Бүгін облысымыздың іргелі қара шаңырағы – «Saryarqa samaly» газетінің алғашқы санының жарық көргеніне 95 жыл толып отыр. Осыған орай, аталмыш басылымда еңбек жолын бастап қазақ журналистикасының шыңын бағындырған қаламы қарымды журналист Ғалым Омархановтың мақаласын жариялауды жөн көрдік.
Жарыса жазатынбыз…
1984 жыл. Жайдары жаз айы. Бес жыл көзді ашып-жұмғанша зыр етіп өте шықты. Бәріміздің Алматыда қалу арманымыз. Бірақ, бұл мүмкін емес. Тіпті, оңтүстік облыстардағы аудандық газеттерге де орналасу қиынның қиыны. Өйткені орын жоқ.
Орталық партия комитеті солтүстік, батыс облыстарға жолдамаларды ұсынып отыр. Бір-бірімізден күніне жүз мәрте сұрайтын шығармыз: «Сен қай жаққа барасың?». Сонымен, не керек, Нұртөре екеумізге Павлодарға, Асқар Ахметов пен Әлімжан Жарылқағановқа Целиноград облысына жолдама тиді. Негізі Еркіннің жолы еді. Өйткені ол Павлодар облыстық газетінде өндірістік тәжірибеден өткен. Өзінің айтуынша «жұмыс істеуге болатын облыс». Бірақ, Еркін елге, туған жеріне қайтатын болды да, Павлодар облыстық газетіне жолдама маған бұйырды. Мұны естіген ауылдағы Айсұлу әпкем шыр-пыр болып жүр: «Ит өлген жерде нең бар, Ғалым-ау. Оның үстіне ол жақта күн суық. Ауылға келсең іні-қарындастарыңа да қарайласар едің». Анам қайтыс болғаннан кейін Айсұлу әпкем шеше орнына шеше болып қалған еді. Жездем Молдалы көкем де жанашыр, артық сөзі жоқ, қолы ашық адам болатын. Бір хабарласқанында «Павлодар жаққа бара жатыр екенсің ғой. Қанша дегенмен солтүстік облыс емес пе, жылы киініп жүр, суық тигізіп алма» деп алаңдаушылық танытумен бірге қаражат салып жібергенін қалай ғана ұмытарсың? Шыны керек, Павлодар айрықша аймақ. Қазағынан басқа ұлты басым. Сондықтан болса керек, алғашқы жылдары қиын болғаны рас. Жақын туыс жоқ. Таныс жоқ. Баспана жоқ. Тіпті, түн ортасында борандатып, көрпе-жастығымызды арқалап, пәтерден пәтерге көшкен кезіміз де болды. Сынап көрейік деді ме екен, сексен бестің қысы тіпті қатты болды. Бір-екі шақырым шамасындағы редакцияға жетудің өзі мұң. Өйткені, ұйтқи соққан боран көз аштырмайды. Амал жоқ, жол-жөнекей дүкендерге кіріп жылынып аласың. Бірақ қандай қиындық болса да жасымадық. Оның бір себебі – «Қызыл ту» газеті ұжымының бізді құшақ жая қарсы алғаны болса керек. Айтжан Бәделханов, Қажымұрат Смағұлов, Мұхамеджан Дәуренбеков…
Бұл ағаларымыз, жатқан жерлері жайлы болсын, келместің кемесіне мініп, мәңгілік мекендерге аттанған қазір. Сол кездерден сыр шертетін фотосуреттің бірін «Сарыарқа самалы» газетінің редакторы Нұрбол Жайықбаев ініміз «Фейсбук» арқылы жақында ғана жария еткен екен. Оған көп-көп рахмет! Асыл ағаларымыз өмірден озғанымен, өшпестей мұра қалдырып кетті. Бәрі де қарымды қаламгер, өз ісінің білгір маманы еді. Ең бастысы еңбекқор болатын. Ол кезде компьютер жоқ, жазу машинкасы бар. Машбюрода Ләззат Кешубаева бастаған қыз-келіншектердің қолдары