғалыстарға белсене қатысыпты. Өте мұқият және анық жазылған күнделік беттерінде, сарбаздардың тек бір нүктеден екінші нүктеге орын ауыстырғандары ғана баяндалады. Ал, ол жерлердегі әрекет мақсаты мен қандай операциялар жүргізгені айтылмайды. Бұл – әскери құпия екені түсінікті.
Күнделіктің жайы – осындай. Ал, жауынгер жырлары не дейді?
1943 жылдың 20 қарашасында жазылған, «Солтаным, жаным аға, жаздым хатты» деп басталатын «Туған ағаға хат» өлеңінде:
«…Туысқан, бауырым бір, жаным аға,
Туғанға қайда жетер, қандай баға?
Алыстан хат жазады бауырласың,
Болар ма аз дауа – бұл сағынғанда…», – дейді жауынгер.
Өлең-хат артта қалған ана мен бауырдың хәлін сұраумен жалғасады. Жүсіпбек Аймауытовтың «Қартқожасында» «Туған жердің қадірін шетте жүрген азаматтан артық кім білсін?!» делінетін еді. Ол романда туған жерін сағынушы – білім іздеп шалғайға аттанған жас еді. Жүсіпбек жазған сағыныштың салмағын, сіз, құрметті оқырман, талай мәрте сезінген боларсыз? Солдат сағынышының қандай боларын да жақсы білерсіз?! Бейбіт күнде сапта тұрып, сарбаз атанған еркін ел еркелерінің жайы бір бөлек. Ал, Қаныкен атамыз кешкен қан майдан куәгерлерінің аңсарын екінің бірі сезіне қоймас, сезінбек түгілі ұғына алмас. Тек, түсінуге талпынып көруге болар? Ол үшін жауынгер жырларына зер салалық.
1944 жылдың 15 ақпанында жазылған «Жолдастарыма хат» өлеңінде:
«Сұрасаң, аман жүрмін мұнда мен де,
Ер жігіт не көрмейді тірлігінде?
Ел қамы үшін аттанған елден біздер,
Қызмет жасап жүрміз келген жерде…», – дейді.
Ал, «Елге хат» өлеңіндегі:
«…Аман ба, Баянауыл – туған жерім,
Сарыарқа шалқып жатқан асқар белім?
Аймағың тыныштықта аман-сау ма,
Орман, су, таулы-тасты жібек жерім?», – дейді. Сағынышты серік еткен жас көңілді ширатқан – балалық шақтың елесі, ата-ана махаббаты, ауылдастар мен бауырластардың тілегі және туған жерімен қауышуға деген арман-қиял күші. Байқасақ, жас жауынгерді «қалықтатқан» қос қанатының бірі – сағыныш, екіншісі – сенім екен.
Сенім – шаршағанда демеу, ауырғанда дәру болатын құдіретті күш. Ел басына бұлт үйіріліп, ер басына күн туған шақта, жауынгер зұлымдықты жеңіп, жау әскерін тас-талқан ететініне шын сенеді. Сол сенімі 1942 жылдың 1 ақпанында «Біз жеңеміз!» деген өлең болып өріледі. Жігерлі жауынгер гитлеризмді құртуда өлімнен қауіптенбейтінін, бір адым шегінбейтінін, жауды талқандайтынын, өзімен әлемнің барлық халқы бірге екенін жазды, «Біз жеңеміз, патриоттық даңқпен!» деп шабыттана жырлады.
Жеңіске деген сенім күн сайын күшейе берді. Жас жауынгер жүрегіндегі жігер оты сәт сайын алаулай түсті. Ол әр қадамын жауды жеңу үшін басты. Солайша жеңісті жақындата түсті. 1944 жылдың 25 шілдесінде «Өлер кезің міне келді, Гитлер!» деп атой салды. «Өлім жақын Гитлерге бұл тіресте» деп қаһарланды. «Совет елі тұрады биік жеңісте» деп айбаттанды. Иә, жас жауынгер жігері жасымай, жүрегі бұлқынып алға аттады. Өзі айтқандай, шын сенгендей, «Біз жеңдік!».
Бұл жырлардан бөлек Қаныкен Әбиев майдан шебінде жерлес ақын Садық Сапабековпен де өлең-хат алмасып тұрыпты. Ол хаттардан да сағыныш самалы есіп, үміт жалауы желбірейді:
«…Ағажан, көріскенше, сау болыңыз,
Хат жазып, хабар үзбей сіз тұрыңыз.
Тәуекел мен сабыр қып тұрысалық,
Амандық болса, ұзамай көрісерміз».
Жауынгердің Екінші дүниежүзілік соғыстағы әрекеттері «Баянтау» газетінің ардагері, марқұм Асқар Лекеровтың «Ертіс дидары» газетінде (2014 жыл) жарияланған «Тегеранда қызмет еткен жауынгер» мақаласында толық баяндалады. Онда жауынгердің майдан даласындағы ерлігі үшін 1945 жылы Баку әскери округінің қолбасшысы, армия генералы И.Масленниковтың Алғыс хатымен және «Фашистік Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталғаны жазылған…
Қадірлі оқырман, майдан даласында туып, тулаған жыр-хаттар туралы аз-кем баян еттік. Сөздің құдіреті, сөздің қуаты туралы айтар болсақ, осындай мысалдармен ғана нақтылай алатын шығармыз. Жігерлі сөз, жалынды сөз дем берген, күш сыйлаған Қаныкен Әбиев соғыстағы ерлігі үшін 1946 жылы «Ұлы Отан соғысында Фашистік Германияны жеңгені үшін», 1947 жылы «Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің мерейтойлық медальдарымен марапатталды. 1980 жылы «Еңбек ардагері» медалін кеудесіне тақса, 1985 жылы ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталды.
Соғыстан кейін майдангер туған жерінде сан түрлі қызмет етті. Қаруын тастада да, қаламын тастамай аудандық «Ленин туы», кейіннен «Жеңіс» газетімен (қазіргі «Баянтау») тығыз байланыста болып, мақалаларын жариялап тұрды.
Біз бүгін соғыс және еңбек ардагері, майдангер-қаламгер Қаныкен Әбиев жайлы аз-кем әңгіме өрбіттік. Оның, әуелі, қан майданда от кешкеніне, одан кейін, сөз майданда ой кешкеніне куә болдық. Екеуінде де абыройлы болғанын көрдік. Ата ұлағатынан үлгі алар болсақ, біз де қазіргі өмір майданында жеңімпаз атанарымыз шындық.
Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.