Құрметті оқырман! Шуақты Көктемнің шырайлы мерекесі, шұғылалы мейрамы құтты болсын! Асыл әжелерімізді, ардақты аналарымызды, аяулы әпке-қарындастарымызды, қадірлі жеңге-келіндерімізді, сыйлы құрбыларымызды, ерке сұлуларды, қылықты аруларды құттықтай отыра, жан арайын төккен нәзік жанды, қайсар рухты ару-аналардың шығармаларын өздеріңізге тарту етеміз. Қабыл алыңыздар!
Театрдағы жанжал
(Вилли Бредельден аударма)
Көрермендері теңізшілер мен порт жұмысшылары, балықшылар мен көше сатушыларынан тұратын Гамбургтегі Эрнст-Друкер театры өз заманында нағыз халық театры болса керек.
Бірде осы театр драматургтерінің бірі ақын И.В.Гётенің «Фаустын» сахналамақ болады. Көрермендер бұл шығарманың философиялық желісін бәрібір жете түсіне алмайды деген ойда болған драматург қойылымды тек кейіпкерлердің жеке бастарынан өткен оқиғалары негізінде қоймаққа ниеттенеді.
Сөйтіп шығарма көпшілік назарына ұсынылады. Алғашында жұртшылық Гретхен трагедиясын зейін қоя тамашалайды. Кенет Гретхен Фаустқа деген ынтық сезімі үшін құдық басындағы қыздардың мазағына қалған көрінісі көрсетіледі. Оған залдағы еркектердің кейбірі: «Оңбаған өсекшілер» деп айқай салады.
Ал қойылымның соңына таман Гамбург театрында бұрын-соңды болып көрмеген жанжал шығады. Доктор Фауст өзінің Гретхенін қалдырып, Мефистамен кетерде, көктен «Гретхен құтқарылды, ол енді азат!» деген үн естіледі. Сол-ақ екен залдағы ерлер мен әйелдер наразылық танытып, орындарынан атып тұрады да: «Құтқарылдысы несі? Ол оған үйленуі тиіс! Үйленсін!» деп жер тепкілеп, шулап қоя береді.
Сахнаға жүгіре басып шыққан режиссер жұрттың сабыр сақтауын өтініп, қойылым Гёте шығармасының желісімен қойылғанын түсіндіріп әлекке түседі. Көрермендер болса «Гётесі кім? Ештеңе білмейміз. Фауст Гретхенге үйленетін болсын! Ол үйленуі тиіс!» деп атой салады.
Залды басына көтерген шуды тыныштандырмақ болған актерлер сахнаға қайтадан шығады. Оларды көрген көрермендер саябырлаған кезде доктор Фауст «Гретхен, әрекетім үшін кешірім өтінемін. Кінәмді мойныма аламын. Маған тұрмысқа шығасың ба?» дегенде Гретхен де: «Жарайды, мен сендікпін», – дейді жайлап қана. Қол алысып серттескен олар құшақтасып сүйіседі.
Осылайша көрермендердің өтінішімен өзгертілген қойылым соңы зор қошаметпен аяқталады. Көрермендер Гретхеннің құшағын гүлге, Фаусттың алақанын шылымға толтырады.
Сөйтіп, немістің ұлы ақыны Гётенің әйгілі «Фауст» шығармасының соңы гамбургтік көрермендердің қалауымен өзгертіліп, актерлерді осылай аяқтауға мәжбүрлеген екен.
Леонардо да Винчидің витрувиандық адамы
(Алекс Беккерден аударма)
Витрувиандық адам-италияндық Леонардо да Винчидің (1452-1519) 1492 жылы салған әйгілі туындысы. Ол оның күнделіктеріне салынған сұлба болатын. Туындыда аяқ-қолын созған еркек бейнеленген. Қолдарын екі жағына созғанда саусақтарының ұшы мен табаны мұқият зер сала қараған адамға квадрат пен дөңгелекті еске салады. Ер адам екі түрлі кейіпте салынған.
Бұл сұлба Леонардоның біздің дене бітіміміздің құрылысына құзығушылық танытқанын көрсетеді. Бүгінгі күнге дейін бұл сурет ренесанс дәуірінің сұлулық символы ғана емес, жалпы алғанда әйгілі өнер туындысы болып табылады.
Шығарманың әдеттен тыс атауын ойлап тапқан Леонардо да Винчи емес, өнер тарихынан алынған. Римдік архитектор Маркус Витрувиус Полио (шамамен б.э.д.80-70-тен 10 жылдарға дейін) Антика дәуірінен дейін бүгінгі күнге аман-сау келіп жеткен архитектуралық кітаптарды құрастырған адам. Витрувиус кітаптарында адамның мінсіз, сұлу тұлғасының теориясын дене мүшелерінің идеялды пропорциясының теориясына қарата қояды.
Осы суреті арқылы Леонардо да Винчи түрегеп тұрған адамды квадрат пен дөңгелектің геометриялық пішінімен үйлестіре келе, Витрувиустың тезисін көрсетеді. Ал Леонардо да Винчидің Витрувиустың шығармасымен таныс болған-болмағаны беймәлім.
Витрувиандық адам бізге адамзат сұлулығының абсолют еместігін көрсетеді. Бұл суреттен сұлулық жекелеген дене мүшелерінің бір-біріне деген қатынасы дегенді ұғуға болады. Дене екі бірдей геометриялық пішінге сәйкес келіп дөңгелек және квадрат болып шыққанда әсерлі көрінеді. Қазіргі кезге дейін Леонардо да Винчидің осы дүниесі өте әйгілі. Суретті постер не болмаса қабырға картинасы ретінде сатып алуға болады. Витрувиандық адамды кейбіреулер тіпті терілеріне шанышқылап, бояп әшекейлеп те алады. Осы сурет Италияның бір евро монетасының арғы бетінен де көрініс береді.
Неміс тілінен аударған Рауза МҰСАБАЕВА,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.