қолдарына жұқпайды. Өте жылдам. Олардың тіпті мойын бұруға уақыты болмайтын еді. Өйткені еңбекқор ағаларымыз машбюродағы папкалардың «қарнын қампайтып», материалдарға толтырып қоюшы еді. «Әжетханаға баруға мұрша жоқ» деп әдемі Ләззат жүреді шыр-пыр болып. Облыстық газеттің өркендеуіне Төлеубек Қоңыров, Бақыт Баймұратов, Нәсіполла Есімов, Тұрсынбай Ибадуллин, Әжібек Жүсіпов, Өскенбай Тастемханов, Ғалымбек Жұматов және тағы да басқа ағаларымыз бен апаларымыз өлшеусіз үлес қосты. Мен үшін де, Нұртөре үшін де облыстық газет үлкен мектеп болғанын мойындауымыз керек. Үлкендерден үйрендік, тәрбиесін көрдік, қиындыққа төтеп беруге төселдік. Әлі есімде, Нұртөре екеуміз жарыса жазатынбыз. Тіпті, кейде бір нөмірде бірнеше мақаламыз шығатын еді. Мұны байқап қалған облыстық партия комитеті газет басшыларына ескерту жасап, кейбір мақалаларымызды, амалдың жоқтығынан, псевдониммен бергеніміз бар. Сол уақытта облыстық газетте жақсы бір үйренетін үрдіс болды, қызметкерлердің тапқан қаламақысы туралы ақпарат ай сайын арнайы тақтаға ілінеді. Бұл – жазылмаған заң. Кім қанша тапты, қанша мақаласы шықты, лездемеде қандай баға алды, бәрі тайға таңба басқандай көрсетілетін. Жасыратыны жоқ, бұл да адамды ынталандырудың бір түрі ғой. Сол тізімде кейде мен, кейде Нұртөре бірінші болатын. Екеуміз бірінші орынды берген емеспіз. Кейде Өскенбай Тастемханов бізге иық тірестіріп қалатын. Өйткені ол кісі спорт тақырыбына жазатын, сондықтан мақаласы нөмір сайын жарық көреді. Қаламақымыз айлығымыздан асып түсетін. Осыны қалам ұстаған қазіргі жас журналистерге айтсаң, сенбейді. Сол уақытта біздің бойымызда қалыптасқан тағы бір жақсы қасиет бар, ол – жұмысқа деген жоғары жауапкершілік. Газет басшыларынан күн сайын тапсырма аласың. «Жұмыс уақыты бітті, орындай алмаймын» деп айта алмайсың. Күн жүресің, түн жүресің. Апта сайын келетін кезекшілігің тағы бар. Партия съездері мен конференциялары кезінде үй бетін көрмейміз. Өйткені телетайптан өзгертулер мен түзетулер түсе береді, түсе береді… Уақытпен санаспайды. Күндіз бе, түн бе, бәрібір. Сол түзетулерді енгізуің керек. Шаршайсың, шалдығасың. Бірақ, қате жіберуге, қателесуге хақың жоқ. Осындай жүктемеге қарамастан берілген тапсырманы, түнімен ұйықтамасақ та, тап-тұйнақтай орындап, мақала таңертеңгі тоғызда редактордың үстелінің үстінде жатушы еді. Қазіргі жас журналистерге осыны айтып көрші, бос әңгіме көреді. Ал шындығы осы. Бір бөлмелі пәтеріміздің ас үйінде ақ қағаз бен қаламды алып, бұрқыратып жазып, талай түнді ұйқысыз өткізгеніміз естен шыға қоймас. Жел мен боранның өтінде жүріп, кейде автобуспен, кейде «попутный» машинамен іссапарға шығатынбыз. Нұртөре ауыл шаруашылық бөлімінде жұмыс істегендіктен, Павлодар облысының біраз ауылдарын армансыз аралады, төгіп-төгіп жазды. Мен өнеркәсіп бөлімінде болғандықтан, қалаларға іссапарға шығумен шектелдім.
«Сарғалдың» авторы – Бейбіт
Студенттік кездегі достық қарым-қатынас университет бітірген соң да үзілген жоқ. Жігіттер мен қыздар жан-жаққа кетсе де, бір-бірімізбен байланыс жасап, хал-жағдайды біліп отыратын едік. Әлі күнге дейін солай. Бейбіт Құсанбеков республикалық телеарнада жүргенде жұмыс барысымен Павлодарға жиі келуші еді. Менен гөрі келіншегім Сара екеуі сырлас. Әлде, келіннің бетін кім ашса, сол ыстық па? Әйтеуір Сара екеуінің әңгімелері жараса кетеді. Сараның бетін ашқан – Бейбіт. Сара ғана емес, курстың алғашқы келіні – Клараның да (Сүндет Әбіловтің келіншегі) бетін ашқан – Бейбіт. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының ортасы. Қазіргідей аттап бассаң тұмсығы тірелетін тойхана, мейрамхана жоқ. Тойымыз Алматыдағы жұмысшылар асханасында болды. Дүрілдеп өтті. Дүрілдеткен – «Балапан» Бейбіт, Бейбіт Сапаралин, Дархан Мыңбаев, Алтынбек Сәрсенбаев… болды. Тіпті, Алтынбектің магнитофон іздеп, жан-жаққа шапқылап, Мәскеуде бірге оқыған бір қыздың үйінен тапқаны бар. Тоқсаныншы жылдары болуы керек, «Балапан» Бейбіттің Павлодарға тағы бір жолы түсті. Үлкен ұлымыз Дәурен ол кезде бес-алты жас шамасында. Сол Дәурен анасына «Велосипед әперіңіз» деп қыңқылдаса керек. Оны Бейбіт естіген-ау, шамасы. Дүкенге баруға уақыт тығыз. Өйткені бәріміз аэропорттамыз. Бейбіттің Алматыға ұшуы керек. Ұшаққа отырғызу басталған кезде Бейбіт аса бір әбжіл қимылмен Сараға ақша қыстыра қойды да: «Дәуренге велосипед әперші» деді. Мұны ешқайсымыз да күтпеген едік. Жолаушыларды отырғызып жатқан сәт қой. Сара ақшаны Бейбітке берейін десе, бөтен адамды ішке қарай өткізбейді. Ал Бейбіт болса жымия қолын бұлғап, ұшаққа қарай баяу басып кете барды. 25 сом Сараның қолында. Ол уақытта бұл көп ақша. Бір емес, екі-үш велосипедке жетеді. Міне, Бейбіттің осындай да мәрттігі, жомарттығы бар еді. Сара Бейбіттің аманатына қиянат жасамай, сол ақшаға велосипед әперді Дәуренге. Бейбітпен ең соңғы кездесуіміз Астанада болды. Еркіннің шақыруы бойынша елордаға көшіп келген бетіміз. Дихан Қамзабекұлы – филология ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің білдей бір деканы, артынша проректоры болды. Диханды бала күнінен білетінмін. Сол шақырды университетке қызметке. Әйткен курстасымыз, Айтмұхамед Есдаулетов осы университеттің журналистика кафедрасының меңгерушісі. Екеулеп жүріп көндірді мені. Еңбекақысы аздау болғандықтан, алғашында келіскім келмеп еді, Дихан: «Сізден сұрайтыным, телерадио кешеннің жұмысын жақсылап жолға қойып берсеңіз. Студенттер үшін қолжетімді болса. Олар осы жерде іс-тәжірибе жинақтаса. Басқа нәрсеге алаңдамаңыз, ректорға айтып үй-жайыңызды әперуге көмектесемін», – деді. Бұл сөзді естігенде ішім жылып қалды. Сонымен, не керек, екі жылға жетер-жетпес уақытта университеттің бес қабатты кірпіш үйінің құрылысы да бітті. Академик-профессорлармен бірге менің де екі бөлмелі кең сарайдай пәтерге қолым жетті. Мұны айтып отырған себебім – баспаналы болған соң осы үлкен қуанышымызға алыс-жақындағы жора-жолдастарды шақырдық қой. Қақаған қыс айы еді. Бейбіт те келді Алматыдан. Келіншегі Ғазиза Астанада қызметте болатын. Бейбіт «Ғалым Сараға қара, Сара Ғалымға қара» деп өлеңін арнады. Сара өз қолымен тауық етінен дайындаған тағамға «Сарғал» деп атау берді. Сонымен Еркін бастаған, басқа жігіттер қоштаған, өткен-кеткенді айтып, шерімізді тарқатқан мәнді басқосу болған еді сол бір қыраулы қыс күндерінде… Осы кездесулерден кейін «балапан» Бейбіттен айырылып қаламыз деп кім ойлапты?!. Дүние жалған деген осы-ау.
Сыйластықтан артық ештеңе жоқ
Дархан Мыңбайдың бір айтқаны бар еді: «Біздің арамыздағы сыйластыққа қызығатындар да, қызғанатындар да көп». Бұл – ақиқат. Қызыққандары жақсы ғой. Қазір бәріміз де ұлды ұяға, қызды қияға қондырып отырмыз. Құда-жекжаттарымыз бар. Солар да таңдай қағып тамсанады ғой біздің жігіттердің арасындағы шынайы сыйластыққа. Тіпті, сол құда-құдағиларымыздың өзімен тонның ішкі бауындай араласып, бір бауыр болып кеткен жоқпыз ба? Тойымыздан да, басқамыздан да қалмаймыз.
Ғалым ОМАРХАНОВ.